Жас ғалым Сәкеннің есімі университетте жүргенде-ақ елге таныла бастады. Елгезек, білімге құштар студентті оқытушылары да бірден байқады. «Әлі жас» деместен, 1 курстан-ақ ауқымды зерттеу жұмыстарына қатысуға мүмкіндік берді. Осылайша оның ғылымдағы жолы басталды. Халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысты. Ал жүргізген зерттеулері оң нәтиже көрсетті.

Бүгінде Сәкен Қанжар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламасы бой- ынша 2 курс магистранты және «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндік зертханасының инженері. Жас ғалымды оқырманға кеңінен таныстырып, жобалардың маңыздылығы туралы сұқбат жүргізуді жөн көрдік.

– Сәкен Әлімұлы, студент кезден-ақ ғылыми зерттеу жұмыстарына белсене қатысып, жас ғалым ретінде танылдыңыз. Химия саласын таңдап, қызығуыңызға не себеп болды?

– Өзім Қызылордағы №2 Мұрагер мектебінің түлегімін. Ұстаздарым осы салаға бейім екенімді байқап, жарыстарға даярлай бастады. 9 сыныпта химия пәнінен қалалық олимпиадаға қатыстым. Мұнан соң облыстық, республикалық байқауларда бақ сынап, жүлделі орындар иелендім. Сол кезден бастап қызығушылық оянды. Осы орайда мектептегі білікті ұстазым Күнзияш Аплатиноваға алғыс айтамын.

Сәкен ҚАНЖАР: Икигайымды химия саласынан таптым

– Оқуға түскеннен кейін зертханадағы алғашқы эксперимент есіңізде ме? Жалпы университеттегі білім алу процесі көңіліңізден шыға ма?

– Ең алғаш 2019 жылы оқуға түскен кезімде күріш сабаны мен қауызын өңдеу технологиясы қарастырылып жатқан болатын. Университеттің «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндік зертханасында күріш қалдықтарынан белсендірілген көмір алу технологиясы жүргізілді. Менің зертханадағы ең алғашқы эксперименттік жұмысым осылай басталды.

Университет ғалымдары күрделі ғылым саналатын химияға одан әрі қызығуыма жол ашты. Сала мамандарының ынтымақтасып, өз жұмысын мұқият орындауы, адамзатқа пайдалы зерттеулер жасауға ұмтылуы менің де қарым-қабілетімнің ашыла түсуіне әсер етті. Айта кетерлігі, басқа жоғарғы оқу орындарында бірінші курстан-ақ зертханада жұмыс істеуге мүмкіндік бере бермейді. Ал біздің университетте ғалымдар зерттеулерге ертерек қатыстырып, құрылғыларды қолдануға рұқсат береді. Сондықтан мұндағы оқу процесі көңілімнен шығады деп айта аламын.

– Осы кезге дейінгі өзің қатысқан ғылыми жұмыстар туралы толығырақ айтып берсеңіз. Зерттеу нәтижелері қалай болды? Қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?

– Осы кезге дейін бірнеше ғылыми жұмысқа қатыстым. Оның ішінде күріштің қалдығынан белсендірілген көмір алу, биочар, Терра прета тыңайтқышын, целлюлоза, кремний диоксидін алу бойынша белсенді түрде еңбек еттік. Бұл өнімдердің бірқатары денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы салаларында пайдаланылатын болса, кейбірі тұрмыстық заттар жасауға қолданылады. Айталық, қағаз шығару өндірісіне қажет.

Одан бөлек халықаралық конференцияларда баяндама жасап, көпшілікке жаңа жобаларды таныстырдым. Алматыда өткен «Science and business» конфенциясында баяндама жасап, «Студенттер арасындағы үздік баяндамашы» атанып, І орын иелендім. Республика бойынша студенттердің ғылыми жұмысы сараланатын жарыста да І орын бұйырды.

Сондай-ақ, 2021 жылы Қызылорда қаласының дарынды жастарына арналған «Самғау» жастар сыйлығының лауреаты атандым. 2024 жылы университеттің Басқарма төрағасы – ректорының гранты аясында өткізілген жас ғалымдардың ғылыми зерттеулері конкурсында жеңімпаз атанып, 1 миллион теңге иелендім.

Сәкен ҚАНЖАР: Икигайымды химия саласынан таптым

– Жақында Қазақстан-Британ техникалық университетінде (ҚБТУ) өткен «CollNanoInd 2025» халықаралық ғылыми-техникалық конференциясына қатысып, ең үздік баяндамашы атандыңыз. Іс-шарада қандай жобамен таныстырдыңыз?

– Кейінгі 4-5 жылдың көлемінде күріш қауызынан белсендірілген көмір алу бойынша үздіксіз эксперимент жасап келеміз. Жұмыстың тиімділігін нақтылау үшін оған ұзақ уақыт пен шыдамдылық керек екені белгілі. Халықаралық конференцияда зерттеудің барысы мен нәтижесін баяндадым.

Ауқымды шара болғандықтан, мына бір мәселені айта кеткім келеді. Конференциядағы мен қатысқан секцияда маған дейінгі баяндамашылар ағылшын тілінде баяндама жасады. Ал мен баяндаманы қазақ тілінде дайындағанмын. Алғашында модератор қарсы болғанымен, жобаны қазақша түсіндірдім. Менен бұрын ағылшын тілінде сөйлеген баяндамашыларға артық сұрақ қойылмады. Мен қазақ тілінде қорғағаннан кейін барлығы қызығушылық танытып, сұрақ қойып, кейбір университет өкілдері «баяндама ұнады. Кейін бірлесіп, жұмыс істейік» деген ұсыныстарын білдірді. Айта кетерлігі, осыдан кейін қалған баяндамашылар жобасын қазақша қорғап шықты. Сондықтан мұндай конференцияларда баяндамашының сөзін жылдам аударатын аудармашылар қарастырылу керек деп ойлаймын.

Жақында ғылыми жетекшілеріміз Польшада өткен ғылыми конференцияға қатысқан болатын. Халықаралық конференция болғанымен қатысушылар жобасын поляк тілінде қорғапты. Ал бізде керісінше. Сондықтан алдағы уақытта осы жағы ескерілсе деймін.

– Отандық ғалымдардың ішінде кімді үлгі тұтасыз?

– Химия ғылымдарының кандидаты, зерттеуші профессор, ғылыми жетекшім Нұрбол Аппазовты үлгі тұтамын. Ол кісіге үнемі таңғалып әрі қызығып қарайтыным бар. Ұстазымызда тәулігіне 25 сағат бар секілді. Жұмыста да өнімді еңбек етіп, отбасына да ерекше көңіл бөліп, қоғамдық шараларға да қатысып үлгереді. Сондықтан білікті маман ретінде ғана емес, қоғамда өз орны бар, мақсаты анық, пейілі кең тұлға ретінде де құрметтеймін.

– Өзіңізді дамыту үшін қандай әдеттер қалыптастырдыңыз? Күн тәртібі, жоспар құрасыз ба?

– Арнайы күн тәртібін жасамаппын. Жұмыс пен оқу процесінен бөлек, ағылшын тілін үйренемін. Youtubе желісінен басқа лекторлардың лекцияларын тыңдаймын. Ал кейде бос уақытым бола қалса, компьютерлік ойын ойнайтыным бар. Бір қызығы, кейде күні-түні ұйықтамай жүретінім де, кейде күні бойы демалатын кезім де болады.

– Болашақта қай салада жұмыс істегіңіз келеді? Алдағы мақсатыңыз қандай?

– Алдағы уақытта да осы сала бойынша еңбек етемін деп ойлаймын. Бірақ өзге де мақсаттарым бар.

Өзіме жапон мәдениеті қатты ұнайды. Жапондарда икигай деген түсінік бар. Бұл өз өміріңдегі рөліңді табу дегенді білдіреді. Икигай түсінігі бойынша бір саланы таңдарда 4 сұрақтың жауабына қарау керек. «Сен қандай жұмысты жақсы көресің? Сен қандай жұмыста мықтысың? Сен бұл арқылы әлемге пайдалы бола аласың ба? Бұл жұмыста ақы төлене ме?»

Ал мен икигайымды осы химия саласынан таптым деп ойлаймын.

– Сұқбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!