Құрбан айт – күллі мұсылман жұрты үшін қасиетті мереке. Бұл – тек құрбандық шалумен шектелмейтін, мейірім мен ниеттің, шүкір мен сабырдың, жомарттық пен имандылықтың көрінісі. Биыл бұл күн 6-маусымға бекітілді. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт- Сырдария» мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаевпен сұхбаттастық.
– Дастан Жанасұлы, сұхбатқа келіскеніңіз үшін рақмет! Алдымен Құрбан айттың тарихы, мәні мен маңызы жайлы айтып беріңізші. Бұл күннің мұсылман баласы үшін орны қандай?
– «Сөздің басы бісміллә, бісмілләсіз іс қылма» демекші, сөзімнің басын бісмілләданбастайын. Сырбойылықтарды келе жатқан Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын! Біз қазір қасиетті Зүлхитжа айындамыз. Бұл күндерде істеген сауапты істің сауабы еселеніп жазылады. Сондай-ақ бұл қажылық айларына жатады. Бірер күнде қажылықтың «Арапада тұру», «Мұздалифада түнеу», «Тас лақтыру» секілді ең үлкен рәсімдері басталады. Осы ретте қажылар мен құрбан шалуға ниет етіп отырған ағайынның ниеті қабыл болсын дегім келеді.
Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді. Яғни пенденің өз мал-дүниесінің бір бөлігін Құдай жолына қиюы, құрбан етуі арқылы Құдайға жақындауы. Ал «айт» сөзі – «мереке», «шаттық» деген мағына береді. Өйткені бұл күнде мұсылмандар құрбан шалып қана қоймайды, бір-бірін айтпен құттықтайды, қонаққа шақырады, құрбандыққа шалынған мал етін мұқтаждарға таратып, оларға да қуаныш сыйлайды.
Ал енді құрбан шалудың тарихын айтар болсақ, оның тарихы тым тереңде. Ол сонау Адам атаның заманынан бастау алады. Адам атаның екі баласы Абыл мен Қабылға Алла Тағала құрбан шалуды бұйырады. Бұл оқиға Құранда «Мәида» сүресінің 27-аятында: «Оларға Адамның екі ұлының басынан өткен ғибратты оқиғаны айтып бер: Олардың әрқайсысы бірер құрбан шалған еді. Сонда Абылдың құрбандығы қабыл болып, Қабылдыкі қабыл болмады. Сол кезде құрбандығы қабыл болмаған Қабыл бауырына: «Сені өлтіремін», – деді. Ол болса: «Расында, Алла өзіне тиісінше тағзым ететін һәм қарсы келмейтін тақуа құлдарынан ғана қабыл алады», − деп жауап айтқаны баяндалады.
Қисса кітаптарына сүйенсек, Қабыл Абылдан жасы үлкен және диқаншылықпен айналысқан деседі. Ал Абыл мал бағуды кәсіп еткен көрінеді. Екеуі Аллаға арнап құрбандық әкелгенде Абылдың шын ниетімен әкелген семіз қошқары қабыл болып, Қабылдың ниетсіз әкелген нашар бидайы қабыл болмайды. Сондай-ақ бұл қиссаны қазақтың діни қисса- дастандарынан да кездестіруге болады.
Құрбандықтың бұдан кейінгі тарихы Ибраһим пайғамбарға барып тіреледі. Бір күні Ибраһим пайғамбар түсінде баласын өз қолымен бауыздап жатқанын көреді. Пайғамбарлардың түсі Алладан келген аян болса да, ол бұл жолы көрген түсін көңілге алмай жүре береді. Ертеңіне дәл сол түсті тағы да көреді. Сол кезде барып оның жай түс емес, Алланың әмірі екенін біледі. Міне, осы күнді біз «арапа» күні деп атаймыз. Арапа – араб тілінде «білді» деген мағына береді. Үшінші күні, яғни қазіргі Құрбан айт күні Ибраһим баласын құрбандыққа шалмақ болғанда, Алла Тағала оны сынағанын айтып, құрбандыққа шалуға көктен қошқар түсіреді.
Бұл оқиға «Саффат» сүресі, 103-107-аятта: «Содан екеуі де Жаратқанның жарлығына қалтықсыз мойынсұнып, Ибраһим баласын оң жақ қырымен жерге жатқызғанда Біз оған: «Уа, Ибраһим!», – деп үн қаттық. Сен түсіңде көрген иләһи пәрменді (һәм өзіңнің Аллаға шын берілгендігіңді дәлелдедің, енді балаңды құрбандыққа шалмай-ақ қой). Біз бейне бір Алланы көріп тұрғандай жан-тәнімен игілікті істер істейтін жандарды, міне, осылай марапаттаймыз. Шүбәсіз, бұл үлкен сынақ еді. Нәтижесінде оған баласының орнына ірі құрбандық нәсіп еттік», – деп баяндалған.
Осы сара жолды Мұхаммед пайғамбар да жалғап, құрбан айтта құрбан шалды, шамасы жететін мұсылмандарға да құрбан шалуды бұйырды. Сондықтан мұсылман үмбеті үшін бұл күннің маңызы зор. Өйткені құрбандықтың мәні мал-дүниесін Құдай жолында құрбан ете білуде жатыр. Бұл бізді дүниеге қатты беріліп, ағайын-туыстан алыстамауға, ашкөзденіп басқаның мал-мүлкіне қол сұқпауға және тағы да басқа жақсы қасиеттерге баулиды.
– Құрбан айтта қандай амал орындалу керек? Құрбан шалу тек мал союмен шектелмейді. Ниет еткен адам қандай талап-шартты ескеруі қажет?
– Құрбан айт, сол сияқты Ораза айт та алдымен айт намазын оқудан басталады. Сондықтан ерте тұрып, дәрет алып, үйіне жақын мешітке айт намазын оқуға барған дұрыс. Айта кетейік, биыл Құрбан айт маусымның 6,7,8 күндеріне сәйкес келеді, ал айт намазы 6 маусымда Қызылорда облысы бойынша 6:00-де оқылады.
Содан кейін құрбан шалуға міндетті болған мұсылмандар құрбан шалуы керек. Оның сауабы жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Құрбан айт күндері адам баласының істейтін амалдарының ішінен Аллаға ең сүйкімдісі – қан ағызу (құрбан шалу). Шалған құрбаны қиямет күні мүйізімен, жүнімен және тұяқтарымен келеді (яғни, бәз қалпында алдынан шығады). Шалған құрбанының қаны жерге тамбай тұрып, Алланың құзырында өз орнын иемденіп қояды (яғни, мұсылман құрбанын шалар-шалмас Алла онысын қабыл етіп қояды). Олай болса, шын жүректен құрбандарыңды шалыңдар!».
Бұл жерде «міндетті болған мұсылмандар» деп бүгінде 2 746 000 теңгесі, ал ескіше 85 гр алтынды құрайтын артық қаражаты бар немесе 40 қойы, болмаса 30 сиыры, болмаса 5 түйесі бар адам меңзеледі. Ондай қаражаты, малы жоқ, бірақ құрбан шалғысы келетін мұсылмандарға да құрбан шалуға болады, бірақ міндет емес. Шалған жағдайда олар да сауабын алады.
Иә. Дұрыс айтасыз. Бұл күндерде тек құрбан шалумен ғана шектелмеу керек. Отбасын қуантып, ағайын-туыс, көрші- көлемді құттықтап, айналасына мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысу керек. Оның үстіне қазақта «айттау», «айттық» беру деген жақсы дәстүр бар. Міне, осының барлығын жаңғыртып, дінімізді де, дәстүрімізді де дәріптеуге болады.
– Құрбандықты айт намазы оқылғаннан кейін шалу қажет. Мұның мәні неде? Жалпы мал қай уақытта, қалай шалынуы керек? Жасы, түрі бойынша ескеру қажет жайт бар ма?
– Реттілік бойынша, алдымен айт намазы оқылады, содан кейін құрбан шалынады. Өйткені «Кәусар» сүресінің 2-аятында: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал», – деп осы реттілікпен бұйырған.
Құрбан шалу айт намазы біткеннен бастап, Құрбан айттың үшінші күнінде күн батуға қарағанға дейін жалғасады. Қой, ешкі, сиыр мен түйе малы құрбандыққа жарайды. Қой мен ешкі 1 жастан, сиыр 2 жастан, ал түйе 5 жастан асқан болуы шарт. Тек семіз болған жағдайда ғана қойдың 6 айдан асқаны жарайды. Сондай-ақ көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Алайда мүйізі жоқ, мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар піштірілген малды да құрбандыққа шалады.
– Малдың еті үшке бөлінеді. Өзіне, туысына және мұқтажға теңестіріледі. Ал қазір көп адам түгелдей таратады немесе тек өзіне қалдырады. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Бұл мұсылманның өз еркіне қалдырылған мәселе. Бір бөлігін алып қалып, қалғанын таратса да, толықтай таратса да болады. Оны әркім өзінің жағдайына сай амал еткені дұрыс.
– Құрбан айт тек діни емес, әлеуметтік міндетті де атқаруда. Мешіт тарапынан мұқтаж жандарға көмек қалай ұйымдастырылуда?
– Исламда зекет беру, құрбан шалу деген сияқты мал-дүниеге байланысты ғибадаттарда мұқтаж жандардың мүддесі көбірек көзделеді. Сондықтан бұл күндерде біз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және оған қарасты елдегі барлық мешіт мұқтаж отбасыларды етпен қамтамасыз етуге тырысамыз. Мысалы, былтыр ҚМДБ-ға қарасты «Зекет және қайырымдылық» қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық акциясы аясында облыс көлемінде 10058 отбасыға 121 тонна 319 келі ет таратылды.
Біз құрбан айттан бұрын жергілікті әкімшілікпен бірлесіп мал шалу орнын белгілейміз. Сол жерге келіп немесе онлайн тапсырыс беру арқылы мал шалған тұрғындар белгілі бір бөлігін мұқтаждарға деп қалдырып кетеді. Сонымен қатар алдын ала белгіленген мешіттерде ет қабылдау пункті жұмыс істейді. Үйінде сойған тұрғындар етінің бір бөлігін сол мешіттерге апарып береді. Біз барлығын жинап, алдын ала «Отбасын қорғау орталығынан» алынған тізім бойынша мұқтаж отбасыға таратамыз. Оны мешіт қызметкерлері мен мешіт жамағатынан құрылған еріктілер тобы орындайды. Мұнан бөлек, құрбандық еттерін қарттар мен балалар үйіне және аурухана секілді мекемелерге жеткіземіз.
– Ал құрбан шалуға онлайн тапсырыс беру шариғатқа сай ма? Мұндай қызмет халыққа жеңіл болғанымен, рухани тереңдікке зиян келтірмей ме? Бұл жөнінде не ойлайсыз?
– Иә, мұндай қызметті ҚМДБ-ның пәтуа бөлімі мақұлдаған. Қашықтан құрбан шалу бұрыннан бар. Мысалы біреудің құрбан шалуға қолы тимейтін болса, бұл істі басқа адамға тапсырады. Ол сол кісінің берген қаражатына мал сатып алып, соның атынан ниет етіп сойып беретін болған.
Бүгінде мұндай қызметті ҚМДБ-ға қарасты «qurban.muftyat. kz» сайты жүзеге асыруда. Өйткені көпқабатты үйде тұратындар, жұмыстан босай алмайтындар, сапарда жүргендер секілді түрлі себептен өз қолымен құрбан шала алмайтын адамдар бар. Бір жағынан бұл заман талабы деп ойлаймын. Әрі осындай жайтты ескеріп, ел мұсылмандарына жағдай жасаған мүфтияттың еңбегі деп есептеймін.
– Мейрам қарсаңында мал бағасының қымбаттауы да қалыпты жағдай. Сұраныс артқан сайын баға да шарықтайды. Осы мәселе бойынша қандай да бір шара қолданыла ма?
– Жыл сайын Құрбан айт қарсаңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел кәсіпкерлерін мал бағасын қымбаттатпауға үндейді. Имамдар да өз кезегінде мал базарын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Мен де облыстағы мал саудасын кәсіп еткен азаматтарға «Тек дүниелік пайданы ғана ойламай, ақиреттік азығымызды да қамдайық» деп үндеу тастаймын. Өйткені басқалардың сауап алуына себепші болу да сауап. Оның үстіне, сатып алушының басқа амалы жоқтығын көріп тұрып, тауарды әдейі қымбаттату – күнә.
– Құрбан айт баланың бойына мейірім мен қайырымдылықты сіңіру үшін үлкен мүмкіндік. Ата-аналарға осы ретте қандай жауапкершілік жүктеледі?
– Дұрыс айтасыз. Біз Ислам дінінен өзіміз үйренген тағылымдарды балаларымызға да үйрете білуіміз керек. Өйткені олар елдің, ұлттың болашағы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ең жақсы мұра – тәрбие!», – деп айтқан. Құрбан айттың бірінші күнінде мемлекеттің демалыс беруі де қазақы менталитетті ескеруі деп білемін. Өйткені Құрбан айтта «айттау» деген дәстүр бар. Бұл тек өз отбасына ғана көңіл бөліп қоймай, ағайын-туысты аралауды, олардың хал-жағдайынан хабар алуды үйрететін дәстүр. Қазір түрлі әлеуметтік себептің кесірінен ағайын-туыстың арасы алыстап бара жатқанын барлығымыз байқап отырмыз. Ең жақын туысының өзін танымайтын балалар өсіп келе жатыр. Бұл да дабыл қағуды қажет ететін фактор. Өйткені біз қазақы қалпымызды бұзып алсақ, жақсы қасиеттерімізден де айырыламыз. Сондықтан бұл күндерде отбасыға, балаларға көңіл бөлу, мүмкіндігінше ағайын-туысқа айттап бару – ең сауапты істердің бірі деп ойлаймын. Алла Тағала елімізді, халқымызды барлық жамандық атаулыдан сақтасын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!
– Жауабыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!