Жуырда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Жасанды интеллект институты ашылды. Мұнда қыркүйектен бастап ІТ сала бойынша еліміздегі ең үздік мамандар білім алмақ. Білім ордасының бағыты, оқуға қабылдау талаптары қандай? Бұл сұрақтардың жауабын білу үшін институт директоры Нұрлан Құлмырзаевқа хабарластық.

– Нұрлан Серікұлы, жуырда университетте жаңадан ашылған Жасанды интеллект институтының директоры болып тағайындалдыңыз. Институттың бағыты, қандай мамандықтар оқытылатыны туралы айтып берсеңіз…

– Академиялық білімді дамыту және ғылымды қолдау, жасанды интеллект саласы бойынша мамандар даярлау мақсатында Оңтүстік Кореяның Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (СеулТех) Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті келісімге келді. Сол келісім аясында ашылған жасанды интеллект институты (“Institute of аrtificial іntelligence) IT бағытындағы үздік мамандарды оқытады.

Оқуға түсетін талапкерлерге 4 мамандық ұсынылады. Атап айтсақ, Information systems (Ақпараттық жүйелер), Cybersecurity system (Киберқауіпсіздік жүйесі), Computer science (Компьютер ғылымы), Computer software and programming (Компьютерлік бағдарлама және бағдарламалау). Білім алушылар бағдарламалау негіздерін, үлкен деректерді талдау және жасанды интеллект, сондай-ақ машиналық оқыту сынды сұранысқа сай кәсіби дағдыларды да үйренеді.

– СеулТех-пен бірлескен халықаралық LUPIC жобасы бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Кореялық оқытушылар Қызылордадағы оқу процесін қашан бастайды?

– Жалпы, шетелдік оқу орны жоба бойынша заманауи құрылғылармен де қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Сеултех университетінен Қорқыт ата университетіне 190 компьютер, 8 сервер, Дрон зертханасы, AR/VR құрылғылар және видеоконференц байланысқа арналған құрал-жабдықтар келуде. Сондай-ақ, Жасанды интеллект инстиутында оқыған студенттеріміздің Оңтүстік Корея мен Қазақстандағы оқу орнының дипломын бірдей алуына мүмкіндік беретін “қос дипломдық жүйе” туралы келіссөздер жүргізудеміз.

Бұл уақытқа дейін Оңтүстік Кореядан бірнеше профессор келіп, білім алушыларға дәріс өткізіп, тәжірибесімен бөлісіп үлгерді. Болашақта да Сеултех университетінің ең үздік профессорлары білім беруге келмекші.

– Студенттер оқуға тапсырарда арнайы критерий бойынша қабылдана ма?

– Жасанды интеллект институтына оқуға түсу үшін биылғы түлектер «информатика + математика» пәндері бойынша ҰБТ тапсыруы керек. Кейін міндетті түрде біздің ағылшын тілінің деңгейін анықтайтын сынағымыздан өтуі қажет немесе IELTS 5+ сертификаты жарайды. Себебі бізде білім алу толық ағылшын тілінде жүргізіледі.

– Өңіріміздегі ІТ саланың дамуы мақсатында ауқымды жобаларды атқардыңыздар. Осы кезге дейінгі стартап жобалардың патенттеліп, өндіріске қосылғаны болды ма?

– Коммерциялық жобалар болды, әрине. Оның ішінде бірқатар мобильді қосымша, вебсайттар сатылымға шығарылып, қазір өз мақсаты бойынша пайдаланылуда.

– Бірнеше жыл бұрын мектептердің көбінде робототехника кабинеті ашылды. Осы саланың эксперті ретінде айтыңызшы, білім беру ұйымдарындағы бұл жұмыстың нәтижесі қалай болмақ, робототехникаға үйрететін мамандар жеткілікті ме?

– Робототехника кабинеттері ашылуын ашылады, бірақ мына дүниені түсінуіміз керек. ІТ – бір орында тұрмайтын сала. Жаңадан ашылған робототехника кабинетіндегі құрал-жабдықтар 2-3 жылдан кейін маңыздылығын жояды. Себебі оның орнын жаңа техника басады. Мектептерде робототехника кабинеттері 5-6 жыл бұрын бум болып ашылды да, сол күйінше қалып қойды. Бірақ технология дамуда, тіпті интеллектуалды роботтар пайда болды. Қазір көп мектептегі роботтар төмен деңгейдегі бағдарламамен жұмыс істейді. Маман даярлау жағына келсек, егер нарықта сұраныс болса, мамандардың кәсіби білімін тез арада жетілдіруіне мүмкіндік бар. Айталық, алғаш рет мектептерге робототехника заттарын әкелгенде мұғалімдер қиналғаны рас. Қазір информатиктердің барлығы дерлік бұл құрылғылармен жұмыс істей алады.

– Бір сұхбатыңызда “жеке идеясы бар жастарды жинақтап, ақпарат-технология мамандарының нарығын бақылап отырмын. Мәселен компаниялар тәуір ІТ маман іздесе, бізге хабарласады” деген екенсіз. Бұл командаңыз әлі бар ма? Аймақ бойынша болашағынан үміт күттіретін жас технократтар деп кімдерді айтар едіңіз?

– Иә, әлі күнге дейін ІТ компаниялармен байланыстамыз. Өз коммунитиларымыз бар. Мұндай жұмыс орындары Kyzylorda Hub арқылы да керек мамандарды іздейді. Арнайы талаптарына сәйкес университет, колледж бітірген түлектер, жан-жақта жүрген қызылордалықтардың арасынан жақсы маман тауып беруге тырысамыз. Қызылордада мықты ІТ мамандар жұмыссыз қалмайды. Қазірдің өзінде үш жұмыс орнына осы сала бойынша қызметкер қажет. Әрине, бірден табу оңай емес. Себебі білікті мамандар аз. Қазір ақпараттық қауіпсіздік, графикалық дизайн, вебсайт мамандары, жаңа бағдарламалар бойынша жұмыс істейтін, интеллектуалды сайт әзірлей алатын маман қажет. Компаниялар мұндай қызметкерлерге бір жарым миллион теңгеге дейін еңбекақы төлейді.

Қызылордада “жақсы ІТ маман болғың келсе, басқа қаладағы ЖОО-да оқы” деген пікір бар. Біз қазір сол көзқарасты өзгертуге жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін ғана Алматыдағы Нархозға кетіп қалған оқушым хабарласып, “ағай, сіздердің қандай жетістікке жеткендеріңізді көріп отырмын, келесі жылы Нархоздан Қорқыт ата университетіне ауыссам бола ма?” деп жазса, екі-үш күн бұрын атыраулық оқушы “Қорқыт ата университетіне қалай түссем болады?” деп хабарласты.

Ал осы аптада өзіміздің студенттеріміз оқушылармен калобарация жасап, Түркістанда өткен республикалық жарыста І орын алып келді. Мұның бәрі, әрине, біртіндеп Қызылорданың имиджін көтереді. Бастысы жасанды интеллект, ІТ сала бойынша Сыр өңірінде үздіктер дайындалады, мықты мамандар жұмыс істейді деген көзқарас қалыптасуда.

Қазіргі уақытта жас мұғалімдердің арасында, Оқушылар үйінде де мықты бағдарламашылар жинақталған. Ешкімнің атын айтпай-ақ қояйын, есіме түспей қалғандары ренжіп қалар… Ең бастысы, бұрын өзіміз дайындаған жастар қазір өздері команда құрып, жаңа жобалармен айналысуда. Бұл – өте қуанатын жағдай.

– Сұхбат үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!