Сол жағалауда орналасқан Оқушылар сарайына жолымыз түсіп, ондағы талантты да талапты жасөспірімдермен кездестік. Бала деген – бір әлем емес пе? Бірі қолына домбыра ұстап, күй арқылы сыр шертті. Бірі «жан бітірген» темірін көрсетті. Ал келесі оқушымыз ширақ қимылымен таңқалдырды. Міне, бүгінгінің балалары осындай.
НАҒЫЗ ҚАЗАҚ – ДОМБЫРА
Санжар Ғабитұлы – бар болғаны 14 жаста. Бірақ қазірдің өзінде ол қазақтың киелі домбырасын жанына серік еткен жас күйші. Қаладағы №290 орта мектептің оқушысы жарты жылдан бері Оқушылар сарайында домбыра сабағына қатысып жүр. Өзінің айтуынша, өнерге деген сүйіспеншілігі бала кезінде оянған.

– Домбыраға қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. Екі жыл бұрын өз бетімше үйренуге бел будым. «YouTube» арқылы түрлі видеолар қарап, алғаш «Кеңес» деген күйді меңгердім. Оның техникасы аса қиын емес, сондықтан жаңадан бастағандарға қолайлы. Екі апта ішінде үйреніп алдым, – деді Санжар.
Жас домбырашы алғашында біраз қиналғанын жасырмады. Бірақ күйдің сазына тербеліп, саусақтары пернеге еркін жүгіре бастаған сәттегі қуанышты әлі ұмытпапты.
– «Кеңесті» алғаш толық тартқан сәтім – мен үшін үлкен жетістік. Сол күйден кейін «Келіншек», «Еркесылқым» сияқты туындыларды да өз бетімше үйреніп шықтым. Ал Оқушылар сарайына келген соң кәсіби ұстаздардың көмегімен «Адай», «Балбырауын», «Әлқисса» сияқты күйлерді үйрендім. Мұндағы орта өте жақсы, барлық жағдай жасалған. Ұстазымыз да сабырлы, түсіндіре біледі. Бірден тіл табысып кеттік, – дейді ол.
Санжар үшін домбыра – тек музыка аспабы ғана емес, ол – ұлттың рухы мен болмысы.
– Домбыра дегенде ең алдымен қазақ елестейді. Құрманғазы Сағырбайұлы – мен үшін үлгі тұтар тұлға. Оның күйлері мен үшін нағыз рух пен еркіндіктің үні секілді. Болашақта мен де мықты күйші болғым келеді. Ол үшін үздіксіз еңбек ету керек. Ерінбеу керек. Құр жатпай, күн сайын бір қадам алға жылжу қажет, – дейді жас өнерпаз.
Алғашқы байқауынан жүлдемен оралған ол бұл жеңістің жаңа белестерге жол ашқанын айтты.
– Байқауда жүлделі болу – үлкен шабыт береді екен. Жаңа күй үйренуге, тағы да сахнаға шығуға, өзіңді шыңдауға серпін болады. Өнер жолы, иә, ауыр, бірақ сонысымен қызық. Болашақта өзімді өнер саласында көргім келеді, – деп жауап берді Санжар.

Айта кетейік, ол «Kyzylorda Fest» халықаралық өнер байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, бас жүлде еншіледі. «Күй – қазақтың қанаты» және «Домбыра – көненің көзі, бабаның үні» сайысында үздік өнер көрсеткен. Мұнан бөлек «Tanm ART»та өнер көрсетіп, бас жүлде иеленген.
Сұхбат соңында Санжар сөзін «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп аяқтады.
БИ – ЖАНЫМНЫҢ БӨЛШЕГІ
Келесі оқушымыз – мың бұралған биші, жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған республикалық би байқауында 1-орын, халықаралық би додасында бас жүлде иеленіп, Дубай, Түркия секілді елдерге жолдама ұтып алған, Қырымда өткен «Все звезды мира» байқауында қуыршақ биін билеп, биіктен көрінген Инабат Жұманазар. Бұл салада жүргеніне 6 жылдан асқан, ал жасы небәрі 12-де. Жас биші – Қызылордадағы «Келбет» би ансамблінің мүшесі. Қимылы ширақ, қиялы ұшқыр қыз болашағын би өнерімен байланыстырады.

– Биге алғаш анам қатыстырды. Алғашында бәрі қызық көрінсе, кейін би – өмірімнің бір бөлігіне айналып кетті. Қазір биге деген сүйіспеншілігім ерекше, – дейді Инабат.
«Келбет» би ансамблінде бүгінде жүзге жуық оқушы тәрбиеленіп жатыр. Инабат билейтін кіші топта 30-ға жуық бала бар. Олар түрлі жанрда өнер көрсетіп, халықаралық және республикалық байқаулардан жүлделі орындар иеленіп жүр.
– Көктемде бір байқаудан бас жүлде алдық. Сол сәт – менің өмірімдегі ең жарқын сәттердің бірі болды. Жалпы, біз әр биге тыңғылықты дайындаламыз. Жаңа биді толық меңгеруге кемінде бір жарым ай қажет. Әр қимыл, әр ырғақ шеберлікті талап етеді, – дейді жас биші.

Инабаттың сүйікті бағыты – заманауи би. Бұл жанрда еркіндік бар, сондықтан ол өзін толық көрсете алатынын айтады.
– Би – менің жаныма жақын өнер. Қозғалыс арқылы ішкі көңіл-күйімді, эмоциямды жеткізе аламын. Кейде шаршау да болады, бірақ ондайда аздап демалып, ойымды басқа дүниеге бөлгім келеді. Мысалы, тамақ жасағанда демаламын. Ең сүйікті тағамым – пирог.
Болашақта өз би студиямды ашып, балаларға би үйреткім келеді. Би – жай ғана қимыл емес, оны тәртіп, еңбек пен шығармашылық деп айтар едім. Сондықтан да мен бұл жолды таңдадым, – деді Инабат күлімсіреп.
БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РОБОТ ҚҰРАСТЫРАТЫН БАЛАЛАР
Бүгінгі балалар қуыршақпен немесе доппен ғана ойнамайды. Олар робот, дрон жинап, программалау тілін меңгеріп жүр. Ал жеткіншектердің арманы – технологияның тілін толық білу, ұлттың ертеңі болу. Бұл бағытта қызылордалық оқушылардың да жетістігі аз емес. Мәселен, «Robotek Grand Tournament» республикалық жарысының қалалық іріктеу кезеңінде 2-орын, «Kazrobosport 2025» республикалық жарысының облыстық іріктеу кезеңінде 1-орын иеленіп, енді темір достарын республикалық кезеңге дайындап жатқан Бағдаулет Сейілхан мен Ерасыл Смағанбетов – соның дәлелі.

– Кішкентайымнан бастап бір дүниені шашып, қайта құрастырып, Лего секілді ойыншықтармен ойнағанды жақсы көретінмін. Сөйтіп жүріп, робототехникаға қызығушылығым оянды. Ойыншықтар менің болашағыма жол сілтеді десем болады, – деп сөз бастады 16 жастағы Ерасыл.
Оның бұл салаға ден қойғанына үш жылдан асқан. Осы уақыт ішінде елуге жуық түрлі робот жасап үлгерген. Алғашқысы – қарапайым мектепішілік байқауға арналған жоба болса, соңғылары күрделене түскен. Солардың бірі – «Сумо-робот».
– Бұл – жарысқа арналған робот. Қарсыласын итеріп, шеңберден шығарып тастауы керек. Негізгі корпусы 3D принтерден құйылған, дөңгелектері силиконнан, ал астыңғы бөлігі лазермен кесілген темір плита. Ол қарсылас роботты көтеруге көмектеседі. Салмағы ауыр болғанымен, жылдам қозғалады. Шамамен 2 келіге дейінгі затты итере алады, – дейді Ерасыл.
Бұл роботты 14 жастағы Бақдәулет екеуі жетекшісі Бейбарыс Раушанбекпен бірге жасаған. Осы жобасы қалалық кезеңнен өтіп, республикалық байқауға жолдама алған. Бұдан бөлек, мотоцикл моторының жұмысын көрсететін ерекше жоба жасаған. Негізі мұндай моторлар газбен жұмыс істейді, ал балалар оны тоқпен қосудың жолын тапқан. Бақдәулеттің де қызығушылығы бала күннен басталған.
– Теледидардан түрлі роботтарды көріп, таңғалатынмын. Әкем мен анам бұл қызығушылығымды қолдап, үйірмеге жаздырды. Бірінші жасаған роботым – қарапайым қозғалыстағы лего болды, – деп жауап берді ол.

Бүгінде Бақдәулет түрлі жарыстарға қатысып, тәжірибе жинап жүрген жас техниктердің қатарында.
– Робот жасау тек темір жинау емес, ең қиыны – бағдарламалау. Қозғалыс алгоритмін дұрыс жазбасаң, робот орнынан да қозғалмайды. Сондықтан бағдарламалау тілдерін үйреніп жүрмін. Болашақта аймен жұмыс істейтін, ғарыш кеңістігіне бағыт алатын құрылғы жасағым келеді. Ғалам мен үшін үлкен шабыт көзі, – деді ол.
Бүгінде Оқушылар сарайында 46 маман тұрақты жұмыспен қамтылып, 30-ға жуық үйірмеге 700 бала қатысып жатыр. Жан-жақты, білімге талпынысы бар жасөспірімдердің көбеюі расымен қуантады. «Біздің бала» деп елге таныстыратын балаларымыз көп болсын!
Әлия ТӘЖІБАЙ,
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!