«Кемеңгерге де кеңес керек, ай түнде, ақыл күнде керек» дегендей, ақылды көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұраған жөн. Сондай тұлғаның бірі, үнемі жайраң қағып жүретін Қалдыбай Сүгірбай биыл 85 жасқа толды. Ол 1939 жылы 14 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ақсақал ұзақ жылдар Шиелі ауданының ұлттық идеологиясына жетекшілік жасады. Мамандығы орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, аудандағы этнос өкілдерімен тіл табысып, ұлттар арасындағы достықты сақтай білді. Қалекең жағымды мінез-құлықпен орыс, шешен, корей, татар, өзбек сынды ұлттар арасында да «Уважаемый, Калеке» атанып, аралас-құралас жүріпті.

Өткен дәуірдегі коммунистік партияның алдыңғы шептегі батыл, қайсар, өте білімді старшинасы болды. Оны замандас тұстастары жақсы көрді. Қазіргі қариялар да Қалекеңді көргенде бауырлары келгендей құшағын жаяды. Мұның артында көркем мінез, үлкен жүрек, адалдық, адами қасиет, зор білім жатқандығын анық аңғарамыз.

Сананы үзбей жетілдіріп отырудың бір жолы – кітапқұмарлық. Оған газет-журналдарға деген жанашырлығын қосыңыз. Екіншіден, өнерге деген құрметі. Өнер адамдарымен тығыз байланысы. Әсіресе дүлдүл әнші Роза Бағланова жайлы айтқан естелігі бізді тәнті етті. Жастарға, ұрпаққа айтары бар үлгілі қарияның берер тәлімі мол. Сол үшін де Қалдыбай Смайылұлымен ауыл ақсақалымен сөйлескендей, еркін әңгіме-дүкен құрдық.

– Өміріңіздің алғашқы шырағданы жағылған тұстан бастап айтып берсеңіз?..

– Әкем Смайыл Сүгірбайұлы 1896 жылы Шиелі ауданына қарасты Бәйгеқұм елдімекенінде дүниеге келген. Оның айтуынша, отбасымыз Бәйгеқұм, Тартоғай, Сұлутөбе сынды елдімекендерде көшіп-қонып жүрген. Ұлы Отан соғысы жылдарының алдында Қызылорда қаласына қоныс аударып, темір жолшы болып жұмысқа орналасады да, сонда баспаналы болады. Әкем кең иықты, денелі, сары кісі еді. Барынша аңқылдақ, жалған сөзге жоқ болатын. Еңбектен қашпайтын қарулы жан. Темір жолда вагон құрастырушы болған, жұмыс аяғында үйге қаппен көмір, небір қажетті темір бұйымдарын таситын.

Ал анам Күлшәрі 1906 жылы туған. Әкесі Әжімбеттен өзінен басқа Күлбәрі атты сіңлісі, Ұлы Отан соғысына қатысқан Мұхтар атты інісі болған. Анамыз ескіше де, жаңаша да мектепте оқымаған, бірақ зеректігі сондай – латынша да, орысша да жазуды меңгерген. Газет, журнал, әдеби кітаптарды өзі оқи беретін. Анамыз 7-8 құрсақ көтергенімен, олары жастай шетіней берген, тірі қалып, өсіп-жетілгені ағамыз Базарбай екеуміз-ақ.

Қалдыбай Смайылұлы: Роза Бағланованы жүк көлігімен тасыдым

– Бала күніңіз бен бозбала дәуірдің арасындағы дәурен әлі есіңізде шығар…

– Бала кезімде тым жеңілтап, ұшқалақ, тынымсыз болған едім. Бірде 5-6 жасымда темір жол бойында жерде жатқан күріш кебегін жүгіріп келіп баспаймын ба, бір-екі қадам аттамай-ақ аяғымды күйдіріп, баж ете қалдым. Сүйтсем жаңағы кебектің арасы бықсып жанып жатқан шоқ екен, ойбайлап жағалай өскен тал арасындағы арыққа қойып кеттім, ол аяғымды онан сайын ашытып, жылап-еңіреп үйге келіп, шешем не болғанын біліп, дереу аяғымды майлап, таңып, жатқызып тастады. Екі-үш күнде әрең жазылса болар ма?

8 жасқа толған соң мені мектепке апарды. Қызылорданың Сырдария ауданына қарасты №43 мектептің бірінші сыныбына барып, оқуды бастадым. Мектебіміздің аты – «Коммунизм». Мектеп директоры Бисембаева апай, Мырзалы Оспанов, Күләйша атты апайларымыз болды. Жоғары сыныпта жүргенде математикадан Күлшәрі Рахметова апайымыз сабақ беретін. Бастауышта Ким Павел ағайымыз еді, өте сабырлы, ақылды, оқушыларды көтермелеп, сабақ оқуға ынталандырып отыратын. Неміс тілінен, географияден беретін Тотай Тұрлығұлов ағайымыз да сабақты жақсы түсіндіретін. Химия, биологиядан Елғондиев ағай да сабағына қызықтыра білетін.

1957 жылы «Коммунизм» мектебін бітіріп, сол жылы қаладағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетіне оқуға түстім. 1958 жылы ата-анамыз Бәйгеқұмға көшкен соң, 1958-1962 жылдары Қаншайым апайымыздың үйінде жатып оқыдым. Жездеміз Мақан өте жайлы кісі болды, мені туған інісіндей аялап, жағдай жасайтын.

Орыс тілі лингвистикасына қатысты ғылыми топқа қатысып, біраз картотека жасағаным бар. Ол кезде қолға ұстайтын валетка дейтін қорапша-сөмке болатын, соны толтырып картотека жиғанмын ғой, сол еңбегіме риза болған апайым Э.Кадькалова маған С.Ожеговтың 900 беттік «орыс сөздігін» сыйлады, сол кітап менде әлі сақтаулы. Бізбен бірге оқыған Садықбек Хангелдин кейін Алматыда жоғары комсомол, партия орындарында қызмет жасаған айтулы ақын, елге белгілі қайраткер болса, Әбдіжәлел Бәкір елге танымал саясаттану ғылымының докторы, профессор, белгілі шоқайтануышы ғалым, екі шақырылым қатарынан Парламент депутаты болды.

Институт бітіріп, жолдамамен Арал ауданы, Қаратерең елді мекеніндегі орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып орналастым. Барғанда мені мектеп директоры Ә.Мусин үйіне жатқызды, кейін Ә.Нұрмағамбетов деген мұғалімнің үйіне орналастырды. Екі-ақ ай жұмыс істедім де Совет армиясы қатарына шақырылып, Литваның Каунас қаласынан бір-ақ шықтым. Біз әскери байланыс саласында қызмет жасайтын болып, белгілендік. Сол кездегі қолданыста жүрген радиорелейлік аппаратты игеруміз тиіс болдық. Тобымызда М.Шехвиц деген мәскеулік еврей жігіті, Исламбек Аширов деген қызылордалық қазақ жігіті болды. Бір жылдан кейін мені Смоленск қаласындағы 2 айлық курсқа оқуға жіберді.

Қалдыбай Смайылұлы: Роза Бағланованы жүк көлігімен тасыдым

– Иә, әскер жігітті шыңдайтыны сөзсіз. Алайда сарбаз сапында жүріп ұстаздық қызметке қайта қалай ауыстыңыз?

– 1964 жылы жазда «педагог екенсің» деп мені әскерден босатып, аға лейтенант шенімен елге қайттым. Бәйгеқұмдағы ата-анама, аға жеңгеме қосылып, дем алдым да, күзде жұмысқа тұру мақсатында мамандығыма сай мұғалім болу үшін аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Дүйсет Тайманов ағайдың алдында болдым. Құжаттарыма қарап, мені сол Бәйгеқұмдағы №401 аралас оқу мектебіне жіберді. Мектеп директоры Бақыт Жанаева қабылдап, тиісті сағатын бөлді. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гук Андреевич деген кісі өте ақылды, өз ісін жете меңгерген, мәдениетті, жылы жүзді кісі екен, жұртпен жұмсақ сөйлесіп, тапсырманы орынды беретін де сұрайтын. Мектепте қазақ тілді де, орыс тілді де сыныптар болды. Сондықтан ұжымда орыс тілді, қазақ тілді мұғалімдер болды. Төлеген, Мыңбай, Әділхан, Шыныгүл және Рукавицындер Надежда, Любовь сынды оқытушылармен қызметтес атандым. Осында жүріп Шымкент пединститутында сырттай оқитын бастауыш сынып апайы Есенкүл Сапаралиевамен көңіліміз жарасып, сол жылғы 7 қараша мерекесі тұсында үйлендім.

Мен әскерде жүргенде КПСС қатарына мүшелікке кандидат болып қабылданған едім. 1965 жылы Шиелі аудандық партия комитетіне шақырылып, партия қатарына қосылдым. Сол аупарткомда қызмет жасайтын институтты менен бір жыл бұрын бітірген Олжабай Сапарбаев деген жігіт хатшының есіне салған болу керек, келесі 1966 жылы көктемде мен аппаратқа шақыртылып, «Білім» қоғамы аудандық бөлімінің хатшылығына тағайындалдым. Ауданда ешкімді танымаймын, 1-2 ай әке шешеміздің таныстарының үйін паналап жүргенде, басшылардың ұйғаруымен жаңадан біткен 2 қабат үйдің 2-қабатынан 2 бөлмелі үй бұйырды. Келіншегім екеуміз сол үйге көшіп алдық, тұңғышымыз Эльмира Бәйгеқұмдағы әке-шешеміздің қолында қалды. Сәті келіп Есенкүл де осындағы орта мектептің бастауыш мұғалімі болып жұмысқа орналасты.

Қалдыбай Смайылұлы: Роза Бағланованы жүк көлігімен тасыдым

– Өміріңіздің жаңа белесі ерекше оқиғалар мен жаңалықтарға толы болған секілді. Әсіресе Сәбира Майқанованың труппасымен өткен қызықтарды айтып беріңізші.

– Жаңа белес сол, 1967 жылы аупарткомның 1 хатшысының көмекшісі қызметіне шақыртылғаным болса керек. Өзімше үлкен қызметтің құлағын ұстағандай болып, жұмысқа құлшына кірістім. Бұл өзі келім- кетім құжаттармен, арыз-шағымдармен келетін адамдармен, олардың жазбаша өтініштерімен айналысатын, бір таусылмайтын жұмыс. Ара арасында «спецсвязьбен» келетін құжаттарды бар жұмысыңды қоя тұрып, жедел қабылдау қажет.

1969-1971 жылдары Қазақстан компартиясы Орталық Комитеті қарауындағы Алматы қаласындағы партия мектебіне оқуға жіберді. Оқу бітіріп, елге келгенде жұмыс орным сақтаулы екен, аппараттың жалпы бөлімінің меңгерушісі болып қызметімді жалғастырдым. Бұл жолы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып О.Бәйімбетов жұмыс істеуде еді. Өзімнің бұрыннан таныс құжаттармен жұмыс жасау міндетімді атқарып жүре бердім. Сөйтіп жүргенде 1977 жылы мені аупарткомның насихат және үгіт бөлімінің меңгерушілігіне тағайындады. Жұмыс ауқымы бұрынғыдан әлдеқайда кеңейді.

Аудандағы бюджеттік, әлеуметтік қызмет орындарымен тікелей айналыса бастадым. Аудандық білім бөлімі, денсаулық сақтау, мәдениет бөлімдерін қадағалау бізге тапсырылды, тіпті құқық қорғау органдары – сот, прокуратура, милиция орындары істерінен мәлімет алу, сауда орындары басшыларының жұмысын қадағалау секілді шегі жоқ жұмыстар қаптап кетті, тіпті соларда өткізілетін жиындарға қатысу, сөз сөйлеу, немесе сол жиналыстарға қатысатын аупартком хатшысының сөзін дайындау да бізге міндеттелетін.

Осы жұмыста жүріп облыстағы жиындарға қатысып, жаңа жігіттермен, қыздармен таныс, әріптес болдық. Облысқа белгілі ақындар М.Әміреев, Ә.Бәйменов, А.Кіребаев, обкомдағы А.Жұмабаев, Қ.Махамбетов, Ә.Бәкіров, Б.Ұзақбаев және тағы басқаларын жете тани бастадым. Ауданға іссапармен келетін газет, радио басшылары Қ.Әбенов, Ж.Бекхожаев, мектепте бірге оқыған журналист Ө.Жаппархановтармен танысу бұйырған еді.

Оған қоса Алматыдан ауданға гастрольмен келген жерлесіміз, танымал сахна саңлағы Сәбира Майханованы труппасымен, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегеноваларды ауыл-ауылға бірге жүріп, бастап апару да біздің еншімізге тиген еді. Тоқсаныншы жылдың басындағы қиын кезеңде бүкіл елге белгілі, айтулы әншіміз Роза Бағланованы таситын көлік болмай, Авангард совхозынан Шиеліге жүк көлігімен әкелгенімізді осы уақытқа дейін ұмытпаймын, ұяламын. Сондай да кезең болды ғой. Сол апамыз ауылдағы бір отырыста, дастарқан басынан тұрып, шығарда маған берген бір фотосуретіне «скромность украшает человека» деп жазыпты.

Аупарткомның насихат және үгіт бөлімі меңгерушісі қызметін 1991 жылға дейін жалғастырған кезеңде көптеген мекеме басшыларымен тіл табыса жұмыс істеп, басшылар берген тапсырмаларды соларға жеткізе отырып, оның орындалуын қадағалауда тың тәжірибе жинап, рухани өсе түскендей болдым, әсіресе жасы үлкен кісілермен қалай сөйлесіп, басшылық тапсырмасының орындалуын бақылауда көп ізденуге, оқуға тура келгені аян.

Қалдыбай Смайылұлы: Роза Бағланованы жүк көлігімен тасыдым

– Сейілбек Шаухамановпен де бірге қызмет атқарып, талай игі істердің тамыршысы болғаныңызды білеміз. Жалпы ол кісі қандай азамат еді?

– 1983-1987 жылдары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне Сейілбек Шаухаманов келді. Ол кісінің келуімен аудан өміріне көптеген ұнамды, ұтымды жаңалықтар ере келгені ақиқат.

Сәкең алғашқы қадамын екі дүркін социалистік Еңбек Ері, дала академигі атанған, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев денесі жатқан бұрынғы «Қызыл Ту», қазіргі Жақаев ауылына барып, ағасына құран бағыштаудан бастады. Одан кейін аудандағы айтулы ардагер ағаларының басын қосып, аудан экономикасы, өндірісін, ауыл шаруашылығының жағдайын жақсарту жолдары жайлы ақылдасып, көкейде жатқан өз ойларымен бөлісті. Алдағы жылдары атқарылуы тиіс іс-шаралар мен ауқымды жұмыстар жоспарын белгілеп, оларды бірте-бірте іске асыра бастады. Күзгі егін-тегін жинау науқанын ұйымшылдықпен бастау, іске асыру жолын белгіледі. Күзгі күріш ору ісін асқан ыждағаттылықпен жоспарлап, оны айтулы шараға айналдырды. Алғаш рет ауданда «Қызыл керуен» ұйымдастырылып, ондаған жүк көлігіне тиелген күріш аудандық астық қабылдау орнына салтанатты түрде жеткізілді. Осылай сәтті басталған Сәкеңнің алғашқы қадамы оның Шиелі ауданына басшылық жасаған 4 жылында көптеген жағымды жаңалықтарымен жалғаса берді. Осы жылдары Шиелі ауданы алғаш рет Отанға 600 мың центнер күріш өткізген еді.

Сәкең Ұлы Отан соғысы жылдары Шиелі ауданынан барып қан майданда опат болған боздақтардың есімдерін анықтап, «Октябрь» кинотеатры ауласына орналасқан тас тақталарға қашап жаздырып, мемориал орнатты. Сол кезде аудандық кинофикация бөлімін басқарған Ө.Исахановқа «сен мына мемориалдың шырақшысы боласың» деп, оның айналасын күтіп-баптап, көгалдандыру жұмыстарын атқаруды жүктеді.

Шиелі кентіндегі орталық алаңға асфальт төсетіп, түрлі жиындар, салтанатты шаралар өткізу кезінде пайдалану үшін трибуна жасатты.

Аудандық партия комитеті аппаратында қызмет жасаған ширек ғасырдан аса уақыт ішінде партияның өз қызметкерлеріне көрсетілетін қамқорлығын бір кісідей-ақ көре алдым. Әсіресе, жыл сайынғы еңбек демалысына шыққандарға көрсетілетін жәрдемі бір төбе еді. Партияның орталық басқару орындарына мүшелік жарнадан жинақталған қаржы есебінен емдік шара қорынан бізге партиялық шипажайларға тегін жолдама берілетін. Соның арқасында Қырымның Ялта қаласындағы Ленин санаториінде демалып, ем алып, серуендегенім бар. Осындай демалыста Сочи қаласында, Марьино елді мекенінде, Қырғызстандағы Ыстықкөл шипажайында демалдым. Сол жерде Бішкек қаласынан келген бір жігітпен танысқан едім. Оның өзі сол Бішкек қаласындағы тұтынушылар одағы саласында жұмыс істейді екен. Елге қайтар алдында сол жігіт мені ертіп, қарауындағы бір қоймаға апарып, сауда жасатты. Дүкендерде бола бермейтін киімдерін таңдатты. Қыздарыма әдемі көйлектер әкеліп, қуантқаным есімде. Қоңыр қызғылт түсті өте жұмсақ та жеңіл матадан тігілген әдемі, сәнді көйлектерді қыздарым біраз уақыт киіп жүрді.

Қалдыбай Смайылұлы: Роза Бағланованы жүк көлігімен тасыдым

– Шетелге шыққан сапарларыңыз жайлы айтып қалдыңыз. Мұнан басқа қандай елдерді араладыңыз?

– 1972 жылы алғаш рет шетелге туристік сапармен шықтым. Шиелі ауданынан 9 адам жасақталып Египетке бет алдық.

Сол жылғы қазан айының 25-і күні Москвадан Каирге самолетпен 5 жарым сағатта ұшып жеттік. Түнгі екіде «Семирамис» қонақ үйіне орналасып, ертеңіне Жерорта теңізі жағалауында орналасқан Александрия қаласына барып, онда 5 күн болдық. Таңертең ерте тұрып теңіз суына шомыламыз, күндіз қала аралаймыз. Бес күннен кейін Каир арқылы басқа елдімекендерінде болып, атақты пирамидаларын көріп, қызықтадық. КСРО-ның көмегімен салынған Асуан қаласын, оның Ніл өзеніне салынған плотинасын да тамашаладық. Осы жерде әскери міндетін өтеп жүрген өзіміздің шиелілік жігітпен сөйлесіп, білісіп қалдық. Бір кішкентай елдімекеніндегі зәулім мешітке барғанда өзіміздің қай жақтан екенімізді білген жергілікті бір кісі «мұнда неге келдіңдер, мінәжат етіп баратын жер өздеріңіздегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі емес пе?» деп таң қалып жатты.

Бірде Каир қаласындағы базардан біздің «Қазақстан» темекісін көріп, бұл жаққа қалай жеткен деп таңқалған едім. Мәскеуден шығарда біз 50 рубльге 22 фунт араб ақшасын ауыстырып алған едік.

Ол жақта алтын арзан көрінді. Бәкір, Жағыпар ағаларым бір-бірден алтын жүзік сатып алды да, ал ол бізде әрқайсысы 100 рубльден кем емес еді. Парча матаны мен Күләйша апамызға бердім, ол кісінің жұбайы Ленин колхозының председателі Әзімхан Исмаилов ағамыз менің Египетке бару жолдамамды төлеген екен.

Біз сол жылғы 5 қарашада Мәскеуге ұшып келдік те, қонақ үйлерге орналасуымыз керек болды. «Россия» қонақ үйіне орналасу үшін КПСС Орталық Комитеті қаржы шаруашылық бөлімінен рұқсат алуымыз керек. Ол жерде партия қызметкерлері есебінде Нұрбай, Жағыпар ағайлар және мен кідіріссіз өттік те, Бәкір ағай мен Пердәлі екеуі тоқтап қалды. Сөйтіп тұрғанда сол жерге Қызылорда облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Ыдырыс Қалиев келе қалмасы бар ма. Сөйлесіп, жағдай біліскеннен кейін Қалиевтің өтінішіне сай деп Бәкір ағай, оны көріп тұрып мен де өтініш жасап Пердәліге рұқсат алып, қонақжайға орналастық. Сол жерде отырып 7 қарашада Қызыл алаңда өтіп жатқан еңбекшілер шеруін тамашаладық. Ертеңіне бізді сол Мәскеуде тұратын, бұрын ГАИ қызметкері болған Әкім Мұхамеджанов ағамыз үйіне шақырды. Сол күні Жағыпар, Бәкір ағалардың шақыруымен әйелдері келіп, олар да бірге болды. Ол кісілер қой сойып, дастарқанға қоятын керек жарақтарын әкеліп, кішігірім той жасап жіберді.

Мұнан кейін де партия қамқорлығы арқасында жылына бір рет берілетін демалыс кезінде Мерке, Сарыағаш шипажайларында емделіп жүрдік. Сарыағаштағы демалыс кезінде Өзбекстанның Самарқанд қаласында да болдым.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет, ақсақал!

Сұқбаттасқан Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!