Ол – ақпарат саласында да, мемлекеттік қызметте де үздік екенін дәлелдеген маман. Жас та болса, аймақтың оң имиджін қалыптастыруға, ақпараттық саясаттың дұрыс жүргізілуіне елеулі еңбек сіңіріп келеді. Мемлекеттік қызметшілер мен БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Шахановамен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Баспасөз хатшысы болу – менеджерлік қызмет. Ал сіздің ұйымдастырушылық қабілетіңіз студент кезден- ақ байқалды. Әу бастан-ақ журналистикада еңбек етемін деген мақсатыңыз болды ма?
– БАҚ саласында қызмет етсем деген арманым болды. Бала кезімде теледидар көріп отырып, «Алла қаласа мен де осылай тележүргізуші боламын» деп айта беретінмін. Үйдегілер «қой, өскенде дәрігер не мұғалім боласың» дейтін. Оқу бітірер кезде ағам дәрігер мамандығына оқуға тапсыруымды қалады. Бірақ мен «дәрігер болмаймын» деп, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжат тапсыруға шешім қабылдадым. Барсақ, емтиханның уақыты өтіп кетіпті. Сонымен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті филология факультетінің «Қазақ-ағылшын тілі» бөліміне құжат тапсырдым. Екінші курстан бастап университеттің қоғамдық жұмыстарына араласып, түрлі шараларды ұйымдастырып, белсенді білім алушы атандым. Студенттер кеңесінің төрағасы болдым. Бұл, әрине, көңілің алып-ұшып жүретін ерекше кездер еді.
Менімен қатар қазіргі журналистика саласының үздіктері білім алды. Атап айтсам, Аман Тасыған, Баян Бақкелді, Ерқанат Көпжасарұлы секілді тележурналистермен қатар оқыдық. Бір ерекшелігі, біздің бөлімде шетелдік бірнеше жоғары оқу орнының грантын жеңіп алып, Қазақстанда оқуды таңдаған өте білімді қандас студенттер де болды. Қатарластарыңның жүзден жүйрік болуы сенің де белсенділігіңе, біліміңе оң әсер етеді.

Бір қызығы, оқу бітіргесін Қызылордаға келемін деп ойлаған жоқпын. Мектепті Шымкентте оқыдым. Алматыда қызылордалық достарым бар. Бірақ Сыр елінің аудан, ауылдарын толық білмейтінмін. Осы жақта еңбек ету бұйырған екен. Оқу бітіргесін Қызылордаға келіп, үлкен ағамның үйіне қоныстандым.
– Бірақ мұғалім болмаймын дедіңіз ғой…
– Иә, жергілікті телеарна бар дегенді естіп, Қоғам TV телеарнасына бардық. Жолым болған екен, нағыз ұйымшыл ұжым, жанашыр жандардың ортасына түстім. Гүлнұр Бүркітбаева, Үйтолған Жарекеева, Болат Жұмабаев, Тілеген Бекарыстанов сынды айта да, жаза да білетін мықты мамандармен қызмет ету бұйырды. Әлі есімде, маған ең алғаш студияда мәтін оқуды Нұрлан Жақыпбеков үйретті. Лена Рыбинамен қатар жұмыс істедік. Баян апа, Тұрсын апалар үнемі жанашырлық танытып, қолдауын аямайтын. Маған сол кезде ешкім еңбекақы туралы ойламайтын сияқты көрінетін. Журналистердің кәсіби мерекесінде Шаһизада аға бәрімізді Шымкентке апарып, демалысты өзі ұйымдастыратын. Тұрсын апаның әңгімесін тыңдап, әріптестермен әзіліміз жарасып, жұмысымыз өнімді, күніміз көңілді өтетін. Осылайша Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы қанатымды қатайтып, шеберлігімді шыңдап, журналистикаға баулыды деп айта аламын.
Одан кейін 2012 жылы Алматыдағы КТК телеарнасына жұмысқа орналасып, «Алматы – моя первая любовь» халықаралық фестивалінде, «Наша казаша» бағдарламаларында үйлестіруші, редактор болып, бір жылдан астам уақыт жұмыс істедім.
Қайтадан Қызылордада еңбек ету бұйырып тұрған болу керек, 2013 жылы осында оралдым. Ол кезде облыс әкімі болып Қырымбек Елеуұлы тағайындалған. Қоғам TV-дағы жұмысымды жалғастырып, облыс әкімінің пулындағы журналистердің қатарына ендім. Сол уақыт демалыс, мерекелік күндер дегенді де «ұмытып», облыстағы 260-тан астам ауылға іссапармен барып, жаңалықтар әзірледік. Ал 2015 жылы облыс әкімінің баспасөз қызметіне инспектор болып ауыстым. Мемлекеттік қызметтің қандай болатынын сол кезден бастап үйрендім деп ойлаймын. Студенттік кездегі ұйымдастырушылық қабілетім көмектесті ме, әйтеуір алып кеткен сияқтымын. Алғашында Қырымбек Елеуұлының, одан кейін Қуанышбек Досмайылұлының баспасөз хатшысы болып тағайындалып, өте жақсы еңбек еттік. Аллаға шүкір, қазір Нұрлыбек Машбекұлы осы жұмысты сеніп тапсырғаннан кейін бар күшімізді салып қызмет атқарудамыз.

Оның арасында ауыс-түйіс те болды. Мәдениет басқармасында бір жыл қызмет етіп, пейілі кең, жанашыр жандармен танысып, көп дүниені үйрендім десем болады. Кейбір әріптестерімді өзіме жақын әпке санап, құрметтеймін. Мұнан кейін қоғамдық даму басқармасына бас маман болып ауысып келдім. Бұл – жұмыстың қайнап жатқан жері. Хаттарға жауап жазу, арыздарды талдап, тиісті тұлғаларға ұсыну, БАҚ-пен жұмыс, мемлекеттік тапсырыс секілді толассыз тапсырмаларға дайын тұрасың. Ол жерде де тәжірибе жинап, жақсы достар таптым.Әріптестерім ең жақын құрбыларыма айналды.
– Тілші болу мен мемлекеттік қызметші болудың айырмашылығы қандай?
– Айырмашылығы өте көп. Тілші болу адамға еркіндік сыйлайды, шығармашылықпен айналысып, ойыңды ашық жеткізесің. Ал мемлекеттік қызметшіде ондай еркіндік болмайды. Оның орнына субординация, белгіленген ереже, тәртіп бар. Жиналыстар, нысандарды аралау, аудандарға іссапар… Қаншама адамды, қаншама тағдырды көресің. Бірақ оның бәрі мектеп. Сондықтан екеуі екі бөлек дүние. Жақсы тілші жақсы баспасөз хатшысы, мықты мемлекеттік қызметкер болады деген сөз емес. Тілші жақсы жазуы, ойын еркін жеткізуі мүмкін, бірақ мемлекеттік қызметші, баспасөз хатшысы болу үшін ол аз. Оған менеджерлік, ұйымдастырушылық қабілет пен стреске төзімді мінез керек.
– Бірнеше жыл бұрын жағымсыз ақпараттарды әлеуметтік желіден жиі байқайтынбыз. Қазір азайған секілді. Маған солай көріне ме, әлде шынымен жағдай өзгерді ме?
– Мұндай ақпарат тоқтаған жоқ, бірақ азайған болуы мүмкін. Қазір орынсыз сын, жасалып жатқан жұмыстарға көңіл толмаушылық толастаған деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметші немесе әкімнің баспасөз хатшысы емес, қарапайым тұрғын ретінде айтайыншы, үш жылға жуық уақытта қаншама нысан, қаншама аллея салынып, жолдар кеңейтіліп, өндіріске инвестиция тартылғанын, жүздеген келісімшарттар жасалғанын байқап, бағамдап отырмыз. Бұл он жылдың көлемінде, мүмкін одан да көп уақытта жасалатын жұмыс шығар, бірақ үш жылда осының бәрін еңсеру – айтарлықтай еңбек. Ашықтық, әкімдік қоршауының алынып, кез келген тұрғынның емін-еркін келіп, пікірін айта алуы да жағымсыз ақпараттың алдын алады.

Әлеуметтік желідегі сұраққа дереу жауап беру, тұрғынның ұсынысын елеусіз қалдырмау, резонанс тудыратындай жағдайларда брифинг өткізу секілді жұмыстар жүйелі жүргізілгендіктен болар, теріс пікір азайды. Бар, бірақ аз кездеседі. Көбіне «Мына жерде неге су жоқ, жел болып, жарық сөніп қалды» деген секілді пікірлер айтылады. Бұл – өмір болғасын кездесетін, шешімін табуға болатын мәселелер. Осы орайда ақпараттың ашық жеткізілуі бойынша жүйелі жұмыс бар, халықтың да ұсынысы дер кезінде еленіп, ескерілуде деп айта аламын.
– Үшінші әкім сізге өзінің ақпараттық саясатын жүргізуді сеніп тапсырды. Әр әкімнің өз ұстанымы болатыны рас. Нұрлыбек Нәлібаев журналистиканың қай бағытына баса назар аударады?
– Бәріне қатар мән береді. Басшыға телеарнада қандай ақпараттар жарияланғаны туралы күнделікті ақпараттар ұсынылады. Республикалық, облыстық газеттер күнделікті апарылады. Әлеуметтік желіге жарияланған материалдарды дайджест ретінде ұсынамыз. Ол кісі оперативті жұмыс істегенді жақсы көреді. Өте жылдам, телефонмен-ақ ақпаратпен танысып, жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, жұмысты бірден реттейді. Оперативтілігі жөнінен менің тәжірибемдегі бірінші әкім деп айтар едім.
– Кейбір басқарманың баспасөз хатшыларымен уақытылы байланысу қиын. Баспасөз хатшыларының жұмыстағы салғырттығына не себеп болуы мүмкін?
– Мұндай жағдай барлығында демеймін, өкінішке қарай, болып тұратын шығар. Журналист хабарласқанда, жиналыста отыруы мүмкін. Бірақ олармен байланыса алмаған жағдайда республикалық БАҚ өкілдері, меншікті тілшілер маған шығып жатады. Жауапты сала мамандарымен байланыстырып, қажетті сұхбаттарын алып береміз. Облысқа қатысты болғасын «бұл жұмыс менікі, сенікі» деген сөз жоқ. «Абырой ортақ» дейміз де, істей береміз.
– Жұмыс уақытыңыз нешеде басталады?
– Мемлекеттік қызметкерлерде белгіленген жұмыс уақыты бар. Бірақ қатып қалған ештеңе жоқ. Таңертең 9-дан ертелеу келеміз, кейде нысандарды түсіру керек болса, түске, кешке қарамай шығып кетеміз. Кешке 19.00-де не одан кеш қайтамын деп те айта алмаймын. Жұмыстың ыңғайына қараймын. Қолымда телефон мен интернет болса, кез келген жерде жұмыс істей беремін.

– Қазіргі қызметіңізге байланысты көптеген медиа маманмен жұмыс істеуге тура келеді. Мұндайда журналистикадағы өзгерістер, медиаэтика бәрі анық байқалады. Ақпарат саласындағы қандай өзгерістер қуантады, қандай жағдайлар көңіліңізді түсіреді?
– Өңір бойынша айтар болсақ, БАҚ саласында қуанатын жағдай өте көп. Ізденетін, сюжеттері ерекше шығатын, мақаласын қайта-қайта оқығың келетін жастар бар. Тәжірибелі қаламгерлердің жазғанын бұрыннан оқитынымыз белгілі. Аймақтағы әр журналист өз материалына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Көбіне облыс деңгейіндегі үлкен шараларды ақпараттандыратын пулдағы журналистермен жұмыс істейміз ғой. Олардың іскерлігіне қарап, мемлекеттік қызметке дайын кадр қалыптасқанын байқауға болады.
Кәсіби журналистер арасында өзіндік тәртіп, этикаға қатты мән беріледі. Мысалы, оператор камераға түсіріп тұрса, алдынан өтпейсің ғой. Дыбысқа қатысты белгілі бір ережелер бар. Сондайда әсіресе пулда жүрген журналистер арасында тәртіп орныққанын, бір-бірін ыммен түсінісетінін байқайсың.
Осы орайда мына бір мәселені айта кету керек. Қазір кез келген іс-шарада мобилографтар өте көп жүреді. Сондықтан ауқымды шаралардың алдында оператор, мобилографтарды аккредитациядан өткізудің де маңызы артқан секілді. Аккредитация деген нәрсеге үйрене алмай жатырмыз, оны айтсаң көбі шошиды. Мысалы, бір маңызды нысан ашылады дейікші. Сол орталықтың ашылуына қатысатын адамдар бөлек-бөлек студия жалдап апарғысы келеді, марапатталатын адамдар мобилографпен келеді. Ол – республикаға тарайтын үлкен шара, сол себепті тәртіп болуы керек. Соны жүйелеуді ойлағанымызбен, уақыттың да ыңғайы келмей жатыр. Кейде марапат алып жатқан адамның көңілін қалдырғың келмейді де, жарайды «мобилографыңыз түсіре берсін» дейміз, бірақ ол өзіңнің жұмысыңа кедергі келтіріп жатады.
– Баспасөз хатшысы болу – әртүрлі жағдайларға дайын болу деген сөз. Қызмет барысында форс-мажор жағдайлар көп кездеседі. Қызықты оқиғамен бөлісіңізші…
– Ондай жағдайлар әр сапарда болып тұрады. Кейде бекітілген нысанға асығып бара жатқанда көлік бұзылып қалады. Бірде Жаңақорған мен Түркістанның ортасындағы қақпаның ашылуына бара жатырмыз. Күн ыстық, көліктің суы қайнап кетті ме, жүрмей қалды. Ал облыс әкімі шара болатын жерге жақындап қалғанын білдік. Не істейміз? Сол жерде болып, шараны камераға түсіруіміз керек. Көлік жоқ. Ауыл әкіміне айтсақ, екі жигули жіберген ғой. Кортеждің соңында жигулимен жүргеніміз бар. Қазір күлгенімізбен, ол кездегі жағдайымыз белгілі ғой.

Бір жылдары мынадай жағдай болған. Аралға іссапармен барғанда жұмысына жауапты деген бір ғана оператор алып барғанбыз. Апатты жағдайдағы үй құлады-ау сол кезде… «Әкім қазір осы жерде сөз сөйлейді, соны мұқият жазып алуымыз керек, эфирге береміз» деп алдын ала операторға тапсырып қойдық. Оператор «иә, иә» деген де, сасқалақтап REC-ті басуды ұмытып кеткен ғой. Сонымен бейнежазба жоқ. Қазір күлеміз, бірақ ол кездегі жағдай стресс қой.
– «Сырттай қатал көрінеді, турасын айтады» дейді сіз жайлы басқалар. Бұл жұмыстағы образ ба? Күнделікті өмірдегі Салтанат қандай?
– Бала кезімде де кейбіреулер солай айтатын. Сондықтан табиғи болмысым солай көрінсе керек. Бірде әріптесім «сенімен осылай әзілдесіп, емен-жарқын сөйлесіп, шай ішемін деп ойламадым» деп күлдіргені бар. Жұмыс барысында да тіке айтуға тура келетін жағдайлар болады. Ал негізі жақын тұтқан адамдарыма ашықпын. Қолдаушы достарым көп, Аллаға шүкір.
– Алдағы уақытта сізді қай саладан көруіміз мүмкін? Шетелде білім алу жоспарыңызда бар ма?
– Алланың дегені болады. Ал әзірге шетелге барып білім алу туралы жоспар жоқ. Болашақта да мемлекеттік қызметте еңбек етемін деп ойлаймын. – Сұхбат үшін рақмет!
Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!