Қиырдағы қазақтардың тілек-қалауы бір. Ол – Отанға оралу. Тарыдай шашырап кеткен қандастардың басын қосу демографиялық көрсеткішке де ықпал ететіні анық. Ал атамекенге аяқ басып, білім алуына қолдау білдіру қамқорлықпен тең. Мұны өңірдегі белді оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де қолға алған. Осы ретте Рекрутинг және мансап басқармасының маманы Насихат Смайлмен сұхбаттастық.

– Шетелдегі қандастардың білім алуына университет тарапынан қанша грант бөлінеді? Жыл сайын көрсеткіште өзгеріс бола ма?

– 2022 жылы 10 ішкі грант бөліп, бәрі игерілді. Ал өткен жылы 50 гранттың ішінен 37 баланы оқуға қабылдасақ, биыл 30 грант бөлдік. Ресей, Моңғолия, Өзбекстан мемлекетіндегі қазақтар бакалавриат бойынша оқып жатыр. Foundation-ға мемлекеттік грант негізінде 30 орын бөлініп, 14 баланы қабылдадық. Оның ішінде ақылы және тегін оқып жатқандар бар. Экологиялық аймақ болғандықтан грант иегерлері 46 мың теңге, ал басқа өңірлер 35 мың теңгеге жуық шәкіртақы алады. Бірақ бакалавриатта оқитын студенттерге оқу тегін болғанымен, шәкіртақы берілмейді. Сондықтан жатақхана ақысына 50 пайыз жеңілдік жасадық. Негізі Қызылорданың жатақхана ақысы басқа қаламен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Қазіргі таңда университетте оқитын қандастардың саны артты.

– Тестілеу жайында айтсаңыз. Тиесілі ұпай жинай алмай меселі қайтқандар бар ма? Студенттер Foundation дайындық курсымен қаншалықты қамтылады?

– Егер бакалавриатта оқитын болса Ұлттық Бірыңғай Тест тапсырмай, тегін оқуға мүмкіндік бар. Бірақ университеттің ішкі конкурсы арқылы балаларды іріктеп аламыз. Алдыңғы жылы эссе байқауын ұйымдастырсақ, биыл аттестаттың балын есептеуді қолға алдық. Алдағы оқу жылына қабылдайтын 30 баланың конкурсын жаз айында белгілеп, жан-жаққа ақпараттандыратын боламыз.
Ал Foundation-ге келетін болсақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты болон процесі арқылы жүзеге асады. Тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басы аралығында тіркеу жұмыстары жүргізіледі. Тіркелу уақыты ашылғаннан бастап шетелдермен байланыс жасаймыз. Яғни балалардың тіркелуіне, біздің оқу орнын таңдауына кеңес беріп, жөн сілтейміз. Осылай іріктеуден кейін дайындық курсы қазан айынан басталады. Әр елден келетін қандастар ұлты қазақ болғанымен, тұрған мемлекетінің білім заңына бағынышты. Сондықтан оқуға тапсыру, мектеп бітіру, аттестат алу сияқты тестілеу де әртүрлі болады. Соның барлығын министрлік зерттеп, тұрған мемлекетінде оқуға түсуге мүмкіндік болмағанда Қазақстанға келіп білім алудың жолын қарастырған.

– Білім сапасы мен қойылатын талапқа тоқталайықшы. Өйткені Қазақстан тарихы мен қазақ тілін меңгеруде кедергі кездесетін көрінеді. Курс үшін білім беруге арнайы мұғалімдер шақырыла ма?

– Айтып өткенімдей, бакалавриатқа арнайы конкурс жарияланады. Алдымен сұхбаттасу түрінде өткізіп, балалардың тілдік деңгейін тексереміз. Қытайдан келген қандастарда тілдік қиындық болады. Ал Өзбекстан мен Моңғолия, Ресей қазақтарында мұндай мәселе жоқ. Олар оқу бағдарламасына бірден ілесіп кетеді. Сондықтан Foundation курсында Қытай, Ауғанстаннан келетін қазақ балаларды 60 аптадан кем оқытпай, бір пәнді 90 сағат өткіземіз. Оның ішінде қазақ тілін меңгеретін екі түрлі пән болады. Бірі – оқу сауаттылығы, екіншісі – ресми-іскери қазақ тілі. Дайындық курсын оқу мерзімі 9 ай. Біз қазақ тілін мектепте 11 жыл оқыдық, ал 9 айда меңгеру оңай емес. Сондықтан ресми-іскери қазақ тілі ҰБТ-да кездеспегенімен, қосымша пән ретінде қарастырылған.
Бұдан бөлек пән бойынша сабақ өткізіледі. Осы орайда мектеп бағдарламасымен оқытуға қабілетті мұғалімдерді тартып, сабақ кестесін әзірлейміз. Бізге қолдау да жақсы көрсетіліп отыр. Мәселен, облыстық тілдерді дамыту орталығы Foundation-ге түскен балаларды тегін оқытуда. Мұнда нағыз мамандар қызмет атқарады. Нәтижесінде қазақша сөйлей алмай келген Қытайдағы қандастар екі ай ішінде тіл меңгеріп, көне сөздерге дейін жаттап алды.

– Алыстағы ағайынға бағдарламаны насихаттау мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Әлеуметтік желімен хабардар ету бір бөлек, ал өздеріңіз шет мемлекетке барып, түсіндірме жүргізесіздер ме?

– Шетелдегі қазақ ұйымдары арқылы байланыс нөмір алып, бәріне ақпарат беруге тырысамыз. Моңғолия инстаграм мен уатсап желісіне әуес емес, тек фейсбук жақсы қолданыста. Сондықтан іс-сапарға барып, фейсбукта ақпарат жариялап, шет мемлекеттегі білім басқармасы, мектеп директоры және сынып жетекшісімен байланыс орнатамыз.
Өткен жылы Моңғолияға іс-сапармен барып, ақпараттандыру жұмысын жүргіздік. Ал Өзбекстаннан Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Ерболат Пернеев қазақ мектептерінің басшылық, әкімшілігімен байланыстырады. Бір жағынан ол жақ жақын болғаннан кейін қиындық жоқ, қазақтар саны өте көп. Сондай-ақ мұнда жоғары оқу орындарының көрмесін ұйымдастырады. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы, «Отандастар қоры» шетелдегі қазақтар арасында іс-шара ұйымдастырса бізге ресми хат жолдайды. Осылайша көрме немесе құрылтай аясында барып, оқу орнымыз жайында ақпаратпен бөлісеміз.

– Студенттердің оқуға қабылдану барысында қандай да бір мәселе туындай ма? Жатақхана жайы мен орналасуы қаншалықты бақылауда?

– Аса бір қиындық бар деп айта алмаймын. Бірақ Иран мен Ауғанстан мемлекетіндегі қазақтарға қандас мәртебесін беру қиындығы алаңдатады. Тәліптердің саясатынан кейін әзірге ол мемлекетпен байланыс жоқ. Бізде бір ғана бала оқып жатыр. Ирандағы қандастар елде білім алып, қоныс аударғысы келеді. Бірақ оларға қазақ деген анықтаманы бермейді. Өзбекстан туу туралы куәлігіне жазса, Моңғолияда қазақ деген анықтаманы әкімшілік беріп отырады. Иран мемлекетіндегі қандастар қазақ екенін дәлелдей алмайды. Сол себепті Қазақстанда оқу мүмкіндігінен қалыс қалып отыр.
Ал орналасуына ойыссақ, виза мәселесін тағайындау, оқуға қабылдап, бұйрық шығарғаннан кейін студенттердің мекен жайына, сол мемлекеттің миграциясына шақыру жібереміз. Тексеру ұзақ болады. Бәрі талапқа сай болған жағдайда виза аштырып, «С9» визасымен келіп оқиды. Тіркеуге қою, кіріп-шығуының бәрін қадағалап отырамыз. Егер уақытылы бақылауға алынбаса мемлекеттің арнайы тәртібі бар, айыппұл салынады. Сөйтіп миграция тарапынан қиындық туындайды. Сондықтан олардың құжатына мұқият болу керек.

– Бағдарлама қандастардың Отанға оралып, оқып одан әрі еңбек етуге үндейді. Дегенмен елге табан тисе де, кейін жұмыс таппай қайта кетуге ниетті жастар да болды. Содан болар бағдарлама мақсатына толық жете алмады деген пікір бар. Айтыңызшы, осы уақытқа дейін білім алған жастар өңірімізде тұрақтап қалды ма? Бұл жөнінде университет санақ жүргізе ме?

– Иә Foundation-ге бөлінетін 1800 гранттың түпкі мақсаты шетелдегі қандастарды қолдап, атамекенге алып келу. Білім береміз, бірақ жұмыспен қамтылуы, Қазақстанда қалуы баланың қабілеті мен отбасына байланысты. Өзбекстан мен Моңғолиядағы қазақтардың да мақсаты азаматтық алуға тапсырып, қоныс аудару. Менде оқып жатқан студенттердің ата-анасының 60 пайызы азаматтық алып, Шымкент, Павлодар қаласына қоныстанған. Бірақ олар оқуының аяқталғанын күтеді. Себебі оқу бітірмей, азаматтық алуға тапсырса грант күшін жояды. Өзім қабылдаған студенттердің алды 2 курс оқып жатқандықтан, статистика айта алмаймын. Бұл жайында алдағы 2 жылдықта мәлімет беруге болады.

– Қай мемлекеттен сұраныс көп, қызығушылық жоғары? Алдағы уақытта тағы қандай елмен байланыс орнату жоспарда бар?

– Өзбекстандағы қандастардың Foundation-ге емес, бакалавриаттың ішкі грантына таңдауы түседі. Грант алғандардың 80 пайызын құрап отыр. Ал Моңғолия мемлекеті екі оқуға да бірдей қарайды. Әлде де олардың оқуға келу қарқынын күшейту керек. Сөздің ашығы, Қызылордаға келемін, оқимын деген бала саны аз. Өйткені мұнда туған-туысым жоқ дейді, грантты былай қойғанда Қызылорда облысы барын білмейтін қандастар кездеседі. Ағайын-туыстары осыған дейін Павлодар, Петропавл және Өскеменге орналасқан соң шақырымның алыс екенін айтып, бер жаққа келуі қиын. Қызылорда облыс орталығы болғандықтан, көбіне сол қалаларда қалып, бізге келе алмай жатады. Екіншіден, климаттық жағдай әсер етуі мүмкін.
Оқуды насихаттаудағы фишкамыз аймақтың артықшылығын айтамыз. Мәселен, Қытайдан келген қандастар орыс тілін білмейді. Егер олар Павлодар, Өскеменге тұрақтаса тіл меңгеру жағынан қиналады. Ал облысымызда 99 пайыз қазақтар тұрғаннан кейін, қазақ тілін жетік білуге мүмкіндік мол. Оның үстіне қонақжаймыз. Әрі біздегі шәкіртақы өзге өңірге қарағанда жоғары. Сондықтан ақпараттандыруды күшейтпекпіз. Университет басшылығы да іс-сапар бойынша қаржыландырып отыр.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!