Сыр өңірінің киелі ән өнеріне деген махаббатын таразыға салу мүмкін емес. Әйгілі сөзді «әу демейтін қызылордалық жоқ» деп өзгертсек те, жарасатындай. Күміс көмей қыз-жігіттердің мемлекет ішінде мойындалып, шетелдерде де шеткері қалмай, жетістік пен жеңістің шекпенін иелене жүруі көпке мақтаныш.
Сондай азаматтың бірі Алтынбек Әбілда – опералық әнші, Астана мемлекеттік академиялық филармониясының жеке солисті, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Елбасы қоры стипендиясының иегері. Өткен жылы Мемлекеттік «Дарын» сыйлығын «Классикалық музыка» номинациясы бойынша иемденген жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Алтынбек Еркінбайұлы, өткен жылы таланттарды тап басып танитын «Дарын» сыйлығын иемденіпсіз. Өнер саласында, соның ішінде, классикалық әншіге берілуі бұл бағытқа деген жақсы көзқарасты білдіретін сияқты…
– Мемлекеттік «Дарын» сыйлығын иелену, оған лайық бола білу – мен үшін зор мәртебе. Жастарға қолдау, жарқын болашаққа ұмтылуға жігер беретін аталмыш сыйлықтың орны ерекше. Әрі қарай жаңа мақсаттарға, жетістіктерге жетелейтін жол іспетті.
1993 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан сыйлықты аға буындағы талантты әншілер иемденген. Ал маған опералық әнші болғандықтан, «Классикалық музыка» номинациясы бойынша берілді. Бұл музыка өнерінің ішіндегі ерекше бағытқа назар аударылып, мемлекет тарапынан бағасы беріліп жатқанына дәлел. Классикалық бағыт түбегейлі тарамаса да, қазақта бұрыннан бар. Ал соңғы жылдары тыңдарман талғамы өзгеріп, жаңа көзқарас қалыптасқандай.
– Балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз… Музыкамен алғашқы таныстығыңыз қалай басталды?
– Кіршіксіз таза, балалық кезең десе, туған жер көз алдыма келеді. Өзім 1993 жылы 6 маусымда қасиетті Қазалы қаласында қарапайым отбасыда дүниеге келдім. Бала жастан алғашқы музыкалық байқауларға қатыстым. Мектептің абыройын аудандық, облыстық, республикалық деңгейде қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүрдім.
Барлық бала дарынды, тек сол таланттың ұшқынын байқай білу керек. Өнер жолына келуіме себепкер әжем Зада Қонысова еді. Әжем алғаш менің бойымнан дарынымды байқап, музыкалық мектепке берген болатын. Осылайша Қазалыда бес жыл бойы музыкалық мектепте білім алып шықтым.
– Неліктен классикалық музыка бағытын таңдадыңыз?
– Классикалық бағыттың ішінде менің мамандығым – опералық әнші. Өнердің сүрлеуі бөлек ерекше бағыты алғаш Италияда пайда болған. Музыкалық жанрлардың ішінде ең шоқтығы биігі классикалық әуендер деп есептеймін. Оқушы кезімде ән өнерімен жалпылама танысып жүріп, классикалық бағытқа қызықтым. Әрі қарай мақсат қойып, 2009 жылы мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне академиялық ән салу мамандығына тапсырып, жалғастырдым. Оны үздік боп тәмамдадым.
Өнерге деген құштарлығымнан шығар, кәсіби білім алуды тоқтатпадым. 2013 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Вокалдық өнер» мамандығы бойынша оқуға түстім. Студенттік жылдарымда Халықаралық «Звездный мост», ҚазКСР xалық әртісі профессор Н.Шарипова атындағы І республикалық вокалистер байқауы, Х ұлттық жастар Дельфийлік ойындары сынды түрлі деңгейде кәсіби байқауларға қатысып, сахна мен театр мәдениетін бойыма сіңіре түстім. Ал 2020 жылы аталған университет магистратурасын бітіріп, өнертану ғылымдарының магистрі атандым.
– «Адамдардың көбі 25 жасында өледі, тек оларды 75-інде жерлейді» дейді Бенджамин Франклин. Арманы жоғалған күні адамның да өлетінін меңзесе керек. Осы жолда қандай қиындық кездесті?
– Өнер жолы оңай емес. Дегенмен қиындықтар кездесті деп айтқым келмейді. Адам алдына мақсат қойып, нені қалайтынын білсе, жақсы көретін ісімен айналысса, қиындық кедергі емес. Әр қиындық – бір баспалдақ. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген Абай сөзі бәріміздің ұстанымымызға айналуы тиіс. Өзім мектеп бітірген кезімде опералық әнші болуды мақсат еттім. Әрі қарай оқуды жалғастырып, барлығын үздікке бітіруім осы мақсаттан, арманға адалдық танытудан шығар.
– Тәжірибелі кәсіби маман ретінде шәкірт тәрбиелеуге қалай қарайсыз?
– Қазіргі буынның, жастардың классикаға деген құлшынысы жоғары, қызығушылығы басым. Шәкірт тәрбиелеуге университет бітірген кезден кірісіп, осынау нәзік бағыттағы қазақтың мықты әншілерін шығаруға бар жиған білімімді, күш-жігерімді салуға тырысудамын. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, алғашқы ізбасарларым түрлі байқаулардан жүлделі орынға ие болып, өзім де тәжірибе жинақтай түстім. Ұстаз үшін шәкіртінің болашағы, өзіне, өнеріне сенгені маңызды. Кәсіби маман ретінде қазақ мәдениетін әлемге танытар бұлбұл дауысты ұл-қыздарды дайындау – басты мақсат.
– Соңғы жылдары өнер ғана емес, ғылым саласында ізденген талай қазақтың шетелге көшіп жатқаны мәлім. Себеп жеткілікті: шетелде қолдау көп, өнерге құрметпен қарайды, материалдық жағынан да тиімді. Бұл туралы ой болмады ма?
– Басқа салаларды білмеймін, классикалық бағыттағы әншілерді, таланттарды елімізде алып қалу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, түрлі жобалар іске асырылуда. Шетелден кем емес. Соның бір дәлелі – 2021 жылы Астана Халықаралық опера академиясының ашылуы. Мұнда жастар екі жыл білім алып, түрлі шеберлік сағаттарына қатыса алады. Арнайы осы мақсатта шетелдің үздік маэстролары, кәсіби кадрлары шақырып алынды. Осыдан кейін шетелге кетудің мәнісі жоқ.
Жалпы мақсат қойған адамға мүмкіндік көп. Қазақстанда жүріп-ақ қолдау табу, керемет мүмкіндіктерге ие болу өз қолымызда. Ешқашан көшу туралы ойлаған емеспін. Қазақстанда классиканың алтын дәуірі келе жатыр.
– Өзіне сенімді, рухани иммунитеті мықты ұрпақты қалай тәрбиелейміз?
– Мен үшін отбасы – бірінші орында. Жолдасым екеуміз ұлымыз бен қызымызға көп көңіл бөліп, қазақи тәрбиеден ажырап кетпеуін қадағалаймыз. Ата-әжеміз, әке-шешеміздің үлгісінде үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуді ұстанамыз. Қадыр Мырзалиев ақынның «Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын» деген өлеңі бар. Уақыт өткен сайын құндылықтар өзгереді, қоғамдағы қарым-қатынас үлгісі ауысады. Бірақ бәрібір адам болып қалудан айнымау керек. Ал бала тәрбиесінің өзі осы адамгершілік үлгісі емес пе?
– Басшылыққа келіп, отырған орнынан айырылмайтын «ақсақалдар» көп. Еліміздің болашағы жастар десек, сенім білдірер кез жеткен сынды. Бұл жүйеге көзқарасыңыз қандай?
– Мәселенің біздің салаға аса қатысы жоқ. Дегенмен қалыптасқан жүйенің бары рас. Қазіргі жастар өздеріне сенімді, ой, сөз еркіндігі бар. Тәуелсіз, саналы ұрпақтың көші келді. Бейбітшілік заманда әркім өз ісімен айналысып, сол саланы дамытса, одан артық жетістік жоқ. Ендеше неге жастарға орын бермеске?!
Алға жылжу бары байқалады. Түрлі басшылықта жастарды көремін. Ғанидың өзі 23-інде жаспын деген жоқ. Жастардың қолынан бәрі келеді. Тек сену керек.
– Өнер аш халықты тойдырып, материалдық тұрғыдан жыртықты жамамайтыны анық. Шынайы өнердің мақсаты не?
– «Қылдан нәзік, қылыштан өткір» өнер саласы адамды аштықтан, материалдық қиындықтан құтқара алмайды. Дегенмен, ең бастысы, адамның жанына рух, жүрегіне жігер беріп, жақсылыққа құлшындырады. Өнер деген – қасиет пен кие. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Роза Бағланова апамыздың ән салып, сарбаздарға жігер беруі неге тұрады? Өнер адам жанының тазартқышы іспетті. Бір ауыз өлеңнің өзі өмірді өзгертіп, бойыңды тіктеп жібере алады.
– Әдемі әңгімеңізге рақмет!
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!