Үндістанның  Ченнай   қаласында шахмат­тан олим­пиада басталып, әлемнің үздік гроссмейс­терлері 16 тастан тұратын ақ пен қараның ай­қасында бақ сынауда. Бұл сында Қазақстан құ­рамасы жанкүйерлерді жеңіс­пен қуантуға асық.  Құрамаға жиналған үздік шахмат­шылардың қа­та­рында жерлесіміз Назерке Нұрғали бар. Олимпиада ойынында уақыт тапшы болса да Назерке жолдаған сауаламызға жауап беріп, әлем­дік доданың атмосферасымен бөлісті.

– Назерке, Үндістандағы олимпиада шахматтағы мансабыңда елеулі оқиғаның бірі. Жалпы құраманың қарқыны қалай, өзіңмен бірге кімдер ел намысын қорғап жатыр?

– Иә, оныңыз рас. Олимпиадаға алғаш рет қатысудамын. Бұрын соңды жекелей бақ сынасам, бұл жолы команда болып Қазақстанның намысын қорғаудамыз. Мұндай халықаралық командалық дода мансабымның биік шыңы. Қыздар құрамасында менен бөлек 3 шахматшы бар. Атап айтсам, Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік және Ксения Балабаева. Әзірге жарысты  сәтті бастадық. Алғашқы екі ойында Гватемала мен Бельгия құрамаларынан басым түстік. Олимпиаданың алғашқы айналымында Гватемала шахматшыларымен ойнап, 4-0 есебімен жеңіске жеттік. Екінші раундта Бельгия құрамасымен шеберлік байқасып, 3-1 есебімен тізе бүктірдік. Бұл кез­десуде Бибісара екеуміз қарсыласымызды жеңдік. Ал Жансая мен Ксения  тең түсті.

– Өткен жылдан бастап ересектер арасына қосылдыңыз. Кіл мықтылар арасында қиындық туындап жатқан жоқ па?

– Әрине, қатысушылардың арасында ең жасы болғандықтан оңайға соқпайтыны белгілі. Барлығы тәжірибесі толысқан шахматшылар. Ой-өрісі де биік болады. Тактикалық жағдайда да қиындықтан әп-сәтте шығып кететіндер көп. Бірақ шамам шарқым келгенше сынға түсіп, жүлдегер болуға талпы­намын. Өткен жылы ересектер арасында алғаш рет бақ сынап, шахмат­тың блиц түрінен Қазақстан чемпионы болдым.

– Шах­мат­пен айналы­сып жүргеніңе 10 жылдан аса уақыт болыпты. Жалпы осы шахматтағы жолыңа қандай баға бересің?

– Кеше ғана шахматтың алғашқы әліппесін үйреніп жүрген сияқты едім. Көзді ашып жұмғанша 10 жыл өте шығыпты. 10 жыл ішінде талай қызықты сәттерді бастан өткердім. Жеңіс те, жеңіліс те болды. Өмір заңдылығы болған соң барлығы жақсы бола бермейді. Неге осылай істемедім деп өкінген кезім де болды. Бірақ осы уақыт аралығында  ҚР спорт шебері, ФИДЕ шебері, жасөспірімдер мен жастар арасында 14 дүркін, ересектер арасында 2 дүркін Қазақстан чемпионы, 2 дүркін Əлем, 5 дүркін Азия чемпионы болдым. Мұның барлығы бапкерлеріммен бірге жасаған еңбекпен келді. Өзіме баға беруден аулақпын. Әлі де жетілдіретін тұстарым бар.

– Шахматшылар­дың арасында екі бапкерден тәлім алатындар аз. Соның бірі өзіңсің. Бапкерлерге тоқталайықшы…

– Расында спортта екі бапкермен жұмыс істейтін спортшылар некен саяқ. Өте мықты бапкерлерден тәлім алғаныма қуанамын. Алғашқы бапкерім Риза Қошқарова болды. Риза Төлтайқызының мені жетілдіруде ерен еңбегі көп. Ойын баласын үлкен деңгейге көтерді.  Ал 2013 жылдан бастап қазіргі жаттықтырушым Василий Шимелковтың қол астына өттім. Василий Владимировичпен бірге небір сынақтарды бастан өткердік. 2016 жылы нәтижелерім бірден төмендеп кетті. Қай жарысқа барсам да жүлдеден қол үзіп қалып жүрдім. Мұндай сәтте спортшыға психологиялық тұрғыда көмек көрсетілмесе құрдымға кетуі мүмкін. Сол сәтте Василий бапкердің көмегі көп болды. Жаттығудан бөлек психологиялық дәрісті қабылдадық. Содан кейін нәтижелерім қайта шарықтап, үздіктер қатарынан көріндім. Қос бапкерім де тәжірибелі мамандар.

– Назерке, Үндістаннан олжалы оралуға тілектестік білдіремін!

– Рақмет!

Сұхбаттасқан Е.ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!