«24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні» – еліміздегі әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етіп жүрген сот саласы мамандарына арналған кәсіби мереке. Бұл күн – судьялар мен сот қызметкерлерінің жауапты еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы рөлін айқындайтын ерекше дата. Осыған орай біз Шиелі аудандық сотының төрағасы, өз ісіне адал жас маман Нұржан Бекетаевпен сұхбат құрып, сот жүйесіндегі бүгінгі өзгерістер мен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгіме өрбіттік.

– Әуелі «24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні» мерекесімен құттықтаймын! Осы салада қанша жасыңыздан бастап қызмет етіп келесіз? Қандай оқу орнын тәмамдадыңыз? Сот саласына бет бұруға не түрткі болды?

– Рақмет! 2008 жылы Қызылорда гуманитарлық заң колледжін аяқтадым. Одан кейін Астана қаласындағы КазГЮУ университетінде білім ала жүріп, 2008 жылы 18 жасымда Байқоңыр қалалық сотына іс тіркеуші ретінде жұмысқа орналастым. 2009 жылы жетекші маман болып тағайындалдым. Ал 2010-2012 жылдар аралығында Қызылорда облыстық сотында жетекші маман болып жұмыс атқардым. 2012 жылы ҚР Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясына оқуға түстім. 2014 жылға дейін жұмыс орнымды сақтай отырып, «Сот төрелігі институты» бойынша магистр дәрежесін алдым. 2015 жылы ақпан айында Президент жарлығымен Қызылорда облысы, Арал аудандық сотына судья болып тағайындалдым. Аталған сотта шамамен жеті жыл судья ретінде жұмыс істеп, 2022 жылдан бастап Президент жарлығымен Шиелі аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалып, бүгінге дейін қызмет атқарып келемін.

Жалпы сот саласына бет бұруға мектеп қабырғасынан қалыптасқан әділдікті, шындықты, турашылдықты жақсы көретінім себеп болды. Ата-анаммен ақылдаса келе, сол кісілердің батасымен заң саласын таңдадым. Заңгерлікті аяқтаған соң менің түсінігімде бұл саланың ең биік шыңы судья атану деп есептеймін.

– Шиелі ауданында жиі қаралатын істердің түрлері қандай?

– Біздің соттылығымызға жатқызылған әкімшілік, азаматтық, қылмыстық секілді барлық санаттағы істер қаралады. Ең жиі кездесетіні әкімшілік құқық бұзушылықтар. Оның ішінде отбасы тұрмыстық қарым-қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер бізді қатты алаңдатады. Одан кейін қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар. Яғни мұның ішінде ең көп кездесетіні қоғамдық орында адамдардың бейәдеп сөйлеуі, жеке тұлғаларды жәбірлеп тиісуі және айналасындағыларға құрметпен қарамауды білдіретін қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекеттер көп кездеседі.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде көзделген көліктегі әкімшілік құқық бұзушылықтар, жол-көлік оқиғасы және ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша жүргізушінің көлік құралдарын алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаң күйде, оның ішінде алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқару фактілері көп тіркеледі. Одан кейін жеке адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың ішінде адам денсаулығына жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, ауыр не орташа зиян келтіру, меншікке қатысты қылмыстар, халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар, яғни нақтырақ айтсақ есірткіге байланысты қылмыстар жиі тіркеледі.

– Жаңа технологиялар, цифрландыру сот жүйесіне қалай әсер етіп жатыр? Онлайн сот отырыстарының тиімділігі қандай?

– Бізде сот саласында төрелік ақпараттық жүйесі жұмыс жасайды. Әрбір келген хаттарға өзінің кіріс номері берілген соң ақпараттық жүйе арқылы бөлінеді. Хаттардан бөлек әрбір тіркелетін істер реттілігімен судьяның жүктемесіне қарай автоматты түрде бөлінеді. Судьялар осы реттілік бойынша жүктелген істерді қабылдап алады. Яғни төрағаның араласуынсыз және басқа да жағдаймен бұл іс бөлінбейді. Одан кейін сот отырысында дыбыс жазбасы және бейнежазба қолданылады. Яки аудио-видеофиксация жүргізіледі. Бұл хаттама ретінде серверге сақталады. Кез келген уақытта аталған хаттамамен танысуға тараптардың құқықтары бар. Бұрынғы уақытта хаттама жазбаша түрде жасалып, сын-ескертпелер сот отырысының хатшысымен жасалып, судьяның қолы қойылатын еді. Оған ескертпе-сындар көп түсетін болса, қазіргі уақытта хаттамаларға ескертпелер түсуі мүлдем жоқ десек те болады. Өйткені әрбірінің айтылған сөздері аудио және бейнежазбасымен тіркеліп тұрады.

– Іс жүргізу барысында шешім қабылдауда ең қиын сәттер қандай?

– Сот ісін жүргізу кезінде қиын сәттер деп айтуға келмейді, қызықты мән-жайлар орын алып тұрады. Мәселен, есірткіге, меншікке қатысты қылмыстар бойынша, жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша «кінәсіздік презумпциясын» қолданған кездерім болды. ҚР қылмыстық процестік кодексінде 77 бапта, яғни әлдекімді кінәлі деп заңды күшіне енбейінше сот үкімі кінәлі деп тануға болмайды. Бұл құқық бұзушының, яки күдіктінің пайдасына түсіндірілуге жатады. Осындай істер бойынша адам кінәсіз деп танылып, менің тарапымнан ақтау үкімі шығарылды. Осы сәттер әлі күнге дейін көз алдымда. Айыпталып сотқа келген сотталушылар ақтау үкімін алып, кінәсіз болып сот залынан шығып бара жатқанда олардың жүзіндегі қуанышы, туған-туысқандарының қуанышы жадымда сақталып қалды. Аталған үкімдер Жоғарғы Сотта да апелляциялық тәртіпте, кассациялық тәртіпте қаралып, күшінде қалған болатын.

Жалпы ҚР Конституциясының бірінші бабында көрсетілгендей Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары және заңды мүдделері. Сондықтан келіп түскен іске әрбір судья жан-жақты, объективті, ішкі сенімі бойынша дәлелдемелерді бағалап, шешім қабылдауы керек. Әрбір істе әділеттілік, заңдылық, теңдік, ізгілік принциптерін бұлжытпай сақтап, әділ шешім қабылдауы тиіс деп санаймын.

– Қазір жастар арасында сот саласына деген қызығушылық қай деңгейде деп ойлайсыз?

– Жастардың сот саласына деген қызығушылығы жиі байқалады. Біз айына бір рет оқушылармен, нақтырақ айтсақ 10-11 сынып оқушыларымен сот ғимаратында немесе сот мәжіліс залында құқық жөнінде дәрістер өткізіп отырамыз. Сондай-ақ мектеп басшылығының ұйымдастыруымен мектептерде де сот отырысын жүргізу бойынша кездесулер өткізіледі. Ол жерде мамандар біліктілігіне байланысты ойларымен бөліссе, оқушылардың бірі сот болып, бірі қорғаушы, енді бірі айыптау тарапының рөлінде көрініс көрсетіп, сот жұмысына қызығушылықтарын білдіруде.

Бұл дәрістерді өткізудің ең басты мақсаты – жастарға қоғамдық орында өзін қалай ұстау керектігін түсіндіру, құқық бұзушылық жасамау, отбасы тұрмыстық қарым-қатынастағы ата-анаға құрмет, ұстазға құрмет таныту, болашаққа бағыт-бағдар беру. Ең бастысы болашақта қандай да бір құқық бұзушылықтың алдын алу, болдырмау және құқық туралы балалардың ой-пікірін қалыптастыру басты мақсатымыз.

Осы салада білім алып жатқан студенттер де практикадан өтуге келеді. Олар сот процесінің қалай жүргізілетініне ашық сот процесі барысында қатысады. Іс-қағаздармен танысу, олардың жазылу стилистикасымен танысып, қылмыстық азаматтық процесс кодекстерінде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген баптар бойынша сұрақтарын қойып жатады. Оларға сот қызметкерлері, судьялар практикадан өту барысындағы тиісті бағаларын қойып, мінездемелерін береді. Жалпы қазір білікті, білімді жастар көп. Сондай-ақ жастар арасында сот жүйесіне қызығушылық жоғары деңгейде деп айта аламын.

– Аудандық сот жұмысында қандай жаңалықтар бар? Қызметкерлердің кәсібилігін арттыру бағытында жұмыстар атқарыла ма?

– Әрине, кәсібилікті арттырып отыру – заман талабы. Мәселен, бізде Шиелі аудандық соттар әкімшісі қызметін атқарған қызметкеріміз Санат Сержанов ҚР Жоғарғы Сот Кеңесінің біліктілік емтиханынан өтіп, кеңестің оң қорытындысын алды. Алдағы судьялық конкурстарға қатысу үшін құжаттарын тапсырып жатыр. Қазалы аудандық сотынан, Қызылорда облыстық сотынан тағылымдамадан өтеді. Бұл қызметкеріміз Шиелі аудандық сотында жұмыс істеу барысында жақсы қырынан танылып, біліктілігімен көзге түсті. Сол біліктілігі арқасында судьялыққа кадр резервіне орналасты. Болашақта өте білімді, білікті, әділ судья болады деген үміттемін.

– Сұхбат үшін рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!