Қазіргі таңда мүлік пен пәтерді «қалай сатамын?» деп ешкім бас қатырмайды. Тамыр-таныс жағалап, сыртқы есікке «үй сатылады» деп жазудың да дәурені өткен сыңайлы. Өйткені бұл жұмысты риэлторға тапсырса, жер жарған жарнамамен-ақ әп-сәтте үйді сатып береді. Сондай-ақ, талап пен шартты ескеріп, нұсқаулық беріп, құжат рәсімдеуде де қол ұшын созады. Бұған үй сатуды үйлестіріп, сенім үдесінен шыққан аймақтағы «Шаңырақ» агенттігі айғақ. Сол себепті сала маманы Азат Прмановпен әңгімелесіп, жұмыстың қыр-сырымен танысуды жөн санадық.
– Сату менеджері қызметіне орналасқалы бері қанша үй сатып үлгердіңіз?
– 2018 жылы ашылған «Шаңырақ» агенттігі жылжымайтын мүлікті сатумен айналысады. Яғни келісімге келіп, үй сатамыз. Бүгінде агенттікте жұмыс істегеніме 3 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында 200-ге жуық үйді саттым. Әлбетте жұмысыма қызығушылығым жоғары. Табатын табыстан бөлек, көптеген адаммен жаңа қарым-қатынас құрып, түрлі сатып алушымен байланыста боламын. Бастысы, жұмысыңа көңілі толған жанның жылы лебізі мен айтқан алғысы еңбектің еш кетпегенін білдіреді. Тіпті кейбірі қоныс тойына шақырады. Сондықтан мұның өзі қуаныш дер едім.
– Жалпы үй сатуда қандай да бір келеңсіздік кездесе ме?
– Жұмыс болған соң түрлі жағдай орын алады ғой. Бәрі бірден жүзеге асып, сәтімен бола қоймайды. Иә, кейде кедергілер кездеседі. Мәселен, үй иесі мен сатып алушы арасында түсінбестік туындаса, табыстыруға тырысамыз. Екі жақтың мәмілеге келіп, бір-бірінің ұсыныс-пікірін ескеруі маңызды. Әсіресе, бағаға келгенде ашық сөйлескені тиімді. Мұндайда ортақ шешімге келуіне біз де себепкер боламыз. Қысқасы екі тарапта да реніш болмай, риза болуы үшін атсалысамыз. Кей кезде нотариуста құжаттар бойынша да келеңсіздік болса, көмек беруге әзірміз.
– «Шаңырақ» агенттігіне тұтынушылар дән риза. Тіпті кейбір үйлер екі күн ішінде сатылады екен. Ал, қол байлайтын ұзақ мерзім қандай?
– Келісімшартта көрсетілгендей 4 ай көлемінде үй жарнамасымен айналысып, сатуға тырысамыз. Пәтерді сатылымға қойған соң, 1-2 аптадан кейін өтіп кетеді. Ал ұзақ мерзімді алатын кәсіптік нысандар мен жер үйлер. Бірақ күнді созбақтап, уақытты алмай, бекітілген мерзімде жұмысты аяқтауға тырысамыз. Біздегі мақсат – тұтынушының сенімін ақтау. Әрі жұмыс өнімді болсын десек, әрекет еткеніміз өзімізге жақсы.
Сондай-ақ, қайсыбір дүние өтімді болу үшін жарнама жақсы болу керек. Сол себепті жан-жақты жарнама жасап, көпшілікті үйлердің сатылымға шыққанынан құлағдар етеміз. Бізде жарнама «ютуб», «инстаграмм», «тик ток» әлеуметтік желілері арқылы жүргізіледі. «Шаңырақ» қосымшасына да жариялап, байланыс нөмірімізді қалдырамыз. Қазір қолданыстағы «Olx», «Крыша» қосымшасы тек сурет арқылы жарнама жасаса, біз видеоға түсіріп те дайындаймыз. Яғни, көпшілік үй бөлмелерін еркін көріп, таңдау жасауына мүмкіндік бар.
– Үйдің лайықты бағасын қоюда көңіл бөлетін критерийге тоқталсаңыз. Қазіргі таңда үйдің жоғары бағасы қанша? Ол алдағы уақытта тағы өсуі мүмкін бе?
– Үйді сатылымға қою үшін алдымен орталыққа қоңырау шалады. Сосын агенттіктегі қызметкер менеджерлерге бөліп береді. Әрі қарай жарнамасын жасап, жұмысты жүйелеймін. Негізі үйдің жылына, шаршы метріне назар аударамыз. Сонымен қатар кепілдікке қойылған ба, жоқ па соны анықтаймыз. Яғни жылы ескі үйлердің бағасы да төмен болады. Осындай жайттарды бақылап, сатылымға үйін қойған адаммен «мынадай баға қойған дұрыс» деп ақылдасамыз. Өйткені бағаның үйге лайықты қойылғаны дұрыс. Сонда тез өтіп, ұзақ уақыт алмайды. Қазір жаңа үйлердің бағасы қымбаттап, ескі үй бағасы төмендеп жатыр.
– Ауыл немесе қала үйлерінің қайсысы сатылымға көп шығады? Және қайсысына көбірек қызығушылық бар?
– Негізінен ауыл-аймақтағы үйлерді сатумен айналыспаймыз. Шеткі аймақ дегенде Талсуат пен Сабалақ мекен-жайындағы үйді сатуға шығарамыз. Тек қала ішіндегі үйлерді қамтимыз.
Сұхбаттасқан
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!