Азаттықтың символындай болып, көк аспанда еркін қалықтайтын құстар әлемі қашанда қызық тақырып. Дегенмен Қызылордада құстар өмірін зерттейтін орнитолог ғалымдар көп емес. Солардың бірі – биология ғылымдарының кандидаты Нұргүл Сиханова.
Сыр өңірінде қандай құстар мекендейді? Оларды зерттеудің ерекшелігі неде? Жастар орнитология саласына қызыға ма? Бұл сұрақтардың жауабын білмек үшін ғалыммен арнайы әңгімелестік.
– «Урбанизация жағдайындағы жыртқыш құстардың экологиясы» тақырыбындағы жобаңыз гранттық қаржыландыруға ие болғанымен құттықтаймыз! Жоба туралы толығырақ айтып беріңізші… Біздің аймақта қандай жыртқыш құстар бар? Оларға климаттық өзгерістер, урбанизация қалай әсер етуде?
– Құттықтауыңызға рақмет! Жоба сарапшылардың 5 кезеңнен құралған елегінен сүрінбей өтіп, ғылым комитеті тарапынан қаржыландыруға мақұлданды. Жобаның мақсаты – Қызылорда қаласы аумағындағы жыртқыш құстардың уақыт пен кеңістіктегі сандық және сапалық құрамын анықтау. Сондай-ақ оларға антропогендік қысымның әсері мен қалалық ландшафттарға сұңқартәрізділердің бейімделуін де зерттейміз.
Аймақтағы жыртқыш құстарға келетін болсақ, кез келген тіршілік иесі секілді авифауна өкілдері де қоршаған ортаның, қорек қорының жағдайына сәйкес ұзақмерзімді эволюция үдерісінен өтеді. Соның нәтижесінде жазық даланы немесе орман мен сулы-батпақты шалғынды мекендейтін құстардың түр-сипатында, қауырсынының өлшемдері мен түсінде едәуір айырмашылық болады. Бұл олардың дене тұрқының үлкен немесе кіші болуына әсер етеді.
Мәселен, орманда өмір сүретін сапсанның қанаты қысқа және толық жазған кезде артқа қарай белгілі бір бұрышпен қайырылады, бұл ағаштардың арасымен еркін ұшуға, жемтігін қапыда қалдыруға септігін тигізеді. Жыртқыштың ұшу биіктігі артқан сайын қанаты ұзарып, жайғанда денесіне тура перпендикуляр түзеді. Нәтижесінде бүркіттің, сақалтайдың қанаттары көтерілу немесе қону барысында қағылып, қалған уақытта ауаның қозғалу заңдылығын пайдаланып, қалықтау құралы ретінде пайдаланады.
Міне, мұның барлығы жыртқыш құстардың экологиясы деп аталады. Жалпы құстар әлемі – сүтқоректілерге қарағанда мекендеу ортасын консервативті түрде ауыстыратын, жаңа ортаға бейімделуі өте жай жүретін тіршілік иелері. Яғни әлемдегі климаттық өзгерістер, қалалар санының артуы оларға сөзсіз әсер етеді. Ал әсер етудің оң немесе терістігін жоба аяғында сараптап қорытындылаймыз.
– Жобаға кімдер қатысып жатыр? Қай аумақтарға экспедиция жасайсыздар? Қанша уақытқа созылады?
– Конкурстық талаптарға сәйкес жобаға жетекші әрі орындаушы ретінде 1 постдокторант және отандық немесе шетелдік 1 ғылыми кеңесші қатысады. Біздің зерттеу тобымызда Қазан федералды университеті, «Биоэкология және қоғамдық денсаулық» кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Ильгизар Рахимов бар. Ол кісінің жетекшілігімен аспирантурада ғылым кандидаты ғылыми дәрежесіне арналған диссертациямды жазып, сәтті қорғағанмын.
Жоба биылдан бастап 2026 жылға дейін жүргізіледі. Бір ерекшелігі, құстарды бақылау экспедициялық емес, стационарлық жағдайда, яғни жыл бойы үздіксіз жүріп отырады. Ол үшін Қызылорда қаласының көлемінде бірнеше тәжірибе алаңы таңдалды. Атап айтар болсам, Сырдария өзені және сол жағалауы, қаладағы саябақтар, биік ғимараттар, аз қабатты үйлер, электр бағандары мен ашық алаңдар және т.б.
– Бірнеше жылдан бері құстар тақырыбын зерттеп келесіз. Арал ауданындағы Қаратерең ауылына барып, Кәртма көлінің жағасында да зерттеу жүргіздіңіздер. Сол жылдары бұл көлде 70-ке жуық құс түрі тіркелді деген екенсіз. Зерттеу мұнан кейін де жалғасты ма?
– Ғалымның белгілі бір тақырып аясындағы жұмысының нәтижесі ғылыми мақалалар мен монография болып есептеледі. Кәртма көлінің орнитофаунасы бойынша ғылыми мақалалардан кейін, зерттеу, талдау еңбектерім жинақталып, биыл жеке монографиям жарық көрді. Әрине, Сырдария өзенінің атырабында 100-ге жуық ірілі-ұсақты көл бар екенін ескерсек, Кәртмада жасалған жұмыстар өз жалғасын табады.
– Аймақта қандай орнитологтар бар? Бұл салаға жастардың қызығушылығы бар ма?
– Өңірде орнитолог-ғалымдардың жетіспеушілігі байқалады. Дегенмен университеттегі экология білім беру бағдарламасының бакалавриат, магистратура бағыттарында білім алушылардың ішінен биологиялық алуантүрлілікке қызығушылық танытқан жастарды саланың қыр-сырына баулып, шәкірт тәрбиелеу үдерісі жолға қойылған. Олар авифаунаны бақылап, сандық және сапалық көрсеткіштеріне талдау жүргізеді. Нәтижесінде ғылыми зерттеулерін аймақтық, республикалық деңгейдегі студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурстарына ұсынып, жүлделі орындар алып жүр.
– Есенғали Раушанов «Құстар – біздің досымыз» кітабында құстар туралы ерекше мәліметтерді жеткізген. Құстардың біз білмейтін сырлары көп екен. Сала маманы ретінде айтыңызшы, құстарды зерттеудің ерекшелігі неде?
– Әрине, кез келген саланың өзіндік ерекшеліктері болады. Мәселен, қатаң континентті климат жағдайында, далалық жерде, аңызақ желде, аптап ыстықта немесе қара суықта сағаттап отырып, құстың экологиясын зерттеу оңай шаруа емес. Мұнан бөлек дүрбі арқылы құстың жынысын, жасын анықтау барысында оптикалық құрылғы аридті жағдайда, ауаның қызуынан түстерді бұлыңғыр етіп көрсетіп, кедергі келтіреді. Сулы-батпақты алқаптарда моторлы қайықтың гүрілдеген дауысы ұяда жатқан немесе қорек іздеген құстарды үркітіп жібереді. Әйткенмен, табиғи жағдайда авифаунаны бақылау жайсыздықтарға назар аудармай, бастаған ісіңді аяғына дейін апаруға жетелейді.
Құстар туралы ғылыми тұрғыда дәлелденген бірнеше фактіге тоқталайын. Мәселен, елімізде құстардың 500 түрі тіркелген. Оның жартысынан астамы торғайтәрізділер отрядына жатады. Бұл отрядқа торғайлардан бөлек қарғалар да кіреді. Кейінгі деректерге сәйкес, әлемдегі ең ақылды тіршілік иесі қара қарға екені анықталды.
Қазақ халқы киелі құс санайтын аққу, шын мәнінде, сыңарынан айырылғаннан кейін 2 аптаның ішінде басқа сыңар тауып, өз өмірін жалғастыра алады және кейде табиғатта бірнеше сыңары бар еркек аққулар да кездеседі.
– Бір сұхбатта жолдасыңыз да ғалым екенін, экспедицияға бірге шығатындарыңызды айтыпсыз. Ол кісі де орнитологияға қызыға ма?
– Жолдасым география ғылымы бойынша электронды картография, ұшқышсыз ұшу аппараттары – коптер арқылы жер бетін бақылау саласында еңбек етеді.
Рас, әйел адамға ел жоқ жапан далада құстарды зерттеу бірқатар қиындық туындатады. Осыны түсініп, ол кісі менің ғылыми экспедицияларымда жанымда болады. Сонымен қатар экспедицияға көптеген оптикалық құралмен (суперзум және кроп, макро объективімен фотоаппарат, бірнеше дүрбі, алыстан бақылайтын өлшегіш), Қазақстанның құстарын анықтағышпен шығасың. Әрине, мұндайда ер азаматтың көмегі қажет. Басқа қырынан алып қарағанда менімен бірге экспедицияларға шығу барысында ол кісінің құстар әлеміне қызығушылығы оянып, авифауна өкілдерін ажыратуды меңгерді. Қалжыңдап, «мен атам мен әкем секілді аңшымын, бірақ менің қаруым – фотоаппаратым» деп қояды.
– Әйел ғалымдарға жұмыс пен тұрмысты тең ұстау қаншалықты қиын?
– Орнитология саласының ерекшелігін жоғарыда атап өттім. Оның үстіне орнитолог нәзік жан болса, үйдің берекесін де келтіріп отыруы қажет. Рас, ешкімнің жұмысы оңай емес, бұл жерде бастысы мойныңа жауапкершілікті ала білуде деп ойлаймын. Шаңырақтың түтіні түзу ұшып, балаларыңның тәрбиесі мен оқуына көңіл бөлуде жолдасыңның, ата-ананың жан-жақты қолдауы, көмек көрсетуі өте маңызды. Менің жағдайымда осы аталған факторлар сәтті ұштасқандықтан ғылыммен айналысу қатты қиынға соқпады десем болады.
– Қазір жастар ғылымнан гөрі бизнеске қызығады. Бұл маркетингтің күші ме, әлде жас ғалымдарға қолдау шынымен аз ба?
– «Ғылым – инемен құдық қазғандай» десем, әсіре айтқаным болмас. Қай заманда да ғылыммен шұғылдану оңай шаруа болған емес.
Әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктері болады. Осыдан 200 жыл бұрын Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысының құстары алғаш рет зерттеле бастады. Ол жұмыстарды Қазан университетінің профессоры Э.А.Эверсманн жүргізді.
Бір өзі ұлан-байтақ қазақ елінің Хиуа, Қоқан, Ресей империясымен қырғи-қабақ, тыныш емес жерлерінде авифаунаны сипаттап, еңбек етті. Одан беріде Қазан революциясы тұсында М.Бостанжогло, Н.А.Зарудный өз зерттеулерін жүргізді. Жалпы қазақ орнитологиясы өз бастауын Ғылым академиясының Зоология институты құрылуынан алады. Содан бері 70-80 жылдың көлемінде қыруар шаруа тындырылды. Ең бастысы 1960-1970 жылдар аралығында «Птицы Казахстана» бестомдығы жарық көрді. Кеңес үкіметі тараған тұста еліміздің экономикасы тұралап, ауыртпалықты барлық сала сезінді. Оның ішінде фундаменталды ғылыми зерттеулерге қиын болды. Тәуелсіздікпен бірге елімізде нарықтық экономика заңдылықтары үстемдік құрды. Осы тұста қолданбалы зерттеулер, бизнеспен байланысты салаларға басымдық берілді. Былай алып қарасаң, орнитология ғылымы таза фундаменталды сала. Дегенмен шетелдің озық тәжірибесіне көз жүгіртсек, авифаунаны зерттеуді қолданбалы бағытта дамытқан. Мәселен, елімізде басқа еш жерде жоқ құс түрлері балапандайды немесе көктем/күз мезгілдерінде ұшып өтеді. Осы кезеңдерде шетелдің атақты орнитологтары топ-тобымен елімізге ағылады. Мақсат – манағы сирек құсты дүрбі арқылы бақылап, фотобейнесін түсіріп алу, экологиясын зерттеу. Бірнеше жыл бақылау нәтижесінде жинақталған материалдар ғылыми мақалаға арқау болады. Бұл жердегі ең басты назар аударатын жайт: бұл жұмыстардың құстар үшін еш зиянсыздығында, яғни алыс қашықтықтан үркітпей бақылау.
Жастарға келетін болсақ, бизнес – олардың таңдауы. Әлемде барлық трендтер ауысып отырады. Барлығы уақытша. Күндердің күнінде бизнестен гөрі ғылымға, соның ішінде орнитолог болуға қызығатын да заман келуі мүмкін.
– Құстарды зерттеу үшін далада, көл жағасында жүріп талай қызыққа тап болған шығарсыз? Осындай сәттермен бөлісіңізші…
– Әрине, қызығы мен шыжығы мол салада әртүрлі жағдайларға кезігеміз. Бірде жолдасым екеумізді жапан далада түйе қуса, бірде екі апта бойы жаңбыр жауып, жоспарланған зерттеулер орындалмай қалды. Одан қалса, ғылыми жетекшім арнайы ат басын бұрып, өңірге келіп, Қаратереңде зерттеулер жүргіздік. Ауылдан шыға берісте асфальт жолда емес, сүрлем жолда МАИ қызметкері көлігімізді тоқтатқан кезде, айдалада, бір күліп алғанбыз.
– Сұхбат үшін рақмет!
Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!