Бүгінгі жастың алдында мүмкіндіктер алаңы тұр. Не істеймін десе-дағы қолын қағып жатқан, алдынан кесе көлденең тұрған кедергі жоқ. Жұмысқа тұрамын десе, мемлекеттік бағдарламаның сан алуан түрі бар. Тіпті жоғары оқу орнын мемлекеттік грант бойынша тәмамдаған әрбір жас мемлекеттік мекемелерге конкурссыз жұмысқа тұра алады. Ал тыңнан түрең салып, кәсіп ашамын десе қайтарымсыз қаражат беріп, грант табыстап жатыр. Жастардың мәселесін сол ортаның бел ортасында жүргендерден сұрап білдік. Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназарұлымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Нұржұман Пірназарұлы, аудан жастарының көшбасшысы ретінде танимыз. Елдегі жастың белсенділігі қандай? Оларды қандай мәселелер толғандырады?
– Әрине, жастардың белсенділігі қуантады. Қоғамның барлық саласында жұмыс істейтін жастардың басын қосып, бірнеше мәрте кездесу өткіздік. Барлығымызға ортақ чат бар. Сол жерде ұсыныс-пікірлерді тыңдап, зерттеп, зерделейміз.
Аудан жастарына мотивация беру мақсатында 2023 жылдан бері аудан әкімінің жастар сыйлығы беріліп келеді. Ә дегенде сыйақы мөлшері 100 мың теңге болды. 2024 жылы бұл көлем 150 мыңға жетті. Бүгінге дейін 30-ға жуық жас осы сыйақыға қол жеткізді.
Бастамашыл топтарға бағытталған аудан әкімінің гранты да көп жастың қолтығынан сүйеді. 2023 жылдан бері 30-дан астам грант берілді. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізу бағытындағы бірқатар жобаны қаржыландырдық. Ауылдағы үйірмелерді үстел теннисі, домбыра, садақ тәрізді керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге күш салдық.
Қазіргі таңда жастар жалпы халықтың 29,5%-ын құрайды. Жастарды дамыту мен қолдауға биыл жергілікті бюджеттен 38,456 млн теңге, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2 жобаға 6,686 млн теңге бөлінді.
Мәселеге келсек, жастар бәріне тез қол жеткізгісі келеді. Мәселен, «Жастар практикасы» тәрізді бағдарламаларға қатысуға құлықсыз. Бірден жайлы орындыққа отыра кетуді қалайды. Біз ұсынған жұмыстарды істегісі келмейді, бірақ күректеп табыс тапқысы келеді. Десе де баспалдақтың өзі төменнен басталады ғой. Бәріне бірдей жайлы орын қайдан болсын.

– Өскелең ұрпақтың бойында ұлтжандылық, елжандылық деген ұғым қай деңгейде? Аға ұрпақтың аманатын арқалай ала ма?
– Біздің өңір – қазақтың қаймағы бұзылмаған қалың орта. Әсіресе, аудан жастары аға буынның ізін жалғап, олардың үлгі-өнегесін кейінге қалыптастыруда маңызды қадамдар жасап келеді. Біздің ауданда осы бағытта «Қадам мұра» және «Қармақшылық» деген екі жоба жүзеге асуда. Ардагерлердің, ата-әжелеріміздің жастармен кездесуін «Қадам мұра» жобасы арқылы жүзеге асырып келеміз. Әр түрлі форматта өтеді. Кездесу, сұхбат, еркін формат тәрізді. Үлкендердің өмір жолының өзі үлгі-өнеге емес пе?! Осындай кездесулерден рухани қуат аламыз. Ал «Қармақшылық» жобасы аясында ауданнан шығып, еліміздің түкпір- түкпірінде қызмет етіп жүрген тұлғалармен кездесу ұйымдастырамыз. Кәсіпкерлер де жастарды қолдауда аянып қалып жатқан жоқ. Мұның әрбірінің астарында ұрпақтар сабақтастығы деген ұлы ұғым бар.
Аға ұрпақтың аманатын арқалай ала ма деймісіз? Әрине, арқалайды. Бойына жастайынан ұлттық иммунитетті қалыптастырған әрбір азамат ұлттық мүддені ойлайды. Қазақта «шыбықты қалай исең, солай майысып өседі» деген бар. Біз өскелең ұрпақты дұрыс жолға қаншалықты бағыттасақ, әрбір қадамымыз соншалықты жемісті, нәтижелі бола бермек.

Аудан жастарының бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудан көлемінде 81 түрлі бағыттағы шара өткізіліп, 5000-нан астам жас қамтылды. Жастар ресурстық орталығы жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, өзекті мәселелер бойынша хабардарлығын күшейту және оларға қажетті көмек көрсету мақсатында бірқатар іс-шара ұйымдастырды. Атап айтқанда, орталық мамандары жастар арасында кеңінен таралған мәселелер – жұмыспен қамту, білім алу, психологиялық қолдау, құқықтық сауаттылық және денсаулық сақтау тақырыптарында ақпараттық- консультациялық 126 кездесу өткізіп, 3780-нен астам жасты қамтыды.
Сондай-ақ орталықтың «Qadam kenes», жоғарыда атап өткен «Qadam mura» және «Қармақшылық» жобалары арқылы 21 кездесу өтті. Сол іс-шараларда 1200-ден астам жасты қамтыдық. Жастарға кәсіби бағдар беру мақсатында «1.2.3» start жобасы жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері «1.2.3 start» жоба шеңберінде жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында еліміздің 5 жоғары оқу орнымен тікелей эфирлер өткізілді. 2025 жылдың екінші жартыжылдығында «МАРАФОН – 2025», «Tartyl fest» турнирі, жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында «Еңбек лагері», 12 тамыз – халықаралық жастар күні аясында орталық алаңда «Білімді де, белсенді жас – өзгерістің бастамасы» атты мерекелік гала-концерт өтті.
Жаңажол ауылдық округінде ауданға қарасты кент және ауылдық округтерден жұмысшы және жұмыссыз, студент және белсенді жастарды тарта отырып «Еңбек лагері» өткізілді.

Сондай-ақ ауданға қарасты кент және ауылдық округтерде «Qadam keruen » бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде сала мамандарын қатыстыра отырып кеңес беру, спорттық ойындар және мерекелік шара ұйымдастырылды. «Заң және тәртіп – тұрақты қоғамның кепілі!» акциясы аясында Қармақшы ауданы полиция бөлімі, жастар ресурстық орталығы және аграрлы-техникалық колледжінің ұйымдастыруымен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында студент жастармен кездесу өтті.
– Осы күні қандай іс атқарып жатырсыз? Қоғамға тигізген қандай пайдаңыз бар?
– Ауданға келгеніме үш жыл болды. Осы уақыт аралығында біздің ең негізгі жұмысымыз – ұйымдастырылмаған жастармен жұмыс. Пробация тізіміндегі, NEET санатындағы, жұмыссыз жастарға баса назар аударамыз. Мектеп, колледж білім алушылары мен жас мамандар – одан кейінгі орында. Өйткені олардың уақыты тиімді ұйымдастырылған. Ал бірінші айтқан қатардағы жастарға грант үлестіруге, жұмысқа орналастыруға, түрлі бағыттағы іс-шараға қатыстыруға күш саламыз. Мәселен, 2023 жылы пробация тізіміндегі жастар саны 21 болса, қазір 13 адам. Бұл – жұмыстың тиімділігінің арқасы.
Қармақшы ауданы бойынша «Отбасының цифрлық картасында» анықталған NEET санатындағы жастарды мемлекеттік қолдау шараларымен жұмысқа қайта орналастыру, қайта оқыту, кәсібін ашуға мемлекеттік қайтарымсыз грант немесе несие беру жұмыстарын жүргізу үшін 4 қазан күні NEET санатындағы 441 адамның тізімі берілді. Өзектендіру барысында 69 адамның өзге қала мен аудандардың азаматтары екені анықталды. Тиісті аудандарға ресми хатпен тізімі жіберіліп, тізімдегі нақты 372 азаматпен жұмыстар жүргізілуде.

Осы орайда, тізімде берілген 98 азамат – жалдамалы жұмысшы. Олардың 50-ге жуығына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 25 жасқа МӘМС салынды. Үй аралау барысында кент және ауылдық округтердегі 40-тан аса азамат көрсетілген мекен- жайда тұрмайтыны анықталды. Қазір сол азаматтарды мекен-жайдан шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тізімдегі 60 адам ІІІ Интернационал ауылдық округінде тіркелген және Түркия Республикасына көшіп кеткен. Аталған азаматтар бойынша Қармақшы аудандық полиция бөліміне ресми хатпен тізімі жіберілді. Аудандық полиция бөлімінің жауап хаты бойынша 33 азамат тіркеуден шығып кеткен, ал қалған азаматтар тұрғылықты мекен-жайда орналасқан. Оған қоса, тізімдегі анықталған 34 студенттің 17-сінен оқып жатқан оқу орнынан анықтамаалынды, қалған азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үй шаруасындағы 38 жас анықталды. Оның ішінде 16 жас – бала күтімінде, 18 жас – жұмыссыз. Тізімде ресми түрде жұмыс істеп жатқан 20 жасқа МӘМС жүйесіне уақытылы төлем түспеуде, қазіргі таңда адрестік жұмыстар барысында тұрғылықты мекен-жайлары анықталып түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
NEET санатындағы және маргинал жастармен жұмыс істеу бойынша Қармақшы ауданына 1192 жастың тізімі ұсынылды. Аталған жастардың тұрғылықты мекен-жайы бойынша кент және ауылдық округтерге бөлініп, жеке адрестік жұмыстар жүргізілді. Қармақшы ауданы әкімдігі жанынан NEET санатындағы және маргинал жастармен жүйелі түрде жұмыс жүргізу мақсатында іс-шара жоспары бекітіліп, арнайы жұмысшы тобы құрылды. Бұл топтың құрамында аудан әкімінің орынбасары, құқық қорғау органдары мен тиісті бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ жастар ресурстық орталығының директоры бар. Жұмысшы топтың алғашқы отырысы да өтті. Нақты міндеттер мен бағыттар айқындалды. Сондай-ақ маргинал жастардың 1192 тізімі келген болса, адрестік жұмыстар жүргізу нәтижесінде сол жастардың 1088-нің нақты статусы анықталды. Әрбір адам – қоғамның белсенді мүшесі. Бір адамға көмегіңді тигізу – бұл қоғамға қосқан үлесің. Бір әрекет арқылы бір адамның өзгеруі, әрине, мүмкін. Құлаған адамның орнынан тұруына бір ғана ниетің жеткілікті. Біз аудан жастарының әрбіріне көмегімізді аямаймыз, қоғамға тигізген пайдамыз да сол тәрізді.

Бұл өмірде әрбір азамат өзінің қызметі, жұмысы арқылы тек жалақы ғана тауып отырған жоқ. Сол жұмысы арқылы қоғамға үлесін тигізіп келеді. Менің ұстанымымда «бүгінгі күнім өтсе, болды» деген ұғым жоқ. Әрбіріміз тым құрыса бір күнге есеп беріп көрейікші. Өзімізге өзіміз «мен бүгін қазақтың мүддесіне қандай еңбек еттім?» деп сұрақ қояйықшы. Титімдей үлес қоссаңыз, сіздің күніңіздің зая кетпегені.
– Сіз үшін басты орында не нәрсе?
– Еліңе, қоғамға, жұмысыңа адалдық танытсаң, жолың ақ болады. Иә, еткен еңбектің дереу еленбесі де анық. Бірақ сол жұмысыңның артында еліңе пайдаң болса, қызметке де, мемлекетке де, айналаға да адал болсаң, жақсы емес пе?! Жалақы бірінші орында тұрмау керек. Қандай қызмет атқарсаң да, жалақыңның көлеміне қарамай, 24/7 еңбектенсең, міне сонда жемісті болады. Нәтижелі еңбегің де көрінеді. Бұл – менің үйден алған тәрбием.
Қайда жұмыс істесең де, есімің тек жақсы қырыңнан аталып, абыройың мен беделің арта түскені – ата-анаңа мәртебе. Кейінгіге де осы ойды айтамын. Адалдық ұстанымындағы адамның қай кезде де мәртебесі биік болары анық. Оны өмір өзі көрсетіп, дәлелдеп келеді.

– Егемен елдің ертеңі ретінде аудан әкіміне ұсыныс айтып, ол орындалды ма? Аудан әкімінің жастарды қолдауға қандай ықпалы бар?
– Біз, жастар, аудан әкімімен тығыз қарым-қатынастамыз. Ойдағы сауалымыз бен көкейкесті мәселемізді тыңдамаған кезі болған жоқ. Орталықтың штаттық кестесін толықтырдық, материалдық-техникалық базамызды нығайттық. Жастар сыйлығы бұрын бірреттік іс-шара ретінде ғана болған. Кейін аудан әкімінің қолдауымен дәстүрге айналғанын айта кеткен жөн. Кез келген мәселеде есік қағып, кездесуге бара аламыз.
– Мына мақсатым бар еді, соған жеткім келеді дейтін ойларыңыз бар ма?
– Туған елге, Отанға қызмет етуден асқан ұлы мақсат жоқ. «Қасық қаным қалғанша, қазаққа қызмет етіп өтемін» деген Алаш арыстарының ұрпағымын. Қазақтың тасын өрге домалатып, қолын аузына жеткізіп, аузын аққа тигізу – ең биік мақсат. Ұлттық ұстанымы бар ұланмын. Туған елдің тұғыры биік болғанын қалаймын.
Әу бастағы мақсат елге қызмет болған екен, ел ағалары қайда жіберсе, сонда барып еңбек етуге бармын. Осында Нұржұман жақсы жұмыс істеп кетті десе екен деймін. Артыңда жақсы ізің мен жақсы ісің қол бұлғап тұрса, одан артық артық не керек?!

– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына тоқтасақ. Байтақ республика бойынша қарқынды жүріп жатқан осы акцияда жастардың рөлі қандай?
– Әрине, мұндай бастамада да жастардың орны маңызды. Мәселен, биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде жастардың қатысуымен бірқатар ірі көлемді, жүйелі жұмыстар ұйымдастырды. Іс-шаралар қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастардың еріктілік белсенділігін арттыруға бағытталды. Ал мамыр айында «Таза Қазақстан – 2025» акциясы аясында Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Таза ауыл – таза болашақ» атты аудандық челлендж ұйымдастырылды. 2 кент пен 12 ауылдық округ, жалпы 1500 жас қатысты. Әр ауыл өз аумағындағы мектеп, мәдениет үйі, мешіт маңын, канал және арық бойларын, ауыл кіреберісін тазартты. Орталықтың бастамасымен «Тазалық сақшысы» бейнероликтер байқауы ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдармен қаржылай сыйлықтар табысталды.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет.
Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!