Қазір көпшілікті кәсіпкерлік саласы қызықтырады. Үй құрылысы мен жиһаз өндірісінде де сұраныс артып, бұл бағыттағы шеберлік пен білікті мамандардың орны айрықша танылуда. Бір қарағанда қарапайым көрінген пластик терезе мен есік орнату ісінің де өзіндік сыры, қиындықтары жетерлік. Бір терезені орнату үшін тек дәлдік пен шеберлік қана емес, сапалы материал мен есептің дұрыс болуы да маңызды рөл атқарады. Осындай салада табысқа жеткен кәсіпкердің бірі – Нұртуған Балтабай. Кейіпкермен әңгіме- дүкен құрудың сәті түсіп, бизнестің мән-жайын біліп қайттық.
– Әңгімені бизнеске келу жолыңыздан бастасақ, пластик терезелерді орнатумен айналысуды қашан және қалай қолға алдыңыз?
– Ең алғаш еңбек жолымды 2010-2011 жылдары жеке цехта жұмыс істеп бастадым. Ал 2012 жылы Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскерге аттандым. Әскерден келген соң бұрынғы жұмыс орныма баруды қаламадым. Өзімді іздедім десем болады. Осы сәтте ата-анам «қолыңнан келетін істі қолға ал, кәсібіңді аш» деп ақылдарын айтты. 2013 жылы ата- анам мен бауырларымның қаржылай қолдауы бизнесімді бастауға көп көмектесті. Мені құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, кәсібімді бірізді етуге олар да атсалысты.
Алғашында, әрине, оңай болмады. Дегенмен тәжірибенің арқасында қолымнан келетініне нақты сенімді болдым. Жұмысым да жүре бастады. Сол кездері мезгілге қарай жұмыс істеуші едік, қазір кәсібім кең көлем алып, жылдың кез келген уақытында тұтынушыларға қызмет көрсетуге дайынбыз.
Сондай-ақ терезеден бөлек, жиһаз бен есікті де орнатамыз. Бұл идеяға түрткі болған біздің тұтынушылар еді. Үйдің іргетасы қаланып, сұлбасы ретке келгенде терезе орнатуға барамыз. Сол кезде көп үйдің иелері біздің жұмысымызға тәнті болып, жиһаз жасау туралы ой тастады. Әуелгі кезде оны жүзеге асыру мүмкін болмады. Қаражат қажет болды, оның үстіне індет жолымызды жапты. Алайда кейіннен жүзеге асырдық.
– Бір үйге терезе орнату үшін қанша уақыт кетеді және қанша қаражат қажет? Қандай тапсырыстар жиі түседі?
– Тапсырыс көбіне пластик терезелерге түседі. Мәселен, бір үйге терезе соғу үшін үш адам 10 күн жұмсайды. Ал жиһаз жұмысы біршама уақытты талап етеді. Тіпті 1-2 айға созылып кетуі ықтимал. Бағасына келетін болсақ, жұмыстың ауқымдылығы мен материалдың қанша көлемде жұмсалатынына байланысты өзгеріп отырады. Жыл енді басталса да, биыл бой көтеретін тұрғын үйлердің терезелерін орнатуға тапсырыс алдық.
Үйлерге терезе, есік, ал үлкен ғимараттарға ветражды фасад орнатамыз. Одан бөлек, біздің құрылғыларымыз Түркия елінің өндірісі. Олар өте жақсы жұмыс істейді. Ал материалдарымыз Германия елінен шыққан. Солайша тұтынушыларымыз біз ұсынған қызметті жоғары бағалайды.
– Ұжымыңызда қанша қызметкер бар? Бұл салада жұмыс істеу үшін арнайы білім қажет пе? Қандай қиыншылықтарға кезіктіңіз?
– Бүгінде 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Сапалы жұмыс істеу үшін «қатал бастық» болу керек, сол себепті оларға қойылатын талап та жоғары. 2013-2024 жылдар аралығында 10 мыңнан астам терезе орнаттық.
Білімге қатысты айтатын болсам, иә. Әлі күнге дейін әріптестерімнен бөлек, өзім де біліктілігімді арттырып отырамын. Жиһазды кейіннен қолға алғандықтан, ол туралы білетініміз әлі де аз деп ойлаймын. Бұл бағытты дамытудамыз, білікті ұсталардың ақыл- кеңесін алып, білімімді арттырамын. Қазақстанда өтетін көрмелерден қалыс қалмаймыз. Жаңа идея, жаңа әдіс- тәсілдерді игереміз. Бүгінде жиһаздың көбін соңғы технологияларға сай етіп өндіреміз.
Менің кәсіпке келуімді ағам қатты қалаған еді. Ол өзі мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істеді. Маған қажет деген қаражатымды беріп, сенім артты. Сол себепті отбасымның үмітін ақтау мен үшін маңызды болды. Кедергілер аз кездесті дей алмаймын. Кейде тек «минусқа» жұмыс істедім. Жасыратыны жоқ, анда-санда тұтынушылармен де келіспейтін кездер болды. Бизнесті нөлден бастағандықтан, көптеген тәуекелге бел будық. Мұнда өзіңе сеніп, маңызды қадамдардан қашпау керек екеніне көзім жетті.
Ал қазір, шүкір, сол кездегі бейнеттің зейнетін көріп отырмыз. 2024 жыл біз үшін табысты болды. Көптеген марапатты иеленіп, облыс және қала әкімінің, Жастар орталығынан түрлі «Алғыс хат» алдық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!