Рухани байлық жұтаң болмау үшін театрдың маңызы зор. Өйткені өнер мешітіндегі өмір сахнасының ұғындырары көп. Ішкі дүниедегі арпалысты ілкіп алып, көз алдына әкелгенде көпшіліктің іркіліп, таңқалатыны да содан. Бұл – театрға тиіп-қашып емес, ұлы өнерді өн бойымен сезініп келген әртістердің шеберлігі. Мәдениет ошағына келгеніне 4 жыл енді болса да, табандап қызмет етіп, бағын сынап жүрген жас – Нұрдәулет Баймахан. Бүгінде ол облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық драма театрының және Қызылорда қалалық «Жастар» театрының әртісі. Сұхбаттасудың сәті түскен соң, қарап қалмадық.

ӘРТІСТЕР МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЕМЕС, ЖАН РАХАТЫН ТАҢДАҒАН

– «Жан-жағым қол соққан адамдар
Біз өмір – ойын деп ұғындық.
Қойылым бітсе егер, тараңдар!
Шымылдық».
Расымен, театр – өмірдің айнасы іспетті. Әрбір қойылымда түрлі кейіпкерді сомдайсыз. Бір рөлді бірнеше рет ойнағанда кейіпкеріңізді жаңа қырынан танисыз ба? Мұндайда өз-өзіңізді жоғалтып алмайсыз ба? Ал, шымылдық жабылғаннан кейін сезім күйіңіз қандай болады?

– Жалпы, әр адам өмірге түрлі қөзқараспен қарайды ғой. Егер мен сіздің рөліңізді сомдасам, сіздің кейіпіңізге енуім керек. Кейіпкер сомдау – қызығы мен шыжығы қатар жүретін ерекше сезім. Мұны тек әртістер сезінетін бақыт дер едім. Әрине, жаңа қырынан тани бастайсың, өзің де ашыласың. Бірақ кейіпкерді шығардым, оны толық таныдым деп айту мүмкін емес. Кейіпкерді әркез сахнаға шығарып, сомдаған сайын беймәлім тұсын тағы бір танып, қайта қызыға бастайсың. Бірақ өз-өзімді жоғалтпаймын. Керісінше, театрда жүріп, өзімді таптым. Мына өмірдің күйбең тіршілігінен жан-дүниемізден, болмысымыздан, қалауымыздан алшақтап кетіп жатамыз. Ал театрда болмысыңмен бетпе-бет келгенде, адам өзінің ішкі рухын және не қалайтынын табады. Қиындығы болғанымен, жан рахатым да дәл осы жерде. Театрға бір байланған адам өмір бойы одан айналып шыға алмайды деп ойлаймын. Меніңше, әртістер материалдық жағдайды емес, жан рахатын таңдаған. Мәселен, басқа салаға мойын бұрып, көп қаржы табуыма мүмкіндік бар. Бірақ халықтың қошеметі беретін ләззатты еш жерден ала алмаймын. Міне, сол жан рахаты. Шымылдық жабылғанға дейінгі көпшіліктің қошеметі дайындықта тер төгіп, қиналғанымызды да ұмыттырып жібереді. Ал шымылдық жабылғаннан кейін қойылымды аяқтап, өз қалпыңа келесің. Дегенмен, халықтың ыстық ықыласы мен берген қуаты төбеңді көкке жеткізгендей болады.

Нұрдәулет БАЙМАХАН: Театрда жүріп, өзімді таптым

– Жас драматург ретінде бағыңызды сынап келесіз. Мәселен, шым- шытырыққа толы оқиға желісімен жазылған «Оң қол» пьесасын көрермен жылы қабылдады. Одан бөлек, «Сезімді қайтейін», «Үйлену оңай» сынды драманың да айтар ойы бар. Айтыңызшы, шығармадағы шындық пен қиялдың ара-жігін қай тұста белгілейсіз?

– Өзімді толыққанды драматургпін деп есептемеймін. Әлі ізденіп келемін, дамудың даңғыл жолындағы адаммын. Осы уақытқа дейін 5 қойылым жаздым, оның 4-еуі сахналанды. Әрбір шығармада шындық бар. Көркем шығарма болғандықтан шиеленістіру үшін қиялға да ерік беремін. Ал ондағы шындық түйінінде. Айтар ойында және түпкі негізінде. Мәселен, сіз айтып отырған «Сезімді қайтейін» қойылымы алғашқы махаббат жайында баяндайды. Қалай десек те, әр адамның алғашқы махаббаты дегенде еске түсетін кейіпкері бар. Қарым-қатынастың қалай басталып, аяқталғаны да адамның өзіне байланысты. Ол ешқашан ұмытылмайды. Бұл қойылым дәл сол сезімді баянды-баянсыз болсын әдемі аяқтау, жылы естелік ретінде сақтау үшін жазылды. Сол бір нәзік, пәк, алғашқы махабатты сақтап, тазалыққа тат түсірмеу маңызды. Бұл тек сезімнің емес, ақыл-парасат пен адамдықтың төңірегіндегі оқиғаларды да құрайды. Автор ретінде айтар ойым шығармаға толық түспеуі мүмкін. Бірақ, ол көрерменге қалай болғанда да жетеді. Оны жеткізудің де түр-түрі бар. Көркем сөзбен астарлап немесе іс-әрекетпен жеткізуге болады. Тіпті тікелей айтпай-ақ, көрерменге сұрақ ретінде қалдыру да тиімді. Әрқайсысы өзінше ой қорытып, жорамалдайды. Бірақ түбінде ұғынатындары бір жерде түйіседі.

АДАМ ЖАРАТЫЛЫСЫНАН АҚИҚАТТЫ, ТАЗАЛЫҚТЫ ІЗДЕЙДІ

– Ой қазанында қайнап, жазу үстелінде жарық көрген туындыға жан бітіретін режиссер. Егер режиссермен араңызда пікір қайшылығы болса, ортақ ымыраға қалай келесіз? Қанша дегенмен автор шығармасы үшін шырылдайды ғой…

– Пьесаны тыныштықта отырып жазамын. Оңашада ой бағып, жеке қалып, сол кейіпкермен тікелей тілдесіп, тіпті сол болып сөйлеп диалог құрамын. Сондықтан біреудің араласқанын емес, жалғыз ойланып жазуды қалаймын. Сонда ғана айтқым келгеннің бәрі қағаз бетіне түсіп, тың ойлар төгіледі. Жазылып біткен шығарманы қайтадан қарамаймын. Сіз айтып отырған үш қойылымым да сондай. Режиссер қабылдайды. «Бұл пьеса маған ұнады, қоямын» дейді. Келісімімді беремін. Әрі қарай режиссер өзі біледі. Ол кей тұсын қысқартып, енді бір тұсын қажет емес деп табуы мүмкін. Ол да өзінің ырқында. Ал мына тұсқа қосайық десе, көмектесуге әзірмін. Бірақ «мына сөз міндетті түрде айтылуы керек», «мынаны неге алып тастадың?» деп араласпаймын. Мен қалай ойым мен өз көзқарасым бойынша шығарма жазып, қабілетіммен жұмысымды атқарсам, дәл солай режиссер де шығармашылық шешім қабылдауға құқылы. Қойылымды сахнаға шығаруда өзіндік тәсілдерін қолданса, бөгет болмаймын.

Нұрдәулет БАЙМАХАН: Театрда жүріп, өзімді таптым

– Драматургия – күрделі жанр. Ізденіс керек. Тіпті, бұл жайында сөз қозғалса әркімнің айтар уәжі бар. Қазақ классиктерінен бөлек, тағы кімдерді оқисыз? Ал, драматургияның тілі – диалог десек, осы тұстағы ұтқырлығыңыз қандай? Өзіңізге әсер еткен үзіндіні айтып өтсеңіз…

– Маған керектің барлығы қазақ әдебиетінде тұнып тұр. Тіпті, әлі оқып үлгермеген кітаптағы қазыналы қайнар қаншама… Шетел классиктерінен ешкімді оқымаймын. Өз тарихымызды түгендеп, өз әдебиетімізді бітірмей жатып, басқа елдің әдебиетін оқуға қызықпаппын. Бәлкім, бұл дұрыс емес те шығар. Бірақ табиғатым солай.

Диалог жазғанда әлдекімнің мазалауынсыз, тып-тыныш, әрбір кейіпкердің болмысына еніп жазамын. Мендегі ерекшелік пен ұтқырлық осы шығар. Егер кейіпкер қыз болса, мына әлемге соның көзімен, нәзік жүрегімен қараймын. Ішкі дүниесімен үндесемін. Сол кезде айтқысы келген сөздері еріксіз шығады. Диалог үшін әдемі сөздерді іздемеймін. Мұңды, қайғыны, қуанышты сезінгенде ол өздігінен өрбиді.

Негізі әр көркем шығармадағы диалогтар түрлі бағытта болады. Әрқайсысы тақырыпқа сай тарқатылып, кейіпкердің күйіне қарай құбылып жазылады. Түйсікте түртіп алар түйіні де бар. Бөліп-жарудың қажеті жоқ. Өз шығармамнан ұнайтын үзінді «Сезімді қайтейін» қойылымында кездеседі. Онда қыз былай дейді: «Шын сүйген адамдар қосылмайтынын білсе, тым құрыса қоштасады». Осы сөзді көпшілік те сәтті шыққан деп айтады. Өйткені мұндай жағдай өмірде кездеседі ғой. Шын сүйіп, кейін бір-бірін көрместей жек көріп кететін жұптар болады. Бірақ махаббатты кіршіксіз дейтін болсақ, оның басы да, соңы да болуы керек. Екеуі қосылмай, үйленуге дейін жетпегенде, тым құрыса бақыт тілеп қоштасқаны игі. Адал махаббатты, риясыз сүйіспеншілікті бірге сезінгеннен кейін оны қадірлеу керек деп білемін. Бір-біріне өкпе арқалап, ренжіп жатуы махаббатқа жасалған қиянат. Әрбір сезімді жауапты-жауапсыз болсын, баянды немесе баянсыз болсын бағалай білген жөн.

– Қазір театр табалдырығын аттап, қойылымды асыға күтетін орта қалыптасты. Әлеуметтік желілерде де қойылым туралы бейнероликтердің қаралымы көп. Бұған не әсер етті деп ойлайсыз? Жалпы, театрдың дамуы жайында не дейсіз? Әлде кедергілер бар ма?

– Театрға табан тірейтін адамның көбеюі заңдылық. Қызыл-жасылды дүниеге алданып жүруі мүмкін. Десе де, адам жаратылысынан ақиқатты, тазалықты іздейді. Айналып келгенде мұны театрдан табады. Ғабит Мүсіреповтің «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген сөзі де осыны аңғартады. Меніңше, театр – өнердің биік шыңы. Қойылымды да монтаждаусыз, қаз-қалпында көрерменге жеткізеді. Тіпті, қателік жіберсең, қайта түсіретін дубль де болмайды. Театр осынысымен ерекше. Әр дайындық барысында барымызды салып, тер төгетініміз содан.

Жалпы, театрдың дамуы қарқынды. Бұрын «тарихи қойылым жасанды, айқайлап ойнайды, өтірік» деген сынды ой қалыптасқан. Бүгінде комедия, трагедия, драма секілді барлық жанрды қамтып отыр. Иә, қазір театрдың деңгейі басқаша. Жаңа технологиялар, әсіресе арнайы эффекті мен лед экрандар арқылы қойылым көрермен назарына ұсынылуда. Көрермен не сұраса, нені қаласа алдына бере алатындай деңгейде деп ойлаймын. Бұл әлі басы. Алдағы уақытта көпшіліктің театрға махаббаты одан сайын артатынына сенімім мол.

Нұрдәулет БАЙМАХАН: Театрда жүріп, өзімді таптым

ШЫНАЙЫ КҮЛЕ АЛМАЙТЫН АДАМ БАҚЫТТЫ ӨМІР СҮРЕ АЛМАЙДЫ

– «Жә-жә, қолыңызды бетіме қарай жүгіртпеңіз! Менің де өз бетпердем бар…». Журналист Ержан Байтілестің кітабындағы осы бір орам ойландырады. Ал, Нұрдәулет Баймаханның шынайылығы неде? Өмірде айтпаймын деген шындығыңызды кейіпкеріңіз сөйлеткен сәт болды ма?

– Арамызда біреудің қуанышына, жетістігіне шынайы тілектес бола алмайтын адамдар бар ғой. «Шынайы күле алмайтын адам бақытты өмір сүре алмайды» деп те айтып жатады. Менің шынайылығым – көңілімнің ақтығы мен пейілімнің кеңдігінде. Оның үстіне өзімді қалай бар солай көрсетемін. Өзгенің жетістігіне қуана аламын, күңкілдеп күндемеймін.

Иә, өмірде айтпаған шындықты, кейіпкер арқылы білдіру үнемі болады. Драматургия да бекерден-бекер пайда болды деп ойламаймын. Қоғамға айта алмаған үнді шығарма арқылы жеткіземін. «Мен не айтқым келді?», «ішімде не қайнап жатыр?» соны кейіпкерімнің аузына саламын. Ал, айтқым келмеген, санада сайрамаған, көкейімде кептелмеген нәрсені жазу жалаң болып қалады.

– Сіз үшін ең қадірлі сөз қандай? Өмірлік ұраныңыз ше?

– Бұл сұраққа көркем әдебиеттегі әдемі ойды немесе ғұламалардың нақыл сөздерін айтсам болады. Бірақ, мендегі тап қазіргі күй бөлек. Мына өмірдің мәні – мейірім мен махаббат. Атақ пен жетістік, тапқан есепсіз байлық та бұл аяулы сезімдердің жанында түк емес. Ал, сүйгеніңе сүрінбей қосылып, жан-дүниеңмен үндесетін адаммен мына өмірдің қиындығын бірге кешу де бақыт, сірә?!

Өмірлік ұраным жайында айтсам. Көбіне өмірді көрген үлкен кісілермен әңгіме-дүкен құруға тырысамын. «Өмірден не түйдіңіз?», «Өмірдегі қателігіңіз қандай және нені қайталамас едіңіз?» деп сұраймын. Соның 99 пайызынан «тілге ие болу керек», «Құдайдан тіле» дегенді естідім. Расымен, асылық сөйлеу, тәкаппарлық адамды өрге бастап, төрге шығармайды. Ащы тілмен сынап-мінеу де өз жолымызды жабатын қателік. Сондықтан бұл өмірлік ұстаным болатындай қағида.

– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Әңгімелескен Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!