Мейірбек Сұлтанхан – дүбірлі додада дес бермейтін, дүйім жұрттың ықыласына бөленген айтыскер ақын. «Сен тұр, мен атайын» деген кіл мықтының арасында кідірмей, табан асты тауып айтар тапқырлығымен көзге түсті. Осы орайда, Сыр елінің мақтанышы, «Айтыстың ақтаңгерімен» әңгіме өрбіткен едік.
– Өмір жолыңыз көпке белгілі болғанымен, кей соқпағы өзіңізге ғана аян. Айнадағы Мейірбекке қандай сұрақ қоясыз, өзіңізге есеп бересіз бе?
– Айналамыз таныған және айнадағы Мейірбектің арасы жер мен көктей. Адам жасы келгенде күнделік, естелік жазуды қолға алады. Есеп беру де есейгенде келетін дағды секілді. Қазір алдағы жылға жоспар құрып, өз-өзіме есеп беремін. Сондай-ақ қалыптасқан қағидам бар. Ағайын-туыстың тізімін жасап, қолым босағанда хал-жағдай сұрасып, хабарласамын. Бұдан бөлек шығармашылық ізденіс, кітап оқу және спортпен шұғылдануға арнайы уақыт бөліп, меже бекітемін. Бұрын мұндайға мән бермейтінмін. Бірақ зымыраған уақыт ішкі ереже мен қағиданың қажет екенін айғақтады.
– Барлық ақын баласы бір ананың». Айтыңызшы, айтыс ақындарының ауызбіршілігі қандай? Сахнадағы сөз тартысы сыртта жанжалға жалғасқан кез болды ма?
– Иә бұл жайында көрермендер де «кейде бір-біріңе ауыр айтасыңдар, шыққаннан кейін жанжал шығып, төбелес туындамай ма?» деп сұрайды. Ақын мықты болса сахнада жауап беру керек, ал жау кеткеннен кейін қылышыңды тасқа шап дегендей, айтыс біткеннен кейін бармақ тістеп, өзге ақынға өкпе артудың қисыны жоқ. Айтыстан соң бірбіріне өкпелеп, тіс батырып «келесі айтысқа келгенде көрсетем, ақымды қайтарам» деу ақынның ішкі «мені» яғни эгосы. Мен бұдан жеңілдім, ендігіде тағы жеңілем деген ой болса айтысқа шықпай-ақ қойғаны дұрыс. Ал бүгін есемді жібердім, ертең қарымтамды қайтарам десе ақынның алға ұмтылуына күш береді. «Ақындар сахнада пышақтасып, былай шығып жүреді құшақтасып» деген Шорабек Айдаровтың сөзі бар. Меніңше, сахнада айтылған сөз сол жерде қалу керек.
Барлық ақынның бірлігіне жауап бере алмаймын. Бірақ Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілер халықаралық одағы бар. Мүшелері бір-бірімен хабарласып, алдағы айтыстардың жоспары, басқа да мәселе талқыланып, ақыл-кеңес айтылады. Одақ ортақ мүддеге келгенде ыдыраған емес.
– Қарсыластың кемшілігіне күлу негізгі тактика секілді. Қалай ойлайсыз, жеке бастан өтіп, тұрмыс тірліктен әрі аса алмау тақырыптан ауытқуға себеп емес пе?
– Бір ақынның бойдақтығын жиырма жыл бойы айтып, дене пішімі туралы сөз қозғап, болмаса жұмыссыз жүргенін бетіне басады. Әрине бұл ақынның жеткізу шеберлігіне байланысты. Ал оны көзге бадырайтып айтқанда өлеңнің қара сөзден айырмасы қалмайды. Әзілкештің жеңіл-желпі әңгімесіндей етудің қажеті жоқ. Ақын барынша ой көркемдігі мен өлең құдіретін көрсеткені дұрыс. Оның үстіне айтыста немесе былай да болсын адамның көңіліне тиетін дүние болады. Тараздық әпкеміз Алтынкүл Қасымбековаға қарсыластары тұрмыс құрмағаны туралы жиі айтатын. Сонда ол: Менің де керек десең қыз атым бар,
Егер де қолдан келсе ұзатыңдар.
Меккенің қағбасындай көңілімді
Мектептің партасындай сызасыңдар, – деген. Сондықтан жанды жараламау, көңілді қараламау назарда болуы тиіс.
Қазір әлеуметтік желінің дамыған кезеңі. Ақын ізденісіне қарай актуалды тақырып та таба алады. Кез келген өңірдегі ақпаратты, кемшілікті сайтта айқайлап, жарыса жариялайды. Яғни қарсыластың кемшілігін айтқанша үлкен масштабтағы мәселені қаузаған дұрыс. Микроскоппен қарайтын нәрсеге телескоппен үлкейтіп, теңгедейден теңіздей дүние жасаудың қажеті шамалы. Одан ақын абыройының артуы да неғайбыл.
– Бөлінген бюджеттің талан-таражға түсуі, қазылар алқасына көңіл толмаушылық, нағыз жыр дүлдүлінің жеңістен құр алақан қалуы сынды жайттар аз емес. Бұл айтыстың айшықты келбетіне сын секілді. Бұған не дейсіз?
– Барлығын тендерге байлап қойған. Осылайша айтыстың не екенін, оның өту барысын білмейтін адамдар ұйымдастыруға кіріседі. Сондықтан қаржының қалтада кетпесіне кепіл жоқ. Әділетсіздік әр қоғамда болады. Айтыс та соның көрінісі. Қиянат жасайтын қазылар да жетерлік. Содан меселі қайтып, көзінің оты өшкен жүйріктер бар. Сол себепті айтатын тұста айту керек. Бұрын «жарайды, бір-екі рет алдымды кесті ғой» дейтін болсақ, ал қазір жастар мұндай қиянатты көрмесе екен, бізден кейінгі інілердің меселі қайтпасын деген оймен ескертуге тырысамын. Жақсы айтысып, бірақ төмен ұпай жинаған ақын болса жылы сөз айтамын. «Еңсеңді түсірме, бағындырар белесің алда» деудің өзі жүйрікке қамшы болады. Шын дүлдүл бәрібір тарихта, ел аузында қалатыны ақиқат. Мәселен, Ораздың мінген отыз көлігі немесе алпыс бас бәйгесі жоқ. Бірақ елдің ақыны болып, есімі қалды. Бекұзақ Тәңірбергенов те солай. Жыр сүлейі атанып, халықтың ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленді. Демек айтыста алған бәйге емес, айтқан сөз қалады.
– Айтыс – интеллектуалдық өре байқалатын, ойға қармақ, санаға салмақ салынатын аламан. Десек те келісіп айтысу белең алды. Жалпы экспромттық үлгі қаншалықты сақталып жүр? Алдын ала дайындықпен өнер көрсеткен сәтіңіз болды ма?
– Қазір бұл індеттің беті қайтып, ақындар айтыстың бұрынғы дәстүріне бағынып жүр. Жеребе бойынша да ұйымдастырылуда. Яғни қарсыластың кім екенін сахнада біледі. Міне осыны шын жүйрікке таптырмас мүмкіндік дер едім. Айтыстың түрлі жанры бар. Біз тек сүре айтысқа түсіп алып, ол ұзын сонар кезекпен аяқталады. Ал қайым, қыз бен жігіт, өтірік өлең айтысы уақыт талабына сай көрерменді қанағаттандыра алмай, басылып қалды. Көрермен де бастан-аяқ өтірік өлең айтысына билет алып келмейді. Мұны жаңғыртудың жалғыз тәсілі – командалық айтыс. Жерлестерге жағымды жаңалық, бұл дәстүр қайта жалғасын таппақ. Яғни Қызылорда және Оңтүстік Қазақстанда дәстүр жаңғырады. Ол күннің де ауылы алыс емес. Бізге қажеттісі де жанрларды дамыту.
Ақынның алдын ала дайындығы болмаса айтысқа шықпай-ақ қою керек. Жалпы қатысуға шабыт пен ынтаң бар ма? Осыны анықтаған жөн. Мұны ішкі дайындық дейді. Одан кейін тақырыпты зерттеп-зерделеп барған жөн. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің мерейтойы болса, «Абай жолын» жазған адам ғой, оны мектепте оқығанмын деп барғанды жауапкершілікті және артылған жүктің аманатын сезбеген ақын деп білемін. Айтысқа ақын деп шақырған соң үлкен дайындық қажет. Мерейтойы болған тұлғаны сан қырынан зерттеп, көзін көрген адамның естелігін тыңдап, шығармашылығымен толық танысып, айтыс өтетін өңірдің де жай-жапсарын білу маңызды. Кез келген ақын ұйқас тауып, жарты сағат жырлап беруге шамасы жетеді. Бірақ өлеңнің көркемдігі, ойдың ұшқырлығы мен ақынның ізденісі біте қайнасуы қажет.
– Өткен дәуірдегідей жиылған жұрттың қошеметімен кеш батып, таң атқанша айтысу жоқ. Қазір уақыттың шектеулі болуы тұлпарға тұсау салғанмен тең тәрізді. «Әттеген-ай, мына ойымды айта алмай қалдым» деп қапы қалған тұсыңыз болды ма?
– Әр айтыстан кейін «әттеген-ай» болады. «Алтын домбыра» финалында да сондай сәт болған. Қазір осылай айтамын деп отырып, қарсыластан кезегіңді алғанда ұмыт қалады. Бір мезетте бірнеше ой келіп, соның біреуін айтып үлгересің. Айтыс біткеннен кейін «мына жауабымды бермеппін ғой» деген ой туындайтыны рас. Өз айтысымды тыңдағым келмейтіні сол. «Қап, былай жауап беріп, идеяны былай жеткізуім керек еді» деп саралаймын. Кейде өз тапқырлығыңа риза болатын кез де аз емес. Бірақ мұның соңы мақтану мен массаттануға жалғаспағаны жөн. Бұл ақынның құлдырауына әсер етеді. Сондықтан әр кемшіліктен сабақ алу ақынның келесі айтыста бағы мен бабы қатар шабуына жол ашады.
– Айтысты асыға күтетін адам көп. Жастар жағында да қызығушылық жоқ емес. Ал зиялы қауым өкілдері айтысқа қаншалықты жиі келеді?
– Алдымен зиялы қауымды анықтап алайық. Тек қаламақысын төлесе айтысқа келіп, былай шығып жамандап, айтыс керек емес дейтін де «зиялыларды» көргенбіз. Ал шын жанашыр болып, өнердің өлмеуіне, келешек ұрпаққа жетуіне атсалысып, бағыт-бағдар беретін үлкен кісілер бар. Елена Әбдіхалықова апамыз «Айтысымның бірінде Нұрғиса Тілендиев орын таппай, залда тұрып тамашалаған» деген еді. Ал қазір шақырсаң да келтіре алмайтын адамдар жоқ емес.
– Журналистік қызметіңізге ой-қуатыңыз кетеді делік. Мұның айтыстағы өнеріңіз бен қабілетіңізге салқыны тимей ме?
– Айтыс пен журналистика бір-бірін толықтырады. 17-18 ғасырдағы БАҚ өкілдері қызметін айтыс ақындары атқарған. Айқайлаған сайт, аттандаған посттар болмаған кезде ақынның бір шумақ өлеңімен хабарды жер-жерге таратқан. Десек те уақыт тығыз болғандықтан кей айтысқа қатыса алмайтыным рас. Бірақ журналистика мен айтыстың арасы алшақ емес. Бұл ақынның бабында жүруіне мүмкіндік береді. Журналистік ізденіс айтыс кезінде пайдасын тигізеді. Ал айтыс барысындағы дайындық тақырыптық қалам тербеуге негіз. Мұндай сәтте қуанамын. Меніңше, жұмыс қызып, қауырт болған сайын шабыт ашылады. Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, филология факультетін бітірдім. Қазір «EL ARNA» телеарнасында эфирге шығатын «Кімнің есінде?» жобасының авторы әрі жүргізушісімін. Әр бағдарламаның сөз тазалығы мен дұрыс жазылуын, қателік кетпеуін назарға аламын. Бұл – мен үшін үлкен мектеп. Үйренгенімнен үйренетінім әлі көп. Сондықтан ізденісті тоқтатпаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!