Біз білетін талантты жастың бірі – Сая Қыдырәлі. Ол білімге құштарлығы мен талпынысының арқасында бала кезден ағылшын тілін меңгеріп, халықаралық деңгейдегі жетістіктерге қол жеткізді. Бес жасында шетелдің азаматы іспеттес сөйлеуге ұмтылған ол 9 жасында өзгелерге сабақ бере бастады. Ал он төртінде 2 оқу орталығын ашып, мыңдаған шәкірт оқытып, бүгінде олардың білім деңгейін көтеру жолында еңбек етіп жүр.

Талантты жас кәсіпкердің жетістікке жету жолындағы тәжірибесі бізге де үлгі болары анық. Осы орайда 17 жастағы кейіпкерімізбен байланысқа шығып, жетістіктері, қиындықтары мен болашаққа жоспары туралы әңгімелестік.

− Ағылшын тілін ерте меңгердіңіз. 5-6 жас аралығында тіл үйренуге құштарлығыңызды не оятты? Бұл жолға кім бағыттады?

− Менің бапкерім, ақылшым – анам. Қандай мәселе, шешім, таңдау болсын анаммен ақылдасып, сырласамын. Ағылшын тілін үйреніп және бүгінгідей мықты дәрежеге жетуіме себепкер болған да – анам.

Ал менің қызығушылығым саналы түрде 8 жасымда пайда болды. Себебі сол кезеңде мен ағылшын тілінің жапон, француз тілдері секілді әлемге жол ашатын құрал екенін түсіндім. Яғни бұл арқылы қалаған оқу орныңа грант ұтып алып, халықаралық ұйымдарда жұмыс істеуге шақырту алып, жаһандық аренаға шығуға болатынын ұқтым.

9 жасымнан бастап сабақ бердім

− Мұғалім ретінде алғашқы тәжірибеңіз қалай өтті?

− Алғашқы жобам ерікті түрде америкалық кеңесте балаларға сабақ беру болды. Кеңестің координаторы менің ағылшын деңгейімді байқап, маған сол клубты жүргізуге ұсыныс айтты. Мұғалім ретіндегі алғашқы жұмысым осылай басталған еді. Сол клубта сабақ өткізген маған қатты ұнайтын, әр сабағыма мән беріп, тиянақты дайындалуға тырысатынмын. Ал оқушыларыма ағылшын тілін табиғи түрде, яғни өлең айтып, диалог құрап үйреттім. Жалпы 9 жасымнан бастап сабақ беруді қолға алдым.

− Ең сәтті шыққан кейспен бөліссеңіз…

− Біздің орталықтың түлегі Аружан есімді оқушымды мақтанышпен айта аламын. Ол біздің мектепке бастапқы деңгеймен келді. Мықты мұғалімдерден дәріс алып, дұрыс әдістеменің арқасында небәрі 3 айдың ішінде халықаралық IELTS емтиханын 7 ұпайға тапсырып шықты. Бұл – өте керемет көрсеткіш. Бұл нәтиже ағылшын тілін судай еркін меңгерді деген сөз. Бүгінде Аружан Италияда грантта оқып жатыр. Осы секілді кейстер біздің мектепте өте көп. 2 айдың ішінде Intermediate деңгейімен шәкірттеріміздің емтиханды 7 ұпайға тапсыруына кепілдік береміз.

− 14 жасыңызда екі оқу орталығын аштыңыз. Осы орталықтарды ашу үшін қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

− Бұл кәсіпті ашуда сырттай қаржылық қолдау болмады. Мен 5-сыныбымда зияткерлік мектепте сабақ беріп, 200 000 теңге көлемінде айлық алып жүрдім. Міне сол кезеңде жиналған қаржыны орталық ашуға жұмсадым. Бастапқыда ақша көп болмаған соң өзім сабақ беріп, куратор, SMM маман болып, тіпті мектептің еденін де өзім жуып жүрдім. Барлық уақытта анам қасымда болып, көмектесіп, қолдау білдірді. Ең бастысы ол кісі маған риясыз сенді.

− Орталық туралы толық айтсаңыз. Қай қалада орналасқан, оқыту режимі қандай, командаңызда кім бар?

− Біздің орталықтың ашылғанына биыл 3 жыл болады. Бүгінге дейін 3000-нан астам шәкірт оқыттық. Білім алушыларымызың 85%-ы шетелдік немесе қазақстандық жоғары оқу орындарына грант ұтып алып, үлкен халықаралық ұйымдарға жұмысқа шақырту алып, ағылшынша еркін сөйлеуге дағдыланды. Біздің офис Алматы қаласында орналасқан. Аптаның 6 күнінде таңғы 8:00-23:00 аралығында үздіксіз сабақ өтеді. Ал жексенбі күндері «МОК» тесттерін өткіземіз. Біздің командада 20-дан астам мықты маман жұмыс істейді. Оның ішінде мұғалімдер, маркетолог мамандар, сату бөлімі және тағы басқа бөлімдер бар. Біздің мектеп IDP IELTS және британдық кеңеспен ресми түрде байланыс орнатты. Бұл серіктестік орталықтың оқыту саласында халықаралық деңгейге шығуына көмектесті. Сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін тексеріп, жаңа деңгейге жетуге ықпал етеді.

Жеті жасымда ойымды ағылшынша еркін жеткізе алдым

− Сіз ТМД елдеріндегі ең жас IELTS экспертісіз. 8.5 баллға қол жеткізгенде қандай дайындық стратегияларын қолдандыңыз? IELTS емтиханын сәтті тапсыру үшін қандай кеңес берер едіңіз?

− Алғашқы емтиханды 11 жасымда тапсырдым. Speaking кезеңінде 8,5 ұпай жинадым, ал жалпы балым 6,5 болды. Негізінде өзіме қажет ұпайға қол жеткізу үшін маған 5 жыл уақыт қажет болды. Мен 7 жасымнан ағылшынша еркін ойымды жеткізе алатыныма қарамастан дұрыс стратегиялар мен техникаларды білмеген соң, алғашқы емтиханда өзіме қажетті нәтижені жинай алмадым. Уақытыңызды, энергияңызды жоғалтпай, мықты мұғаліммен, дұрыс әдістемемен дайындалу маңызды екенін айтқым келеді. Ағылшын тілі дағды болғандықтан, ол жақта белгілі бір лайфхак жоқ. Теория мен практиканы қатар алу керек.

− Жеке өмір мен кәсіпкерлікті қалай үйлестіресіз?

− Мен өзімді толықтай кәсіпке, дамуға, дағдыларды жетілдіруге арнадым, ал жеке өмірім қатты дамыды деп айта алмаймын.

− Міне, 1 қадам алға бассаңыз студент атанасыз. Қандай мамандықты таңдадыңыз және бұл таңдауыңызға не себеп болды?

− Иә, қазір 10-сыныпты тәмамдадым. Мамандық таңдау үстіндемін. Саясаттану ғылымдары немесе заң факультетіне барамын.

− Болашаққа қандай жоспарыңыз бар? 5 жылдан кейінгі Саяны қалай елестетесіз?

− Алға қойған армандарына қол жеткізген, қабілетін толық ашып, потенциалы мықты, қоғамның жақсаруына, еліміздің өркендуіне үлес қосатын, анасына қамқор тұлға ретінде көремін.

− Ағылшын тілін меңгеру оңай деседі. Тіл үйреніп, жарқын болашаққа қадам жасаудың құпиясы қандай?

− Ол ең алдымен тәртіп және Джейс Клир айтпақшы, әдеттер. Кәсіби маманға айналу үшін белгілі бір уақыт пен сабырлық қажет. Бүгінгі әрекет – ертеңгі жеміс. Сондықтан қазір көзге көрінбесе де тұлғалық дамуға күш жұмсаған абзал. Ал болашақта соның жемісі мен жеңісі алдыңыздан шығары анық.

− Жауабыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!