12 мамыр – Халықаралық мейірбике күні. Бұл мейрам ақ халатты абзал жандармен бірге адам өмірін арашалап, олардан артық еңбек етпесе, кем қызмет атқармайтын ардақты мейірбикелерді ұлықтауға арналған. Медицина саласында дәрігерлерден бөлек өмір үшін күресетін жандар қатары көп. Алайда күні-түні науқасты күтіп, олардың бар жағдайын жасайтын мейірбикелер туралы неге айтпасқа? Мереке қарсаңында сондай жауапты қызметті талай жыл бойы атқарып келе жатқан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының мейіргері Салтанат Әскербекпен тілдесудің сәті түсті.

– Әңгімеміздің әлқиссасын қызығы мен шыжығы қатар жүретін, асқан жауапкершілікті талап ететін мамандығыңыздан бастасақ. Бұл саланы таңдауға не түрткі болды? Алғашқы жұмыс күніңізде орын алған ерекше бір оқиғамен бөлісе аласыз ба?

– Менің медицина саласына келудегі басты арманым – ақ халат киіп, адамдарға көмек көрсету еді. Ақ халаттың өзі ерекше жауапкершілік пен ізгіліктің символы секілді. Алғашқы жұмыс күнім әлі есімде. Жүрегім дүрсілдеп, алаңдаушылық пен қуаныш сезімі араласқан сәт болатын. Бірінші науқасым – құрысу белгілерімен ауруханаға жеткізілген кішкентай бала.

Тәжірибем аз болғандықтан ба, әлде күнделікті көрініске үйренбегендіктен бе, білмеймін, бойымды үрей биледі. Теория жүзінде барлық қажетті білімім болғанымен, тәжірибе сәтінде өзіңді жоғалтып алуың мүмкін екен. Бірақ медицинада сасқалақтауға жол жоқ. Себебі әр сәт қымбат. Балаға алғашқы көмек көрсетіп жатқанымда, анасының қорқынышқа толы көзін байқадым. Ол көзде үміт пен үрей, сенім мен шарасыздық қатар тұрды.

Осы сәтте дәрігердің жүрегі мықты болу керек екенін ұқтым. Үрейді жеңіп, бір сәтте шешім қабылдау қабілеті – науқастың өміріне араша түсудің алғышарты. Әрекеттерімнің дұрыс болуы үшін қолымнан келгеннің барлығын жасап, кішкентай жүрекке өмір сәулесін сыйлауға тырыстым.

Науқасымның жағдайы жақсарып, анасының жүзіне күлкі үйірілгенде, жүрегімдегі салмақ жеңілдеп, төбем көкке жеткендей күй кештім. Осы бір қуаныш пен жеңілдік сезімі – еңбегіңнің ақталғанының белгісі. Бұл – дәрігердің ең үлкен марапаты, ең асыл мақсаты. Адам өміріне араша түсіп, үміт отын жаға білу – медицинадағы ең қымбат бақыт.

Медицина жолындағы әріптестерімнің де осындай сәттерді бастан өткеретініне сенімдімін. Жұмыстағы әрбір кішкентай жеңіс, науқастың амандығы – мейірім мен махаббаттан жаралған мамандықтың ең басты жеңісі.

– Жеке өміріңізге ойыссақ. Білуімізше отбасыңызда бірнеше адам осы саланың маманы. Әлі де ата жолын жалғаймын деушілер бар ма?

– Әулетімізде ақ халат киіп, адам өміріне араша түсуді өзіне парыз еткен жандар аз емес. Әкемнің қарындастары, ағамның балалары – бәрі де дәрігерлік жолды таңдаған. Жолдасымның аға-қарындастары да осы саланың мамандары. Медицина біз үшін мамандық қана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан асыл мұра секілді.

Аллаға шүкір, тұла бойым тұңғышым – Динар есімді ұлым да осы жолды таңдады. Ол өз білімімен оқуға түсіп, дәрігерліктің қыр-сырын меңгеріп жүр. Оның артынан ерген бауырлары – Мансұр мен Бегайым да жүрек қалауларымен медицинаға бет бұрып отыр.

Қызығы сол, мен оларды бұл жолға мәжбүрлеген жоқпын. Керісінше, осы саланың қиындығын біліп, өздеріне басқа бағыттарды да қарастыруға кеңес бердім. Себебі дәрігер болу – жай ғана кәсіп емес, жан мен жүректің ісі. Ол төзімділік пен жанашырлықты, үлкен жауапкершілік пен мықты рухты талап етеді.

Бірақ балаларым өз жүрек үніне құлақ асып, ата-бабаларының ізгі жолын жалғауды таңдады. Бұл – мен үшін мақтаныш. Олардың таңдауында туған үйдің тәрбиесі мен үлкендердің үлгісі жатса керек. Ақ халаттың қадірін бала кездерінен сезінген олар енді өздері де адам өмірінің арашасы болуды мақсат етіп отыр.

Салтанат ӘСКЕРБЕК: Мейірбике - мейірімге толы мамандық

– Медбике ретінде түрлі жағдайларға тап боласыз. Қиын сәттерде қалай сабыр сақтайсыз? Науқастарға рухани демеу болу үшін қандай әдіс қолданасыз?

– Медицина – үміт пен күреске толы жол. Бұл жолда бәрі әрдайым сәтті бола бермейді. Кейде науқастың жағдайы күрт нашарлап, дәрменсіздік сезімі жүректі езеді. Дәрігер үшін мұндай сәт – жанға ауыр сынақ. Бірақ біз үмітті жоғалтпауымыз керек. Себебі біздің сеніміміз – науқастың да үміті.

Әрдайым науқастың жанынан табылып, барлығы жақсы болатынына сендіреміз. Жылы сөз айтып, үміттің жібін үзбеуге тырысамыз. Өйткені кейде моральдық қолдау – дәріден де күшті. Жағдай қаншалықты қиын болса да, жүзімізде күлкі, сөзімізде сенім болуға тиіс. Бұл – біздің қызметіміздің жазылмаған заңы.

Дегенмен өмірде ғажайыптар әрдайым бола бермейді. Кейде барлық біліміңді, тәжірибеңді салып, қолыңнан келгеннің бәрін жасасаң да, науқасты құтқара алмайсың. Мұндайда жүрегіңде кінә мен дәрменсіздік сезімі ұялайды. Көз алдыңа науқастың бейнесі, үмітке толы жанары қайта-қайта оралады. Іштей өзіңді жеп, түрлі сауал мазалайды.

Бірақ мұндай сәттерде де сынуға болмайды. Себебі біздің берілмеуіміз – өзге науқастардың үмітін сақтайды. Әрбір жаңа күн – жаңа мүмкіндік, әрбір науқас – жаңа жауапкершілік. Өмір үшін күресті тоқтатпауымыз керек.

– Сіз үшін «жақсы медбике » қандай болу керек? Бұл ұғымды кәсіби тәжірибеңізбен қалай сипаттар едіңіз?

– Жақсы мейірбике ең алдымен мейірімді болуы керек. Әрбір науқасты өзінің жақыны, туысындай көре білу – нағыз кәсібиліктің белгісі. Өйткені науқастың артында оның жанұясы, жақындары, үміт пен қорқынышқа толы көз бар. Ол көз бізге сеніммен қарайды.

Бірақ тек мейірімділік жеткіліксіз. Мейірбике тәжірибелі болуы керек. Аурудың әр белгісін дәл анықтап, дұрыс көмек көрсете білуі – оның кәсібилігі. Сабыр – бұл мамандықтың тағы бір маңызды қыры. Эмоцияның жетегіне ермей, әрдайым байсалды болуы керек. Себебі медицинада дүрбелең – үлкен қателікке әкелуі мүмкін.

Мейірбике мен дәрігердің тағы бір басты қаруы – сөз. Коммуникация – дәрінің өзі сияқты шипа. Науқас кейде емге қарағанда, жылы сөзге зәру болады. Оған жанашырлықпен айтылған әр сөз жүрегіне демеу, жанына тыныштық сыйлайды. Әсіресе балалармен жұмыс істегенде бұл қасиет тіпті маңызды. Қазір ересектер бөлімінде болғаныммен, кезінде балалар бөлімінде де жұмыс істедім. Бала қорқып келсе, күлімдеп қарсы аламын, ата-анасын жылы сөзбен жұбатамын. Себебі бала жүрегі сенімді қажет етеді.

Өкінішке қарай, кейде науқастар өздерінің денсаулығындағы ақаулар үшін дәрігерлерді кінәлап жатады. Олар жағдайдың күрделілігін, медицина қызметкерлерінің шынайы жанкештілігін әрдайым түсіне бермейді. Бірақ біздікі – түсіндіру, сабыр сақтау. Сөзімізден үміт сездіріп, ісімізден кәсібилікті таныту.

Мен жас мамандарға әрдайым коммуникация дағдыларын дамытуға кеңес беремін. Науқаспен, әсіресе балалармен және олардың ата-аналарымен тіл табысу – алтынмен пара- пар қасиет. Біздің қызметімізде жанашырлық пен мейірім жоғалмауы тиіс. Өйткені дәрігердің шынайы күші – оның жүрегінде, ал жылы сөзі – науқастың жанына шипа.

– Салтанат Әскербекқызы, «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді халық даналығы. Сіздің қандай арманыңыз бар?

– Армансыз адам жоқ шығар, сірә. Әркімнің жүрегінде өз тілеуі, өз үміті бар. Арманның үлкен-кішісі болмайды. Ол – адамның жанын алға жетелейтін күш. Менің де арманым көп.

Ең алдымен кәсібімде абыройлы болсам екен деймін. Медицина саласында сіңірген еңбегім еленіп, әрбір жасаған ісім өзгелерге үлгі болса деп тілеймін. Ақ халатымды мақтанышпен киіп, науқастарға шипа болуды жалғастыра бергім келеді.

Әрине, дәрігерлердің орны бөлек, олардың жауапкершілігі мен кәсібилігі айрықша. Бірақ мейірбикелер де дәрігерлерден кем қызмет етпейді. Біз – олардың оң қолымыз, науқастың жанына ең жақын жанашырымыз.

Осы мамандықтың беделін көтеруге үлесімді қосқым келеді. Жастарға үлгі болсам деймін. Оларға мейірімділік пен кәсібиліктің маңызын ұғындырғым келеді.

Арманымның қанат бітуі үшін талмай еңбек етудемін. Күн сайын білімімді жетілдіріп, тәжірибемді шыңдаймын. Әрбір науқасқа мейіріммен қарап, әріптестеріме қолдау көрсетемін. Себебі арман – тек қиял емес, ол – адал еңбек пен үлкен жүректің жемісі. Лайым, осы жолдан таймай, арманымды ақиқатқа айналдырсам екен.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!