«Кәсіп игеру керек» деп тапқан адамға «немен айналысамын?» деген сауал қорқыныш тудырмағаны абзал. Себебі ештеңеден тайсалмай, алға ұмтылған жанның ғана шығар белесі биік. Қуантатыны, қазір осыны түйсініп, ойлаған ісін ұршықша иіріп әкеткен жастар көп. Жақында батыл бастаманы қолға алып, қаладан «Orta» рухани-интеллектуалды демалыс орталығын ашқан замандастарымыз сөзімізге дәлел. Ал мұнда болашақта қандай орта қалыптасатыны жайлы «Orta»-ның құрылтайшысы Ақтілек Темірбайұлымен сұхбатта.
– Орталықтың атауы ерекше екен. Не себепті «Orta» деген таңдауға тоқталдыңыздар?
– Сыр өңірінде белсенді жас көп. Олардың бос уақытын пайдалы өткізу назардан түспеу керек. Сол себепті де «Orta» ашылды. Мұнда жанды дауыста ән орындап, достармен мазмұнды, интеллектуалды ойын ойнауға, кітап оқуға, оны талқыға салуға, сол арқылы ерекше әсер алуға болады.Үйдегі тәрбие-танымнан бөлек жүрген ортаның әсері әрбір жасқа ықпал етері анық. Адам баласы өзгерістер енгізу үшін, даму үшін, тұлға болып қалыптасу үшін ортасын дұрыс таңдау қажет. Сондықтан біз осы атауға тоқталдық. Кәсіптің түрі көп. Біреу қаржыны мол табатын іс таңдайды. Енді бірі адамға көтеріңкі көңіл-күй ғана емес, өзгеше шабыт сыйлағысы келеді. Міне, біз солардың қатарынанбыз. Мақсат – жан-жақты, креативті, парасатты жастардың шоғырын қалыптастыруға үлес қосу.
– Демалысын тиімді өткізгісі келетін жастар орталыққа қай уақытта келе алады?
– Бізде арнайы демалыс күні бекітілмеген. Бірақ сенбі, жексенбі күндері келушілер көбейеді, отбасымен уақыт өткізгісі келетіндер қонаққа келеді. Негізі күндіз 10:00-ден кешкі уақытқа дейін қызмет көрсетеміз. Қазір келушілер қатарында жастар көп. Әзірге үш адамды жұмыспен қамтыдық.
– Орталықты ашуға идея қайдан келді? Мемлекет тарапынан қолдау бар ма?
– Қалада интеллектуалды сайыстар көп өтеді. Оған қызығатын жастар саны да күн санап артып келеді. Біз бұл мүмкіндікті қалт жібергіміз келмеді. Қазір біреуді қинап, «мына жер әдемі, мұнда қызықты шара өтеді» деп жетектеп әкеле алмайсыз. Себебі бүгінгі буынның көзқарасы, қалауы бөлек. Біз жастар өз еркімен келетін орталыққа айналғымыз келеді. Орталықты ашуда мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмадық. Тек ойдағы идеяға қанат бітірдік. Бірақ алдағы уақытта орталықты түрлендіру, қызмет аясын кеңейту жоспарда.
– Бір күнде қанша адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік бар?
– Екі қабатты ғимаратта 300-ге жуық адамды қамтуға жағдай жасалған. Сонымен бірге орталықта асхана бар. Үстел ойындары, монополия – «Қазақ хандығы» деген қызықты ойын бар. Ол Алматыда жиі ойнатылады. Ерекшелігі – жастар тарихтан сыр тарта алады. Бестемше және тоғызқұмалақ ойындары да ойнатылады. Ал оның бүгінгі «Counter-Strike», «Dota»-ға байланған жастардың ойын өзгертуге, рухани кемелденуіне септігі зор.
– Тоғызқұмалақтың қыр-сырын үйрететін арнайы маман бар ма?
– Бұл ойынды көбісі ойнамайды. Мұны игеру үшін есепке жүйрік болу керек. Алайда бізде қызмет көрсететін мамандардың барлық ойын түрінен хабары бар, сақадай сай.
Мөлдір САБЫРЖАН,
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!