Елордада жолыққан екі сырбойылық. Бірі саланың алғашқы баспалдағында тұрған жас маман болса, бірі қаламы ұшталған, елге есімі белгілі, тәжірибелі журналист. Сәті түскен сұхбатта балалық шақтағы алғашқы мақала, кітапқа деген сүйіспеншілік пен журналистика туралы сөз қозғадық. Ал кейіпкеріміз – Нұртөре Жүсіп.
10 ДӘПТЕР. 3000 КІТАП
– Нұртөре ата, 4-сыныптан бастап «Өскен өңір» газетіне мақала жазып, ал 7-сыныпқа келгенде «Алау» журналының бас редакторы болдыңыз. Айтыңызшы, ерте жастан жазуға не түрткі болды?
– Бала күнімде үйге жиырмадан астам газет-журнал келетін. Себебі әкем ел басқарған адам. Қазақша да, орысша да газет оқитын. Үйде «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек» сияқты жур-налдар үйіліп жататын. Солардың бәрін әкем өзі оқып қана қоймай, маған да оқытатын. Кейде «Комсомольская прав-да», «Известия» газеттерін дауыстап оқып берші» дейтін. Бұл, бәлкім, менің жазуға деген қызығушылығымның бастауына се-беп болған шығар.
Кеңестік дәуірде қазіргідей БАҚ көп болмады. Бірақ соған қарамастан, балаларға арналған басылымдар тұрақты шығып тұрды. Мысалы, қазіргі «Ұлан» сол кезде «Қазақстан пионері» деген атаумен шығатын. «Балдырған» журналы, «Спорт» газеті болды. «Қазақстан пионерін» мектеп жасындағы оқушылар белсенді оқитын. 4-7 сыныптағылардың мақалалары, өлеңдері жиі жарық көретін. Оларды көріп отырып, «неге мен де жазып көрмеймін?» деген ой келетін. Алғаш жарық көрген материалым – «ауылда сенбілік өтті, адам-дар қатысты» деген мазмұндағы шағын ғана ақпарат еді. Сөйтіп, аудандық газетке алғашқы мақалам шықты. Кейін редакциядан «Жазып тұр» деген хат келді. Ал сол жылдары ауылда хат алу деген үлкен оқиға еді. Газет бетінен аты-жөніңді көргенде төбең көкке бір елі жетпей қалғандай болатын. Тіпті басқа оқушылардың алдында дәрежең көтерілгендей жүресің.
7-сыныпта бізге педагогикалық институтты тәмамдап, жаңа оқытушы келді. Қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берді. Сол кісінің берген бағыты менің шығармашылыққа бет бұруыма ерекше ықпал етті. Сабақтан бөлек, мектебімізде «Алау» атты журнал шығатын. Онда 10-сыныпқа дейінгі оқушылардың шығармашылығы жарияланатын. Бір ғана дана шығады. Макетін де, түптеуін де қолдан жасаймыз. Ол жерде жазғанымызды қысқартып, тақырып қойып, қатесін түзетеміз. Қарап отырсам, бұл да редакторлыққа үйреткен үлкен мектеп екен. Ол кезде аса мән бермесек те, қазір ойланып қарасам, журналист ретінде қалыптасуымда үлкен рөл атқарған екен.
– Білуімізше, 10-сыныпта 3 мың кітап оқыған екенсіз. Ерекше есте қалған немесе қайта оқыған кітап бар ма?
– Кітаппен дос болу бала күнімнен қалыптасты. Расымен кітап қолдан түспейтін. Кейде жарық сөніп қалса да, майшамның түбінде оқитынбыз. Кітап оқудың берері көп: тіл байлығың артады, сөздік қорың молаяды, сауатты жазуға үйретеді. Үтір мен тыныс белгілердің барлығына көз қанығады. Жазамын деген адам ең алдымен көп оқу керек.
Мектептегі ұстазым бізді кітап оқуға, ізденуге баулыды. Оқыған кітаптарымызды 96 беттік дәптерге жаздыртатын. Ол жерде біз оқыған кітаптың авторын, қай жылы жазылып-басылғанын, оқиға желісі мен бас кейіпкерлер туралы дерек жазатынбыз. Арада уақыт өтті. 7…8…9…10-сынып. Ауылдық, аудандық кітапханадағы кітап қорынан кеміріп оқыдым ба, көп оқитынмын. Бағанағы қалың дәптердің 10-нан астамын толтырыппын.
Қатты әсер еткен кітаптардың қатарында Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейдісі» бар. «Абай жолын» мектепте оқысақ та, шын мәнінде түсінбеген екенмін. Қазір әр он жыл сайын қайта оқимын. Мысалы, былтыр жазда төрт томын қайта оқыдым. Бұрын мән бермеген тұстарды байқайсың, жазушы шеберлігіне тағы бір қаныға түсесің. Жалпы, бір кітапты бір рет қана оқу аздық етеді. Әбділдә Тәжібаев, Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаның шығармалары, Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» туындысы бәрі де менің өсуіме ықпал еткен қазыналар. Тургеневтің «Әке мен бала» романы қатты әсер етті. Одан кейін Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза», Лев Толстойдың шағын әңгімелерін де оқып шықтым.
Аралда қалып қойған Робинзон құмда аяқ ізіне қарап, жүрегі тарсылдап тұрып қалатын тұсы бар ғой. Оны оқып жатқанда майшам да таусылып, таңға дейін күтіп, жарық түскенде жалғастырып оқығаным есімде. Джек Лондонның «Ақ азуы», Майн Ридтің «Жұмбақ салт аттысы» да ерекше әсер қалдырған. Кітаптағы көріністер 1 ай бойы түсіме кіріп жүрген еді. Расымен көп жағдайда кітаптағы оқиғалар есте жатталып қалады. Кейде сөз сөйлегенде, тұрмыстық жағдайда, тіпті бала тәрбиесінде сол кейіпкерлердің сөзі, әрекеті еріксіз ойға оралады.
Жалпы, талғамай оқитынмын. Қолыма түскен кітаптың бәрін оқи беретінмін. Қазір тарихи романдар мен энциклопедиялық бағыттағы еңбектерге қызығамын. Үйде жинаған кітаптарым он мыңнан асты. Жазғы демалыс кезінде жыл сайын 250-300 данасын мектептерге тарту етемін.
Студент кезімнен бастап қалыптастырған бір әдетім бар. Айына екі рет кітап дүкенін аралаймын. Не шықты, ел не оқып жатыр? Соны қарап шығамын. Қазір өзіме «айына төрт кітап оқу» деген тапсырма қойдым. Егер орындамасам, келесі айда бір кітап «айыппұл» ретінде қосып оқимын. Жуырда Мұхтар Мағауиннің «Алтын Ордасын» оқып бітірдім. Ал Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін жыл сайын қайталаймын. Былтыр көрмеген тұсты биыл байқайсың. Қарап отырсаң, бәрін білетін сияқтысың, бірақ байқалмай қалған ой көп болады. Кітап – жаңа әлем. Ол көкжиегіңді кеңейтеді, қиялыңды ұштайды. Кітаптан алған әсер мүлде бөлек. Сондықтан журналистерге, жастарға айтарым кітап оқу керек. Оқылған дүниені көңілге тоқу керек. Бұл – үлкен байлық.
Сөренің алдыңғы қатарына жұрт сұраса бере алатын кітаптар қоямын. Ал өзім пайдаланып жүрген кітапты артына қоямын. Бұл – кітапты сақтау механизмім. Себебі көрген адам тек алдында тұрғанды көреді. Ар жағына қарай үңіле бермейді.
– Бастапқы арманыңыз дәрігер болу болса да, журналистикаға келдіңіз. Дәрігер адамның тәнін, журналист жанын емдейді. Осы салаға келгеніңізге өкінбейсіз бе?
– Жоқ, өкінбеймін. Мектепте 8-сыныпта оқып жүрген кезім. «Қызылорданың медициналық училищесіне ер балаларды емтихансыз қабылдайды» деген хабарландыру келді. Сыныптағы төрт бала құжаттарымызды әзірлеп, жолға шығуға бел буғанбыз. Шамамен 1976 жыл, 15 жастамыз. Егер төртеуіміз бірдей кетсек, сыныпта бар-жоғы 20 шақты бала қалар еді. Ол кезде бала саны азайып, мектеп жабылып қалуы мүмкін деген қауіп болды. Сөйтіп, мектеп директоры мен мұғалімдер бізді ауылда алып қалды. Содан дәрігер болу арманым кейінге қалып қойды. Осы арада мақала жазып жүріп, журналист боламын деп түбегейлі шешім қабылдадым.
Қазір 10-11 сынып оқу шы-ларынан «кім болғың келеді?» деп сұрасаң, өкінішке қарай, көбісі нақты жауап бере алмайды. Мамандық таңдаудан бұрын, грант қуалау алға шығып кеткен. Қай жерге тегін оқуға түсе алады, балы төмені қайсы, соған қарай жүгіреді. Бұл – дұрыс үрдіс емес. Себебі адамның жүрегінен шықпаған, қызығушылығы жоқ мамандықпен өмір бойы айналысу өзіне де, қоғамға да зиян.
ҚЫСҚА СӨЗ, ҰТҚЫР ОЙ
– Бүгінгі журналистика туралы не айтасыз?
– Қазіргі журналистика технологиялық тұрғыдан айтарлықтай да мыды. Әлеуметтік желілердің пайда болуымен ақпаратты жедел алу мен тарату мүмкіндігі күрт артты. Бұрын біз блокнот пен қалам алып, еңбек адамымен тілдесуге баратынбыз. Сөйлесіп, суретке түсіріп, арнайы іссапармен репортаж, очерк жазатын едік. Газетке шығару процесі де ұзақ еді. Ал қазір жағдай мүлде басқа. Барлығы компьютермен, интернетпен істеледі. Жеделдік артты, ақпаратты таратудың түрлі платформалары бар. Бұл – жаңа журналистиканың мүмкіндігі мен жетістігі. Ал контент таңдау еркі оқырманның өзінде. Бұл да заманның берген артықшылығы.
Дегенмен «әттеген-ай» дегізетін тұстары да бар. Қазіргі тілшілердің көбі кітапты аз оқиды. Сондықтан да жазған мақалаларда үстірттік байқалады. Фразеологиялық тіркестер, грамматикалық сауат, аударма сапасы мен тіл тазалығы жағынан кемшіліктер көзге түсіп жатады. Дикторлар да, тілшілер де асығыс жазады, ал оны түзететін, редакциялайтын адам күннен күнге азайып барады.
Бұрын Бекболат Әдетов, Жұмабай Шаштайұлы, Сабыржан Шүкірұлы сынды ағаларымыз бар еді. «Егемен Қазақстанда», «Қазақ әдебиетінде» жүз мақала шықса, соның он бе сеуіндегі кемшілікті көрсетіп, тілдің тазалығын қадағалап отыратын. Қазір сол дәстүрді Қайнар Олжайдың сабақ-тары жалғастырып отыр. Бұл – өте қажет әрі құнды дүние.
– Қысқа, нұсқа жазу қиын деседі. «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Оймақтай ойға» тоқталыңызшы. Бұл айдарда түйткілді мәселе 2-3 сөйлеммен ғана жазылатын.
– Шерхан Мұртазаның тұсында «Бір ауыз сөз» деген айдары болған еді. Ол 10-15 сөйлемнен тұратын, 40-50 жолдық материал іспетті еді. Кейін Нұрлан Оразалин ағамыз «Егемен Қазақстанның» бас редакторы болды. Ол кісінің өзі де көлемді жазатын. Мен наразылығымды айтып «Осынша бес беттік мақаланы қысқартып беруге болады ғой» деп Нұрлан ағаның алдына кірдім. Ол кісі: «Онда өзің жазып көрші, қысқа етіп, жеткізіп айтып көр» деді. Міне, солайынан 3 сөйлеммен жазып беріп отырдық.
Осылайша «Оймақтай ой» айдары өмірге келді. Әуелде бұл – ойды қысқа, нұсқа, бірақ өткір етіп жеткізу үшін ашылған айдар болатын. Кейін келе «цитаталар жинағына» айналып кетті. Бірақ бастапқыда көзделген мақсат – аз сөзбен көп мағына беру еді.
– Бүгінде «Шабытым келмей жатыр, мотивация керек» дегенді жиі естиміз. Бірақ журналист жазуға шабыт іздемеу керек, жазуға машықтану қажет. Жазу дағдысын қалай қалыптастырамыз?
– Жазуға машықтану – міндетті түрде керек дүние. «Кабинетім болса», «Үйде тыныштық орнаса», «Балам шуламаса», «Ешкім келіп-кетпесе» деген сияқты түрлі талап көп жағдайда жазғысы келмейтін адамға сылтау. Мәселен, Бейімбет Майлин кеңседе отырып-ақ, сыртта бала жылап жатса да, жүз адам кіріп-шықса да, күй талғамай жаза берген деседі. Сол сияқты нағыз журналист боламын деген жас жеткіншекке арнайы шабыт іздеудің қажеті жоқ. Ең бастысы – тәртіп. Жұмыс істеудің тәртібін, жазу ретін бекітіп алу қажет. Алдымен қажетті ақпараттарды жинау, іздену, салыстыру, деректердің дұрыстығына көз жеткізу – осының бәрі жазуға дайындық процесі. Осы машыққа бейімделсең, жазу өзінен-өзі келеді.
Қазір, өкінішке қарай, қалам ұстағандардың көбі жоспарлы жұмыс істеуге бейім емес. Сондықтан да айлық өнімділік те төмен болып жатады. Ал журналистика – өмірдің өзі. Үздіксіз жаңалық, тоқтаусыз қозғалыс. Сол оқиғаларды ой елегінен өткізіп, халыққа пайдасы тиетін, құны ескірмейтін дүние етіп жазу керек. Бұл үшін тәртіп пен тұрақтылық ауадай қажет.
– «Біз кімнен кембіз?» атты мақалаңызда: «Қазақ біреуден қорлық көрсе, я өз мініне лайық сөз естісе, қабілеті жетпей жатса онысын өз бойынан іздемейтіні, дереу басқадан көретіні бар» деп жазған екенсіз. Осы мәселенің бүгінгі бейнесі қандай? Біз әлі де өзгені кінәлауға жақынбыз ба?
– Өкінішке қарай, бұл мінез бүгін өзгерді деп айта алмаймын. Адамның табиғатында бар қасиет – уақытпен бірге жойыла салмайды. Мәселен, Абайдың сөздеріне зер салсақ, сынап-мінеген кеселдердің көбі әлі де қоғамда бар. Заман ауысты, ғасыр жаңарды, технология дамыды, бірақ адамның ішкі кемелденуі – аса баяу жүретін процесс. Біреудің мініне үңілу, өзгеден кінә іздеу, өз жауапкершілігін мойындамау – бұрыннан қалған әдетіміз.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ,
Астана
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!