Ән – көңілдің ажары деп бекер айтпаса керек. Әуені жанға жайлы, сөзі тілге жатық туындылар жадымызда еріксіз жаңғырып тұратыны рас. Қай-қайсымыз да қосыла шырқай кететін, елді елең еткізер есті әндердің авторы арамызда жүргенін бірі білсе, бірі білмей жатады.
Нұртуған Жаңабай 1996 жылы Қазалы ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген. Нұртуғанның шығармашылығы хақында тарқатып айтар болсақ, Мәлік Жамбылұлының орындауында «Аягөз қайда барасың?», «Екінші сұлу», «Бумеранг», Жандос Қаржаубайдың орындауында «Көктемде үйленем», Төреғали Төреәлінің орындауында «Шайыр Шымберген», «Пайда», Әбдіжаппар Әлқожаның орындауында «Келесі кездесу», Айгерім Мамырованың орындауында «Жауап», «Уәде», «Сенің жаныңда», Әділет Жауғашардың орындауында «Науат» секілді тағы басқа көптеген хит әндердің сазын, тіпті бірқатарының сөзін де өз жүрегін өріп, жарыққа шығарған дарын иесі.
– Өнерге басқан алғашқы қадамыңыз жайлы айтып беріңізші? Композиторлық кімнен дарыған?
– Нақты бір композитор болайын деген мақсат, мүдде болған жоқ. Бірақ жасымыздан Шымберген Сүлейменовке еліктеп өстік. Сыр еліне белгілі Байназар Өтепов менің нағашы атам. Яки анамның әкесі. Ақындық та, сазгерлік те сол кісіден дарыды деп ойлаймын. Әкем де өнерден құралақан емес. Оның да қолынан көп өнер келеді. Ауыл ансамблін құрып, соло гитарада ойнаған, ән де айтқан.
– Алғашқы туындыңызды жазған сәт есіңізде ме?
– Ең алғашқы туындым «қисық қабырғам» деген ән болатын. Оның жазылу себебі қызық. Сол уақыттарда шаңырақ көтеруге бел буып, өмірлік жарымды іздеген едім. Қыздарға жазып, хабарлассам қарамайды, кездесуге шақырсам келмейді. Сөйтіп жүргенде «Қайдасың, қисық қабырғам?» деп жазған едім ең алғашқы әнімді.
– Ел аузында жүрген «Аягөз, қайда барасың?», «Көктемде үйленем» атты әндеріңіздің шығу тарихына тоқталсаңыз…
– Алматыда жүрген шағымда бір би тобында өнер көрсететін Аягөз есімді қыз болатын. Сол қызды той-томалақта көріп, көңілім кетіп, ұнаттым. Дегенмен танысып, әңгімелесе келе талғамымыз мүлде тоғыспайтын бөлек адамдар екенімізді ұқтық. «Аягөз, қайда барасың?» әні сол жағдайға негізделіп жазылған болатын. Бір ағамыз айтқаны бар еді, «сенің күйреп жүріп жазған әніңе жұрт билеп жүр ғой» демекші, бұл ән ең басында ырғағы бәсеңдеу ән болатын. Мәлік Жамбылұлы бауырымыз ырғақ қосып, көңілді ритмде жарыққа шығарды. Бұл әншінің де бағын ашқан, бәріміздің бағымызға жазылған ән секілді.
Ал, «Көктемде үйленем» әнінің тарихын айтар болсақ, жамбылдық Дәулет Әбушәкір есімді аға-бауырым бар. Сол жігіт бір күні әңгімелесіп отырып, алдағы көктемде үйленбек ниеті барын айтып, «көктемде үйленем» деген тақырыпта ән жазып бер деп қолқа салды. Әннің жазылуына себепкер сол жігіт болатын. Бірақ туынды көңілінен шықпады ма, әнді орындамады. Сөйтіп бұл ән Жандос Қаржаубайға бұйырды.
– Сіз үшін жаныңызға жақын туындыңыз қайсы? Неліктен?
– Жаныма ең жақыны Төреғали Төреәлі ағамыздың орындауындағы «Шайыр Шымберген» деген туындым. Сол әнді тыңдасам ерекші күй кешіп, сондай кісілерге арнап ән жаза алғаным үшін қайта қанаттанатын сәттер болады.
– Сізді не шабыттандырады? Күні бүгінге дейін қанша әніңіз жарыққа шықты?
– Нақты бір дүние шабыттандырады деп айта алмаймын. Барлығы көңіл-күйге байланысты деп ойлаймын. Жалпы саны 80-90 шамасында әніміз жарыққа шыққан болуы керек. Ішінен іліп алып, халық көңіліне жаққанын тыңдап жүр. Шүкір!
– Әндеріңізді орындаушыға бейімдейсіз бе, әлде әншілер сіздің туындыңызды өздері таңдайды ма?
– Иә, кім қай бағытта жазатыны белгілі ғой. Әр әнші өзінің талғамына сай, оң жамбасына келетін дүниені іздейді. Дайын туынды сұрап келетіндер де бар, кейде өзінің қалауына сай жаздырғысы келетіндер де кездеседі. Дегенмен менің шығармашылығымда ең бірінші ән туған соң ғана «осы әншіге келеді-ау» деген тұжырымдар көп болады.
– Шығармашылық жолында қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?
– Композитор үшін ең ауыры еңбегіңнің еленбеуі. Бұл ешқандай өкпе-реніш емес. Тек өзіңнің ғана жаныңа бататын дүние. Оны тарқатып, ашып айтпай-ақ түсінікті деп ойлаймын.
– Өнердегі үлкен орталардың жеке шығармашылыққа әсері бар деп санайсыз ба?
– Негізі ортадан қашпаймыз. Орта көрген сайын өзіміздің ой-өрісімізге жақсы жағынан ықпалы тиеді. Әуелде айтқанымдай өзім үлгі тұтып, ұқсағым келетін ағам Шымберген Сүлейменовтің жүрген жолына үңілсек, бәрі демесек те эстрадада орындалып жүрген хит әндерінің 70-80 пайызын ауылда жүріп-ақ жазып шыққан екен. Сол кісіге ұқсасақ дейміз. Ауылда жүріп алапат дүниелер туғыза алсақ арман не? Ал үлкен орталарды уақыты келгенде көрерміз.
– Әнді жазу барысында әуен бірінші пайда бола ма, әлде мәтінге жазасыз ба? Айырмашылығы неде?
– Әнін де, сөзін де өзім жазған туындылар бар. Бірақ ақындармен жиірек жұмыс істеуге тырысамын. Әр кезде әрқалай… Кейде ән, кейде сөз шығады. Кейінгі уақытта көбіне мәтінге жазып жүрмін. Нақты бір айырмашылығы бар деп айта алмаймын. Бастысы сазы мен сөзі үйлесіп, қабыса кетсе нағыз өміршең туынды сол болмақ.
– Қай әншімен жұмыс істеу сіз үшін ерекше есте қалды?
– Бастан өткен шақтардың ыстығы да, суығы да жадымда. Есімде қалған тәтті сәттері де, ащы сәттері де көп естеліктері бар әнші Әділет Жауғашар.
– Қазір қандай жаңа жобалармен айналысып жатырсыз?
– Өзімнің орындауымда жарық көретін әндермен жүмыс істеп жатырмын. Айдын Сәндібай, Бекзат Серіков, Елнұр Нұрқасым сынды бауырларым бар. Сол жігіттердің туындыларымен өзім де әншілікке бет бұрып жатқан жайым бар. Құдай қаласа, алдағы уақытта жақсы жаңалықтар болып қалады деген үміттеміз!
– Музыка сіз үшін…
– Музыка мен үшін тұтас өмірім деп айтпасам да, музыка көңілдің, жүректің емі. Көп нәрседен арылу үшін музыка маған қатты қажет!
– Сұхбат үшін үлкен алғыс! Шабытыңыз шарықтай берсін!
Әңгімелескен А.МАРАТҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!