Өнер мен кәсіпті қатар алып жүру – үлкен тәуекел мен табандылықты талап ететін жол. Бірі – тұрақты табыс әкелетін жүйелі еңбек, екіншісі – шабыт пен шығармашылықтың нәзік әлемі. Ал осы екі бағытты ұштастырып қана қоймай, психология саласында да өзіндік із қалыптастырған талантты жас Раулан Жалеев – сұхбатымыздың кезекті кейіпкері.
– Бүгінде сіздің кілемдеріңіз жай ғана интерьер элементі емес, авторлық арт-нысан ретінде қабылданады. Бұл идея қалай пайда болды және оны бизнеске айналдыруға қалай бел будыңыз? – Бұл идея маған мүлдем күтпеген жерден келді. Оған да төрт жылдай уақыт өтті. Ол кезде әлемді коронавирус жайлап, қатаң локдаун жарияланған шақ еді. Шынымды айтсам, бизнеске қабілетім болса да, оны ашамын деген арман менде бұрын-соңды болған емес. Ұшқыш болуды армандап, өмірімнің көп бөлігін осы салаға арнадым.
Пандемияға дейін Түркияда бір жарым жыл тұрдым. Арманымдағы мамандық бойынша білім алып, тіл үйрендім. Кейін Еуропаға, Чехияға шақырту алдым. Онда халықаралық лицензия алып, ұшқыш мектебін аяқтауым керек болатын. Сол үшін Қазақстанға виза рәсімдеуге келдім. Бірақ визаны күтіп жүргенімде карантин басталып кетті. Сөйтіп, не Түркияға қайта алмай, не Еуропаға ұша алмай, Қазақстанда қалып қойдым. Бастапқыда бәріміз «бір айда, әрі кетсе екі аптада бітеді» деп ойладық қой. Бірақ індет мен ойлағаннан да ұзақ уақытқа созылып кетті.
Ол кезеңде қала мүлдем жабық болды. Уақытымды спортпен өткізіп, тауға жиі шығатын болдым. Өйткені бала кезімнен тауға шығуды жақсы көремін. Бір маусымда Алматының айналасындағы біраз шыңдарды бағындырып үлгердім. Сол аралықта TikTok-та бір қытай қызының жаңа техникамен кілем тоқып жатқан видеосы шыға келді. Бұл – тафтинг технологиясы. Әуелі жай сақтап қойдым да, ұмытып кеттім. Бір аптадан соң тағы сондай видеолар кезіге берді. «Қалай болғанда да, үйде қарап отыра бергенше, бір іспен айналысайын» деп, жабдықтарын Қытайдан әзер дегенде тапсырыс беріп алдырдым. Ол кезде бұл туралы ақпарат мүлде жоқ еді.

Жабдық қолыма тиген соң, үйімде шағын шеберхана жасақтап алдым. Алғашқы кілемшелерімді достарыма, туыстарыма сатып бастадым. Екінші-үшінші кілемнен бастап-ақ қолым үйреніп, жақсы шыға бастады. Ешқандай арнайы оқу оқыған жоқпын, қысқа роликтерге қарап, өзімше түсініп, үйрендім. Содан бастап алғашқы бизнесім басталды.
Міне, төрт жыл өтті. Қазір Қазақстандағы ең ірі шеберхананың иесімін. Өзімнің толыққанды командам бар, өндірісті жолға қойдық. Бүгінде бізді осы саладағы ірі ойыншы, монополист деуге болады.
Бұл жерде бірнеше фактор әсер етті деп ойлаймын. Біріншіден, уақыт пен орын дұрыс сәйкес келді. Екіншіден, сәттіліктің де үлесі бар. Үшіншіден, алғашқыда ақшаның артынан жүгірген жоқпын. Менің қалағаным, өз ісімнен ләззат алу болды. Соның нәтижесінде ол маған табыс әкеле бастады. Ал қазір көп жас ісін бастамай жатып, бірден ақша тапқысы келеді. Уақыт пен еңбекке «сараң». Содан болар, істері алға басуы екіталай.
– Белгілі болғандай, сіздің кәсіпкерлік жолыңыз кеше ғана басталған жоқ. Білуімізше, алғашқы қадамдарыңыз балалар кітабын шығарудан өрбіген. Сол табандылық пен еңбек бүгінгі жетістіктеріңіздің іргетасы болғаны анық. Айтыңызшы, кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
– Балаларға арналған кітап жобасын бизнес деп толық айта алмаймын. Бірақ ол кілемдерден бұрын бастаған ісім еді. Әуелде оны өзім үшін ғана жасадым. Өйткені пандемия кезінде қол қусырып отыруға болмайды ғой. Сол кезде Еуропада, Түркияда көрген идеяларымды Қазақстанда жүзеге асырғым келді.
Ол уақытта мобилография, түрлі бейнесюжет түсіру қарқынды дамып келе жатты. Ал фотоальбомдарға деген қызығушылық бәсеңдей бастағанын байқадым. Бірақ мен үшін альбом – өткеннің ізі. Біз бала кезде ата-анамыз бізге арнап альбом жасайтын. Сол дәстүрді келешекке қалдырғым келді. Балаларымыз да қолына ұстап, суреттерін, естеліктерін сезінсе дейсің ғой. Ішкі бір қажеттілік болды.

Содан екі-үш ай бойы қаладағы барлық типографияны аралап шықтым. Бұрын бұл салаға мүлде қызықпаған едім. Бірақ сол кезде қағаз түрлерін зерттеп, түстерін таңдап, мұқабасын, эмблема, бедерлі жазуларын іздестірдім. Қысқасы, кітап басып шығару ісіне қатты бойладым. Ол білімнің бәрі бүгінге дейін есімде. Қазір кітап жазуды қолға алсам, баспаға шығаруға толық қабілетім бар. Қазірдің өзінде күнделіктер жазамын. Болашақта сол жазбаларымнан кітап құрап, оны көпшілікке емес, тек өз балаларым үшін шығарғым келеді.
Ал кәсіпкерлікке келетін болсақ, мен бала кезімнен-ақ табыс табуды үйрендім. Бір дүниені ойлап табуға, оны ұсынып, сатып, пайда көруге кішкентайымнан бейіммін. Бұл қабілет бәрінде бірдей бола бермейді. Кейін есейгенде өміріме талдау жасап, осы қасиетімнің әр кезеңде мені алға жетелеп келгенін түсіндім. Бір сөзбен айтқанда, менде интуиция мен қайталанып келетін қадамдар болды, соның арқасында нәтиже шықты.
Кітапты екі партия етіп шығарып, түгел саттым. Кейін кілем ісі жақсы жүре бастаған соң, соған ден қойып кеттім. Одан бөлек, эпоксидті смоламен әдемі жазулар, жарнамалық тақтайшалар жасадым. Шеберханада әлі де сол жұмыстардың бірнешеуі сақтаулы тұр. Кейінгі екі айда жаңа техникамен сурет сала бастадым. Жинаған тәжірибемнің арқасында қысқа уақытта-ақ біршама картиналар жазып, тапсырысқа өткізіп үлгердім.
Негізі, суретшілер көп. Бірақ олардың көбі өзін таныта алмайды. Өнерің бар болғанымен, оны ұсына білу де көп маңызға ие. Қол қусырып, төрт қабырғада отырып, «біреу келеді де сатып алады» деп күтудің қажеті жоқ. Өмір сені шеңберде емес, шеңберден тыс әрекет етуге үйретуі тиіс.

– Бизнестен бөлек, сіз сурет салуды ұнатады екенсіз. Оның үстіне ерекше жанрда, яғни «текстуралы кескіндеменің» ұшқынын туындыларыңыздан байқадық. Сіздің ойыңызша, оның басты артықшылықтары қандай және сізді бұл стильге нақты не тартты? Шабытты қайдан аласыз?
– Текстуралы кескіндеменің ерекшелігі көп. Біріншіден, бұл – әдеттегіден бөлек бағыт. Екіншіден, мен бұған дейін тактильділік туралы айтқан едім ғой, яғни қолмен сезіну, тірі әсер. Мен үшін қолөнердің өзі – ләззат. Ал текстуралы өнердің ең басты «фишкасы» да сонда: картинаны тек көзбен емес, қолмен де сезінесің. Ол тегіс емес, әр жолы мүлде жаңаша туады. Өйткені мен оны ішкі күйіме қарай жасаймын. Бір картинаны екі не үш рет қайталау мүмкін емес. Әр туынды – қайталанбас жаңа дүние.
Мен шағын композиция ғана қосамын, ал қалғанының бәрін уақыттың өзі, әлемнің өзі әлдеқашан ойлап қойған. Өмірде адамдар баяғыда-ақ талай дүниені ойлап тапқан. Бастысы – оны жаңа қырынан көрсете білу. Ескі мен жаңаны тоғыстырсаң, ерекше симбиоз шығады. Сол арқылы шынымен қызық дүние туады.
Менің шабыт көзім – көне суретшілер. XVIII-XIX ғасырдағы өнер иелері қарапайым картиналарды жасап-ақ, үлкен атаққа, қыруар табысқа жеткен. Солардың еңбектеріне, қолданған техникасына, қай қырынан ерекшеленгеніне үңілемін. Интернетте де жай «скролл» жасамаймын. Әр күн сайын зерттеп қараймын: кім қалай салған, қандай тәсіл қолданған, қандай ерекшелігі бар.
Ал өз замандастарымыздың блогерлері не кәсіпкерлеріне көп қарамаймын. Өйткені көз үйреніп, әсері жоғалуы мүмкін. Ең әуелі өз өміріммен өмір сүріп, өз жолымды іздегенді жөн көремін.

– Әлеуметтік желілерде сіз адамдарға өз-өзіне үңілуге, өмірге жаңаша қарауға көмектесетін ойлармен бөлісіп жүрсіз. Психологияға деген қызығушылығыңыз қашан оянды және білімді қай дереккөзден аласыз?
– Менің балалық шағым жеңіл болған жоқ. Отбасымдағы жағдайды да, туыстарымның өмірін де көріп өстім. Өзім де достарыммен, қарым-қатынасымда түрлі тәжірибелерді бастан өткердім. Сонда түсіндім: адамды, қарым-қатынасты түсіну үшін білім қажет. Сол себепті кітап оқуға, түрлі мамандарды тыңдауға бет бұрдым.
Психологияға біртіндеп тереңдей бастағанда, әр кітаптың, әр маманның өзіндік бір ерекшелігі бар екенін аңғардым. Соны өмірімде қолданып көргенде, шынымен жұмыс істейтінін, көмектесетінін сездім. Тіпті бизнестің өзі – психология. Әр кездесу, әр мәміле – адамды сезіне білу, түсіну. Тек тауарды «өткізіп жіберу» емес, алдымен адаммен түсінісу керек. Сол үшін психология мен коммуникация дағдылары әрдайым қажет.
Өйткені біздің өмірдегі ең басты ресурс – адамдар, яғни айналаң. Оларды түсіну, тіл табысу, эмпатияны дамыту маңызды. Осы уақытқа дейін жинақтаған білімім мен тәжірибемнің арқасында мен адамдармен еркін сөйлесемін, кеңес беремін, сахнаға шығып, университеттерде дәріс оқимын. Ең қызығы, тек жастар емес, менен жасы үлкен, тіпті әке-шешеммен құрдас адамдар да жиі келеді. Олар маған сенім артады, себебі өз өмірінде жіберген олқылықтарының шешімін менен іздейді.
Өзімді бір жағынан «жетелеуші» сезінемін. Яғни мені уақыттың өзі сондай рөлге қойды деп ойлаймын. Қарт буын мен жастардың арасында көпір секілдімін: екі жақпен де оңай тіл табысамын.
Ал білімнің қайнар көзіне келсем, күн сайын жаңа дүниені үйренуге тырысамын. Подкаст тыңдаймын, заманауи психологтарды зерттеймін, кеңестер өткіземін. Бүгінге дейін 200-ден аса адаммен жеке кеңес өткіздім. Әр адам өз өмірінің тарихын айтып береді. Сол арқылы бір жайтты түсіндім: адамдардың өмірі әртүрлі болғанымен, кезеңдері, сезімдері, қуанышы мен қайғысы ұқсас. Бар айырмашылығы – дұрыс сәтте бір серпіліс, бағыт беру қажет. Кейде адамға сәл ғана «қозғаудың» өзі жеткілікті.

– Қазір көптеген жас депрессия мен күйзеліске бейім екені рас. Сіздің ойыңызша, өскелең ұрпақ осы тоқырау кезеңнен қалай өтуі керек?
– Адам баласы өмірінде ең үлкен қателікті оқуды, жұмысты, достықты не махаббатты таңдаудан емес, ең әуелі өзін танып үлгермей тұрып қадам басудан жібереді. Өкінішке қарай, мен де мектепте жүргенде өзімді толық түсінген жоқпын. Тек бизнес жолына түскенде ғана жүрегімнің нағыз мақсатын, өмірлік миссиямды ұқтым. Сол сәттен бастап өмірім жеңілдей түсті, дамуым мен жетістігім серпін алды.
Менің адамдарға айтатын ең басты кеңесім – өзіңді тануға уақыт бөлу. Бұл – қарапайым өтірік айтпау емес, ең әуелі өз-өзіңе адал болу. Миыңда бір сөз тұрса – айт. Ұсыныс жасаймын десең – жаса. Істегің келген іс бар ма – әрекет ет. Біреуге шындықты жеткізгің келсе – тар- тынба. Өйткені жан дүниені азат ететін де, ойыңды тазартатын да адалдық.
Менің өміріме көз жүгірткен адам «жас болса да, талай шындықты байқапсың» деп таңғалады. Шын мәнінде, дәл осы ізденістер мен сынақтар мені өсірді. Бала күнімде анама «Менен жаңа ұрпақ басталады, мен бұл өмірді басқаша сүремін» дейтінмін. Мені қоғамның ағымына ілесу ешқашан қызықтырған жоқ.

Менің басты қағидам – өзіме адал болу. Қарым-қатынаста болсын, жұмыста болсын, көңілім қонбайтын дүниені бірден сүзгіден өткіземін. Маған сәйкес келмесе – алыстаймын. Осы адалдық, ішкі тыныштық пен өз жүрегімнің қалауын тыңдау маған шынайы бақыт пен өсуге жол ашты.
Әр адамның өміріндегі ең алғашқы қадам – өзін тану. Бұл жолда көбісі «ерекшеленіп кетемін», «эгоист болып көрінемін» деп қорқады. Бірақ нағыз сынақ – сол қорқынышты жеңу. Сені түсінбейтіндер, сырт айналатындар болады. Егер осыған шыдасаң, сенің жаныңа дәл өзің секілді адамдар жиналады. Сол кезде өмір жеңілдейді, себебі сені қолдайтын, сол жолды бірге жүретін орта қалыптасады. Сондықтан өмірдің ең басты іргетасы – өзіңді тұлға ретінде түсіну.
Өзіңе «Егер барлық адам мінсіз өмір сүрсе, яғни ақша да, отбасы да, тіпті денсаулық та мәселе болмаса, мұндай әлемде мен нені істер едім?» деген сұрақты қойып көр. Дәл осы сұрақ адамға өмірінің шынайы бағытын табуға көмектеседі. – Әңгімеңізге рақмет!
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!