Бүгінде шекара деген ұғым шартты ғана болып қалғандай. Әлемнің әр түкпірі бұрынғыдан әлдеқайда жақын, ал сапарға деген қызығушылық күн санап артып келеді. Дегенмен сол мүмкіндікті нақты іске айналдырып, мыңдаған адамның арманын шындыққа айналдыра білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Туризм саласы тек бағыт ұсынумен шектелмейді, ол сенім, жауапкершілік және адамдардың үмітін ақтай білу секілді үлкен ұғымдарды қатар алып жүреді.

Осындай жауапкершілікті серік еткен жандардың бірі – «Aray travel» туристік агенттігінің негізін қалаған Перизат Бекназар. 19 жылдан астам уақыт бойы туризм саласында табанды еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер бүгінде талай адамның шетелге деген алғашқы қадамына себепкер болған. Біз кейіпкермен туризм кәсібінің қыр-сыры, нарықтың бүгінгі тынысы туралы сүбелі сұхбат құрып қайттық.

– Ең алдымен, сұхбатты туризм саласынан бастасақ. Айтыңызшы, Қызылорда қаласында туризм қаншалықты дамыған? Сіздің тәжірибеңізге сүйенсек, бұл нарықтың әлеуеті қандай?

– Біздің өңір бойынша айтатын болсам, туризм саласы толыққанды дамыды деуге әлі ерте. Шамамен жүз пайыздың жиырма пайызы ғана қалыптасқан. Шыны керек, бұл сала бізде енді ғана тамыр жайып келе жатыр. Халық та, инфрақұрылым да әлі толық дайын емес. Шетелден келетін туристерді қабылдауға қажетті жағдай жеткіліксіз. Байқоңыр, Қармақшы секілді тарихи әрі танымдық маңызы зор мекендерді лайықты деңгейде таныстырып, көрсетуге мүмкіндік аз. Бұл, әрине, көңіл қынжылтатын факт.

– Келесі сұрағым қаржылық тұрақтылыққа қатысты. Туризм саласы маусымға тәуелді екені белгілі. Осындай жағдайда компания табысын тұрақтандырып, жылдық жоспарды орындауға қандай стратегия қолданасыз?

– Негізінде туризм маусымға тәуелді емес. Көпшілігі саяхаттау үшін міндетті түрде жаз мезгілін күтеді. Алайда бұл – қате түсінік. Әлемде әр елдің өз маусымы бар. Мәселен, Түркия, Египет, Индонезия жазғы бағыттарға жатса, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, Тайланд, Америка, Үнді мұхиты жағалауындағы аралдар мен Африка елдері жыл он екі ай турист қабылдай береді. Бұдан бөлек, экскурсиялық тур бар. Демалыс алып, шетел көргісі келген адамға әрқашан мүмкіндік табуға болады. Грузия, Әзірбайжан, Стамбул бағыттары да жыл бойы қолжетімді. Яғни саяхат белгілі бір маусыммен шектелмейді. Әр адам өзіне ыңғайлы уақытты таңдаса, біз сол сапарды тиімді әрі қолайлы етіп ұйымдастырамыз.

– Көп адам шетелге шыққанда тек әдемі жерлерді көруге ұмтылады. Ал сіз үшін елді танудың ең дұрыс жолы қандай? Турист ретінде емес, «сезіне білетін адам» ретінде нені байқау керек?

– Әдемі көріністерге қызығу – көбіне саяхатқа енді ғана бет бұрған адамдарға тән құбылыс. Ал тәжірибелі саяхатшылар уақыт өте келе өзгеше дүниелерді іздей бастайды. Бізбен бірге он-он бес жылдан бері әлем аралап жүрген туристер бар, олар көпшілік таңдай бермейтін бағыттарға қызығады. Жағажайда демалудан гөрі рухани толысуға мән береді. Тарихи оқиғаға бай елдерді көруге, халықаралық деңгейдегі маңызды шараларға қатысуға ұмтылады. Мәселен, Олимпиада ойындары өтетін мемлекеттер, әлемдік футбол додалары ұйымдастырылатын елдер немесе әйгілі өнер иелерінің концерттері өтетін орындар олар үшін қызығырақ. Сонымен қатар Португалия, Жаңа Зеландия секілді көпшілікке аса таныс емес елдерге барып, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін тануға ұмтылатындар көбейді. Кейінгі жылдары отбасымен саяхаттайтындар саны да артты. Жалпы, қазіргі турист тек «әдемі жерді» ғана емес, ерекше тәжірибені іздей бастады.

– Кез келген кәсіптің артында мемлекетпен байланыс болары анық. Айтыңызшы, сіздің компанияңыз үшін салықтық жүктеме қаншалықты ауыр? Мемлекет тарапынан туризм бизнесіне нақты қолдау бар ма, әлде кәсіпкерлер көбіне өз күшімен дамуға мәжбүр ме?

– Біз, өзге де кәсіпкерлер секілді, өз күшімізбен дамып келеміз. Мемлекет тарапынан туризм саласына нақты субсидия немесе арнайы қолдау қарастырылмаған. Салық мәселесі – барлық кәсіпкерге ортақ түйткіл. Әсіресе туризм саласында бұл мәселе күрделірек. Себебі біздің жұмыс жүйемізді толық түсінбейтін жағдайлар жиі кездеседі. Біз – қызмет көрсетуші саламыз. Түскен жалпы айналымның бәрі біздің табысымыз емес, біз тек көрсеткен қызметіміздің белгілі бір пайызын ғана аламыз. Соған қарамастан, бүкіл айналымға салық салу ұсыныстары айтылады. Ал шын мәнінде, туризм – табыс маржасы ең төмен салалардың бірі. Сондықтан бұл бағытта қосымша құн салығын қайта қарастыру қажет деп есептеймін. Біз ештеңе өндірмейміз, тек қызмет ұсынамыз. Осы мәселені заңды өкілдер шешсе екен деймін.

– Қазақстандық туристердің таңдауы туралы айтсақ, біз әлі де «ыңғайлы» бағыттарды ғана таңдауға бейім секілдіміз. Саяхатшыларға алғашқы тур ретінде қай мемлекетті таңдауға кеңес бересіз?

 – Егер саяхатқа үлкен кісілер шығатын болса, «барлығы қамтылған» жүйемен жұмыс істейтін бағыттарды таңдаған жөн. Түркия, Египет, Вьетнам немесе Дубай секілді елдерде турист тамақ пен тұрмысқа алаңдамайды, бәрі дайын. Ал мұндай бағыттар әсіресе балалармен саяхаттайтын отбасыларға да ыңғайлы. Егер балалар есейген болса, онда Еуропа елдерін, Америка, Маврикий, Бали, Филиппин, Камбоджа секілді бағыттарды көруге кеңес берер едім. Бұл елдер адамның танымын кеңейтіп, жаңа әсер сыйлайды. Әрі баналды таңдау емес.

–Білуімізше «Aray travel»-дің қызылордалықтарды түрлі турмен қуантып келе жатқанына 19 жылдан асты. Осы уақыт аралығында туризм бизнесіндегі ең қиын дүние деп нені атар едіңіз?

 – Туризм саласындағы ең күрделі мәселе – тұрақсыздық. Әлемде болып жатқан кез келген жағдай, мейлі ол соғыс болсын, табиғи апат болсын немесе саяси өзгерістер болсын, бұл салаға бірден әсер етеді. Сонымен қатар туроператорларға тәуелділік те үлкен қауіп. Біз серіктес ретінде жұмыс істейтін компанияларға қаражат аударамыз. Егер олар қаржылық қиындыққа ұшыраса, ең алдымен зардап шегетін – біз және туристер. Өкінішке қарай, тәжірибемде бірнеше туроператордың банкротқа ұшырағанын көрдім. Мұндай жағдайда туристердің де, біздің де сенімімізге сызат түседі.

– Сіздің командаңыз – кәсіптің жүрегі десек артық емес. Қазір ұжымыңызда қанша адам жұмыспен қамтылған және мықты команда қалыптастыра алдым деп ойлайсыз ба?

– Ұжым – кез келген кәсіптің ең әлсіз әрі ең маңызды тұсы. Білікті менеджерлер мен сатушыларды табу оңай емес. Қазіргі жастардың кейбірі бірден жоғары табысқа қол жеткізгісі келеді, алайда кез келген жетістік кезең-кезеңімен келеді. Әр қызметкермен жеке сөйлесіп, бағыт беруге тырысамын. Қуантатыны, бізде сегіз-тоғыз жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан мамандар бар. Ұжымның басым бөлігі – әйелдер. Бірі тұрмыс құрып, бірі бала күтіміне кеткен сәттерде кадр тапшылығы сезіледі. Жаңа маманды қайта үйрету де уақытты талап етеді. Дегенмен қазіргі жастар алғыр, ақпаратты тез меңгереді.

Жалпы, іріктеу кезінде талапты жоғары қоямын. Сондықтан тек батыл, жауапкершілігі мықты адамдар ғана осы салада тұрақтай алады. Қазір сегіз адамнан құралған, өзім сенетін кәсіби команда «Aray travel»-дің жұмысын жүргізіп отыр.

– Шетел көрген адам мың кітап оқығанмен пара-пар келеді екен. Сізді осыған дейін 40 елді аралағаныңызға қарасақ, біраз тәжірибе жинаған саяхатшы деуге негіз бар. Өзіңізге қатты ұнаған мемлеккетті атаңызшы. Неліктен ол жерді ұнаттыңыз?

– Бұл ой маған таныс. Тіпті бұрын толықтай қолдайтынмын. Алайда уақыт өте келе бұл түсініктің адам санасына байланысты екенін ұқтым. Қаншама адамның сапарға шығуына себепші болсам да, одан терең әсер алған жандар сирек кездеседі.

Дегенмен әлемді көру керек. Қасиетті Құран Кәрімде жер жүзін аралап, тануға шақыратын өсиет бар.

Сапарға шығарда адам өзіне «мен бұл жолдан не аламын, не үйренемін?» деген сұрақ қоюы тиіс. Сонымен қатар әрбір адам шетелде өз елінің өкілі екенін ұмытпауы керек. Сен – өз ұлтыңның айнасысың. Сол себепті өзге елде мәдениетті сақтап, жергілікті халықтың салт-дәстүріне құрметпен қарау – әр азаматтың міндеті.

Өкінішке қарай, кейбір адамдардың өзге елде тәкаппарлық танытып, жергілікті тұрғындарға құрметсіздік көрсететінін де көріп жүрміз. Бұл – ұят жағдай.

Ал өзіме ұнаған елдерге келер болсам, әрқайсысы жүрегімде ерекше орын алады. Дегенмен рухани тұрғыдан ерекше әсер қалдырған, қайта-қайта баруға дайын мекен – Мекке-Медина. Ол жерге барған да арманда, бармаған да арманда.

– Көпшілік үшін шетелге шығу әлі де қолжетпейтін арман секілді. Осы қорқынышты жою үшін адам неден бастау керек деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, адам өз өміріндегі басымдықтарды дұрыс айқындауы керек. Өзіміздің қазақи қоғамда ысырапшылдық басым. Кейде бір тойға арналған киімнің өзіне қомақты қаржы жұмсалады, бірақ сол қаражатқа шетелге сапарлап қайтуға болатынын ескермейміз.

Артық даңғаза мен көрсетілімге әуестік адамды шынайы мүмкіндіктерден алыстатады. Уақыт та, денсаулық та мәңгі емес. Сондықтан адам бүгіннен бастап әрекет етуі тиіс. Ысырапты азайтып, маңызды дүниелерге мән берсек, саяхат та қолжетімді болады. Дүние емес, рухани байлық жинау керек. Себебі әлемді көрген адамның ой-өрісі кеңейіп, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Сол үшін саяхаттауға асығайық, ел көрейік, жер көрейік, таным көкжиегімізді кеңейтейік.

 – Сұхбатыңызға рақмет!

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!