Кей адам өмір жолын ұзақ іздейді. Ал біреуге сол жолды табиғаттың өзі нұсқап береді. Бүгінгі кейіпкеріміз – дәл сондай жанның бірі. Ол – 28 жастағы саяхатшы, travel-блогер әрі гид Абылайхан Таймас.

Орман мен тау, күн мен бұлт, саяхат пен шабыт оның өмірінің мәніне айналған десек қателеспейміз. Табиғаттың тынысын бейнеге айналдырып, Instagram-да танымалдығы артып келе жатқан саяхатшымен сұхбаттасудың сәті түсті. Алғашқы сауал, әрине, мамандығына қатысты болды. Себебі ол тағам дайындаудан туризмге бет бұрған жан.

– Мектепті тәмамдаған соң мамандық таңдау оңай болмады. Өзімді таба алмай жүрдім. Кейін таңдауым аспаздыққа түсті. Алғашында қарапайым жұмыстан бастап, кейін бас аспазға дейін көтерілдім. Осы салада өзімді дәлелдей алдым, жақсы мейрамханаларда жұмыс істедім. Бірақ бұл мамандықта өсу шегі бар екенін түсіндім, – дейді ол.

«Ешнәрсе кездейсоқ емес» демекші, тағам әлемінде жүріп, өзіндік тәртіп пен еңбекқорлықты меңгерген жігіт, бір күні тағдырын өзгертетін сапарға аттанды.

– Бес жыл бұрын Жақсылық есімді досыммен бірге алғаш рет шетелге шықтым. Сол кезде менің ішімде бір дүние, жаңа тыныс оянды. Сапар мені өзгертіп жіберді, – дейді Абылайхан өткен күнді еске алып.

Туризмге деген қызығушылық дәл сол сәттен басталған екен.

– Табиғатты көріп, қыдырып жүріп табыс табуға болатынын түсіндім. Бірақ мен үшін бастысы – ақша емес, әсер. Мен өзім көрген әдемі мекендерді өзгелермен бөлісуді, оларды шабыттандыруды, эмоция сыйлауды жөн көрдім. Адамдармен бірге жұмыс істегім келді. Неге елдегі туризмді дамытпасқа деген ой келді, – дейді ол.

Саяхатта сүйгенін тапқан саяхатшы

Абылайханның парақшасындағы бейнероликтер – ерекше эмоция мен әсерге толы. Кадрлар сапасы жоғары, әр түсірілімде табиғатпен үндестік сезіледі. Ол контентін Mavic 3 дронымен түсіреді. Бұл құрылғыға қол жеткізу тарихы да қызық.

– Әкемнің қолдауымен бір жарым миллионға сатып алған дронымды Бали саяхатында суға түсіріп алдым. Ең өкініштісі, 10 күндік сапардың екінші күнінде-ақ дронсыз қалдым. Елестетіңізші, күннің батуы, су, құстардың ұшуы – қанша сұлулықты өткізіп алдым. Осылайша біраз уақыт дронсыз қалдым. Кейін бір түсірілім әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетіпті. Сол сәтте ел ағаларының бірі «Ел туризмін дамытып жүрсің» деп маған Mavic 3 дронды сыйға тартты. Ол – Керімжан аға еді. Алғысым шексіз. Жаңа дронның сапасы өте жоғары. Техникалық жағынан ғана емес, кадр түсіру мүмкіндігі жағынан да артықшылықтары көп. Табиғаттың сұлулығын нақты жеткізеді, – дейді ол.

Түсірілім оңай шаруа емес. Бір видеоға бірнеше сағат, кейде күндер кетуі мүмкін. Ал шабыт – басты құрал.

– Бір видеоны түсіруге кейде бірнеше сағат кетеді. Ең бастысы шабыт үстінде сәтті ұстап қалу. Күннің шуағы, құстардың ұшуы, желдің бағыты – бәрі әсер етеді. Сол сәттерді өткізіп алсаң, қайта түсіру мүмкін емес. Кейде жалқаулық жеңіп, түсірілген материалды 3 күннен, тіпті 1 аптадан кейін бір-ақ жүктейтін кездерім болады.

Ең көп қаралым жинаған видеом – 2 миллион. Себебі онда жұрт жақсы білетін локацияны мүлде басқа қырынан көрсеттік. Сол сәттен бастап шабыт пайда болды. Кейінгі жұмыстарда да сол әдісті қолдандым. Көпшілікке алғаш рет «Шымкент туры» арқылы танылдым. Сол видеода Шымкенттің шынайы табиғатын, сұлулығын көрсеттім, – деп жауап берді ол.

Саяхатта сүйгенін тапқан саяхатшы

Абылайханның жүрегіне жақын мекендер – Бали, Малайзия, Индонезия. Тропикалық табиғат, мәдениет пен менталитеттің өзгешелігі саяхаттың әр күнін ерекше еткен. Кейінгі екі жылда Абылайхан тур ұйымдастыра бастады. Алғашқыда ішкі туризмге мән берсе, бүгінде шетел бағыттары да қосылған. Ал авторлық турға кейінгі 1 жылда сұраныс артқан. Бір маусымда 1000-нан аса адаммен саяхатқа шығамыз. Ең бастысы – тұтынушының көңіл күйі.

– Адамдармен жұмыс істеу қиын. Көңіл-күйіне қарап «ұнады ма, ұнамады ма, ренжіп қалмады ма» деп саяхат бойы уайымдап жүресің. Бірақ бұл өзіңе де зиян. Ал түсініспеушілік болды. Бірақ маған жұмысым ұнайды, – деп тәжірибесімен бөлісті.

Абылайхан үшін ең сүйікті бағыт – Азия елдері. Ал гид ретіндегі туры Дубайдан басталған екен.

– Ағылшын тілін жетік білемін деп айта алмаймын. Өзім де Дубайға алғаш келіп тұрмын. Командамдағы 10 адамға барынша білдірмеуге тырыстым. Сол кез есіме түссе, еріксіз күлкім келеді. Өте ыстық сәттің бірі.

Негізі саяхаттың берері көп: ойдың кеңеюі, жаңа бастамаларға серпін, жаңа жоба бастауға шабыт. Ал бақытым мен бағыма орай, осы туризм арқылы болашақ жарымды жолықтырдым, – деді кейіпкер.

Иә, саяхат оған тек танымалдық пен табыс емес, отбасын да сыйлаған. Жұбайымен жұмыс барысында танысқан. Бірге сапарға шығып, бір-бірінің жанын түсінген екеуі бүгінде бірге жұмыс істеп келеді.

Жолын тапқан жан үшін өмірдің өзі саяхатқа тең. Ал Абылайхан үшін әр сапар – жаңа мүмкіндік, жаңа бетбұрыс. Міне, осылайша тағамнан басталған жол табиғатқа, туризмге, жаңа өмірге ұласты.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!