Қарапайым жұмыс күні. Қала іші әдеттегідей, өз сарынында. Ал біз «Достық үйінің» құрылыс алаңына табан тіредік. Таңғы сегіз шамасы еді, мұндағы мамандар уақытқа қарамастан жұмыс істеуде. Бірі бетонмен арпалысып, енді бірі темірмен «тілдесіп» отыр.

Бұл «Бір күн» айдары аясында құрылысшылардың күнделікті күйбең тіршілігін көзбен көру үшін ұйымдастырылған бір күндік сапар болды. Ал дәл осы мамандық иелері жайлы жазуымыздың да себебі бар. Өйткені тамыз айының екінші жексенбісі − құрылысшылар күні.

Қала көркін келтірген шебер қолдар
Суретті түсірген: Нұрболат Нұржаубай

Тынысы тар алаңның тәртібі мықты екен. Нысанға кірген бетте каска берілді. Журналист болсақ та, қауіпсіздік бәріне ортақ.

 Бізді алғашқы болып мердігер мекеме «Астана сервис ltd» ЖШС-ның аумақ басшысы Бағдат Құтанов қарсы алды. «Таңертең әр маман нысанға уақытылы келіп, өз міндетіне кіріседі. Жұмыс басталар алдында техникалық қауіпсіздік тексеріледі. Бұл – міндетті процесс» деп сөзін бастады ол. Сөзі де, ісі де салмақты маманның бұл салада еңбек етіп жүргеніне 20 жылға жуықтаған. Айтуынша, жұмысшылармен тіл табысу, биікте жұмыс істеу – ең күрделі кезеңдердің бірі. Бұл жерде әр адамның қауіпсіздігі мен тәртібі басты назарда. Мұны біз де байқадық.

 Басшылықтың таңғы тексерісінен кейін әр жұмысшы өзіне тиесілі құрал-сайманын жинауға кірісті. Қауіпсіздікке арналған көзілдірік, қолғап, арнайы форма мен аяқ киім – бәрі талапқа сай. Қорғаныссыз бір қадам да жасалмайды. Қауіпсіздік – басты шарт. Нұсқаулықтан соң құрылыс алаңында тіршілік қыза түсті. Бірі арматурамен айналысса, енді бірі кірпіш қалап, үшіншісі сылаққа кірісіп кетті. 50-ден аса маманның әрқайсысы өз ісінің басында.

Алдымен бірінші қабатқа бет алдық. Бұл қабаттың жобасы ерекше. Мұнда 200 орындық үлкен зал қарастырылған. Оның айналасын кеңсе бөлмелері мен ашық форматтағы жұмыс аймақтары, яғни опен-спейстер қоршайды. Орталықтың ішінде 60 орындық шағын кофейня да орналасады екен. Жұмыс арасында тынығу мен бейресми кездесулерге арналған мұндай кеңістік заманауи форматтың бір үлгісі. Жертөле қабатта түрлі үйірмелерге арналған кабинеттер, күзет бөлмесі мен қоймалар орналасады. Яғни, бұл ғимарат болашақта мәдениет пен қоғамдық өмірдің тоғысқан мекеніне айналмақ.

Осы қабаттардың бірінде сылақ жұмыстары қызып жатыр екен. Қабырға түбінде тізерлеп отырған әйел кісіге көзіміз түсті. Қолындағы сайманымен сылақ жағып жүр. Жылдар бойы жинаған тәжірибеден бе екен, бізбен сөйлескенде де қолы икемді қозғала берді. Айтуынша, бір күнде шамамен 15-20 шаршы метр аумақты сылайды. Бірақ бұл сан әркімнің тәжірибесіне, қабырғаның қисығына, кедергісіне қарай өзгеріп отырады. Мұнда ештеңе асығыстықпен істелмейді. Жоспармен, есеппен, тиянақтылықпен атқарылады.

Айналаны шолып жүріп, әр буын өкілін жолықтыруға болатынын байқадық. Жас маман да бар, отызды орталағандар да, тәжірибесімен бөлісіп жүрген орта буын мамандар да жетерлік. Осы тұста бізге жолсерік болған Қызылорда облыстық құ­рылыс, сәулет және қала құры лысы басқармасының бас маманы Қуандық Іскендір сөзге араласты. Әңгіме жастардың құрылысқа қызығушылығы төңірегінде өрбіді.

 – Жастар әдетте көмекші ретінде жұмыс істейді. Біріне құрал алып беріп, екіншісіне тіреп ұстауға жәрдемдеседі. Мұнда жұмыс істеп жүрген мамандардың дені 30 бен 40 жас аралығындағы тәжірибелі құрылысшылар. Дегенмен салаға қызығушылық танытып, өндірістік тәжірибеге келетін студент те көп. Олар диплом алып, жас маман атанған соң «жастар практикасы» бағдарламасы арқылы да келеді, – деді ол.

Қала көркін келтірген шебер қолдар
Суретті түсірген: Нұрболат Нұржаубай

Әрбір қимыл сайын қауіпсіздік ережелерінің бұл алаңда бірінші орында тұрғанын аңғардық. Аяқ астынан бастап, төбеге дейін қарап жүру – құрылыс алаңындағы жазылмаған заң. Әсіресе биікке шыққанда жан-жақтағы қозғалысты көзбен шоласың. Қолына дәнекерлеу құралын ұстаған жұмысшылар көзілдірік пен қолғаптарын киіп, өз істеріне кіріскен. Бір қарағанда, жай ғана қозғалыс сияқты. Бірақ бізге сол іс-қимылдың артында үлкен жауапкершілік жатқандай көрінді. Біз алыстан бақылап тұрғанда, нысан басшысы бұл алаңда кез келген адамның жұмыс істей бермейтінін еске салды.

 – Мұнда келетіндердің басым бөлігі – тәжірибесі бар құрылысшылар. Әркім өз ісін біледі. Дипломы барлар да, арнайы курстан өткендер де бар. Мысалы, дәнекерлеуші болу үшін тек шеберлік емес, арнайы рұқсат қағазы да қажет. Ал мына кранды жүргізу тіпті екінің бірінің қолынан келмейді. Айлық көлемі де жұмыс ауырлығына қарай есептеледі. Орташа алғанда 200-300 мың теңге шамасында, – деді ол бізге қарап.

 Қауіпсіздік – бұл жерде жай ғана ереже емес, өмір сүру шарты. Әсіресе биікте жұмыс істейтіндер үшін. Мысалы, жоғарғы қабатта жұмыс істейтін жұмысшы белдік тақпаса, ескерту жасалады. Ал талапқа бағынбай, тағы да қайталаса – айыппұл салынып, тіпті жұмыстан шеттетілуі мүмкін. Абырой болғанда, бұл нысанда мұндай тәртіп бұзушылық тіркелмеген. Себебі әр маман өз ісінің шебері. Жауапкершілікпен қарап, тәртіпке бағына біледі.

Жоғарыда айтқанымыздай, құрылыс алаңында қол күшімен жұмыс істейтін мамандар – бетоншы, арматуршы, сылақшы, тас қалаушы, дәнекерлеуші секілді шеберлерден бөлек, ішкі ұйымдастыру ісіне жауапты инженерлік-техникалық қызметкерлер құрамы да бар. Әрқайсысының орны бөлек, міндеті нақты.

Солардың бірі – Жүсіп Мұсаұлы. Күн қақ төбеге келгенде «Талонды таңертең алып келгенмін» деген дауыс естіліп, сәлден соң өзі де төбе көрсетті. Байқасақ, жұмыс барысын құжатпен қадағалап отыратын маман – осы кісі. Уақыт оздырмай, біз де сұрағымызды жолдадық.

– Таңертең сегізде жұмысқа келеміз. Алдымен техниканың жарамдылығын тексереміз. Содан соң жүргізушілерге дизель отыны мен бензинге талон беремін. Әрқайсысы алғанын қол қойып растайды. Бұл – техниканың қозғалысын бақылап отырудың бір жолы, – деп түсіндірді ол күнделікті тәртіпті.

Қала көркін келтірген шебер қолдар
Суретті түсірген: Нұрболат Нұржаубай

Жүсіп Мұсаұлының айтуынша, құрылыс алаңындағы әрбір жұмыс кезеңі – арнайы журналдарға мұқият тіркеледі. Техника қауіпсіздігі, өндірістік жұмыс кестесі, қабылдау актілері – бәрі дерлік қағазға түскен. Қандай құрылыс материалы келген, қанша көлемде пайдаланылған, бетон қай күні, қай сағатта құйылған – осының бәрі тіркеуге алынып, есептеліп отырады.

Қала көркін келтірген шебер қолдар
Суретті түсірген: Нұрболат Нұржаубай

Шаңқай түс кезі. Нысанның шетіндегі дүңгіршектен буы бұрқырап астың иісі шықты. Міне, осылайша сағат тілі үзіліс уақытын, яғни 12.00-ді көрсетті. Қызу жұмыс бір уақта басылды. Аспаздың да графигі, арнайы ас мәзірі бар екен. Ауыр еңбек жасаған адамға жеңіл ас ұсыну – ауыр жаза демей не? Сондықтан асханада әзірленетін тағам да нәрлі болуы шарт. Үзіліс 14.00-ге дейін жалғасты. Жақсылап әлденіп алған әр маман өз жұмысына білек сыбана кірісіп кетті.

Жоғарыға қарасаң ашық аспанмен ұштасқан жұмысшыларды көресің. Үшінші қабаттың плитасын жабуға дайындап жатыр. Міне, жұмыстағы ең қиыны да осы монолит екен. Нысан басында жүріп, жұмыстың әр сәтіне куә бола отырып, біз де осының қиындығын сезінгендей болдық. Бетон дәл уақытында құйылып, өз мерзімінде кебуі тиіс. Бұл процестің салғырттықты көтермейтіні бірден байқалады. Жеті күн сайын арнайы құрылғы арқылы тексеріліп, сынамалар алынады. Ал 28 күнде тағы бір толыққанды бақылау жүреді. Бұл – ереже. Ал ең маңыздысы бетонды бір-екі сағат тосып қоюға болмайды. Қандай температурада жеткізілсе, дәл сол қалыпта бірден құйылуы шарт. Себебі осы бір сәттік шешімнің өзі болашақ ғимараттың сапасына әсер етеді.

Осы арада бас маман Қуандық Жомартұлымен «Достық үйі» жайлы әңгіме өрбіттік.

 – Ғимараттың сырты әйнекпен толық қапталады. Құрылыс заттары түгел отандық өнім. Көп бөлігі Алматыдан алынды. Жұмыс барысы кестеге сәйкес, тіпті асып келе жатыр. Рұқсат құжаттары 11 сәуірде алынып, жұмыс сол кезеңде басталды. Жоспар бойынша нормативтік мерзімі – 10 ай. Бірақ келесі жылға өтпей, биыл жыл соңына дейін өткізу жоспарда бар. Ғимарат ашылғаннан кейін үлкен көрмелер, түрлі жиын, концерттік іс-шаралар өтеді, – деді ол.

Байқағанымыздай, құрылыстағы әр сәт үлкен бақылаудан өтеді. Таңертең басталған жұмыс, кеш батқанға дейін тұрақты тексеріледі. Бекітілген бақылаушы мамандар бар. Сонымен қатар тапсырыс беруші тарап та мониторинг жүргізеді. Олар да белгілі уақыт аралығында құрылыс барысын тексеріп, жоспарға сай орындалып жатқанын бағамдайды. Бұл – құрылыс сапасын қамтамасыз ететін қос тетік.

 Құрылыс алаңында жүрген әр адамның өз орны, өз міндеті бар. Мұнда әмбебаптық емес, нақты мамандану маңызды. Себебі мұнда қателік кешірілмейді. Шынында да, құрылыс – тек қол күші емес, дәлдік пен жауапкершілікке сүйенетін сала. Ал ондай жүйеде әркім өз ісін жетік меңгергенде ғана нәтиже сапалы болады.

Қала көркін келтірген шебер қолдар
Суретті түсірген: Нұрболат Нұржаубай

 Күн еңкейіп, алаңды қуаң жел сипай бастағанда құрылыс алаңындағы қарбалас та саябырси түсті. Сағат тілі 19:00-ге таяғанда әр маман қолындағы құрал-сайманын жинап, бүгінгі еңбектің нүктесін қойып жатты. Тас пен темірдің арасында жүрген жандардың бетәлпетінен шаршау білінді.

Міне, құрылыстағы бір күн осылай өтті. Бір сәт жандарында жүріп, бақылағанның өзінде бұл саланың маңызы мен қиындығын түсінгендей болдық. Ал өмірін осы бағытқа арнаған мамандар күнделікті шаң мен тастың ортасында жүреді. Ертең бұл алаң тағы да қайнаған тірлікке толады. Тағы да шеге қағылып, кірпіш қаланып, бетон құйылады.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!