Сырбойылық жас ғалымдар түрлі бағытта зерттеу жүргізуде. Олар оң нәтижеге қол жеткізу үшін заманауи зертхана мен қаржылай қолдау өте маңызды. Бұл орайда жақсы жаңалық бар.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-Ректорының гранты аясында өткізілген жас ғалымдардың ғылыми зерттеулері конкурсының қаржы қоры былтыр 20 миллионға артты.

Конкурс жеңімпазының бірі – университеттің аға оқытушысы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Салтанат Аппазова. Жас ғалыммен зерттеу жобасының тиімділігі туралы сөз қозғадық.

Салтанат АППАЗОВА: Полиметалл қалдықтарын өңдеу экономика үшін тиімді

– Салтанат Маратқызы, жас ғалымдар конкурсында ректор грантын жеңіп алуыңызбен құттықтаймыз! Байқауға полиметалл өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеу бағытындағы жоба ұсынған екенсіз. Бұл тақырыпты таңдауыңызға не себеп болды? Жобаның маңыздылығы туралы айтып беріңізші…

– Көп рақмет! Бұл марапат мен үшін үлкен қуаныш және жауапкершілік. Полиметалл өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеу тақырыбын таңдауыма бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, елімізде тау-кен өндірісі өте қарқынды дамып келеді. Бірақ оның экологиялық салдары, атап айтқанда, өндіріс қалдықтары, қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіретіні рас. Қазақстанда тау-кен өндірісінен шыққан қалдықтар жыл сайын артып, экология мен халық денсаулығына теріс әсерін тигізуде.

Осы мәселеге назар аударуымның себебі – қалдықтарды тиімді пайдалану мен қайта өңдеу арқылы экологиялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ өндірістің пайдасын арттыруға мүмкіндік беру. Полиметалл қалдықтарын қайта өңдеу арқылы тек экологиялық проблемаларды шешіп қана қоймай, оларды экономикалық жағынан тиімді өнімдерге айналдыруға болады. Яғни, экономика үшін де тиімді. Бұл жоба қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды азайтуға, табиғи ресурстарды үнемдеуге және жаңа материалдар алу арқылы экономикаға қосымша құн қосуға мүмкіндік береді.

Маңыздылығы жоғары бұл жоба тау-кен өндірісінің қалдықтарын тиімді басқаруға бағытталған. Сондай-ақ, экологияны қорғауға, өндіріс тиімділігін арттыруға және қоғамға пайдалы инновациялық шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.

Салтанат АППАЗОВА: Полиметалл қалдықтарын өңдеу экономика үшін тиімді

– Сыр елінде полиметалл өндірісі бар ма? Зерттеу жұмыстары біздің аймақта өте ме?

– Иә, әрине. Өңірімізде 1963 жылы ашылған Шалқия қорғасын-мырыш кен орны бар. Ол Оңтүстік Қазақстандағы инфрақұрылымы дамыған Қаратау кен аймағында орналасқан.

– Бұған дейін Қызылорда облысы бойынша Сырдария өзені суының сапасын физика-химиялық әдістермен талдау бағытында еңбек еткен екенсіз. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі туралы айтып беріңізші? Судың өзгеруіне не әсер етеді?

– Иә, диссертациялық жұмыс аясында өзен суына зерттеу жүргізген болатынмын. Сырдария өзенінің су бассейні табиғи, экономикалық және әлеуметтік-демографиялық процестердің тығыз байланысқан күрделі жүйесін құрайды. Қазіргі уақытта Сырдария өзенінің экологиялық жағдайы көбінесе оның трансшекаралық орналасуымен байланысты. Өзеннің төменгі ағысы құрғақшылыққа ұшыраған аймақтар арқылы өтеді, ал су ағынының өте аз болуы су тапшылығын туғызады.

Су құрамын талдағанда аммиак, нитрит, нитрат, мұнай өнімдері және микроағзалардың санитарлық көрсеткіштерінің жоғары деңгейлері анықталды. Сырдария өзені Қызылорда облысының орталық бөлігінен өтетін жалғыз су арнасы болғандықтан, оның экологиялық жағдайы облыстың жалпы экологиясына әсер етеді. Өзен суына егін шаруашылығында суаруға пайдаланылып, қайта ағып келетін жоғары минералданған коллекторлы-дренажды сулар да теріс әсер етеді. Қызылорда облысында РМК «ҚазГидромет» орталығы 7 гидробекет арқылы Сырдария өзенінің су сапасын бақылап отырады. Қызылорда облысының экология департаменті арқылы бекітілген кестеге сәйкес, қыс айларында ай сайын, ал вегетациялық кезеңде айына екі рет өзен суына сапалық бақылау жүргізіледі.

Салтанат АППАЗОВА: Полиметалл қалдықтарын өңдеу экономика үшін тиімді

– Елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына ғалымдар да ерекше үлес қосары анық. Ғылымды дамыту, мамандарды қолдау үшін қандай шаралар атқарылу керек деп ойлайсыз?

– Әрине, ғалымдардың ғылымды дамытуға қосар үлесі өте маңызды. Ғылымның дамуы үшін ғалымдар мен зерттеу ұйымдарына қаржылық, кадрлық және инфрақұрылымдық жағдайларды жақсарту қажет, бұл кешенді тәсілді талап етеді. Қазіргі уақытта ғылым нақты экономикалық пайда әкелуі үшін ғылыми мекемелердің өнеркәсіппен байланысын нығайту маңызды. Бұл тек жаңа технологиялар мен жетістіктерді өндіріс саласына енгізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар ғылыми зерттеулерді экономика саласының нақты қажеттіліктеріне бағыттауға жол ашады. Ғалымдар мен стартаперлер зерттеумен ғана айналыспай, бизнесті дамыта отырып, инновациялық жобаларды жүзеге асыра алатын ғылыми парктер мен технопарктерді дамыту қажет. Бұл ғылыми идеяларды нақты өнімдер мен технологияларға айналдыруға мүмкіндік береді.

– Студенттердің ғылымға деген қызығушылығы қай деңгейде? Ғылымға ден қойған жастар көп деп айта аламыз ба? Шәкірттеріңіз қандай тақырып бойынша ізденуде?

– Әлбетте, студенттердің ғылымға деген қызығушылығы қазіргі таңда әртүрлі деңгейде байқалады, бірақ жалпы тенденция позитивті. Қазақстанда кейінгі жылдары ғылым мен инновацияға деген қызығушылық артқанын көруге болады. Әсіресе STEM (ғылым, технология, инженерия, математика) салаларында. Бұл салада студенттер мен жас ғалымдардың зерттеу жұмыстары мен стартаптар көбейіп, жоғары білімнің деңгейі де жақсарып келеді. Зерттеулерінің негізгі бағыттары қазіргі уақытта әр түрлі. Бұл, негізінен, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Қарапайым мысал ретінде экология, энергия үнемдеу, жасанды интеллект технологиялары сияқты бағыттарды атауға болады. Жастар көбінесе жаңа технологияға экологиялық мәселелерді шешуге, қоғамға пайдалы инновациялар жасауға қызығушылық танытады.

Университетіміздің студенттері әртүрлі ғылыми бағыттар бойынша жобалар мен стартаптарға белсене қатысуда. Мысалы, Satbayev University ҚР Өнеркәсіптік және геология комитетінің қолдауымен «Геология және пайдалы қазбалардың кен орындарын барлау» білім беру бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарының студенттері арасында Бірінші геологиялық Универсиада өткізді.

Салтанат АППАЗОВА: Полиметалл қалдықтарын өңдеу экономика үшін тиімді

Универсиада 2024 жылы маусым айында Тараз қаласынан 60 шақырым қашықтықта, Тянь-Шань тауларының солтүстік-батыс сілеміндегі Кіші Қаратау жотасының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Satbayev University-дің Қаратау геологиялық оқу полигонында өтті. Универсиадада жалпы және құрылымдық геология, кристаллография және минералогия, петрография, палеонтология, гидрогеология, геофизика пәндері бойынша жарыстар ұйымдастырылды.

Қоқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» білім беру бағдарламасының ГРМ-21-1 оқу тобының студенттері Эльдар Бадретдинов, Фаниза Мусағалиева, Тимур Сағидуллаев, Ернұр Аманқос, Перизат Тұрсынәлі қатысты.

Универсиадада еліміздегі 9 университеттің өкілдері бақ сынады. Біздің студенттеріміз жақсы нәтиже көрсетіп, үздік бестікке енді.

Сонымен қатар, 2024 жылдың 7-15 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласы мен Тянь-Шань тауларында Қырғыз Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Геология институты ұйымдастырған бірінші халықаралық далалық геологиялық мектепте (NIGHTS) тәжірибе жинадық. Бұл іс-шараға менімен бірге «Инжинирингтік технологиялар» бағдарламасының «Геология және пайдалы қазба кен орындарын барлау» тобының студенттері Тимур Сағидуллаев пен Эльдар Бадретдинов қатысты. Далалық сабақтар барысында студенттер орогендік белдеулер мен шөгінді бассейндердің геологиясы мен тектоникасын зерттеді.

Халықаралық мектептің қорытындысы бойынша Тимур Сағидуллаев ІІ дәрежелі дипломмен, ал Эльдар Бадретдинов ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Аталған іс-шараларда студенттерге жетекшілік еттім. Қазіргі уақытта AGT GLOBAL компаниясының ұйымдастыруымен OPEN SPACE 2025 START UP конкурсы өтіп жатыр. Бұл конкурсқа «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» және «Пайдалы қазбаларды байыту» білім беру бағдарламаларының студенттері қатысуда.

Салтанат АППАЗОВА: Полиметалл қалдықтарын өңдеу экономика үшін тиімді

– Алдағы уақытта өзге елдерде зерттеу жұмысын жүргізуге ниетіңіз бар ма?

– Иә, шетелде тәжірибе жинақтау қазіргі таңда ғылыми және кәсіби дамудың маңызды бөлігіне айналды. Өзге елдерде зерттеу жүргізу мен халықаралық тәжірибе алмасу жаңа білім мен дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Мен де алдағы уақытта халықаралық ғылыми жобаларға қатысуға ниеттімін. Өйткені шетелде зерттеу жұмыстарын жүргізу жаңа ғылыми бағыттарды меңгеруге, басқа мәдениеттер мен ғылымдағы жаңа тенденциялармен танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастық арқылы Қазақстанның ғылыми қоғамдастығына да пайда әкелуге болады.

Университетіміздің жас ғалымдарға деген қолдауы мен мүмкіндіктері үшін алғысымыз шексіз. 2024 жылы ректор грантының қоры 20 миллион теңгені құрады. Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік деп есептеймін.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!