1881 жылы англиялық дәрігер Джеймс Бланделл ауырлық күші арқылы қан құятын жабдық ойлап тауып, хал үстіндегі әйелге жәрдемдеседі. Осылайша тарихтағы алғашқы қан құю процесі сәтті орындалып шыққан. Бұл технология адамзат үшін денсаулық сақтау саласында ұлы төңкеріс тудырды.

Қан – адам ағзасының маңызды компоненті. Көп қан жоғалту қауіпті. Осындай сәтте тіршілік нәріне бір тамшы қанымен өмір сыйлаушы донорлар көмекке келеді. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 200 мыңнан астам қазақстандық қан тапсырады екен. Соның ішінде 18 мыңға жуығы үш және одан да көп рет қан тапсырушылар қатарында.Мұндай жұмыс миллиондаған адамның өмірін құтқарумен қатар көптеген науқастың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сол себепті өтеусіз донорлар мен еріктілер, түрлі ұйымдар ел ішінде донорлықтың дамуына ерекше үлес қосып жатқанын мойындауымыз керек.

Донор болу – өзгеге өмір сыйлау бақыты. Ауыр халде азаптанып, жаны қиналғанға қол ұшын созу арқылы әрі қарай өмір сүруге мүмкіндік беруден артық қуаныш бар ма?! Оның өзге де пайдасы жоқ емес. Адам денесінде 5 литр қан бар болса, соның 500 миллиграмын алғанда, ол сол көрсеткішке азаяды. Берілген қанды қалпына келтірмегенмен, жаңа жасушалар пайда болып, қайтадан толығады, яғни адам ағзасы өздігінен жаңарады. Облыстық қан орталығының бөлім меңгерушісі, дәрігер-трансфузиолог Гүлнәр Әлібекқызы «Орталықта күніне шамамен 30-40 адам қан тапсырады. Жасы 18-ден асқан әрбір азамат алдын-ала тексеруден өткеннен кейін донор бола алады. Ал қан тапсыру үшін алдымен дәрігердің қарауынан өтуі тиіс. Себебі оның денсаулығы жақсы болуы шарт. Ешқандай диспансерлік есепте тұрмайтын, созылмалы аурулары жоқ азамат қана донор болып қан тапсыра алады. Бұдан басқа қан тапсырар алдында да бірқатар дайындық бар. Бір күн бұрын майлы тамақ жемеу, соңғы екі күн ішінде ішімдік ішпеу, түнде жақсы тынығып ұйықтап келу қажет. Әрбір донордан 450 мл көлемінде қан алынады», – дейді маман.

Айта кетейік, жылдың алғашқы күндері орын алған оқиғаға байланысты өңірде «Донор бол!» науқаны жүруде. Оның мақсаты – лаңкестік әрекеттен зардап шеккен жандардың өміріне араша болу.  Біраз уақыттан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан науқанды облыстық «Жастар ресурстық орталығының» жанынан құрылған «Волонтерлар фронт офисінің» еріктілері бастаған еді. Осы тұста Сыр елінің белсенді жастары мен еріктілер облыстық қан орталығына барып, донор болуда. Дәрігерлердің сөзінше, қан тапсырушылар қатары әдеттегіге қарағанда 2-3 есе артқан. Тиісінше медицина ұйымдары уақытылы қан компоненттерімен қамтамасыз етілуде.

Лаңкестік әрекеттен зардап шеккендерге көмектесу мақсатында облыстық қан орталығына барып, ақысыз қан тапсырғандардың қатарында қызылордалық теміржолшылар да бар. Шындығына келсек, теміржолшылар үшін бұл таңсық дүние емес. Себебі олар пандемия асқынған кезде де игі іске қол ұшын созды. Осылайша басшыдан қарапайым жұмысшыға дейін ниет білдірген 50 адамның әрбірі ерікті түрде қан өткізген.

– Тапсырылған қан біреудің өмірін аман алып қалуға септігін тигізер деген мақсатпен  игі іске үлес қостық. Тек төтенше жағдай кезінде ғана емес, тұрақты түрде адам өміріне араша болу үшін қызылордалықтарды қан тапсыруға шақырамын, – дейді Қызылорда магистральдік бөлімшесінің басшысы, бастауыш ұйым төрағасы Ибраким Басықараев.

Дина БӨКЕБАЙ