Сонау XVIII ғасырда еуропа суретшілерінің шеберханаларынан бастау алатын графика өнерінің тарихы тереңде жатыр. Өнердің бұл түрімен айналысу үшін суретші асқан төзімділікпен көп еңбектенуі керек. Ал суретші әрдайым ізденіс үстінде болса, өзінің қателігін, графика өнерінің күрделі өнер екенін түсінеді. Назарларыңызға қарапайым ауылдан шығып, қазіргі таңда жұмыстары Қазақстанға ғана емес, әлем жұртшылығына танылған суретші Қайырбай Зәкіровпен сұхбатты ұсынамыз.

– Амансыз ба, аға! Алматыға қоныс аударыпсыз ғой. Құтты болсын! Жас ұлғайғанда адамдардың мұндай батылдыққа баруы некен-саяқ. Қалай тәуекел еттіңіз?

– Иә…(күліп) Біріншіден менің алып шаһарға көшетінімде біраз достарым маған күлген. «Қартайғанда нең бар Алматыда?» деген секілді. Адам баласы бір нәрсені түсінуі қажет. Адамның тәні қартайса да, жаны қартаймауы керек. Менің жаным бостандықты, өзгерістерді үнемі аңсап тұрады. Сондықтан бұл мен қоныс аудару мен үшін оңай соқты.

– Елді сағынасыз ба?

– Сағынғанда қандай! Алғашқы Алматыға оқуға түскен жылы осы Қазалыдағы жапырайған, кішкентай қамыс үйлерін, отбасым мен достарымды қатты сағындым. Есейе келе біраз елді аралап, біраз жұртпен таныстым. Бірақ, Сыр бойының халқының болмысы тым бөлек қой, шіркін.

– Аға, атыңызға студент кезден қанық болсам да, туып-өскен ауылыңыз, ата-анаңыз, бала кезіңіз жайлы сұрамаппын. Айтып беріңізші?

–  Менің әкем теміржолшы болған. Оны жас кезінде атам мен әжемді қосып Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданына туыстарымыз алып кеткен. Әкем сол жерде үйлі-баранды болған. Бірақ менің алдымдағы үш ағам арасына күн ғана салып бірінен соң бірі шетінеп кеткен. Ол үлкен трагедия ғой, жас отбасы үшін. Сонда менің анам қыста ағаларымның қабіріне барып топырақтарының үсітіне жататын көрінеді. Әкем күнде кешке сол жерден анамды алып қайтады екен. Алланың қалуымен әке-шешеме қуаныш сыйлау үшін әпкем және мен дүниеге келіппіз. Бірақ менен де айрылып қала жаздапты(күліп). Ол былай болған. Ол кезде разъезде тұратын бала қай жерде ойнайды? Әрине пойыз жолдың бойында. Менің үш жасымда пойыз дөңгелегінің тежегішінде ойнап отырған болуым керек. Сөйтіп пойыз жүріп кетіпті. Кеш қарайған, ата-анам өздерін қоярға жер таппай жүр. Бір кезде келесі разъезден мені тапқаны жайлы хабар келіпті. Менің ең алғашқы саяхатым осылай басталған (күліп)

– Адамның тұлға ретінде қалыптасуына туған жердің, өскен ортаның әсері бар деп жатады. Мәселен, сіздің суретші болуыңызға не әсер етті?

– Табиғат – ең құдіретті мүсінші. Әрбір адамның туған жерінде бір тылсым күш, энергия болады. Қазақ негізі өнерге етене жақын халық. Оны дәлелдеудің де қажеті шамалы. Ал біздің елді білесің тал жоқ, көк шыға қоймайды. Бірақ киіз үйдің ішіне кірсең кішігірім сурет академиясы. Сол түстерді көріп өскен балаға міндетті түрде бояулар әсер етеді.

– Қазақы ортада кәсіби суретшілер некен-саяқ. Тіпті баласының о бастағы суретшілік өнерін бағалау, дамыту ісі де кемшін сияқты. Олай болмағанның өзінде көңіл бөлу кейінірек сияқты көрінеді де тұрады. Әлде мен қателесем бе?

– Қарапайым кішкентай бала қабырғаға шимақтап сурет салады ғой. Оны біз бұзықтық, еркелік деп жатамыз. Ал егер сол баланың шимақтарын ары қарай дамытып алып кетсе, міне сол кезде мықты суретшілр шығады деген үміт бар.

– Сіз график-суретшісіз. Бұл сонау Алматы көркемсурет училищесінде оқып жүргенде таңдаған бағытыңыз ба?

– Ол бала күнімде басталған. Себебі ол заманда сурет салатын бояу табу әсіресе ауылдық жерде қиын. Сондықтан жай ғана қаламмен сала бастадым. Уақыт өте келе басқа да жанрда сурет сала бастадым. Бірақ жаныма жақыны осы графика бағыты болды.

– Жалпы көркемсурет жанрлары, әсіресе абстрактлі суреттер, мәселен, сіздің қиял мен шындық астасқан кейбір картиналарыңыз – мұның барлығы суретшінің ішкі дауысы, мені деп қабылдасақ бола ма? Әлде бір суретші бірнеше жанрда сала беруі заңды ма?

– Ішкі дауысы десекте болады. Бірнеше жанрда сурет салу әр суретшінің өз еркінде. Сурет өнерінде шекара болмау қажет деп ойлаймын. Оның барлығы суретшінің шабытына байланысты.

– Кейбір ақындар 40 жастан кейін жазған. Олардың бәрін «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлшемге саяды деу қиын. Суретшілерде осындай кездейсоқтық бола ма? Кенеттен сурет сала бастау…

– Костка Чонтвари деген венгр суретшісі болған. Ол фармацевт болыпты. 45 жасында ол өзінің дәріханасын сатып, суретке керек құралдар сатып алып әлемді мойындатамын деп саяхатқа кетіпті. Атақты Пабло Пикассо бір көрмені аралап жүріп Костканың суретін көріп «Менен асқан шебер суретші бар екен ғой» деп мойындаған. Сондықтан өнер адамға айтып келмейді.

– Мұны айтып отырған себебім, мен өзім абстрактілі суреттерді қарағанды жақсы көрем. Кейде суретші не айтқысы келді екен деп ұзағырақ тесіліп қараймын. Бірақ «түк түсініксіз» картиналар да болады. Сондайда «Бір+бір» фильміндегідей шашырата алған бояулар ма деп қалам. Суретшілер бір бірін қалай түсінеді?

– Абстракция негізі түстерді ойнатудан құралады. Абстракциянизм  адамға сурет ішінен жұмбақ әлемді іздегенмен бірдей. Өйіткені ми жұмыс істеп ойлау қабілетін жақсартады. Былай алып қарасаң абсракциянизмді біздің әжелеріміз жасаған. Киіз басу ол тұнып тұрған абстракция. Оны көбі түсіне бермейді.

– Әлемге танымал 10 картинаның ішінде қазақ суретшілері неге жоқ?

– Картинаның танымалдылығын өлшеп немесе топқа бөлу ол үлкен қателік. Себебі қазір картинаны үлкен суммаға сатып алады да, сол картинаны ең үздік деп есептейді. Бұл әрекетті сұлулық байқауымен салыстыруға болады. Жюри мына қыз сұлу деп есептейді және сол қыз ең сұлу боп шыға келеді. Ал ауылда ол қыздан асып түсетін бояусыз, әшекейсіз қыздар жүр. Мен бұндайды сорақылық деп атаймын және бұндай нәрсеге жол бермеуіміз қажет.

– Өзіңіз суретшілердің кімді жақсы көресіз және неге?

– Мен нақты мына суретшінің өнері ұнайды деп айта алмаймын. Бізге суретшілерге баға беретін тек қара халық.

– Сіз АҚШ, Франция, Польша сияқты шет елдерде бірнеше көрмеге қатыстыңыз Қазақстандағы көрмеге келушілер мен шет елдердгі көрмені қызықтаушылар арасында айырмашылық бар ма?

– Жоғарыда айтып өткенімдей біздің халық барлық өнер түріне бейім келеді. Бірақ біздің жұрт көрмеге келу жағынан шетелмен салыстыруға келмейді әрине. Өйіткені біздің түсінік басқа және біз халыққа кінә арта алмаймыз, қинауға да құқығымыз жоқ.

– Сіздің ұлыңыз да суретші. Жолыңызды жалғағанына қуанасыз ба?

Бір балам суретші, екіншісі зергер. Жолымды қуғанынына қуанғаным рас. Бірақ бастапқыда баламның суретші емес мұнайшы болғанын қалағанмын. Әуелі Алла, одан соң өзінің өнерге деген қызығушылығының арқасында  келді.

– Ұлыңыздың картиналарын сынайсыз ба? Оның бұған көзқарасы қандай?

–Жоқ. Оны неліктен сынауым қажет? Оның өнерге деген көзқарасы менікінен бөлек. Жаңа қырынан қарайды десем де болады. Оның өз ортасы бар. Қазір шүкір, жұмысының жемісін көріп жүр.

– Немерелеріңіз бар ма? Олардың да суретші болғанын қалар ма едіңіз?

– Немерелерім бар. Кім боламын десе де өз еріктерінде. Алла қалап суретші болса мен әрине қуанамын.

– Өз картиналарыңыздың ішінде өзіңізге жақыны әрі әсерлі оқиғасы бар қайсысы?

– Арал балықшыларына арнап салған картинам өзіме өте ыстық. Себебі Йеменнің Сана қаласында бас жүлдені алған болатынмын.

– Әйеліңіздің де сурет өнерінен хабары бар ма?

– Мені құтқарып қалған әйелім (күліп). Өйткені менің өнеріме жағаласпайды. Жағаласса маған үлкен кедергі болар еді. Сондықтан да болар өнерге қызықпайды.

– Арманыңыз бар ма?

– Армансыз адам болмайды ғой. Арманым, Алла қанша ғұмыр берсе сонша көрме ұйымдастырғым келеді. Жасым ұлғайса да өнерімді тоқтатқым келмейді. Себебі менің өмірім бұл менің картиналарым, өнерім.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!