Қазір қоғамда погон тағу тек ер азаматқа ғана тән деген ұғым мүлде өзгерген. Өйткені, барлық салада әйелдер ерлермен қатар еңбек етіп келеді. Соның ішінде қылмыстық атқару жүйесінде абыройлы еңбек етіп, отбасына көңіл бөліп, көп баланың анасы атану да ерлікпен тең.

Осы орайда Қызылорда облысы ҚАЖД-ға қарасты №68 мемлекеттік мекемесінде еңбек етіп жүрген погондағы аналар, қару асынған арулар Салтанат Темірланқызы Омарова және Әйгерім Сейілханқызы Ахметовамен оқырманды таныстырғанды жөн көріп отырмыз.

Салтанат 2008 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін тәмамдаған соң, ЗК-169/4 Тартоғай елді мекеніндегі қоныс колониясының арнайы есепке алу бөліміне жұмысқа орналасады. Он бес жылдан бері ҚАЖ саласында тегеурінді еңбек етіп жүрген өз ісінің жауапты да іскер маманы.

– Менің түзеу мекемесінде қызмет атқарғаныма жолдасым қарсы болған жоқ. Ерте кетіп, кеш келетін қызметіме түсіністікпен қарайды. 2009 жылдан бері осы мекемеде жұмыс істеп келемін. Негізгі міндетім – мекеме қамауында отырғандарға әкелінген сәлемдемелерді жіті тексеру. Таңғы сегізден кешкі алтыға дейін күніне кем дегенде жүзге жуық сәлем-сауқат қабылданады. Тікемнен тік тұрып, әр келген затты мұқият қараймын. Тыйым салынған заттың өтіп кетпеуін қадағалаймын. Жұмыс барысы физикалық та, моральдық жағынан да денеге күш, санаға салмақ салады. Әйтсе де бұл шаршаудың бәрін үйге барғанда ұмытып кетемін. Өйткені отбасымда қамқор жарым, қылықтарымен сүйсінтер ұл-қыздарым бар. ҚАЖ қызметкері ретінде иығымдағы погонның салмағын сезініп, өзгелерге үлгі берер тұлға болуға талпынып келемін, – дейді старшина С.Омарова.

Қатал қызметтегі нәзік жандар

Ал арнайы есепке алу бөлімінің есеп технигі Әйгерім Ахметова жары Берік Қазбековпен бірге осы салада 7 жылдан астам уақыттан бері қызмет атқарып келеді.

Кезінде екеуі бөлімшеде бірге жұмыс істеген. Оларды табыстырған тергеу изоляторындағы қызмет барысы болатын. Әдепті Әйгерімнің әдемі әлемін таныған Берік өмірлік серігі болуға ұсыныс жасаған. Бүгінде үш баланың анасы атанған ол отбасы мен қызметінде үлгілі ару.

– Іс-қағаздарымен жұмыс жасау аса жауапкершілікті талап етеді. Этап болған күндері ерте келіп, кеш кетесің. Ондай сәттерде үйдегі балаларыма қамқор болып отырған анам (енем) менің жоқтығымды білдірмейді. Жұмыстан кеш барсам да үй шаруасын тындырып, отбасыма көңіл бөлемін. Ұлттық дәстүрімізге сай, кішіпейілділік танытуға, әйелге тән нәзіктігімді сақтап жүруге иығымдағы погон әсерін тигізбейді, – дейді, әділет аға сержанты, үш баланың анасы Әйгерім Сейілханқызы.

Иә, шынында да аға сержант – өз ісінің білікті маманы. Қылмыстық атқару комитеті мен полиция басқармасы және ҚАЖ департаменті тарапынан бірнеше алғыс хаттармен марапатталған. Көркем мінезімен ұжым мен жақындарына сыйлы жан.

Мұндай мекемеде жұмыс жасау нәзік жандарға әрине, оңай емес. Әйтсе де, Салтанат пен Әйгерім қатаң тәртіп пен нәзіктікке кәсібилікті үйлестіріп, ел тыныштығына үлес қосып келеді.

Айта кетейік, бізді мекеменің мемлекеттік тіл аудармашысы Раушан Абдрахманова арнайы шақырып, қыздардың тынымсыз тірлігімен таныстырған еді. Ол қамауда отырғандармен тығыз жұмыс істеп, кітапхана жұмысын жүргізіп, түрлі мәдени шараларды жүйелі өткізіп отырады. Қызметкерлердің қызу жұмысын елге таныстыруда Раушанның еңбегі өлшеусіз.

Батыр ару, батыр ана, батыр қызметкер атанып жүрген қазақтың өр болмысты қыздары қашанда құрметке лайық.

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!