Поэзия – сөз өнерінің асқақ шыңы. Ол қарапайым сөзге жан бітіріп, өнер дәрежесіне көтеретін тылсым құдірет.

Орыс ойшылы В.Г.Белинский «Өнердің кез келген түрі өз қызметіндегі материалдармен шектеледі. Ал поэзия – еркін, дыбыстық, картиналық, нақты ойға құрылған сөз көрінісі. Сондықтан поэзияда басқа өнердің барлық элементтері бар» деп сипаттама берген еді. Яғни, поэзия – шексіздік ұғымына пара-пар.

Адамзаттың рухани азығына айналған өлең өнерін жасаушы, әрине, ақындар. Яки, поэзия мен ақын – ажырамас егіз ұғым. Осы орайда қазіргі қазақ поэзиясында тұп-тұнық туындыларымен танылып, өзіндік өрнегі мол өлеңдері талғамы биік талай оқырманның жүрегіне жол тапқан жас ақындардың бірі де бірегейі Қуаныш Жазаймен әңгіме өрбіттік.

– Алғашқы сұрақты өзіңіздің ғұмырбаяныңыздан бастасақ… Қанша жасыңыздан бастап қалам тербеп келесіз? Бала Қуаныштың арманы жайлы баяндап бере аласыз ба?

– 1994 жылы дүниеге келдім. Алматы облысы Нарынқол өңірінің тумасымын. Нарынқол десе ойларыңызға бірден Бердібек пен Мұқағали келері даусыз. Жастайымнан өлеңді сүйіп, әдебиетке бір табан жақын болсам, ол осы екі қаламгердің арқасы. Өзіңіздің де хабарыңыз бар шығар, біздің өңірде Мұқағалидың өлеңін жатқа білмеу өте ұят саналады. Жас балалар бірінен- бірі асқысы кеп ақын жырларын жарысып жаттайды. Мен де Мұқағалиды жаттап жүріп, поэзияның сиқырлы әлеміне қалай енгенімді, кейін өзім де қалай өлең жазып кеткенімді аңғармай қалдым…

Бала кезде мүсінші болуды армандадым. Бұл арман қашан, қалай көкірегімде ұшқын атқаны есімде жоқ. Тек ермексазбен әлдененің мүсінін ұқсата алмай әуреленіп отыратыным есімде қалыпты…

13 жасымнан бастап өлең жаздым. Сол кезде-ақ жазған дүниелерім газет-журналдарға шығып, ерте таныла бастадым. Десе де бала күнгі арманның ұшқыны көкірегімде әлі де тұр. Әлі де мүсінші болғым келеді. Мызғымас бір мүсін сомдасам деймін. Бірақ бұл жолы ермексазбен емес, әрине…

– Былтыр жаз айында Сыр еліне ат басын бұрдыңыз. Сапардың басты себебі Жазушылар одағының жақсы бір жобасы болатын. Осы жоба хақында тарқатып айтып бере аласыз ба? Қанша қаламгер қатысты? Қандай талаптар қойылды? Бүгінде нәтижесі қалай дегендей…

– Былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп, жас ақын-жазушыларды қолдауға және олардың шығармашылығын дамытуға бағытталған 3 бірдей стратегиялық жобаны жүзеге асырды. Соның бірі – «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы». Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 20 жас қаламгер қатысты. Олар 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент сынды 3 үлкен қаланы аралап, әрқайсысы өзіне тиесілі өңірді туындыларына арқау етті.

Жоба аясында жазылған шығармалармен танысып үлгермедім. Алайда жақсы дүниелер жазылғанына сенімім мол. Оған алдағы уақытта сыншылар мен көзі қарақты оқырман өз бағасын бере жатар.

– Енді Сыр еліндегі сапарға ойыссақ. Туындыларыңыздан аңдағаным, аймақтағы барлық ауданды аралаған секілдісіз. Әсеріңіз қандай? Ерекше есте қалған, яки сізді қатты таңқалдырған немесе толғандырған дүниелер бар ма? Осы жайлы сыр шертсек…

– Жобаға қатысушы әр қаламгер шығармасына арқау болатын облысты, немесе қаланы өздері таңдап алды. Маған Қызылорда облысы бұйырғанына қуандым. Өйткені Арал, Сырдария, Жанкент, Байқоңыр, Бегім-Ана, Қорқыт ата… тізім осылай жалғасып кете береді. Мұның бәрі жазуға сұранып тұрған әрі жаныма жақын тақырыптар еді. Екі апталық сапарымда Сыр өңірін түгел дерлік аралап үлгермедім. Бірақ өзім барғым келген жерлерді басып өттім. Сапар мақсаты шығармашылық ізденіс болғандықтан табаным тиіп, көзім жеткен жердің бәріне зер сала қарадым. Ештеңені қалт жібергім келмей, өлеңге арқау болатын соны дүниелер іздедім. Және сол іздегенімді артығымен таптым! Бір сөзбен айтқанда, Алматыға үлкен қазынамен оралдым.

Сапар барысында мені толғандырған дүниелер аз болмады. Арал теңізінің қасіретін жүрегіммен сезіндім. Теңіз тартылған соң үдере көшкен елдің жұртын көріп қапаландым. Қараусыз қалған кемелердің тоналғанын естіп, көне жәдігерлерімізді қорғай алмайтын, реті келсе бүлдіруге әзір тұратын ел екенімізге жаным ауырды… Байқоңырдан бір бөтендікті сезіп жүрегім шым етті…

Көңіліме жайлылық сыйлаған дүниелер де аз емес. Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарының қарқынды дамып келе жатқаны, ондағы халқының еңбекқор екені мені қуантты. Таң ауылын көріп, Н.Ілиясов ауылы жайлы естігенде еліміздегі әр ауылы осылай гүлдегенін арман еттім…

Осының бәрі жаңа туындылар жазуыма түрткі болды. Дегенмен бізге берілген уақыт шектеулі болғандықтан жазғым келген дүниелердің үштен бірін ғана аяқтай алдым. Жоғарыда аталған жоба аясында «Жыр-Дария» атты кітап басылып шықты. Көрер жарығымыз болса, Сырдағы ақпейіл елдің құрметіне, маған көрсеткен жанашырлығы мен қонақжайлығының құрметіне ойда жүрген дүниелердің бәрін дерлік жазуға ниет етіп жүрмін. Осы орайда Сыр еліндегі әр сапарымның сәтті болуына барын салған Қаршыға Есімсейітова ханымға және қол ұшын созып, қолдау көрсеткен барша жанашыр жандарға алғысымды білдіремін!

– Жағалауында жүрсек те сырын ұқпаған Сырдария мен Арал сіздің өлеңіңізде өзгеше ақтарылған екен. Туындылардағы әрбір теңеу тұла бойды тітіркендіріп, тіпті жанарымызға жас үйірді… Өлеңнің азабы да, ғажабы да мол. Көзбен көріп, көңілге түйгеніңізді қағаз бетіне түсіру үшін қанша уақыт жұмсадыңыз? Қандай да бір қиындықтар болды ма?

– Кітаптың материалын өткізуге 1 ай қалғанда ғана жазуға отырдым. Одан ертерек бастауыма да болатын еді, алайда көрген, жинақтаған дүниелерімді қорытуға, ой түюге, ойлаған нәрсені өне бойыммен сезінуге біраз уақыт шығындап алдым. Оның үстіне шалажансар ойлармен ақ парақты былғауға арландым. Жазу барысында да біраз қиындық болды. Көңіліңдегі көрікті ой сол қалпындақағазға түссе жақсы, түспесе – бейнет. Мен сияқты перфекционист адамға бұл екі есе жүк. Тәулігіне 15-20 сағат бойы жазу үстеліне өзіңді байлап қою да оңай емес. Бірақ мұның бәрін қиындықтан гөріазапты ләззат ретінде сезіндім. Осылай шығармашылықпен армансыз айналысуға мүмкіндік сыйлаған жобаға дән ризамын.

Сондағы өлеңдеріме жақсы пікір айтып отырсыз. Демек, жаман дүние жазбаған шығармын…

Осы Сыр елінің тумасы, классик ақын Жарасқан Әбдіраш бір эпиграммасында Жұматай Жақыпбаевты:
«Бір ай жазған өлеңін,
Бір жыл насихаттайды» – деп суреттейді. Бұған дейін мен де дәл сол Жұматай көкеміз сияқты бір өлеңді айлап жазатын едім. Бұл жобаның арқасында бір айда қалай бір кітап жазылғаны таңғаларлық жайт.

– Нарынқол – табиғаты сұлу, тарихы терең ғажайып өлке. Алып таулардың құшағында, Хан Тәңірі шыңын көріп өскен ақынды қарт Қаратау аса бір таңғалдырмаған болар. Осы орайда сұрағымды рухани құндылыққа бағыттағым келіп отыр. Сіздің ұғымда «биіктік» дегеніміз не?

– Атақ, мансап, байлық – мұның бәрін «биіктік» деп қарауға болады. Алайда өмір бойы ұмтылған сол «биіктік» өзі жататын төбешіктен де аласа болса, ондаол «биіктік» емес. Адам үшін «биіктіктің» ең асыл әрі ең шынайы өлшемі – Адамдық деп ойлаймын…

– Поэзия – ол …

– «Сурет – көзбен көретін поэзия, поэзия – құлақпен еститін сурет», – дейді Леонардо да Винчи. Бұдан асырып ештеңе айта алмаспын. Десе де мен поэзияны «суреттен» гөрі «бейнеге» көбірек ұқсатамын. Бұл – менің жеке пікірім. Келіспесеңіздер де болады…

Мәселен, сіз көркем фильм көрдіңіз делік. Эпизодта бірде-бір жылататын сөз жоқ. Бірақ ебіл-дебіл боп жылап отырсыз. Не үшін екенін өзіңіз де сезбейсіз… және бір тұста жүзіңізге күлкі ұялап, кеудеңізді шаттық кернейді. Оның да себебін тап басып айта алмайсыз… тағы да сондай қат- қабат алмасқан эмоциялар легі… соңында ол сізді ізгілікке үндейді. Әрине, мораль оқып емес. Жай ғана ой салады. Болды. Соның өзі айғайшыл ұрандардан мың есе әсерлі сезіледі… поэзияны өзім сөз еткен «кино тілінен» де құдіретті көрем. Тек соны тірілте алмай жүрген секілдіміз…

– Әсерлі әңгіме, сүбелі сұхбат үшін алғысымызды білдіреміз! Қаламыңыз қарымды болғай!

Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ

«ТАЗА ҚАЛА»

Қызылорда…
Бір қараңғы, бір жарық,
Сылтып басып баратады түн-ғәріп.
Күннен бұрын оянады бұл қала,
Күн сияқты дәл өзі де нұрланып.

Содан болар тұрады артып ырысы,
Жиілейді көшелердің тынысы.
Жарқыраған бұл қаланың әуелі,
Тазалықтан басталады жұмысы…

…Қалай ғана мақтамайсың жақсылап,
Мына бір жайт көңіліңе жатса ұнап:
Уыс-уыс құм лақтырса жел-бала,
Бірден жерге түсірместен қақшып ап…

Сондай қызық көрініс, ә!
Бір көрсең!
Қалт жібермей тек бақылап үлгер сен.
Ойыны осылып,
Жел қайтады «үйіне»,
Бұл ісінен түк шықпасын білген соң.

Түні бойы «қыдырыстап»…
Сасқанда,
Сап түзейді тәртіп сақтап тастар да.
Ала жаздай күн мүжіген тал-терек
Ұялады жапырағын тастауға.

Жапырақты үзіп алмай құстар да,
Сақтайды әдеп – қонғанда да, ұшқанда.
Қарап тұрам кірпік қақпай таңырқап,
Таза қала, «Таза Қазақстанға»…

Мен көргелі,
Мен қаланы кезгелі,
Көрініс бұл – көңілдегі, көздегі.
Күннен бұрын оянады бұл қала,
Күнді сосын оятады өздері.

Көзді арбайды шұғылаға толы Көк,
Нұр тұнады –
Құлпырады төңірек,
Күн тұрады ол да мендей таңырқап:
«Шіркін, қандай таза қала еді!» деп…

КЕМЕЛЕР…

Есіңе салар көнені,
Ұрлады уақыт…
Қоймады, ә?!
Бұл маңның «сәні» кеме еді,
Қорғаны оның – кейуана.

Алыс та жақын төңірек,
Екеуін жақсы білетін.
«Шалымның көзі еді» деп
Кемені қорып жүретін.

Ол кезде «ұры» көп еді,
Бәрі де «ұры» – осы нақ.
Бөлшектеп сатып кемені,
Тамағын жатқан асырап…

Күнімен болсын,
Түнімен,
Түн аусын,
Қалсын таяп таң, –
Алысып жүріп «ұрымен»,
Кейуана қалды аяқтан.

Сал болып жатыр осы күн,
Кездер-ай, кездер қайда өктем?!
Шалынан сұрап кешірім,
Қарайды әзер әйнектен.

Қайранға қойған «шідерлеп»,
Қорғансыз кеме зорға тұр.
«Ұрылар» бәрін түгендеп,
Оған да көзін салды ақыр.

Ауыр-ау,
Ауыр құр қарау,
Тойынатұғын түрі жоқ.
Кеме қоритын ұл ма анау?!
Ол да жүр бірге «ұры» боп.

«Ұры» дегені ел еді,
Кінәлап бекер аптықпан.
Елде де кінә жоқ еді,
Жоқтықтан бәрі!
Жоқтықтан!

Ашудың асау толқыны,
Тапап өтуге шақ күйде,
Сол күні құрғыр…
Сол күні,
Бәрін де сезіп жатты үйде.

Қарғасын, Ұрыссын, Жыласын, –
Олар ма мұны естімек?
Дәуірдің алтын мұрасын,
Кескілеп жатты! Кескілеп!

«Тап мұндай өмір… бейдауа,
Не керек, – деді, – не керек?»
Тұрды да кенет…
Кейуана
Гүрс ете қалды…
Кеме боп…

***

Дерт жеңіп бара жатыр жалғыз ұлын,
Сорлы ана айтпай қайтсін зарлы жырын!
Қалт етсе, жалғыз ұлын әкетердей,
Тартып ап тереңіне қанды жылым.

Жүрегі шарқ ұрады отты айнала,
Дем жетпей алқынады… таппай дауа.
Ұлының таңдайына су тамызып,
Кірпігін бір сәтке де қақпайды ана…

Ой, жалған, ұқсайды Арал сол балаға,
Ой, жалған, ұқсайды Сыр сорлы анаға.
Тартып ап тереңіне «қанды жылым»,
Теңіздің табанында сор қала ма?

Зарлы жыр шырқап… үзіп…
Шырқап… үзіп…
Үмітін қайта жалғап бір тағы үзік,
Кірпігін бір сәтке де қақпайды Сыр,
Аралдың таңдайына су тамызып…

БАЙҚОҢЫР

«Атағымды ғарышқа атқан» – Байқоңыр,
«Отанымды қарыштатқан» – Байқоңыр.
Алыс болып тұрсың маған бір түрлі,
Жақын тартпай тұрсың мені әйтеуір.

Ағам бар-тын.
Жақын ағам – қалалық.
Алып-ұшып барғанымда,
Қабарып,
Ол да мені дәл осылай қарсы алған,
Дәл осылай жатырқаған – ол анық.

Менің сөзім оған жат боп естіліп,
Оның сөзі маған жат боп естіліп,
Түсіне алмай ол да мені, мен де оны,
Үнсіз ғана отырған ек кешкілік.

«Бірге туған ағайыннан,
Бауырдан,
Кім айырды?» – деп қайысқан қабырғам.
Сонда ағама айтқым келген бірдеңе,
Сонда «неге келдім, – дегем, – ауылдан?..»

Кейін жолдар жатты алдыда жосылып,
Жүре алмадым мен ағама қосылып.
Жәй, әншейін, түсті есіме сол ағам,
Саған мұның қатысы жоқ – осыны ұқ.

«Атағымды ғарышқа атқан» – Байқоңыр,
«Отанымды қарыштатқан» – Байқоңыр.
…Ағам түбі бауырым деп таниды,
Мен осыған сеніп келем әйтеуір…

КЕЛІНТӨБЕ

– Аңғырт, албырт сол ақының,
Есіңде ме, Келінтөбем?..
Есенғали

І
Танимын сені, танимын,
Келінтөбесі аяулы Есенғалидың.
Кереметтерің тізбек те тізбек сурет боп,
Есімнен талай тандырған еді сәби күн.

Келгенбіз саған қиялымызбен сан рет,
Сан рет бізге бергенсің сонда жағып от.
Өзіңе деген басылмайтұғын ақынның
Шарпыған едің сағынышының табы боп…

Уілі желдің, сылдыры судың, бақ үні –
Қоспасыз жырдың,
Тоспасыз жырдың ағыны.
Жиделі тоғай, күмбірлі өзен, күміс көл,
Таныдым бәрін.
Олар да мені таныды.

Тентекті мынау ыға қоймайтын «тәйт!» десе,
Таныды, білем.
Таныдың сен де –
Қайтты есе.
Ұрымтал тұста аяқтан тура шалып қап,
Топырағыңа аунатпас едің, әйтпесе…

ІІ
Келінтөбе деп аталатұғын төбе анау,
Келіп бір тұрып шықпай кетуге бола ма-ау?!
Нұх пайғамбардың кемесіндей боп биіктен,
Бала ақын мұнда әлемге асқақ қарады-ау.

Арда ақын мұнда өлеңге ашқан серпе есік,
Алғашқы жырын тыңдаған самал ерке есіп.
Мен сынды тауда бұлтқа аунап өскен өренге,
Төбе емес қой бұл…
Төбе емес қой бұл…
Төмпешік!

Дала-дәптерден көшіріп алып көп өлең,
Әлемге мен де қарайын деп ем төбеден,
Тобықтай ғана төбешікке осы шығарда,
Алқына бердім,
Алқына бердім неге мен?

Алып бір шыңды бағындырғандай мен ерек,
«Керемет!» деймін,
«Керемет!» деймін,
«Керемет!»
Жүрек төрінде, аяулы Келінтөбе, сен
Қалып барасың таудан да биік төбе боп!

Қуаныш ЖАЗАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!