Кинотеатрдан шыға бере үнсіз ғана ойға шомған көрерменді байқаған боларсыз. Кейбірі көз жасын сүртіп әлек, енді бірі ішкі толқынын жасырғысы келіп, асығыс қадам басып бара жатыр. Бұл – «Qaitadan» фильмінен кейінгі көрініс. Экранға шыққанынан бастап кино жайлы пікір толастар емес. Шынында да, кейінгі жылдары отандық киноиндустрияда жаңа толқынның қолтаңбасы қалыптасып, тың тыныс сезіле бастағандай. Бүгінгі шығарылымда фильмнің продюсері Жалын Тілеубергенмен сұхбаттасып, сауалымызға жауап алдық.

− «Қайтаданның» үлкен экранға шыққанына бір айға жуықтады. Көрерменнің басым бөлігі оң пікір білдіріп, тіпті жылап та жатыр. Жабық көрсетілім кезінде өзіңіз де жасқа ерік бердіңіз. Еңбек ақталды деп айта аламыз ба?

− Иә, фильмнің экранға шыққанына бір айдан асты. Халық өте жақсы қабылдап жатыр. Әсіресе жанрлық фильм үшін дәл осындай ықылас – қуантарлық жағдай. Бұл ең алдымен көрерменнің талғамы өсіп келе жатқанын көрсетеді. Фильмнен көрерменнің алған әсері – еңбектің ақталғаны.

− 2020 жылы келген идеяны жүзеге асыруға төрт жыл кеткен екен. Осы уақыт аралығында қолды бір сілтеп кеткіңіз келген сәт болды ма?

− Шыны керек, мұндай ой мүлдем болмады. Себебі төрт жыл ішінде біз тек осы фильммен жұмыс істемедік қой. Жылда жаңа жоба мен түрлі сериалдың түсірілімін қолға алдық. Үлкен экранға шығу оңай емес. Оның артында тәжірибе, дайындық пен тәуекел бар. Біз сол жолды асықпай жүріп өттік. Ал оған дейінгі түсірілім жұмыстары бізді мақсатымызға бір қадам жақындатты. Сондықтан шаршау да, түңілу де болған емес.

«Qaitadan»: біз тәуекелге бардық

− Бір сұхбатыңызда сценарийді бірнеше рет өңдеп, тіпті қайта жазғандарыңызды айттыңыз. Соңғы бекітілген нұсқаның «дәл осы» екенін қалай білдіңіздер?

− Сценарийдің алғашқы нұсқасын есептегенде фильмнің ұзақтығы екі жарым сағатқа жуықтады. Голливуд үшін бұл қалыпты уақыт шығар, десе де біздің көрермен үшін тым ұзақ. Біріншіден, кинотеатрдағы сеанстың санын азайтады, екіншіден, көрерменнің назарын осынша уақыт ұстау, расымен қиын. Сол үшін біз хронометражды бір жарым сағатқа ықшамдауды шештік. Бірақ бұл оңай шешім болған жоқ. Құрылымын бұзбай, мазмұнын жоғалтпай қысқарту үшін сценарийді қайта-қайта қарауға тура келді. Мәтін реттелді-ау дегенде мамандарға оқытып, олардың да ескертулерін ескердік. Ал әзілдерді күшейту үшін сол саладағы жігіттермен ақылдастық. Осылайша жұмыр бір дүние шықты. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, талай еңбектен кейін ғана көңілге қонымды нұсқасын таптық.

− Әлеуметтік желілерде түсірілімнен түрлі эксклюзив кадр жарияланды. Қалай ойлайсыз, жанрдың өзі де фильмнің кең таралуына ықпал етті ме? Жалпы маркетинг жағы туралы айтып өтсеңіз.

− Маркетинге келер болсақ, қолдан келгеннің барлығын жасауға тырыстық. Десе де көше аралап, сауалнама алу секілді тәсіл жасамадық. Өйткені фильмнің жанры оған сай емес. Сол үшін басқаша қадам жасадық. Бұл да жаман болмаған секілді. Жарнамадан бұрын трейлердің өзі-ақ көрерменнің қызығушылығын оятқандай. Өзіңіз айтқандай, жанрдың өзгешелігі де әсер етті. Кинотеатрдан шыққан халық бірден пікір айтып, әсері мен эмоциясы туралы әлеуметтік желіде бөлісті. Осылайша ел арасына таныла бастады.

− 2 ай жасалған ауылдың макеті, 160 тонна су, ал ең қорқыныштысы − бір ғана дубль. Ауылды су басу сахнасын түсіруге бір ғана мүмікіндік болғанын білеміз. Өте әсерлі, қорқыныш пен уайым, тәуекел мен мақсат қатар тұрған сәт болған болған шығар. Дәл осы сахнаны түсіріп жатқандағы сезіміңізді, жұмыс процесін айтып беріңізші. Ал макетті кім жасады?

− Макеттің жұмысына суретші Бекен Нарбай жауапты болды. Шынын айтсам, бұл жұмысты мойнына алу – өз алдына ерлік. Өйткені Қазақстанда бұған дейін мұндай ауқымды макеттер жасалмаған. Ол бар жауапкершілікті өзіне алып, екі айдан астам уақытын арнады.

«Qaitadan»: біз тәуекелге бардық

Ал ең қиыны бұл сахнаны түсіруге бір ғана мүмкіндігіміз болды. Сол сәттегі көңіл- күйіміз, іштегі алай-дүлей мен қорқынышты айтып жеткізу мүмкін емес. Жалпы мұндай көріністерге сынақ есебінде арнайы түсірілім жасайды. Бірақ біз алдын ала тестілеу өткізбедік. Егер кадр сәтсіз шыққан жағдайда қайтадан түсіруге, макетті басынан тұрғызуға қаражат та жоқ еді. Қысқаша айтқанда, тәуекелге бардық. Абырой болғанда барлығы ойдағыдай өтті.

− Инстаграм парақшаңызда «Рауан неше рет оянды? Ол санның мағынасы қандай?» деп жаздыңыз. Осы сауалдың жауабын өзіңізден естігіміз келеді, құпия болмаса…

− Рауанның ұйқыдан тұратын, яғни сценарийлық күні − 33 күн. Неге дәл 33 екенін айтпаймын…

− Бірде «Кез келген дүниеден сабақ алмай, мәселені қайта ой елегінен өткізбейінше, ол қайталанып келіп отырады. «Қайтадан» деген атау осы ойдан туындады» деген едіңіз. Айтпақшы, фильмнің атауына тағы қандай нұсқалар болды?

− Бастапқы атауы «ReStart: Шексіздікке дейін» еді. Себебі Рауанның образы компьютер ойындарына әуес жігіт ретінде қарастырылған. Бірақ фильмнің хронометражына байланысты сценарийді өзгерттік. Сол кезде бұл атаудың да мәні қалмады. Кейін «Қайтадан» деген нұсқаға тоқтадық.

− Актерлік құрам өте ерекше. Жас болса да, әрқайсысы өз ісінің маманы. Қай актермен жұмыс істеу ерекше әсер қалдырды?

− Шынымды айтсам, әр маман өз ісінің шебері, әрқайсысы бір бір тұлға. Бірге жұмыс істеу өте жақсы болды. Бұл сұраққа негізінен режиссердің жауап бергені дұрыс. Себебі ол актерлермен тікелей жұмыс істейді. Басты рөлдегі Жасұлан да, Рамазан да, эпизодтық рөлдегі актерлер де өз бейнесін мінсіз алып шықты. Барлығына ризамын! Шығармашылық топтық кәсібилігі фильмге ерекше әсер етті.

«Qaitadan»: біз тәуекелге бардық

− Рамазан демекші, түсірілім алаңының кенжесі туралы айтып беріңізші. Бұл оның дебюттық рөлі болды ғой?

− Рамазан ең соңғы бекітілген актердің бірі. Түсірілмге бар-жоғы 3 күн қалғанда таңдалды. Бізге жіберген видесын көріп режиссер екеуміз «Іздегеніміз – осы бала» дедік. Өзі де «40 минуттың ішінде бекітілген рөлім ғой» деп күледі. Расымен де солай болды. Рамазан өте ашық, жан дүниесі таза, жұмсақ, нағыз қазақтың баласы. Кейіпкері де өзіне ұқсайды. Сондықтан түсірілім барысында қиындық болған жоқ. Ата-анасы да әрдайым жанында жүріп, қолдау көрсетті. Кез келген таланттың артында қолдаушысы тұрса, ол алысқа барады. Сол сияқты, Рамазаннан үлкен үміт күтемін. Болашақта мықты актер болады деп сенемін.

− «Қайтадан» сіздің бірінші толықметрлі туындыңыз. Бұған дейін көп көңілінен шыққан «Біздің сынып», «Бозторғай» сериалын түсірген едіңіз. Сериал мен киноның айырмашылығы сезілді ма? Cізге қайсысы жақын?

− «Біздің сынып», «Бозторғай», «Сен жалғыз емессің», «Соңғы аялдама» секілді сериалдар бізге үлкен тәжірибе берді. Сериал түсіруді төзімділікке үйрететін мектеп деп айтар едім. Мұнда 40-50 күн бойы бір командамен жүресің, сапарлас боласың, жұмыс істейсің. Бір-біріңді жақсы тани бастайсың, арадағы ауызбіршілік артады. Бұл тұрғыдан сериалдың өз артықшылығы бар. Ал кино мүлдем бөлек әлем. Уақыты қысқа болса да, жауапкершілігі ауыр. Өйткені кинотеатрдың экранында әр деталь көрініп тұрады. Егер ұсақ қателік кетсе, бірден байқалады. Сол себепті киноның жүгі әлдеқайда ауыр.

Мен үшін екеуі де қымбат. Сериал да, кино да шығармашылықтың екі қыры. Бірін-біріне қарсы қоя алмаймын, бір-бірінен бөліп жара да алмаймын. Алдағы уақытта веб-сериал түсіру жоспарда бар. Сонымен бірге толықметрлі фильмдер де жалғасын табады.

− Қателеспесек, эвакуация сахнасына 300-ден астам адам қатысқан. Бұл да күрделі түсірілімнің бірі болған шығар?

− Әрине, ол сахнаны түсіру біз үшін үлкен тәжірибе болды. Түннің бір уағында, тау басында жүздеген адамды басқару оңай емес. Күн салқын, уақыт қысқа, жаздың түні қас қағым сәтте өтіп кетеді. Қаланы артта қалдырып, команданы 100-150 шақырым жерге апару, жағдайын жасау, тамақтандыру жұмыстары бар, оған қоса режиссер өзінің тапсырмасын түсіндіреді. Ол өз алдына бөлек үлкен шаруа. Түсірілім тобы біртұтас организм секілді бірігуі керек.

«Qaitadan»: біз тәуекелге бардық

− Декорация жасау да, монтаж да − өз алдына үлкен жұмыс. Монтажға қанша уақыт кетті? Қайткенменде түрлі визуалды эффект жасау оңай емес.

− Фильмнің ең қиын тұсы – бір күннің қайталануы. Осыны көрерменге жалықтырмай жеткізу – монтажер үшін нағыз өнер. Монтажды Асылбек Еркімбек жасады. Бұған дейін сериалдарда тәжірибесі болған, бірақ киноға алғаш кірісті. Соған қарамастан, әр кадрды зергердің қолынан шыққандай құрастырды. Бір күн қайталатын болған соң тайминг те басқаша есептеледі. Компьютерлік графикалар қолдандық. Сондықтан монтаж жұмысы ауыр әрі ұзаққа созылды.

− Қалай ойлайсыз, қазақ киноиндустриясында қандай жанр «жетімге» айналды?

− Шынымды айтсам, «Мына жанр жетімсіреп тұр» дей алмаймын. Қазақ киносы енді-енді бой көтеріп келеді. Көрермен кинотеатрға баруға, үлкен экраннан көруге үйренді, дағдыланды. Бұл – үлкен мәдени өзгеріс. Соның арқасында жанрлардың да аясы кеңейіп жатыр. Биылдың өзінде драма көп түсірілді. Балаларға арналған фильмдер де шығып жатыр. Тағы бір-екі жылда қазақ киносы барлық жанрды қамтиды деп сенемін.

− Продюсер, әлде актер? Жалынға қай бағыт жақын?

− Мамандығым актер болса да, жүрегім продюсерлікке тартады. Болашақта арнайы оқып, кәсіби білімімді толықтырғым келеді.

− Үлкен экранға қайтадан актер ретінде оралу жоспарда бар ма?

− Актер болу амбициясынан бас тарттым. Өйткені ойым мен қалауым түгелдей продюсерлікті таңдады. Бірақ… өмір ғой. Кейде «жоқ» деген дүниенің өзі қайта айналып келуі мүмкін. Егер сәті түсіп жатса, экранға оралуым да ғажап емес.

− Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!