«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі санада сілкініс жасап, қазақ баласына ойтүрткі болды десек артық емес. Екі сағаттық фильмге ерте билет алып, жан тебіренісін жасырмаған әр көрермен желіде әсерімен бөлісті. Қиын-қыстау кезеңде түнектің түндігін түрген Алаш азаматын ардақтады. Жүрекке салмақ түскенімен, өткенді бағамдап, болашақты саралады. Бұл – қоғам назарындағы қайталанбас туынды. Осы орайда фильм продюссері Айсәуле Әбілдамен әдемі әңгіме өрбіттік.
– Тұтас тарихты таспалау оңай емес. Осы уақытқа дейін Алаш ардақтылары туралы түсірген сериалдар ел назарында. Жалпы, фильм жүктеген жауапкершілік жайында сөз қозғасаңыз.
– Кез келген фильм, кино немесе сериал қалың қауымға бағытталғаннан кейін арзан дүние ұсынудан аулақ болған жөн. Өйткені комедияның да өзіндік жауапкершілігі болады. Көрерменнің көңілінен шығып, оң баға алатындай лайықты дәрежеде түсіре білу маңызды. Татымды әрі тартымды тартудың көкейге тұщымды ой салатыны мәлім. Аумалы-төкпелі заманның картинасын, Алаш арыстарының өмірін баяндау екі есе жауапкершілік жүктеді. Екі сағаттық фильмде ұлтты ұйыстыра білген зиялы қауымның өрелі ісін көрсету, соңына дейін алып шығу, осындай нәтижеге жеткізу оңай болған жоқ. Бірақ фильм өз мақсатына жетті.
– Мұрат Есжан бір сұхбатында «Бюджет резеңке емес, сондықтан қиялыңды шарықтатпақ түгіл, кең адымдап жүргізу мұң болады» деген еді. Соған қарамастан ұсақ-түйекке дейін мән беріп, сәтті шығуына көңіл бөлдіңіздер. Айтыңызшы, қаржыға байланысты сценарийдің өзгерген тұсы болды ма?
– Дұрыс, қиялың көкте болғанымен, қаржы жетпесе ойлағаныңды іске асыру қиын. Десе де, шама-шарқымыз жеткенше, қолымыздан келгенше бәрін жасауға тырыстық. Қаржыға байланысты сценарийде өзгерістер болды. Мәселен, сценарий бойынша бірнеше арба жазылса, бір арбаға дейін қысқарттық. Алаш әскерін түсіретін кезде 100 атты 50 етіп, тіпті соңында 30-ға дейін азайтуға тура келді. Сонымен қатар көпшілік сахна деген бар. Ол жерде негізгі әртістер емес, қосымша әртістер рөл ойнайды. Жиын мен Міржақыптың тойында көп адам жүрсе деп едік, бірақ шамамыз келмегендіктен оны да қысқартып, камераға ыңғайлап түсірдік. Сондай сәттерде амалын тауып шығамыз. Яғни, қаржы жетіспеушілігі ойыңа тұсау болады. Содан болар, тарихи кинолар сынның астында жиі қалады. Сонда да ізденісті тоқтатқан емеспіз. Барынша ұқсастық болу үшін негізді сақтап қалуға тырыстық.
– Жазбаларда тарихи оқиғаның өзі жиі өзгереді. Зерттеуші-ғалымдардың да пікірі сан қилы. Осы ретте қандай дерекке сүйендіңіздер?
– Кешегі кезеңге көз тастау үшін тасқа қашалған тарихқа үңілген ләзім. Бір ғана деректің, бір ғана тақырыптың төңірегінде айналмай, зерделі зерттеу жүргізіп, сана сүзгісінен өткізу артық етпейді. Тарихи деректерге қатысты фильмнің режиссері, сценарист Мұрат Есжан көп жерде айтып жүр. Яғни, Алаш ғалымдарының еңбегін түгел қарап шығуға тырыстық. Сөйтіп ортақ тоқтамға келген дәйекті деректерді негіз еттік. Фильмнің соңында 40-қа жуық пайдаланылған әдебиетті көрсеттік. Мұндағы мақсатымыз – қандай да бір ақпарат, идея, ой алынған зерттеу еңбектің авторларына құрмет көрсету. Сондықтан нақты бір ғана адамның еңбегіне сүйендік деп айта алмаймыз. Алаштану ғылымына үлес қосып жүрген ғалымдардың ешқайсысын шет қалдырмауға тырыстық.
– Қазір зілі жоқ әзілдер басым. Қоғамдық құбылыс қалжыңның қалтарысында қалып жатыр. Алғаш туындыны түсірерде қандай да бір күмән болды ма?
– Әрине, қазір күлкі мен әзілдің кең етек алған кезі. Жанрда тұрған ештеңе жоқ, тек жеңіл дүниеге ет үйреніп кетпесе болғаны. Сериал етіп түсірерде ешқандай күмән болған жоқ. Өз аудиториясын қалыптастыратынын сездік. 6 бөлімді сериал көрерменнің ықыласына бөленді. Қаралым жағы да көңіл қуантты.Кейін кинотеатр экранына жол тартатындықтан күмән болғаны рас. «Түрлі комедиялар толастамай, халыққа өтімді болған тұста тарихи фильмнің 2 сағат көрерменін тапжылтпай ұстап отыруы неғайбыл» деген пікірлер де айтылды. Сонда да тәуекелге бел буып, көрерменге сеніп, Алаш ардақтыларының өмірі әлі де өзекті екенін дәлелдеп шығады деген үмітпен фильм нұсқасын жасадық. Негізі бұл туралы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы ұсыныс айтып, қолдау білдірген болатын. Сондықтан бірден іске кірісіп, монтаждау жұмысын бастадық.
– «Міржақып. Оян, қазақ!» санаға сәуле түсірді. Содан болар фильм прокаттан алынғанда жұрт шуласты. Сіз де саяси астар жоғын айтып, мәселені түйіндедіңіз. Жалпы сұраныстың жоғары болғаны қуантқан болар?
– Иә, фильм көрсетілімін тоқтатқанда елдің шулағаны бір жағынан қуантып, уайымға да салды. «Ел неге шулап кетті?», «Дұрыс түсінбей қалды ма?» деп абыржыдық. Бұл жерде саяси астар жоқ. Әу бастан көрсетілім екі аптаға жоспарланған болатын. Кейін көрерменнің сұрауымен қайтадан экранға шықты. Әлбетте, сұраныстың жоғары болғаны қуантты. Тіпті түгел сыныптың оқушылары мен отбасы, қызметкерлердің қалыспай баруы рухани мұраға атүсті қарамайтынын аңғартты. Фильмнен соң бізді белгілеп, толассыз пікір қалдырғандар тағы бар. «Сеанс жетпей қалды» деп жазып, фильмді көруге асық екенін жеткізген көрермен қатары көп болды. Бұл тарихты терең түйсінуге талпынған қазақ даласын біріктірген жоба іспетті сезілді. Өзге ұлт өкілдері де барып, жылап, мұңымызды бірге бөлісіп жатты. Психотерапевт Жұлдыз Төлеу айтқандай, ұлттық травмаға нағыз терапия болғаны даусыз.
Ақмешіт – туған жерім. Осы ретте қызылордалық көрермендерге ризашылығымды білдіремін. Кинотеатрда аншлаг жасап, жылы лебізін айтты. Қолдау білдіріп, тарихымызға немқұрайлы қарамаған туған жұртыма алғысым шексіз.
– Әр сахнада жалаң жаттандылық жоқ. Диалогтың өзі жүректі қозғап жібереді. Ми қатпарында төңкеріс жасады. Түсірілім барысында көңіл босаған күндер болды ма?
– «Ұлы фильм жасау үшін үш нәрсе керек: сценарий, сценарий және тағы да сценарий» деген А. Хичкоктың сөзінің жаны бар. Мәтіннің құрылымы дұрыс болмаса, елең еткізбесе бастан-аяқ көрерменді ұстап отыру мүмкін емес. Эмоционалдық тұрғыда да әсер етпесе мәтіннің осал болғаны.
Иә, түсірілім кезінде көзге жас алып, жүректі шым еткізген сәттер болды. Әсіресе түрмедегі түсірілім жанға батты. Түрменің аурасы да ауыр еді. Сондай-ақ Гүлнардың әкесімен қарым-қатынасы ет жүрегіңді езіп жібереді. «Әке» деп шырылдайтын сахнасы жанарға жас үйіріп, көңілге мұң ұялатты. Қатал тағдыр қамыты сүргінге сүйрелесе де ел болашағына бей-жай қарамаған Міржақып атамыздың қайсарлығы қайран қалдыратыны шындық. Сондықтан қиындыққа қасқайып тұрған ата-бабамызға разымыз.
– «Біткен іске сыншы көп» дейміз. Тырнақ астынан кір іздегендер табылды ма?
– Әр оқиғада шынайылық басым болу үшін жаныңды саласың. Қажетті реквизиттерді табуға жанталасып, құрап-қиыстыруға тура келеді. Күн-түн демей, көз ілместен дайындық жүргізу жеңіл іс емес. Жарығы жоқ жерде, топырақтың ортасында жүріп түсірген сахнаға жылы жерде отырып бір-екі ауыз пікір айту оңай. Біткеннен кейін бұрысын іздеп, тақырыпты қазбалайтындар бар. Тіпті ұлтараздық тудырады деп теріс пікір айтқандар да кездесті. Айтылған сынды қабылдай аламыз. Қоғам болғаннан кейін әркімнің өз ойын білдіретінін білеміз. Десе де фильмге қатысты сыннан гөрі алғыс пен мақтауды көп естідік. Бұл маңдай теріміз бен еңбегіміздің еш кетпегені.
Сұхбаттасқан
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!