Өнер − сөзге тәуелді емес, бірақ сезім мен ойды терең жеткізе алатын әмбебап тіл. Леонардо да Винчидің «Мона Лиза» картинасы бір ғана әйелдің бейнесін суреттегенімен, оның жұмбақ күлкісі мен көзқарасы адамды сан түрлі ойға жетелейді. Біреулер одан нәзік қуанышты, екіншілері мұң мен терең ойды көреді. Суретші еш сөзсіз адамның ішкі жан дүниесіндегі күрделі сезімдерді бейнелеген. Мұндай өнер қазақта да кең таралған. Мысалы бүгінде ұлттық болмысымызды көрсететін, жүн мен кестелі жіптен мағынасы терең картина жасау қанатын кең жайып келеді. Осы орайда Леонардо да Винчидің «Мона Лизасы» секілді «әйел» образына ерекше мән беріп, өз көзқарасын кестелі бейнеде көрерменге ұсынып жүрген Меруерт Тимурқызымен сұхбаттасу бұйырды.
− Әр шебердің шығармашылыққа келу жолы ерекше. Меруерт, айтыңызшы, өнерге бет бұруыңызға не себеп болды?
− Өнер менің қанымда бар десем болады. Өйткені анам шығармашылықтың адамы болды. Сәби кезімде сүтпен дарып, ес білген шағымда анамның жұмыс үстеліндегі бояу, тоқыма жіптерді қызықтап ойнап жүрдім. Бүгінде анашым Сауле Сериева – Қармақшы аудандық «Оқушылар үйінде» көркем еңбек пәнінің мұғалімі, көркем өнер үйірмесінің жетекшісі. Бала күнімде анам жұмысқа барса, міндетті түрде ізінен еріп баратынмын. Ол шақта телефон, теледидар қазіргідей дамымаған еді, сондықтан мен үшін ең қызық сәт – анамның өнер кабинетінде өткізген уақыт болатын. Анам сабақ өткізіп жатқанда мен де қасында жүріп сурет салып, түрлі бұйымдар жасап, маталармен ойнайтынмын. Бала көңілмен барлығын қайталауға тырысатынмын. Анам әр заттан сұлулықты көруді үйрететін. Қасында жүргенімде «Өнер – бұл сабыр мен шеберлік» дейтін. Мен сол сөздерді бала күнімнен бойыма сіңіріппін.
Анам сабақтан кейін де үйірмесін жалғастыратын. Мен де соған қызығып, өз еркіммен еріп баратынмын. Сол жерде өнердің шынайы әлемін көрдім. Әр бала өз жұмысын сүйіспеншілікпен орындап, кішкентай бұйымдардан үлкен өнер туындысын жасап шығаратын. Қатты қызықтым. Анам өнердегі алғашқы ұстазыма айналды. Уақыт өте түрлі байқаулар мен көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Бұл менің өз күшіме сенімімді арттырды. Екеуіміз бірігіп жасаған еңбектер әлі күнге дейін мен үшін ерекше қымбат. Сурет, қолөнер, кесте – бәрі мен үшін өмірдің бір бөлігіне айналды. Сол балалық шабыт мені болашақ мамандығымды таңдауға алып келді.
Мектеп қабырғасында болашақ мамандығым жайлы көп ойлап жүрдім. Түрлі саланы ойланып, өз бағымды сынап та көрдім. Бірақ жүрегім қолөнерді таңдады. Университетке түскен шағымда топта сегіз қыз ғана мемлекеттік грантқа қабылдандық. Бірақ солардың ішінде өз мамандығын шын сүйіп таңдаған жалғыз мен екенімді уақыт айқындап берді.
Өнер мені өмірге, сабыр мен әр детальдан эстетиканы көре алуды үйретті. Әр сурет, әр туынды менің ішкі жан-дүниемнің бір бөлшегі. Қазір өзім де ұстаздық жолдамын. Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде көркем еңбек пәнінен оқушыларға сабақ беремін. Мен үнемі анамның жолын жалғастырып жүргенімді мақтан тұтамын. Анам менің ең алғашқы ұстазым, ең үлкен шабыт берген тұлғам. Егер ол кісінің өнерге махаббаты болмағанда, менің бүгінгі жолым дәл осылай қалыптаспаған болар еді.

− Көрермен дайын картинаны көреді, бірақ артындағы еңбекті сезбейді. Бір туындыны жасау процесі қалай өтеді?
− Дұрыс айтасыз, кей көрермен үшін дайын картина жай сурет болуы мүмкін. Әр картинаның артындағы еңбекті тек өнер адамы ғана сезініп түсіне алады. Әдемі түстер, мағыналы көрініс – бәрі бір сәттік шабыттың жемісі секілді көрінеді. Шындығында, әр туындының артында үлкен еңбек, сабыр мен ізденіс жатыр. Бір картина шамамен бір ай, кейде бірнеше ай тынымсыз еңбекпен жасалады. Бір туындыны бастамас бұрын мен ұзақ уақыт ойланып, үлгісін ойымда жасаймын. Образды кейде түн ортасында, кейде жұмыста жүргенде елестетемін. Кейіпкердің көңіл-күйін, бояудың мінезін, композицияның тепе-теңдігін бәрін алдын ала сезіну керек.
Туындыны жасау барысында ең алдымен эскиз дайындалады. Содан соң суретке сай жіптің түстері анықталып, құрал-жабдықтар түгелдену арқылы қызу жұмыс басталады. Сондықтан мен үшін әрбір туынды жай бейне емес. Ол уақыттың, еңбектің, шексіз махаббаттың және шебердің сабырының жемісі. Көрермен дайын картинаны көріп тамсанады, ал мен сол картинаның әр сызығының артында тұрған еңбекті, ұйқысыз түндерді, ізденісті көре аламын. Өнердің ең үлкен құдіреті де осында – көзге әдемі көрінгенімен, оның түп төркіні адамның шексіз еңбегі мен ішкі әлем тереңдігінің көрінісі.
− Жүнмен жұмыс істеу үлкен шыдамды талап етеді. Бұл өнер мінезіңізге қалай әсер етті?
− Жүнмен жұмыс істеу – ерекше шыдам мен нәзіктік талап ететін өнер. Бұл тек қолдың емес, жүректің де еңбегі. Әр тал жүннің өз жаны бардай, оны сезінбесең саған бағынбайды. Сол себепті бұл өнер менің мінезімді қалыптастырды, ішкі тыныштыққа үйретті. Қазіргі тілмен айтқанда нағыз антистресс. Мен құрғақ жүнмен жұмыс істеймін, яғни киіз басу емес, инемен ұрғылау әдісі арқылы бейне жасаймын. Бұл процесс өте ерекше сезім сыйлайды. Инені қолыңа алып, жүнді ұрғылап отырып, өзіңнің ойың мен сезіміңді соған сіңіресің. Бір жағынан терапия секілді. Күнделікті уайым, шаршау, мазасыздықтың барлығы сол жүнмен бірге ұрғыланып, бір формаға түседі. Инемен ұрғылаған сайын шаршағаным басылып, жаным жеңілдеп қалады. Біреу үшін бұл жай ғана қолөнер болса, мен үшін бұл – жан тыныштығын табудың бір жолы. Әр тал жүнді түстерге бөліп, үйлестіріп, бейне шығару барысында өз ойыңды реттеп, өмірге басқа көзқараспен қарай бастайсың. Әдемілікке ұмтылу, ұқыптылық пен ұсақ детальға мән беру – бәрі осы өнер арқылы бойыма сіңді.
Жүнмен жұмыс менің мінезімді жұмсартты. Бұрын бәрін тез жасауға тырысатынмын, ал қазір әр істің өз уақыты бар екенін түсіндім. Өйткені бұл өнер асығыстықты кешірмейді. Егер көңіл-күйің тұрақсыз болса немесе асығып отырсаң, нәтиже де соған сай болады. Сондықтан әр туындыны сабырмен, тыныштықта, жақсы ниетпен бастауға тырысамын. Жүннің табиғи қасиеті мен адамның ішкі энергиясы бірігіп, ерекше үйлесім табады.
− Кейбір картиналар ұзақ уақыт бойы «піспей» жататыны рас. Сізде аяқталмай қалған немесе қайта оралған туындылар бар ма?
− Иә, кейбір картина көрермен үшін жай ғана аяқталмаған жұмыс болып көрінуі мүмкін, ал суретші үшін – сол туындының «жан дүниесі» толық ашылмаған сәт. Менің де дәл сондай жұмыстарым бар. Бір туындыны бастап, бірақ аяқтауға уақыт пен шыдам жетпей, жарты жолда қалған үш-төрт жұмысым бар. Кейде жұмысқа отырып алып, бар ынтаңмен бастағанмен, бір сәтте ішкі тоқырау, шабыттың бәсеңдеуі сезіледі. Сол кезде мен өзімді қинамай, жұмысты қоя тұрамын. Өйткені туындыны тек жақсы көңіл-күймен, толық дайындықпен аяқтаған маңызды. Егер көңілсіз немесе шаршап отырып кесте тігілсе, ол жұмыс та сондай күйді сіңіріп алады.
Өнерде бәрі шынайы болуы керек деп есептеймін. Бірақ уақыт өте келе аяқталмаған картиналар қайта өзіне тартады. Сондай сәтте сол жұмысыма қайта ораламын. Кейде арада айлар өтеді, тіпті жылға жуық уақыт кететін кездер де болады. Бірақ мен ондай картиналарды аяқталмай қалған жұмыс деп емес, өз уақытын күтіп тұрған туынды деп қабылдаймын. Өнерде бәрі дәл өмір секілді. Асықсаң − сәттілікті жоғалтасың, ал кейде кідіріс пен үзіліс − ең дұрыс шешім болады. Өйткені шабыт − бұйрықпен келетін дүние емес. Ол жүректен туады, ал жүрек кейде тынығуды қалайды. Уақыт өте ол туынды жаңа мәнге ие болады. Бәлкім, сол мезетте мен оны аяқтайтын дайындықта болмаған шығармын. Сондықтан мен үшін аяқталмаған картиналар – бұл тоқыраудың белгісі емес, керісінше, ішкі өсу мен ізденістің бір бөлігі.
− Сондай-ақ, кесте тігумен де айналысамын деп қалдыңыз, кестелеріңіз жайлы ашып айтсаңыз.
− Кесте тігу мен жүннен бейне жасау – екеуі де менің шығармашылық өмірімнің маңызды бөлігі. Жүннен бейне жасап кейінгі жылдары ерекше қызығып айналысып жүрген жаңа бағыттарымның бірі болса, кесте тігу – менің бала күнімнен бірге келе жатқан ескі серігім, өнерге деген алғашқы қадамдарымның бірі.
Анам бір бұрышта сабаққа дайындалып отырса, мен қасында отырып жіптің ұшын инеге өткізіп, өзімше тігіс тігіп отыратынмын. Алғашқыда тігістерім қисық, түстерім үйлеспей жататын, соның өзінде бұл кестелер мені қуанышқа бөлейтін.

Кестеде әр тігіс дәлдік пен ұқыптылықты қажет етеді. Ол сені асықпауға, әр ісіңе мән беруге үйретеді. Кейде бір гүлді тігіп бітіруге бірнеше күн кетеді. Бірақ сол дайын болған жұмысыңды көргенде, барлық шаршағаның ұмытылып, бойыңды ерекше қуаныш сезімі билейді. Мен үшін кесте − тек қолөнер емес, ол өз ойыңды, ішкі сезіміңді мата бетінде бейнелеу тәсілі.
Жүннен бейне жасау өнері маған жаңа тыныс, жаңа шабыттың бастауы болды. Бұл өнер арқылы түстер мен текстуралар әлеміне басқаша көзбен қарай бастадым. Жүн басуда екі техника қолданылады: бірі құрғақ жүнді қолдану болса, екіншісі ылғалды жүнді қолөнерде іске жарату. Бүгінде қолөнер дүкендерінде сатылатын дайын құрғақ жүнмен жұмыс істеу өте тимді. Төрт түліктің табиғи жүнін қолөнерге қолдануға дейін көп жұмысты талап етеді. Ал дайын құрғақ жүн уақытыңды үнемдеп, жаңа туындыға көп көңіл бөлуге көмектеседі. Бұл екеуі де менің табиғатыма жақын. Екеуі де нәзіктік пен шыдамдылықты қажет етеді. Кестеде түстерді жіп арқылы бейнелейтін болсақ, жүн арқылы эмоцияны жеткізесің. Бірақ екеуін де біріктіретін нәрсе – жүрекпен жұмыс істеу.
− Картиналарыңыз арқылы қандай ойды жеткізгіңіз келеді?
− Өнер сөзсіз сөйлейді, рас. Өйткені кей сезімді, кей ойды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ал сурет, кесте, жүнмен жасалған бейне сол үнсіздіктің ішінен өз тілін табады. Мен үшін өнер − үнсіз тіл. Мен өз ойымды, өз жан дүниемді, қоғамға деген көзқарасымды дәл осы өнер арқылы жеткіземін.
Менің туындыларымның негізгі өзегі − еркіндік пен әйел болмысы. Мен көбіне әйел бейнесін бейнелеймін. Өйткені әйел − өмірдің өзегі, махаббаттың бастауы, мейірімнің иесі. Әйел арқылы мен әсемдікті, сабырды және рухани күшті көрсеткім келеді. Қоғамда әйелге, әсіресе анаға деген құрмет көбейсе екен деймін. Әйел − тек отбасының ұйытқысы емес, ол шығармашылықтың, мәдениеттің, тіпті мемлекеттің рухани тірегі. Мен әр туындым арқылы осы ойды жеткізгім келеді. Әйел бейнесі мен үшін жай адам мүсіні емес, ол − тұтас әлем. Оның көзқарасында мейірім, жүрегінде сабыр, ал иығында үлкен жауапкершілік жатыр.
Кейде әйел бейнесін шектеусіз еркін күйде бейнелеймін. Шашы желмен ойнап, көзі алысқа қараған кейіптегі картинкалар менің ішкі «еркіндік» түсінігімнің көрінісі. Әйел де, ана да қоғамда еркін сезінуге, өз ойын ашық айтуға, өз арманына ұмтылуға құқылы деп есептеймін.
Өнерде сөз аз, бірақ мағына көп. Туындыларымда да дәл солай. Мен сөйлетпей-ақ, әр жіп, әр бояу, әр тал жүн өз хикаясын айтып тұрады. Кімде-кім сол туындыға қарап, өзіне бір ой, бір сезім алса – менің мақсатым орындалды деген сөз. Өнердің ең үлкен күші – адамды ойландыру. Мен көрерменге дайын жауап ұсынбаймын. Тек бейне арқылы сұрақ қоямын: «Әйелге, анаға деген көзқарасымыз қандай? Құрметіміз қай деңгейде?» Осы сұрақтарға әркім өз жүрегімен жауап берсе, менің еңбегімнің мәні бар деген сөз.
− Өнер мен тұрмыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау қиын екені баршаға мәлім. Осы екеуін қалай үйлестіресіз?
− Өнер мен тұрмысты қатар алып жүру шынымен оңай емес. Дегенмен бұл екеуі бір-бірін толықтырып, өмірге мән мен сән беретін құндылықтар деп ойлаймын. Отбасым менің өнерге деген сүйіспеншілігімді, шығармашылыққа деген ықыласымды жақсы түсінеді және әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Қолөнермен айналысып, шығармашылықпен тынығуға тырысамын. Алайда кейде күнделікті тұрмыс, бала тәрбиесі мен отбасы қажеттіліктері алдыңғы орынға шығатын сәттер болады. Мұндай кезде өнерімді амалсыз кейінге ысырып қоямын. Бұл өнерден қол үздім деген сөз емес. Қайта сол сәттер маған шабыт жинауға, өмірлік тәжірибемді байытып, оны кейін шығармашылығыма арқау етуге көмектеседі. Сондықтан ең бастысы – екеуінің арасында тепе-теңдік сақтап, бірін-бірі жоққа шығармай, керісінше үйлестіре білу. Өнер мен тұрмыс – өмірімнің екі қанаты сияқты. Өнер рухани жан дүниемді байытса, отбасым өмірімнің берік іргетасы.
− Қолөнер жолында өзіңізге қойған басты мақсат қандай?
− Шығармашылық жолындағы басты мақсатым – өзімнің білгенімді оқушыларға үйрету, оларды өнер арқылы тәрбиелеу. Көркем еңбек сабағында тек қолөнермен айналысып қоймаймыз, оқушыны ұқыптылыққа, сабырлылыққа, төзімділікке баулимыз. Себебі жүн де, кесте де үлкен төзімділікті, мұқияттықты талап ететін шығармашылық бағыттар. Әрбір істеген ісіңде асығыстыққа жол жоқ, бұл балаларға да өмірлік сабақ береді. Оқушының бойынан қызығушылықты, талпынысты көру мен үшін ең үлкен жетістік. Сол себепті балалардың бойындағы шығармашылық қабілетті ашу ғана емес, оларды өмірге бейім, шыдамды, еңбекқор азамат етіп тәрбиелеу жолында еңбек етіп келемін.
− Жауабыңызға рақмет!
Әңгімелескен Айдана ЕДІЛБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!