Өрт пен суды айтпағанда, қара жолда жермен жексен ететін апат аз емес. Айдың-күннің аманында төрт дөңгелектің тайқуы, яки өзге көлікпен тіресіп қаларлық қауіп жиі кездеседі. Амандық пен ажал апаңы таразыға түскенде тез жететін құтқарушылардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Ауыр халдегі адамның күйін көзбен көріп, өмір сыйлауға ұмтылатын өрлігі қошеметке лайық. Қиын да күрделі саланың жай-жапсары жалпақ жұртты таңқалдыратыны анық. Осы орайда облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының құтқарушысы Берікбол Жетебаев жұмысы жайында баяндап берді.

Көлік мета­лының өзі мыжылады

Тосыннан төнетін қауіп пен айтып келмейтін апат орын алғанда тез арада адамды құтқаруға асығамыз. Бізге жүктелген жауапкершілік пен негізгі міндетіміз де осы. Адамға көмек беру қаныма сіңген қасиет. Бала күнінен құтқарушы «мықты болу керек» деген ұстаныммен спортпен шұғылданып, өзімді жетілдірдім десем де болады. Сондықтан қалаған мамандығыма машықтанып, қызметімді абыроймен атқарып жүргеніме қуанамын. Апаттан адамды аман сақтап, дер уақытында құтқара алсақ, миссия­мыздың орындалғаны.
Қазіргі таңда еңбек өтіліме – 4 жыл. Осы уақыт ішінде түрлі құтқару опера­циясына қатысып, қауіп пен қатердің бел ортасында жүрмін. Темір тұлпар бір-бірімен тіресіп, ойда-жоқта оқыс оқиға орын алады. Мұндай жағдайда көлік металына дейін мыжылып, адамға зақым келеді. Әрине, майысқан темір-терсек арасынан жарақаттанған адамды шығару оңай емес. Хабар түскен сәттен жылдам барып, алдымен жағдайды анықтаймыз. Көлікте қысылып, зардап шеккен жанды құтқару құралдарын қолданып қауіпсіз жерге шығарамыз. Жедел-жәрдем қызметі келгенше дә­рігерлікке дейінгі алғашқы көмек көрсетеміз.

Жүрек тұсына арматура қадалған адамды құтқардық
Жол-көлік оқиғасы әртүрлі болады. Қай-қай­сысының да қиын­дығына мойымай, міндетті мінсіз орындау басты мақсатымыз. Мұны тек қызметтік борыш емес, азаматтық парызым деп ұғынамын. Бір кездері автокөлік жанармай бекетінің қоршауына соғып, жүргізушінің жүрек тұсына арматура кірген болатын. Әлбетте құтқарушыға қарап тұруға, бөгелуге уақыт жоқ. Тез арада әрекет етіп, істің шешімін табу маңызды. Сондықтан гидравликалық және спредер құралдың көмегімен арматурды кесіп алып, жарақаттанған адамды ауруханаға апардық. Осылайша жүргізушіні өлімнен арашалап қалдық. Сонда дәрігерлер дер уақытында келгенімізді, сәл кешіксек жағдай қиындайтынын айтқан еді.
Апаттың салдары қашан да ауыр болады. Қайғылы оқиғаның қабырғаны қайыстыратыны белгілі. Сондай жайттың бәрін көз алдымнан өткіземін. Екі көліктің ортасында адам қалып қояды немесе қорқынышпен айқайлап жататындар бар. Мұның бәрі оңай емес. Кейде қатты соққыдан есін жия алмай, ішек-қарны ақтарылып қалатын сәттер де болады. Дей тұрғанмен қолымыздан келгенше көмек беруге тырысамыз. Жантүршігерлік оқиғалар төбеден мұздай су құйып жібергендей өн-бойымызды шымырлатып жібереді. Дегенмен, құтқарушы болғандықтан барлық жағдайға дайын боламыз.

Төтенше жағдайға 1 минутта жиналу керек

Адам алдында не боларын білмейді. Табан астынан тығырыққа тіреліп, қауіппен бетпе-бет келуі мүмкін. Сондықтан құтқарушылар құлағына хабар жетсе көп аялдамай, жиналамыз. Сайып келгенде, бұл мамандық иесіне жеделдік пен жылдамдық тән. Шымырлық пен ширақтық танытқанда ғана шешімге сай әрекет ету жеңіл болмақ. Талап пен тәртіпті ескеріп, жұмысты бүге-шүгесіне дейін білгені ләзім. Жалпы төтенше жағдай орнына жедел кезекші бөлімше 1 минутта жиналады. Ал ауқымды төтенше жағдай орын алса, жасақ қызметкерлеріне жиын дабылы беріліп, 1 сағат көлемінде шығып кетеді. Негізі бір айда шамамен 60-65 төтенше жағдай тіркеледі.

Қаннан қорқатын адам құтқарушы бола алмайды

Құтқарушының тек физикалық емес, психикалық жағынан да мықты болғаны абзал. Оқиға мезетінде өзі маза­сыз­данып, күйзеліске ұшыраса жұмысты әрі қарай алып кетуі екіталай. Бойда сенімділік бекіп, ептілік танытса адам құтқару қолынан келетіні айдан анық. Әрине қан-жоса болған жанды немесе мүрдені көзбен көру оңайға соқпайды. Кейде өзімізге де зақым келеді. Бірақ техникалық қауіпсіздікті сақтай отырып, жұмысты жүргіземіз. Арнайы бас киім, қорғаныш көзілдірігі, қолғап киеміз. Құтқару операциясын жүргізу үшін тез әрекетке көшеміз. Бізде психологиялық тұрғыда сынып қалу деген жоқ. Өйткені маман бар. Әр құтқарушымен байланысып, жаттығу жүргізіп, көмек көрсетеді.
Қысқасы, екінің бірі құтқарушы бола алмайды. Алғашында құтқарушы мамандығын алуға 3 ай беріледі. Осы мерзімде түрлі құтқару жұмыстарына қатысып, мәйітханаға барады. Бірақ шошынып, қаннан қорқып, жүрегі шыдамай қайтып кеткендер аз емес. Жігері жасымайтын, қайсар құтқарушы ғана мамандықтың машақатын сезбейді.

Қара жолдағы құтқарушы
Қара жолдағы құтқарушы

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!