Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Кадр саясаты басқармасының бастығы:

Қорықсаң құтқара алмайсың

19 қазан – Құтқарушылар күні

Елімізде Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен  1995 жылдан бері Құтқарушылар күні аталып өтіледі. Тәуелсіздік алғанға дейін кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарды. Өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан халық­тың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментіне жүктелген. Бүгінгі кейіпкеріміз – Қанат Шарафадинов еңбек жолын өрт сөндіру қызметінен бастаған. Жас та болса, өз саласында жетістігі мол Тәуелсіздіктің төл құрдасы Қанатпен мереке қарсаңында әңгімелескен едік.

− Қанат, Төтенше жағдай қызметіне қалай келдіңіз?

− Бала күнімнен армандадым. Құтарушы болып, халыққа көмегім тисе екен деп. Мектеп бітірген соң төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтында, қазіргі  Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында білім алдым. Еліміздегі құтқарушылар дайындайтын бірден бір оқу орнында біліммен қатар үлкен тәжірибе жинадым. Еңбек жолымды Төтенше Жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінде өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып бастадым. Өрт сөндірушінің мақсаты – оқиға орнына жедел жетіп, батыл шешім қабылдап, дереу көмек көрсету, адамдарды құтқару, өртті ауыздықтау.

−  Ұзақ жыл әріптестеріңізге дәріс бердіңіз.Нені үйреттіңіз?

− Иә, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінде Кәсіби даярлық мектебінде дәріс бердім. Өрт-сөндірушілерге аға оқытушы ретінде басшылық бекіткен ақпараттарды бөлісіп отырдым. Кейін бұл даярлық мектептері жабылды. Қазір еліміз бойынша төрт облыста Өңірлік оқу орталықтары бар. Сонда өрт сөндірушілер біліктілік арттырып, семинарларға қатысады.

− Жиырма жеті жасыңызда алғаш рет басшылық қызметке тағайындалдыңыз. Жауапты қызметті атқару қиынға соққан жоқ па?

− Сырдария ауданы №7 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Қызмет өскен сайын жауапкершілік артып, қиындығы да қатар жүреді. Ұжымның қолдауы сезілді. Жерлестерім жылы қабылдады. Бірлесіп жұмыс атқардық. Ауданда түрлі өрт оқиғалары орын алды. Бәрінде жедел қызмет еттік. Кейін облыс орталығына «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімі, Өрт сөндіру бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы болып оралдым. Өзіме тапсырылған әрбір істе қырағылық пен іскерлік танытуға күш салдым. Әріптестердің бәріне бірдей көзқараста, ұжымның ауызбіршілігін арттыруға тырыстым. Бұл қызметте алған тәжірибем кейін Қызылорда қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары болғанда үлкен көмегін тигізді.

− Құтқару кезінде қорқынышты қалай жеңесіз?

– Қаламыздағы «Шаңырақ» мейрамханасы өртенді. Оқиға орнына жедел жетіп, тілсіз жауды ауыздықтауға жұмыла кірістік. Ғимарат лаулап жанып жатқанда ішінен құтқарыңдар деген адамның дауысын естідім. Дауыстың қайдан шыққанын аңғармадық. Көк түтіннің ортасына кіріп, адамдарды іздедік. Төтенше жағдай кезінде қорқынышқа бой алдырмақ түгілі, уақыт жоқ. Қорықсаң, құтқара алмайсың. Қырағы әрі шапшаң әрекет еттік.  Осы оқиғада үш адамды аман алып қалдық. Біз үшін ең бағалы алғыс хат – құтқарылған жандардың  ізгі лебізі.

− Төтенше жағдайлар қызметіне кімдерді қабылдайсыз? Қандай талаптар қойылады?

− Құтқарушының бойында ең бірінші Отанға деген патриоттық сезімі жоғары болғаны жөн. Төтенше жағдаймен бетпе-бет келгенде тайсалып қалмау қажет. Адамгершілігі бар азамат, өжеттілігімен қиын сәтте батыл шешім қабылдауы керек. Өз өміріңе қауіп төнсе де, қалың өрттің арасына кіруің керек.  Төтенше жағдайлар қызметіне әскери дәрігерлік комиссиядан өткен, мемлекеттік қызмет бойынша тестілеуден де жақсы көрсеткіші бар жастарды қабылдаймыз. Үнемі спортпен шұғылданатын, ішімдік ішпейтін, темекі тартпайтын жастар еш қиындықсыз қатарымызға қосылуда. Құтқарушы мамандығын тек батыл жандар ғана таңдайды.

− Әңгімеңізге рақмет!

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!