Ел арасында «қазақстандық Рапунцель» деп танылған бұрымды қыз туралы естуіңіз бар ма? Иә, алтын шашын алтын тарақпен тарайтын ертегідегі ханшайым бізде де бар. Кейіпкерімізбен сұхбаттасудың сәті түсіп, шаш күтіміне байланысты азды-көп әңгіме өрбіттік.
«Ақмешіт жастары» басылымының кезекті қонағы – 31 жастағы Мөлдір Бекжан. Ол Алматы облысы, Ұзынағаш ауылының тұрғыны. Айтуынша, шашын 9 жасынан бастап өсірген. Ал қазір ұзындығы − 2 метр.
– Кішкентайымнан ертегі оқығанды жақсы көрдім. Әсіресе ханшайымдарға ерекше көңіл бөлетінмін. Өзіңіз де білесіз, ертегілерде алтын шашын алтын тарақпен тарайтын ханшайымдар бейнеленеді. Бала күнімнен танымалдылыққа, ертегі кейіпкерлерінің сұлулығына ерекше қызығушылығым болды. Анамның, әпкелерімнің де шаштары ұзын еді. Сондай-ақ 4 жыл филология мамандығында оқыдым, әдебиетке жақын болдым. Қыз жібектің ұзын шашына да қызықтым. Соның әсерінен болар, мен де кішкентайымнан ұзын шашқа құмар едім. Тіпті жаулықтарды шашым секілді тағып, ханшайымдарша ойнайтынмын. Қиялымда әрдайым сұлу бейне қалыптасатын. Кейін шашымды мүлдем қысқартпай, содан бері өсіріп келемін, – деді Мөлдір Бекжан.
Балалық арманын орындаған кейіпкеріміз шаш күтімі туралы зерттеп, қазір қыз-келіншектерге кеңес береді, білгенін айтады һәм үйретеді. Биыл тамыздан бастап «Рапунцельдің шаш күтімі» атты авторлық курсын жүргізіп келеді. Онда шаштағы мәселелер мен оның туындау себептерін анықтайды, соған сай шешу жолдарын ұсынып, қатысушыларға үй жағдайында шығынсыз шаш күту жолдарын үйретеді екен. Мұнан бөлек әр қатысушымен жеке жұмыс жүргізеді. «Шаш адам денсаулығының айнасы» деп дөп айтатын Мөлдір курстың бағдарламасында дәрігермен де жеке жұмыс қарастырылғанын айтты.
– Әйелдерге шашты үй жағдайында дұрыс күтуді үйретемін. Бұл ешқандай артық шығынды қажет етпейді. Сабақтарда шаштың майлануы, қайызғақ, ұштану мен шатасып таралмау сияқты барлық мәселені үй жағдайында шешу жолдарын көрсетемін. Сондай-ақ қазір шаштың түсуі мен ағаруы да көбейген. Ал бұл проблемалардың негізгі себебі ағзадағы өзгерістерде жатыр. Сол үшін дәрігермен бірлесе жұмыс істеймін. Курсқа қатысушылардың ішкі ағзасының жағдайын анықтау үшін дәрігердің көмегімен кешенді тәсіл қолданылады. Осылайша, қатысушыларға шаш күтімі мен ағза саулығының үйлесімді байланысын ұсына отырып, толықтай нәтижеге жетуге көмектесемін, – дейді ол.
Расымен, шашқа қарап денсаулықтағы мәселелерді көруге болады. Мөлдір Бекжанға хабарласатын қыз-келіншектерде анемия, қант диабеті немесе онкологиялық дерт болады екен.
– Маған байланысатын адамдардың 70-80%-да анемия бар. Жасөспірімдер, бойжеткендер түрлі мәселемен хабарласады. Зоб пен витамин жетіспеушіліктен де шаштары дұрыс өспейтіндер бар.
Шаштың күнделікті түсуі барлық адамда болады. Бірақ қалыпты деңгейде. Ал егер түсу мөлшерден тыс көбейсе, шашыңыз тез ағаратын болса ағзаңызбен жұмыс істеу керек. Кей адамдар шашына арнайы күтім жасамаса да шашы қалың, ұзын болып өседі. Бұл денсаулық жағдайының жақсы болуынан, ал екіншіден генге де байланысты. Мұнан бөлек стресс пен депрессияға жиі түсетін адамдардың да шаштары әлсіз, жұқа келеді.
Шаштың өсуіне жауап беретін пигменттер, микроэлементтер болады. Олардың да жетіспеуінен шаш өспейді. Сонымен қатар ұйқы, тамақтану мен қан айналымының дұрыс жүрмеуі де әсер ететінін басты назарға алған жөн. Мысалы отырықшы жұмыс істейтіндердің қан айналымы нашар келеді. Ал бұл өз ретінде шашқа әсер етпей қоймайды, – деп жауап берді.
Қазір деннің саулығын реттеу үшін витамин ішетіндер көбейді. Тіпті сәнге айналды дейді кейіпкеріміз.
− Шаштың жағдайына витамин жетіспеушілік те әсер етеді. Коронавирустық инфекциядан кейін түрлі дәрумен қабылдайтындар көбейді, ақырындап сәнге айналды. Бір жағынан бұл дұрыс. Алайда дәрігерге қаралмай, анализ тапсырмайтындар бар. Ал мұндай тәсілмен қабылдаған емнің нәтижесі болмайды. Адамдар кез келген витамин, дәрі пайдаланбас бұрын дәрігердің кеңесіне жүгінсе екен деймін, – деп алаңдауын жеткізді ол.
Әңгіме барысында халық арасында тараған мифтер туралы да айтты. Мөлдір Бекжанның айтуынша, кей адамдар шашым тез өссін деп қияды екен. Мұндай түсінік бізде де бар екен жасырмадық. Бірақ ешқандай шындыққа келмейтін түсіндірді.
– Иә, бұл шаш күтімі туралы ең жиі кездесетін мифтердің бірі. Шындығында шашты жиі қию оның өсу жылдамдығына әсер етпейді. Сондай-ақ «Шаштараздың қолы ауыр» деген түсінік бар. Оқырмандар осындай сұраныспен де хабарласады. Бірақ шашыңыздың өсу, өспеуі шаштараздың қасиетіне емес, жоғарыда айтқанымыздай адамның генетикасына, денсаулық жағдайына және бас терісінің күтіміне байланысты.
Шашым мықты, әдемі, жылтыр өссін деп түрлі химикаттарға толы заттарды қолданып, миллиондап ақша жұмсайды. Ал менің айтарым артық шығынсыз тек үй жағдайында жақсы күтім жасауға болады. Мысалы дәндерден, күріштің суынан, пияз, сарымсақ, лавр жапырағы, қалампыр мен ошаған секілді шөптерден қайнатпалар, маскалар жасауға болады, – дейді Мөлдір.
Жоғарыда айтқанымыздай, кейіпкеріміздің шашының ұзындығы – 2 метр. Кейде қысқа шаш үлгісімен күтім жасап үлгірмейтініміз рас. Бізге де, сізге де қызық… Ал Мөлдір Бекжанның шаш жуу процесі қандай?
− Кішкентайымда шашымды екіге бөліп жуатынмын, ал қазір өріп жуамын. Шашымды жуып болған соң босатамын. Бірақ шаш кептіргіш қолданбай-ақ табиғи жолмен кебуін күтемін. Жазда шашым 2-3 сағатта кебеді, ал қыста бұл процесс жарты күнге дейін созылады. Кейде шашым дымқылданып кебеді, − деді ол.
Қазақы наным-сенімде көз тию деген бар. Қоғамдық орында болсын шашы жылтыр әрі ұзын бұрымды арудың көзге түсуі орынды.
− Бүгінге дейін көз тию туралы ойланған емеспін. Анам да «шашың бар кезде көрсету керек» деп өсірді. Қызыл түс немесе жылтырақ та тақпадым. Өсетін шаш өседі, түссе түседі деген пайыммен жүрдім. Десе де қазір көзге түсетін қазақы бұйымдарды тақсам деймін. Көз шашқа емес, сол ерекше затқа түседі дейді ғой.
Ал мұндағы басты мақсатым − ұлттық құндылықты насихаттау, бұрымды қыздарды көбейту. Әшекей тағатын бойжеткендердің бойында дәстүрге деген сыйластық, махаббат қалыптасады. Қолымнан келгенше айналама жақсы әсер етіп, ұлттық дәстүрді дәріптегім келеді, − деп әңгімесін қорытындылады.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!