Тау-кен саласында еңбек етуге қызығасыз ба?
Екінің бірі бұл мамандықты таңдай бермейтіні анық. Өйткені жер астына түсіп, кен игеруге мықты денсаулықпен қатар, батылдық пен жауапкершілік қажет.
25 жастағы қызылордалық Қалихан Серікбай бүгінде Қарағанды облысындағы «NOVA ЦИНК» компаниясында еңбек етеді. Сорғы қондырғыларының машинисі қызметін атқаратын оның негізгі міндеті – жер асты суын жоғарыға, яғни арнайы шахта суын жинайтын орынға сорғы қондырғыларының көмегімен шығару.
Қалихан Қалмаханұлымен әңгімелесу барысында бір күндік жұмыс күні қалай өтетінін, бұл салаға қызығушылық неден пайда болғанын сұрадық. Жас та болса жауапты маман әр сұрағымызға мұқият жауап беріп, іске келгенде тиянақты, көзқарасы қалыптасқан азамат екенін байқатты.
Жаңақорған ауданында туып-өсіп, №110 мектеп-лицейінде білім алған ол 9-сыныптан кейін-ақ осы мамандықты таңдапты. Осылайша ата-анасының кеңесімен Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжіне «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша құжат тапсырады. Теорияны түсіну бөлек, білгеніңді нағыз еңбек алаңында қолдану бір басқа. Оқу орны елімізге аты әйгілі кен орны «Шалқия Цинк»-ке практикаға жіберетін. 16-17 жастағы студенттің бойында өндіріске деген шын қызығушылық сол кезде туындады.
Өз салаңды жақсы білу үшін, әрине, жоғары білім керек. Қалихан Қалмаханұлы мұнан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығында білім алады. Өндіріс саласы оңай әрі жеңіл жұмыс емес. Техникалық мамандықты жігіттер көп таңдағанымен, олардың өзі осы мамандық бойынша біраз жұмыс істегесін қиындығына шыдамайтыны бар. Сондықтан біз Қалиханнан жұмыс барысынан бұрын университеттегі оқу процесі туралы да сұрадық.
– Қорқыт ата университетінде осы мамандықты оқытатын білікті мамандар көп болды. Тек оқу орнының оқытушылары ғана емес, өндірісте жұмыс істейтін мамандарды да шақыртып сабақ өткізетін. Айта кетерлігі, тау-кен саласына қатысты оқулықтар мен ақпараттар негізінен орыс тілінде жазылған немесе басқа тілден аударылған. Сондықтан біраз тұсын түсіну қиындық тудыратын. Студент теория мен практиканы қатар алып жүрсе жақсы маман иесі болып шығады. Бұлай деуімнің себебі өзім оқумен қатар сол мамандық бойынша өндірісте де жұмыс істеп жүрдім. Қазіргі таңда дипломымды алып сол мамандық бойынша еңбек етудемін, – деді ол.
Жер астына түсіп қызмет атқарудың әлдеқайда өзгеше болары рас. Кеншілер жұмысқа қалай дайындалады? Қалиханның айтуынша, таңертең дәрігердің рұқсатын алғаннан кейін ғана жұмыс басталады.
– Мұнан кейін шахтаға түскенде қолданатын жарық шамы, өзін-өзі қорғау құралын алып, 400 метр тереңдіктегі жердің астына түсеміз. Сол жерде басшымыз әрқайсымызға жұмысымызды бөліп береді. Мұндағы менің жұмысым сорғы (насос) қондырғыларының ақауы бар-жоғын тексеруден басталады. Әрине, ешкім бірден қызметте бастық болып кетпейді. Осындай кішігірім жұмыстан тәжірибе жинап, білім алу арқылы өз-өзіңді дәлелдейсің, қызметте жоғарылайсың, – деді жас маман.
Өндіріс орны болған соң, қауіпсіздік сақтамаса болмайды. Оқушылар мен студенттер бұл мамандықтың қыр-сырын біле түссін деген ниетпен қандай қауіпсіздік шараларын ұмытпау керектігін, жұмыс кезіндегі тосын оқиғалар туралы да сұрадық.
– Өндірісте қауіпсіздік бірінші орында. Адам өмірінен қымбат еш дүние жоқ. Сол үшін әр адам өзінің амандығын ойлап, қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек. Ережелерге немқұрайлы қарап, жер астында газға уланып қалатындар да бар. Өз бетінше бұрғылау кезінде ауаның шлангасы үзіліп, жұмысшыға ауа жетпей өліп кете жаздаған жағдайлар да болды. Ондай кезде өзімен бірге алып жүретін қорғау құралын (самоспасатель) жылдам пайдаланады. Оның ішінде арнайы оттегі бар. Ол ауа жетіспеген жағдайда қауіпсіз жерге жетіп алу үшін қажет.
Өндіріс – өте ерекше сала деп айтуға толық себеп бар. Өйткені біз күнделікті пайдаланып жүрген заттар, тіпті әшекей бұйымдарға қолданатын шикізатты қайдан алатынын, алғашқы түрі қандай болатынын өндіріске барып қана біле аласың. Өмірге қызыққан адам өндіріске де қызығады, ал өндірісте қызығып еңбек еткен адам үлкен жетістікке жетеді деп ойлаймын, – дейді Қалихан.
Оның айтуынша, бұл мамандықты таңдаған жандарға елімізде жұмыс орны жеткілікті.
– Қазір елімізде техникалық мамандықтарға басымдық берілуде. Көптеген өндіріс орны, зауыт, фабрикалар салынып жатыр. Оның барлығына қызметкер керек. Байқасаңыздар, мамандарды шет елден де шақыртып жатады. Мұның бәрі бізде мамандар жетіспегендіктен деп ойлаймын. Жеріміз – өте бай, оның қойнауында минерал мен пайдалы қазбалар өте көп. Егер жастар білім алып, осы салаға қызықпаса, оны болашақта кім өндіреді? Сондықтан жастарды тау-кен саласында білім алуға шақырамын.
Тау-кен саласы – күрделі әрі жауапты мамандық. Ол тек жер қойнауын зерттеу немесе қазу ғана емес, сонымен қатар экология, қауіпсіздік және технологиямен тығыз байланысты. Бұл салада геология, геофизика, минералогия және механика сияқты ғылымдарды терең меңгеру қажет. Егер сіз ғылымға, табиғатты зерттеуге, қиындықтарды шешуге қызығушылық танытсаңыз және физикалық, психологиялық тұрғыда дайын болсаңыз, тау-кен саласы сіз үшін тамаша таңдау болмақ.
Жоғарыда айтқанымдай, бұл саланың қиындықтарымен қатар жақсы жақтары да бар. Ең алдымен білім керек, сонымен қатар шыдамды, төзімді болу қажет, – деді жас маман.
Сондай-ақ кейіпкеріміз жас талапкерлер дамуы үшін алдымен өзіне не қажет екенін анықтап, жоспармен әрекет етуді, бірнеше тіл мен IT техниканы жақсы білу керегін айтты.
Біз Қалихан Серікбаймен әңгімелесу барысында өз мамандығына деген ерекше құрметін байқай түстік. Сондықтан мақсаты айқын жас маманның алар асуы алда деген ой түйдік.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!