Талантты әншілерді бір арнаға тоғыстырған «Қазақстан дауысы» байқауының жаңа маусымы жаңашылдықпен көрерменге ұсынылуда. Бойды балқытып, көңілді шалқытқан әндер мен қоңыр дауыс қазыларды ерекше таңқалдыруда. Аталмыш байқауда жерлесіміз Құралай Мейрамбек талантымен талайларды таңдай қақтырды. Өрелі өнерпаз музыкалық жобаның телевизиялық іріктеу кезеңінде «Қорқыт-қобыз» әнін ерекше сарында орындап, қазылардың ең жоғарғы бағасын алды.
Рас, Сыр бойы – таланттарды түлеткен құтты мекен. Құралай бұл ұғымның текке айтылмағанын тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Амангелдінің аруы бәсі жоғары байқауда «Қорқыт-қобыз» әнінің екінші тынысын ашқандай. Оның қобыз сарынымен ұштасқан қоңыр үні денеңізді дір еткізбей қоймайды. Сондықтан қазылар аласқының төртеуі де бұрылып, тік тұрып, қолдау көрсетті. Тіпті, Сыр талантына таңдай қағып, әуезді әнді қайта орындап беруін сұрады.
Әрине, бұл – жүрегі бар кез келген адамның жандүниесін қозғап өтетін шығарма. Тарихи туынды осыдан 22 жыл бұрын дүниеге келген. Ол тұста қазір сахнаның сәніне айналып тұрған Құралай небәрі 2 жаста ғана еді. Шынайы шығарма уақыт өткен сайын жақұт тастай жарқырай түседі деген осы. Әннің мәтінін Қазақстанның мәдениет қайраткері, ақын Оңталап Нұрмахан жазған. Ал, әуені – белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Таймановтың жүрекжарды туындысы. Екінші тынысы ашылған әннің ерекше нұсқасына автордың өзі оң бағасын берді.
– Байқаудағы 4 қазының қандай жағдайда болғанын көрермендер көрді. Құралайдың орындауындағы әнді тыңдап қобалжығанымды жасырмаймын. Құралай “Қорқыт қобызды” қазақтың колоритін жоғалтпай, жаңа заманның нақышына келтіріп орындады. Ең ерекше тұсы қобыздың үнін өз даусымен орындағаны керемет әсер қалдырды. Республиканың түпкір-түпкірінен музыканың мықты мамандары хабарласып, жаңа стильдың сәтті шығуымен құттықтады. Құралайдың жаңа нұсқасына оң бағамды бердім, – дейді автор Рамазан Тайманов.
Қобыз үнін көмейіне қондырған талант Сырдария ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Құралай өнер жолына 5 жасында қадам басты. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетованың шәкірті. Өнер майталманы болашағынан зор үміт күттіретін жеткіншекті жазбай танып, бағыт-бағдар берген.
– Ең алғашқы байқауым Қызылордадағы “Ботақан” болды. Ол кезде 5 жаста едім. Үлкен сахнаның дәмін сол кезде таттым. “Қазақстан дауысы” – кезекті байқауымның бірі. Байқауда көздеген мақсатыма жетуді қалаймын. Таңдау жасаған тәлімгерім Сәкен Майғазиевпен бірге жақсы жұмыс істеп, керемет туындыларды көрерменге ұсынамын деп ойлаймын. Жалпы байқаудағы ең алғашқы сыйлығым теледидар болды. Анаммен бірге сол кезде қатты қуандым. Отбасым әрқашан мені қолдайды, қасымда. Барлығы өнерден алыс емес. Әкем егемендік алған кезден бастап музыка сабағынан дәріс беріп, ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосты. Анам да музыкадан бейхабар емес. Әпкем Гүлзат Әбдікәрімова – Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар «Қоңыр» тобының әншісі. Одан кейінгі Ұлпан әпкем «Шабыт» Қазақ Ұлттық университетінің түлегі, бірнеше дүркін халықаралық байқаулардың жеңімпазы, классикалық ән өнерінің шебері. Қазір отбасылы. Ағам Бақдәулет Әбдікәрім бізден ерекшеленіп, медицина саласына бет бұрды. Бірақ қолы қалт етсе, аспаптармен ән шырқайды. Інім Дулат та музыканы жақсы көреді. Отбасымызбен дастархан басында қазақтың әндерін орындаймыз, – дейді Құралай Мейрамбек.
Айта кетейік, «Қорқыт-қобыз» әні – алғаш Гүлнұр Оразымбетованың жұлдызын жаққан туынды. Сондықтан сол бағы жұғысты болсын деп әпкесі ұлттық арна төріне арнайы шақырып, Құралайға құрмет көрсетті. Сонымен қатар Құралайдың орындауындағы «Қорқыт-қобыз» әні Youtube желісінде миллионға жуық қаралым жинап, сұраныстағы үздік бес сюжеттің қатарына енген. Ендеше талантты жерлесімізге бәсі биік байқауда топ жаруға тілектестік білдіреміз.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!