Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат байлық. Отбасының бірлігі, өзара қолдау мен махаббат – мықты қоғамның негізі. Ал сол махаббат пен қолдауды қызметтің ауыртпашылығымен үйлестіре білу әркімнің қолынан келе бермейді. Бүгінгі кейіпкерлеріміз – осы жауапкершілікті мойнына алып, бір біріне сүйеніш болып жүрген жұп, Қызылорда облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы полиция батальонының полицейі, полиция аға сержанттары Әділхан Уәлихан мен Назым Алтынбек.

Назым Елмұратқызы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі. Бала кезден Ішкі істер органдары саласына қызығып, 2020 жылы арманын іске асырып, поли- ция қызметіне қабылданды. Ол – өз ісіне адал, тәртіп пен жауапкершілікті өз өмірінің негізгі қағидалары еткен жан. Ал Әділхан Асылханұлы бала кезінен жауапкершілікті сезініп өскен азамат. Көпбалалы отбасынан шыққан кейіпкеріміз мектептен кейін Семей қаласында жол қозғалысын ұйымдастыру мамандығы бойынша білім алған. Кейін әскери борышын өтеп, 2019 жылы Ішкі істер органына бет бұрып, полиция қызметіне кірісті.

Бір-бірін толықтырып, қызмет пен отбасын бірге үйлестіре білу – олардың басты ерекшелігі. Бүгінде Әлихан есімді ұлдарын тәрбиелеп, отбасылық өмірде де, қызметте де табысты болуда.

– Сіздерді жұмыс табыстырды деп естідік. Толығырақ айтып берсеңіздер…

Әділхан: – 2020 жылдың карантин кезі болатын. Бетперде тағу режимі қатаң сақталып, барлығы сақтық шараларына жіті көңіл бөлген кезең. Біз сол уақытта қызмет барысында таныстық. Барлығы бір шыны кофеден басталды. Қызығы, бір ауданда тұрдық, тіпті екеуміздің мектебіміз де жақын екен. Кейін әріптес болып, тағдырдың өзі бізді жақындастырып, өмірімізді байланыстыра түскендей.

– Екеуіңіз де полиция қызметкерісіздер. Қызметтегі қарбалас пен үйдегі тыныштықты қалай үйлестіресіздер?

Әділхан: – Мен де, жұбайым да көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Бала кезімізден іні-қарындастарымызға қамқор болдық, үй шаруасына да ерте жастан араластық. Бұл тәжірибе бізге отбасы ретінде қалыптасуда үлкен көмек болды деп ойлаймын.

Назым: – Рас, үй мен жұмыс арасындағы шекараны сақтау оңай емес. Бірақ екеуіміз де тәртіпке үлкен мән береміз. Барлығын алдын ала жоспарлап, бірлесіп шешеміз. Бастысы ата-енеміз бен жақындарымыз қолдайды. Әсіресе бастапқыда үлкен көмек көрсетті. Қазір баламыз Әлихан екі жаста, ол балабақшаға бармайды. Сондықтан кезекпен қараймыз. Жұмыс пен отбасылық міндеттерді бір-бірімен үйлестіре отырып, қиындықты жеңіл еңсереміз.

– Ал бір-біріңізге қалай қолдау көрсетесіздер?

Әділхан: – Қиындық – қызметтің ажырамас бөлігі. Бірақ олардың уақытша екенін жақсы түсінемін. Қызмет барысында түрлі сынақтармен бетпе-бет келеміз, алайда шыдамдылық пен өзара түсіністік арқылы бәрін жеңеміз. Бір-бірімізге қолдау көрсету – біз үшін ең басты күш.

– Сіздердің бір күндеріңіз қалай өтеді?

Әділхан: – Біздің жұмысымыз ауысымдық тәртіппен, 12 сағаттық кесте бойынша өтеді. Бір мекемеде жұмыс істесек те, кейде бір-бірімізді көруге мүмкіндік болмайды. Апта сайын оқу-жаттығу шаралары өтеді. Ал әр дүйсенбіде сапқа тұрып, әнұран орындаймыз. Мысалы, дүйсенбі күні таңғы 7:30-да жұмысқа келіп, қару-жарағымызды алып, басшылықтың қатысуымен таңғы тексерістен өтеміз. Міндетті түрде әнұран айтып, қызметімізге кірісеміз. Кешкі 19:00-ге дейін әрқайсымыз өз қызметімізді атқарып, жұмысымызды аяқтаймыз. Жұмыстан кейін міндетті түрде отбасымызға көңіл бөліп, бірге уақыт өткіземіз.

– Назым, мұндай графиктен шаршамайсыз ба?

Назым: – Жоқ, жұмысымды жақсы көремін. Қызмет барысында, керісінше, демалатындай сезінемін десем де болады. Әкем де Ішкі істер органында қызмет еткен. Бала кезімнен форманы көріп өскен соң, мен де болашағымды осы салада елестеттім. Сол себепті мен үшін бұл қиын емес, керісінше, үлкен құрмет деп білемін.

– Қоғам сіздерді тәртіп сақшысы деп қабылдайды. Жұмыс барысында ерекше есте қалған оқиғалар болды ма?

Әділхан: – Иә, мұндай оқиғалар жиі кездеседі. Соның бірі өткен жылдың қаңтар айында болды. Түнгі сағат 10-11 шамасында жалғыз жүрген жасөспірім қызды байқадық. Ол көпірге жақындап, секіруге оқталғанда, біз дереу әрекет етіп, оны аман алып қалдық. Кейін белгілі болғандай, ол жақындарымен сөзге келген. Бұған дейін де суицид жасауға талпынған екен. Бұл оқиға біз үшін өмірге деген жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.

Назым: – Қоса кетсем, суицид мәселесінде ата-аналардың рөлі өте маңызды. Олар балаларымен жиі сөйлесіп, көңіл бөліп, қолдау көрсетуі керек. Мейірім мен қамқорлық балалардың қиындықты жеңіп шығуына көмектеседі деп ойлаймын.

– Балаңыз Әлихан болашақта сіздердің жолдарыңызды қуамын десе, қалай қарайсыздар?

Әділхан: – Шынымды айтсам, оның басқа салада қызмет еткенін қалаймын.

– Отбасының беріктігі үшін не қажет?

Назым: – Отбасының беріктігі әр адамның өзін тәрбиелеуінен басталады деп ойлаймын. Әрбір адам өзіне жауапкершілік ала білсе, сол отбасының іргесін нықтайды. Ер адам отбасын ойлап, қамқорлық жасаса, әйел әрдайым оның сүйенішіне айналады. Ең бастысы – отбасында сенім мен құрмет болу қажет. Сонда ғана кез келген қиындық жеңіл әрі бірлесіп еңсеріледі.

– Полиция қызметкерлері үшін басты құндылықтар әділдік пен қауіпсіздік екені белгілі. Ал сіздердің отбасыңыздағы басты құндылық неде?

Назым: – Біздің отбасыдағы ең басты құндылық – өзіміз. Деніміздің сау болуы, бақытты өмір сүруіміз және ата-анамыздың аман-саулығы – бұл біздің ең үлкен байлығымыз. Отбасымыздың бірлігі мен жақындарымыздың жанымызда болуы – бәрінен қымбат.

– Бір-біріңізді 4 сөзбен сипаттап берсеңіздер.

Әділхан: – Назым – сыпайы, ақылды, әдемі, зерек жан.

Назым: – Әділхан – сенімді, ақылды, жауапкершілігі мол, қамқор.

– Сіздер үшін нағыз бақыт деген не?

Әділхан: – Нағыз бақыт – отбасымыздың жанында болып, бірге уақыт өткізу. Жұмыстан тыс уақытта баламызбен күліп-ойнап, бірге қуанышқа бөленген сәттер біз үшін ең бағалы. Отбасының амандығы мен бірлігінен асқан бақыт жоқ деп ойлаймын.

– Жауаптарыңызға рақмет!

Әңгімелескен Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!