Шетелде білім алу – көптің арманы. Мұнда тәжірибе алмасып, мінезді де, білімді де ұштауға болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – болашақ математика пәнінің мұғалімі Қарақат Аман. Ол − Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті.

Қарақат жақында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польшаның белді оқу орындарының бірі – Лодзь университетінде бір семестр бойы білім алып қайтты. Еуропалық білім беру жүйесінің ерекшелігі неде? Болашақ математикке шетелдік тәжірибе не берді? Қарақатты әңгімеге тарттық.

– Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелге бару идеясы қалай туындады?

– Бұл шешімді кенеттен қабылдадым. Әрине, шетелде оқу туралы ой бұрыннан болған, бірақ нақты қадам жасауға батылым жетпеді. Бір күні академиялық ұтқырлық бағдарламасы туралы ақпаратты көріп, «Неге бағымды қазір сынап көрмеске?» деген ой келді. Сол сәттен бастап ішкі қорқынышты ысырып қойып, тәуекелге бел будым. Бұл қадам өзіме деген сенімділігімді оятты. Алдымнан жаңа мүмкіндіктер ашылды.

Қарақат АМАН: Тәуекел еткен адам үшін мүмкіндіктер алаңы айқара ашылады

– Польшаға алғаш табан тірегендегі сезімдеріңіз қандай болды? Алғашқы күндері қандай қиындықтар туындады? Оларды қалай еңсердіңіз?

– Польшаға алғаш келгенде қуаныш пен қобалжу қатар болды. Орта, тіл, адамдар – бәрі жаңа. Алғашқы күндері тілдік кедергілер мен күнделікті тұрмыстық жағдайлар – қоғамдық көлікке бейімделу, құжат рәсімдеу және үлкен қалада бағыт-бағдар табу едәуір қиындық тудырды. Оның ішінде ең қиыны – ауа райы. Польшада күн сирек көрінеді. Климаттың салқындығынан денсаулығым сыр берді. Кейін ағзамда D дәруменінің тапшылығы байқалды. Бұл жағдай алғашқы кезде көңіл күйіме де, жалпы жағдайыма да әсер етті. Дегенмен уақыт өте келе, уайымға салынбай, дәрумендер қабылдадым. Кейін жергілікті студенттермен араласа бастадым. Университеттің халықаралық бөлімінің көмегіне жүгіну арқылы барлығын ақырындап еңсердім.

– Польшадағы оқу саласының Қазақстандағы білім беру жүйесінен айырмашылығы бар ма? Сабақ беру форматы сізге қалай әсер етті?

– Мен академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Лодзь университетінде бір семестр бойы білім алдым. Менің ойымша, екі елдің де білім беру жүйесінде өзіндік артықшылықтары мен ерекшеліктері бар. Қазақстанда теориялық дайындық пен пәннің іргетасын терең меңгеруге басымдық берілсе, Польшада студенттің сыни ойлауына, жеке белсенділігі мен креативтілігіне ерекше назар аударылады. Оқу процесі көбіне пікірталас, презентация және жобалық жұмыстарды қорғауға негізделген. Бұл формат маған өз пікірімді ашық білдіруді, жауапкершілік алуды және дербес шешім қабылдауды үйретті. Осылайша, екі елдің білім беру жүйесіндегі айырмашылықтар бір- бірін толықтырады.

– Қандай пәндер сіз үшін ерекше пайдалы болды?

– Мен үшін «Introduction to Differential Equations » және «Discrete Math with Elements of Logic» пәндері ерекше пайдалы болды. Бұл курстар логикалық ойлауымды дамытып қана қоймай, математикалық модельдеу негіздерін және күрделі процестерді теңдеулер арқылы сипаттауды үйретті. Әсіресе, есептерді жүйелі түрде талдау, дәлелдеу және шешім қабылдау дағдыларым айтарлықтай нығайды. Алған білімім кәсіби дамуыма және аналитикалық қабілетімді арттыруға зор үлес қосты.

Қарақат АМАН: Тәуекел еткен адам үшін мүмкіндіктер алаңы айқара ашылады

– Польша мәдениеті сізді несімен таңғалдырды?

– Польша мәдениетінде дәстүрлер мен заманауи үрдістердің үндестігі маған ерекше әсеретті. Жергілікті халықтың тарихты құрметтеуі және мәдени құндылықтарды қастерлеуі ерекше көзге түседі. Әсіресе, олардың ішкі тәртібі, уақытқа деген ұқыптылығы және күнделікті өмірдегі өзара сыйластығы маған үлкен әсер қалдырды. Олардың өткен күннің мұрасын сақтай отырып, еуропалық қарқынмен дамуға ұмтылуы нағыз үлгі аларлық қасиет.

– Жергілікті халықтың шетелдік студенттерге көзқарасы қандай?

– Жергілікті халық шетелдік студенттерге ерекше ілтипатпен және жылы шыраймен қарайды. Польшалық студенттердің сыйластығы және әрдайым қол ұшын созуға дайындығы адаптациялық кезеңнің жеңіл өтуіне септігін тигізді. Университет қабырғасында студенттерге ерекше қолдау беріледі. Ал оқытушылар мен халықаралық бөлім өкілдері кез келген мәселе бойынша бағыт-бағдар беруге дайын. Мұндай мейірімді орта өзімді жайлы сезінуге мүмкіндік берді.

– Польшадағы студенттік өмірді қалай сипаттар едіңіз? Бос уақытыңызды қалай өткіздіңіз?

– Польшадағы студенттік кезеңім өте белсенді әрі қызықты өтті. Академиялық біліммен қатар елдің мәдени-тарихи орындарымен таныстым. Мұражайлар мен мәдени шаралар, шетелдік достармен қарым-қатынас және жаңа өркениеттерді тану маған үлкен рухани азық берді. Бұл кезең менің тұлға болып қалыптасуыма және көкжиегімнің кеңеюіне әсер етті.

Қарақат АМАН: Тәуекел еткен адам үшін мүмкіндіктер алаңы айқара ашылады

– Академиялық ұтқырлық сіздің жеке тұлға ретінде дамуыңызға қалай әсер етті?

– Шетелдегі білім мен өмір мені біраз шыңдады. Мен тек білім алып қана қоймай, жауапкершілікті арқалай алатын, қиындықтардан қорықпайтын және кез келген жағдайға бейімделе алатын тұлғаға айналдым. Бұл кезең маған өз күшіме сенуді үйреткен нағыз өмір мектебіне айналды.

– Польшада алған біліміңіз бен тәжірибеңізді Қазақстанның дамуына немесе өз мамандығыңызға қалай енгізер едіңіз?

– Польшада оқу барысында мен тек теориялық білім алумен шектелмей, білімге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертетін тәжірибе жинадым. Ең бастысы – студентке бағытталған оқыту моделін өз көзіммен көре алдым. Бұл жүйеде оқытушы тек ақпарат беруші емес. Ал студент – білімді өз бетімен іздеп, талдап, қолдана алатын тұлға ретінде қалыптасады.

Қазақстанға оралған соң, мен осы тәсілді өз мамандығымда қолданғым келеді. Атап айтқанда, сабақ барысында оқушыларды дайын ақпаратпен шектемей, ойлануға, сұрақ қоюға, пікір айтуға және талқылауға тарту маңызды деп санаймын. Польшада жиі қолданылатын жобалық жұмыстар, презентациялар, нақты өмірмен байланысты тапсырмалар білімді есте сақтауды ғана емес, оны практикада қолдануды үйретеді.

Сонымен қатар мен академиялық адалдық, уақытты тиімді жоспарлау, жауапкершілік сияқты дағдыларды ерекше бағалай бастадым. Бұл қасиеттерді болашақта өз шәкірттеріме де сіңіргім келеді. Себебі білім сапасы тек пәнмен шектелмей, тұлғаның қалыптасуына тікелей әсер етеді.

Қарақат АМАН: Тәуекел еткен адам үшін мүмкіндіктер алаңы айқара ашылады

– Осы тәжірибеден кейін болашаққа жоспарыңыз өзгерді ме?

– Әрине, өзгерді. Бұл тәжірибе менің ой-өрісімді кеңейтіп, өзіме деген сенімімді арттырды. Болашаққа қатысты нақты мақсаттарым мен жоспарларым бар, бірақ олар әзірге өзіме ғана белгілі, көпшілікке құпия болып қала бергенін қалаймын. Дегенмен, сол жоспарлардың барлығы кәсіби әрі тұлғалық дамуыммен тікелей байланысты.

– Академиялық ұтқырлықпен басқа елге барғысы келетін студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Қорықпау керек. Тілді алдын ала дайындап, жаңа ортаға ашық болып, берілген мүмкіндікті толық пайдалану маңызды. Ең бастысы – өзіңізге сену.

Жаңа қадам жасаудан қорықпау керек. Әрине, тілді алдын ала меңгеріп, іргетасты нық қалау – жетістіктің жартысы. Алайда тек білім ғана емес, берілген әрбір мүмкіндікті қалт жібермеу де аса маңызды. Ең үлкен кедергі – іштегі күмән, ал ең үлкен күш – өз-өзіңізге сенім. Тәуекел еткен адам үшін мүмкіндіктер алаңы өз есігін айқара ашады.

– Егер мүмкіндік болса, бұл тәжірибені қайта бастан өткерер едіңіз бе?

– Польшада өткен әрбір күн мен үшін баға жетпес сабақ болды. Бұл кезеңді өмірімдегі ең құнды әрі маңызды белестердің бірі. Ол маған тек академиялық білім емес, өмірлік даналық, мықты мінез және әлемге деген шексіз махаббат сыйлады. Бұл мені жаңа қырымнан тануға көмектескен кезең. Сондақтан, маған қайта мүмкіндік берсе, бұл тәжірибені ойланбай- ақ қайта бастан өткерер едім.

– Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!