Кейінгі уақытта облыстық телеарнаның хабар тарату әдісі де, желідегі жарнамасы да күрт өзгерді. Көзі қырағы көрермен мұны бірден байқады. Иінтірескен ақпарат заманында сенімді хабар тарататын БАҚ-тың орны бір бөлек.
Осы орайда “Qyzylorda” телеарнасының директоры Нұрбек Әмишамен жолығып, қызмет барысы, қоғамдағы өзгерістер туралы сұхбаттастық.
– Нұрбек аға, телеарна басшысы қызметіне кіріскеніңізге жарты жылға жуықтады. Дәл қазір метаәлемнің мүмкіндіктері кеңейген уақыт. Медиаменеджер ретінде ең әуелі қандай дүниеге басымдық бердіңіз?
– Бұрын осы облыстық телеарнада жұмыс істегесін қайтып оралғанда нені өзгерту керегі, қай жерде артық кетіп, қай жерде ілесе алмай қалғанымыз айдан анық көрінді. Эфирдің өз эстетикасы, әдемілігі болуы керек. 13 жыл сыртта жүргесін телеарнаға басқа көзбен қарадым. Сырдарияның сұлу бейнесі, күннің шығуы, күздегі жапырақтар, көшедегі адамдарды арнайы түсіріп, Qyzylorda VIBE айдарын ойлап таптық. Адам кейде миы тынығып, демалу үшін телеарна қарайды. Эфир көрерменге көңіл күй сыйлауы керек.
Сондай-ақ телерананың әлеуметтік желілердегі бейнесін де жаңарттық. Дизайнына, посттардың тұрақты әрі сапалы шығуына мән бердік. Қазір youtube, instagram каналымыздағы көрерменнің де қатары көбейді.
Тікелей эфир тілшіні шыңдай түседі
– С.Демирел атындағы университеттің профессоры, масс медиа жəне кино зерттеушісі Молдияр Ергебеков Facebook-та «Нұрбек Әмиша басшы болғалы бері Qyzylorda TV аймақ журналистикасының мықты үлгісін көрсетіп жүр. Өзге аймақтағыларға үлгі-өнеге болса екен. Жасап жатқан контенттерінің тілі, стилі, баяндау тәсілі заманауи, жеңіл әрі этикаға сай» деп жазды. Байқасақ, эфирдегі мамандардың бәрі бұрынғы кадр. Тележурналистердің потенциалын ашуға не әсер етті?
– Шығармашылық өкілдерінің әлеуеті бұрыннан жаман емес. Жалғыз жүріп ештеңе істей алмайсың. Әріптестерің қолдау білдіріп, жұмыла кіріссе ғана жақсы дүние жасалады.
Телеарнаға келгесін тележурналистермен, режиссерлермен, операторлармен бөлек-бөлек ақылдасып, кездесу өткіздік. Ұжымдағы әрбір қызметкер жұмыс барысы туралы 4-5 сұрақтан тұратын анкета толтырды. Бұл бағытымызды анықтауға, сапалы қызмет етуге, әрі қарай дамуымызға оң әсер етті. Соның нәтижесінде кейбір шығармашалық өкілдерінің жүктемесі өзгерді, бағдарламаларға да өзгеріс жасалды. Жалпы әр маман «шығармашылық потенциалыма сәйкес дүние жасап жатырмын ба?» деп өз-өзіне сұрақ қойып отыруы қажет.
Жаңалықтарда көбіне тікелей қосылымдар жасауды жолға қойдық. Тікелей эфирде жұмыс істеу тілшіні шыңдай түсетін рас.
Жалпы, бұрынғы шығып жатқан бағдарламалар эфир кестесінде қалды. Кейбірінің форматын, атауын ауыстырдық, ребрендиң жасадық. Телеарнада «медиаөлшем» деген ұғым бар, рейтинг деуге де болады. Қызылордаға келер- де соны ойладым. Телеарнаны қанша жастағы адамдар көп көреді, қай бағдарламаны қарайды, «prime time» қай уақыт? Бұл алдағы жұмыстарды жүргізу үшін өте маңызды сұрақтар еді. Аймақ телеарнасына рейтинг бұрын жасалмаған. Аут-сорсинг компаниялар оны істеу үшін 3-3,5 миллиондай қаржы сұрады. Ондай қаражат жоқ. Сондықтан эфирде онлайн әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Эфирге бір айдай QR код қойып, сауалнама жасадық. Бұл бастамамыз нәтижелі болды. Сұрақтарымызға жауап алдық та, іске кірістік.
– «Қоңыр әңгіме» бағдарламасын айтыскер, ақын Нұрмат Мансұров, «Paidaly podkast»-ты кәсіпкер Ерлан Раймов тізгіндепті, Мұхтар Ниязовтың да «Қызық Ордасы» бар… Бағдарламаны жүргізетін адамға қойылатын талап бар ма?
– Эфирді сол саланың маманы жүргізу керек деген қағида жоқ. Негізі «Қоңыр әңгіме» бұрыннан барбағдарлама. Ал «Paidaly podkast»-ты белгілі бизнесмен Ерлан Раимов жүргізеді. Мақсат – жас стартаперлерге мотивация беру, кәсіп иесі болудың жолында үлкен қателіктер мен проблемалар бар екенін көрсету. Тәжірибелі бизнесмендердің өз ойларын айтуы өте қажет деп ойлаймын. Мұхтар Ниязовтың жобасы да жаман көріліп жатқан жоқ секілді. Мұхтар секілді сөз тапқыш, жылдам ойлы ақынның осы бір қасиетін қазір пайдаланып, қазақы әңгіме, ұтқыр сөздерді жазып алу бүгінгі және келер ұрпаққа керек деп ойладық. Байқасаңыз, «Қызық ордада» көбіне қызылордалық қонақтар шығады. Себеп те сол, ел ішінде сөзді қасиет санайтын, әңгіме айта білетін, тігісін жатқызып сөйлейтін, жеңіл емес, ызалы күлкіні (көрерменге ой салатын) бағалайтын жандарды шығарып жүрміз.
Телеарнаны идеология құралы дегенді ұнатпаймын
– Еңбек жолыңызға қарасам, баспасөзде тілші, отандық телеарналарда редактор, аударма бюросында әдеби редактор, министрлікте баспасөз хатшы қызметін атқарыпсыз. Журналистиканың қай бағыты ерекше жақын?
– Қазір телеарна жақын. Қалған салаларда да жемісті еңбек еттім. Бірақ телеарна – командалық ойын. Бір хабарға ондаған адам жұмыс істейді, жасаған еңбегің ел алдында. TV медиакеңістікте тәжірибе жинауыма үлкен септігін тигізді.
– «Дүние жамандардың жамандығынан емес, жақсылардың үндемеуінен бұзылады» дейді. Ауқымды істің басында жүрсе де аудиторияның алдына шыққысы келмейтін, сұхбаттасудан қашқақтайтын адамдар бар. Телеарнада мұндай жағдай жиі кездесетін болар… Олардың өз ойын іркіп қалуына не себеп деп ойлайсыз?
– Әркімде жағдай әртүрлі. Дегенмен өңір тұрғындарында ішкі цензура басым. Өңірде нарық кішкентай. «Бастығым хабарласып қалар, жұмыстан шығарса, басқасын қалай табам?» деген оймен де айтарын жеткізбеуі мүмкін. Бізде бір адам бүкіл жағдайды өзгерте алатынына сенбейтіндей көрінеді. Посткеңестік елдердің бірі болғасын ба, «коллективизм» басым. Конформистік ыңғайға жығылу да бар. Көбі басқалардың ойын біліп, бірдей пікірде болуым керек деп есептейді. Негізі бір адамның әрекеті де нәтиже әкеледі. Бұған өнер адамдары, түрлі сала өкілдерінің жетістігі дәлел.
– Телеарна – идеология құралы. Сол қызметін дұрыс пайдаланып жүрміз бе?
– Телеарнаны идеология құралы дегенді ұнатпаймын. Кеңес заманындағы пропоганданың әсерінен туындаған ұғым сияқты. Меніңше, телеарна қазір өзін-өзі сақтап қалу үшін күресуде. Интернет жоқ кезде, телеарнаның ықпалды болғаны рас. Ал қазір өңірде отырып-ақ BBC, CNN-ді көре аласыз. Сондай бәсекелестік кеңістікте аймақтағы арнаның ахуалын қалай жақсартамыз? Осы сұрақ мазалайды мені.
Дегенмен аймақтық телеарнаның өзіндік артықшылығы бар. Біз көрерменнің кім екенін анық білеміз. Аудитория сұранысының да қандай екенін байқаймыз. Себебі Сыр халқының көбі ауылда тұрады. Сондықтан ауыл халқының не көргісі келетінін зерттеп, жобалары- мызды көрерменнің қалауына лайықтап жасаудамыз.
– «Болашақпен» білім алу үшін таңдау неліктен Ұлыбританияға түсті? Бұл елдегі білім жүйесінің басқа елден айырмашылығы қандай?
– Бұл жерде жас ерекшелігін де айту керек. 30 жастан асқаннан кейін баратын елдің қашықтығына, оқудың ұзақтығына да мән беретінің рас. Ұлыбритания магистратурасында оқу уақыты – 1 жыл. Жұмыстан қол үзіп кетпеу үшін осы уақыт аралығы қолайлы болды. Екіншіден ол жақтан 6-7 сағат ішінде Астанаға ұшып келесің. Отбасың елде болғасын тым ұзап кетпеу де маңызды. Сондай-ақ Ұлыбритания «болашақтықтар» жиі таңдайтын ел тізімінде. Бұл да әсер етті. Ол жақта сабақ кестесін өзің таңдап, оқу уақытын да өзің белгілейсің. Тапсырманы неше күн ішінде орындайтының маңызды емес, бастысы, дедлайннан кешікпеу. Көп уақытыңды кітапханада өткізесің, магистратура болғандықтан, зерттеуді көбіне эссе түрінде жазасың.
– Бүкіл ел сел мен сотты талқылап жатыр. Тасқынға дайын болмағанымыз белгілі. Ал екінші жағдай еліміздегі көп отбасының шын бейнесін көрсеткен секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Иә, Бішімбаеқа қатысты сот барысын бақылап жүрмін. Бұл мәселеге сезіммен қарамауға тырысамын. Ол қоғамға танымал болғандықтан да резононс туғызды. Әрине, қол көтеру, соққы жасау кешірілмейтін жағдай.
Аймақ аудиториясы ғана емес, шетелдегі қандастар көретін бағдарламалар жасау мақсатымызда бар
– «Жас тілшілер мәселеге терең үңілгісі келмейді, жағдайды сараптай алмайды» деген пікір бар. Келісесіз бе?
– Бұған екі фактор әсер етуі мүмкін. Біріншісі, бұл мамандыққа бейімі болмаса да, ойда-жоқта түсіп кетіп оқуы. Екінші себеп – желідегі психология. «Журналистикада жұмыс істеу қиын, табыс табатын басқа кәсіпті таңдайын» деуі де мүмкін. Телеарнаға да практикадан өтуге студенттер келеді. «Болашақта қандай маман болғың келеді?» деп сауал қоямын. Сөз саптауы, жазуы, өз-өзін ұстауы жақсы болса, телеарнаға алып қалуға тырысамыз. Себебі әлі жас, басқа салаға қызығып кетіп қалуы да мүмкін. Заман талабы болар, көпшілік қысқа әрі нақты ақпаратты көріп- естігісі келеді.
– Алдағы уақытта көрерменді қуантатын қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Жаңалық көру үшін теледидарды қосқан көрерменді экран алдында ұстап қалу мақсатында «AnyqTIMES» атты жаңа шығарылымды іске қостық. Тікелей эфирде журналист сол күнгі немесе аптадағы басты оқиға бойынша спикермен сұхбаттасады. Көбіне эфир сыртында жұмыс істейтін тележурналистің шыңдалуына бұл үлкен мүмкіндік. Көпшілікпен тікелей байланыс орнату шығармашылық әлеуетінің артуына, ой жинақтауына әсер етеді. Жаңалықтың форматы жаңарды, жүргізушілер тік тұрып жүргізеді. Байқауымызша, студиядағы өзгеріс те көрерменге ұнады.
«Құдайы қонақ» реалити хабарын жасадық, бұрын телевидение бармаған ауылдарға жол тарттық. Жүргізушілер еш хабарлаусыз таксимен не пойызбен кез келген уақытта ауылға барады. Тіпті журналистерге «жолға шықтық» деп желіде stories-те салғызбаймыз. Ауылдың боямасыз бейнесі, тұрғындардың ақ пейілі, алғаусыз көңілін осы бағдарламадан көруге болады.
Жуырда «Параллель» атты жаңа бағдарлама жарыққа шықты. Жаңалық күнде өзгереді, ақпарат тез ұмытылады, ал бұл жобадағы мақсатымыз айтары бар азаматтардың көзқарасы мен пікірін алтын қорға жазып алып қалу.
«Кешкі show» басқа форматта жүргізілуде. Өңірдің әлеуетін көтеруге үлес қосып жүрген өзіміздің брендтерді танытатын «Қызылордада жасалған» бағдарламасы да жаңа бағытта көрерменге жол тартты. Сондай-ақ «Qyzylorda» арнасының Байқоңырдағы өкілдігі ашылды. Тікелей, эксклюзивті ақапаратты бүгінде басқа арналар бізден алып таратуда. Бұл қаладағы ақпараттық қауіпсіздік үшін маңызды деп есептейміз.
Мен жалпы «аймақтық арна», «өңірлік жур- налистика» деген айдарларды онша қуаттай бермеймін. Журналистика біреу, оның принципі біреу, ол – ақпарат беру. Ал аудитория кабельдік операторлар, уеб сайт арқылы онлайн немесе әлеуметтік желі арқылы әлемнің кез келген нүктесінен сені көре алады. Сондықтан өңірлік деңгейде қалып қоймай, әлемдік трендтерді қолдану, аймақ аудиториясы ғана емес, шетелдегі қандастар көретін бағдарламалар жасау мақсатымызда бар. Біздің бағдарламаларды көретін қандастар көп. Оны желіге салынған бағдарламаларымызға деген алыстағы қандастарымыздың фидбэгі, пікірі, тіпті қырғыз ағайындардың комментарийлері арқылы байқап отырмыз. Сондықтан өңірмен шектелу мүмкін емес деп ойлаймын.
Осылайша ойға алған жұмыстарымыздың аз бөлігі орындалды деуге болады. Алдағы уақытта жаңа форматтағы жобалар жүзеге аспақ. Бастысы көрерменіміздің көңілінен шығып, сұранысын қанағаттандырсақ, еңбегіміздің еленгені деп білеміз.
– Телеарнаға жаңа ғимарат салынуы мүмкін бе?
– Қазіргі ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу жоспарда бар.
– Сұхбат үшін рақмет!
Әңгімелескен
Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!