Елдің жарқын болашағы – мақсаты айқын жастардың қолында. Жаңалыққа құштар, жақсылыққа сенгіш, тәуекел еткіш, арманы алғаусыз жастарға қолдау көрсету әрдайым маңызды.

12 тамыз – халықаралық жастар күні қарсаңында Қызылорда облысының студенттік омбудсмені Сабыржан Қуандықпен сұхбаттасып, атқарылған жұмыстар туралы әңгімелестік.

– Сабыржан Бахытжанұлы, жастар сізді көшбасшы ретінде таниды. Дегенмен өзіңіз туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

 – Өзім Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алып, былтыр оқуымды аяқтадым. Студент кезімнен бастап қоғамдық шараларға белсене қатысып, әлеуметтік маңызы бар жобаларға атсалысып келемін.

2021 жылы «Қазақстан студенттері Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы қызметіне тағайындалып, өңір жастарының құқығын қорғау және қолдау бағытында бірқатар жұмыс атқардық.

– Студенттік омбудсмен ретіндегі негізгі міндетіңіз қандай?

 – 2023 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен студенттік омбудсмен институты құрылды. Мен Қызылорда облысы бойынша студенттік омбудсмен ретінде тағайындалдым. Сонымен қатар «Respublica» партиясы жанындағы «Respubliсa Zhastary» жастар қозғалысының Қызылорда облысы бойынша төрағасымын. Қазіргі заманның талабына сәйкес жоба жоспары әзірленіп, жүзеге асырылады.

Негізгі міндетіміз – студенттердің құқықтарын қорғау, оқу орнындағы әділетсіздікке, жемқорлыққа жол бермеу, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс.

Сабыржан Қуандық: негізгі міндетіміз – студенттердің құқығын қорғау

– Қазіргі таңда студенттер арасында жиі кездесетін қандай мәселелер бар?

– Жастар көбіне жатақхана, стипендия мәселелерімен, оқытушы тарапынан әділетсіз баға қою немесе ауызша қысым көрсету секілді жағдайлармен жиі бетпе-бет келеді. Сондай-ақ кей кездері буллинг, академиялық әділетсіздік сияқты жайттар орын алып жатады. Мұндай мәселелерде біз студент пен университет басшылығы арасындағы диалогты ұйымдастырып, жағдайды ушықтырмай шешуге тырысамыз. Қажет болған жағдайда министрлік деңгейінде де тиісті шаралар қабылданады.

– Жастарға қолдау ретінде қандай жобалар жүзеге асты?

– Жатақханада тұратын студенттердің бос уақытын тиімді өткізуі үшін «StudKvest» және «StudHouse» жобаларын жүзеге асырдық. Бұл жобалар арқылы үстел ойындарын, тренингтер мен ұжымдық шараларды ұйымдастырып, студенттер арасында достық, бірлік атмосферасын қалыптастыруды көздедік.

Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында ЖОО-ның дайындық деңгейін тексеру мақсатында мониторинг жұмыстарын жүргіземіз және әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы студенттермен 24/7 байланыста отырамын.

 – Журналистика, құқық, денсаулық және экология бағытындағы жобаларыңыз туралы да айтып өтсеңіз.

 – 2022-2025 жылдары «Ой – бренд» қоғамдық қорының президенті болдым. Осы кезеңде «Birgemiz» волонтерліктің 7 бағыты бойынша бірқатар волонтерлік жобалардың шағын гранттар байқауына қатысып, жеңімпаз атанып, облыс көлемінде жүзеге асырдым. Атап айтқанда, «Birgemiz: Bilim», «Birgemiz: Taza Alem», «Birgemiz: Saulyq» секілді жобалар жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Бұл жобалар арқылы волонтерлік қызметті дамытып, экологиялық сенбіліктер, қайырымдылық акциялары, білім беру тренингтері сияқты шараларды кең көлемде жүзеге асырдық. Осындай белсенділігімнің арқасында республикалық форумдарда түрлі марапаттарға ие болдым. 2023 жылы Алматыда студенттік кеңес өтті. Кеңесте ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолынан алғыс хатпен марапатталдым.

Сабыржан Қуандық: негізгі міндетіміз – студенттердің құқығын қорғау

 – Тұлғалық даму үшін қандай жақсы әдеттерге мән бересіз?

 – Жеке дамуым үшін үнемі ізденісте жүруге тырысамын. Кітап оқимын, спортпен шұғылданамын. Әрбір жаңа таныстық – жаңа мүмкіндік деп есептеймін. Сондықтан түрлі сала мамандарымен танысып, ой бөлісіп, жаңа идеяларға ашық болуға тырысамын. Күн тәртібімен жұмыс істеп, нақты жоспар құрып жүру – мен үшін маңызды әдет.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Қазіргі уақытта магистратураға түсу үшін дайындалып жүрмін. Алдағы мақсатым – мемлекеттік қызмет саласында еңбек ету. Жастармен жұмыс істеу маған шабыт береді. Олармен пікірлесіп, бағыт-бағдар беруге тырысамын. Алайда қазіргі таңда жастар арасында жеңіл табысқа ұмтылу үрдісі белең алғаны алаңдатады. Жастар ұзақмерзімді дамуға емес, қысқа уақыттық нәтиже беретін салаларға көп қызығады. Менің ойымша, тұрақты даму мен терең білім – болашақта тұлға болып қалыптасудың негізгі жолы.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!