Музыка саласын жанына серік еткен адам көп. Домбыра, фортепиано, қобыз танымал болғакнымен сазды үнімен ерекшеленіп тұратын саксафон аспабынсыз шығатын ән кем де кем. Көптеген музыкалық туындыда үні естілетін үрмелі аспаптың орны айрықша. Осы орайда саксафонмен өмірін ұштастырған музыкант, композитор Ғалымжан Сәбитұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Құрметті Ғалымжан мырза, сұхбатымызға келіскеніңізге рақмет! Алғашқы сұрағым сіздің музыкалық мансабыңыздың қалай бастау алғаны туралы болмақ. Бұл саланы және осы аспапты неліктен таңдағаныңыз туралы айтып беріңізші…

– Қазір Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінде саксофон пәнінің мұғалімімін. Сонымен қатар облыстық филармония жанынан құрылған «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблінің артисімін. Саксофон аспабын таңдауыма, жалпы музыка саласына қадам басып, қанат жаюыма әкем себепкер болды. Жастайымнан қандай аспаптың жақсы екенін, музыканың қалай пайда болып, қалай құрылғанын, осы саланың бар қыр-сырын бойыма дарыта білген осы жан. Уақыт өте келе 9 сыныпты тәмамдап, әкемнің нұсқауымен және жүрегімнің қалауымен Қызылорда қаласының музыкалық жоғары колледжінің студенті болуға өтініш бердім. Сол кездері Асанәлі Мұхамеджанов алғаш рет саксафон сыныбын құрып, студент қабылдап жатыр екен. Сәті түсіп оқуға қабылдандым. Мінекей, сол кезден бері өмірім саксафонмен тығыз байланыста.

– Қандай музыка жанрын ұнатасыз? Орындайтын туындылардың сарыны қандай?

– Менің ойымша, нағыз музыкант кез келген музыка саласының аспектілерін, жанрын жете білуге міндетті. Себебі бұл оның мамандығы. Барлық музыкалық техника әдістерді мейілінше оңтайлы әрі епті қолданып, тыңдарман сүйетін туынды ойлап табуы тиіс. Жалпы, музыкамен айналысу үшін талант қажет. Ол болмаса барша еңбек зая кетпек емес пе? Нағыз дарын иесі кез келген тыңдарманды музыканың құдіретімен жылата да, күлдіре де алады. Мен барлық жанрда туындыларды орындай аламын, өзіме ұнайды. Бұл менің мамандығымның нағыз қызықты да, мол тәжірибеге толы тұсы деп білемін.

– Өзге музыканттармен дуэт жасауға қалай қарайсыз? Білуімше, сізбен бірге сахнада өнер көрсететін музыкалық серігіңіз бар екен…

– Жалпы, дуэт жасау өзіндік симфониялық ерекшелікке ие. Туындыны өзге аспаппен көркемдейсің, бұл бір арнаға тоғысқан бірнеше сезімдердің легі ғой. Әріптестеріңмен музыкалық та, достық та қарым-қатынас құрасың. Иә, менің музыкалық серігім бар. Ол – өте дарынды скрипкашы Анастасия Мусинова. Одан бөлек басқа да әріптестеріммен дуэт жасап, талай сахнада өнер көрсеттім.

– Саксофоннан бөлек қандай аспаптарда ойнай білесіз?

– Саксофоннан бөлек, фортепиано, флейта, блокфлейта, кларнет, барабан, дауылпаз деген аспаптарда кез келген шығарманы орындай аламын. Әрі “жігітке жетпіс өнер де аз” деп, қызыққан аспапты қағып әкетеміз.

– Шәкірттеріңіз бар ма? Қазақстанда үздік деп қандай саксофонист-музыканттарды айта аласыз?

– Шәкірттерім Астанада, Қазақ Ұлттық өнер университетінде және Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқуын жалғастыруда. Бұл консерватория қазақ жеріндегі музыканың нағыз қайнар көзі. Менен тәлім алып, өнердегі үлгі тұтып жүрген аға апаларымыздан дәріс алып жүрген студенттеріммен мақтанамын. Қазір оқытып жатқан шәкірттерім Айзат Абдулла, Мақсат Сахиев, Олжас Романов халықаралық, республикалық, облыстық конкурстардың лауреаттары. Қазақстанда бойына талант дарыған саксофоншылар қатары, оның ішінде үздік деп санайтын жан көп. Атап айтсақ, Шыңғыс Жангелдинннің өнеріне тамсанамын. Ал жерлес Батырхан Шөкенов ағамызды айтпай кету үлкен әбестік болар. Өмірден ерте озма да, өнері мен есімі ел жадынан шықпақ емес.

– Сахнада өнер көрсетуге қалай дайындаласыз? Қиыншылықтар болды ма?

– Менде көпшілік секілді сахнаның қақ төрінде тұрып, қатесіз өнер көрсетуді жақсы көремін. Кейде абдырап, кейде шымырланып тұрамын. Пенде болған соң алақаның терлеп те кетеді. Алайда сахнаның киесі бар. Барынша жауапкершілікпен қараймын. Өнер көрсету үшін ұзақ дайындалып, үздік екенімді шеберлікпен көрсетіп жүрмін. Бұған көрерменнің өзі куә.

– Авторлық туындыларыңыз бар ма? Алдағы уақытқа жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз…

– Авторлық композицияларым бар, шүкір. Кейбірінің әлі «сиясы» кеппеген. Оларды әлі біраз әрлеп, толық пысықтап болған соң, аймақтағы саксофоншыларға орындатуды жоспарлап отырмын. Тағы да айта кететіні, Алла қаласа, саксофон аспабын тез үйренуге көмектесетін кітап жазып, музыка сүйер қауым назарына ұсынуды қалаймын. Бұл да әлі нүктесі қойылмаған мақсаттарымның бірі болып тұр.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!