Заманың сенімен келіспесе де, сен заманыңмен керіспе. Бүгінде түрлі технологияны меңгеріп, ғаламторды тиімді әрі сауатты пайдалану күнделікті өмірдің бір бөлігі болса, әлеуметтік желі, контент пен таргетинг бизнестің дамуына ықпал ететін маңызды құралға айналды.
Осы салада еңбек ететін SMM мамандары бренд пен аудитория арасындағы байланысты нығайтады. Бұл бағыт несімен ерекше һәм қызық? Осы және өзге де сұраққа жас журналист, SMM маманы Анеля Мади жауап берді.
– Әрине, біздің алғашқы сұрақ − бұл салаға қалай келдіңіз?
– Бала күнімнен шығармашылыққа жақын болдым. Мен үшін әдемі көріністерді бейнелеу, оқу, жазу ерекше әрі қызық жұмыс еді. Бала арман болашаққа жетелеп, шығармашылық салаға алып келді. Қазір журналистика саласында жұмыс істеймін. Бұл бағыт кәсібилікті, үздіксіз дамуды және жан-жақты болуды талап ететінін өзіңіз де білесіз ғой. Міне, сол талап мені жаңа әлемге әкелді.
Студенттік жылдарымда, нақтырақ айтсақ тәжірибеден өтіп жүргенімде жаңа бағытты байқап көргім келді. Солай трендке айналған SMM саласын таңдадым. Байқап қарасам, мамандығымнан алыс емес екен. Уақыт өте қолым үйреніп, қосымша табыс көзіне айналдырдым. Оқудан бос уақытта кафе, дүкен, оқу орындарының «Instagram» парақшаларын жүргіздім. Бұл салаға келгеніме көп те болған жоқ, шамамен екі жылға жуық тәжірибем бар. Әлі күнге дейін хобби ретінде қатар алып келемін.

– Анеля, негізгі мамандығыңыз – журналист. Медиа саласында жүрген соң түрлі жобаны жүргізу қиын емес шығар, иә?
–Иә, атап өткенімдей, журналистика – әмбебап сала. Мұнда жаза да, сөйлей де, оқиғаны көре де, түсіре де алуың керек. Хобби ретінде басталған SMM саласы кейін табыс көзіне айналып қана қоймай, мамандығыма да септігін тигізді. Менің ойымша, шығармашылыққа жақын адамдар үнемі жаңа дүниені көруді, үйренуді қалап тұрады. Осылайша қызығушылықпен басталып кетті.
– Бүгінде бұл салаға келуді қалайтындардың қарасы қалың. Қазіргі еңбек нарығында SMM ретінде сұранысы жоғары маман болу үшін не істеу керек?
– Ебін тапсаң, еңбек көп. Заман талабы да осы. Егер қолдан келіп тұрса, тілін тапса, неге байқап көрмеске? Бастысы – қызығушылық болу керек. Иә, бұл салаға келуді қалайтындар көп. Онлайн жұмыс кестесін де өзің қоясың, еркіндік, уақыт тапсаң жақсы табыс та осында. Жасыратыны жоқ, кейде осындай қолайлылығы үшін таңдайтындар да бар. Бірақ бұл қызығушылық көпке бармайды. Санға емес, сапаға жұмыс істегенде ғана өсу болады.

– Түсірілім кезіндегі ерекше оқиғаның бірімен бөліссеңіз.
– Бұл салаға келгеніме көп бола қойған жоқ. Үлкен жобаларды жүзеге асырдым деп те айта алмаймын. Дегенмен әрбір жобаның өз ерекшелігі мен қиындығы бар. Әсіресе жаңа адамдармен танысып, жаңа орта табасың.
Өндірістік практикада жүрген кезім еді…«Неге Астанаға кетпедім? Үлкен қалада мүмкіншілік те көп болатын еді. Өзім қалаған танымал тұлғалармен күнде кездесетін едім» деп ойлап жүргенмін. Бір түсірілім уақытында ішке таныс бір бейне кірді. Сөйтсем, өзім күнде әлеуметтік желіден қарап, подкасттарын көріп жүрген Әлия Әшім әпкеміз екен. Сәлемдесіп, мейрамхана атынан кофе мен десерт ұсындым. Өте қарапайым, жылы жүзді кісі. Мейрамхана тағамдары туралы әсерімен бөліскен видеоны да түсіріп үлгердік. Бұдан бөлек, театр және кино саласының мамандарын, өнер адамдарын жиі көріп тұрамын. Мен үшін ең ерекше оқиға осы.
– Рақмет! Ал Қазақстандағы SMM-нің бүгіні мен ертең жайлы не айта аласыз?
– Қазір мектеп қабырғаларында да бұл сала пән ретінде қарастырылып жатыр, түрлі үйірме бар. Жастарға білуге, көруге мүмкіндік жеткілікті. Сондықтан қазірден бастап заманауи мамандықты игеруіміз керек деп ойлаймын. Табыс көзі ретінде ғана емес, әр адамның жеке қажеттілігі үшін керек сала. Болашақта маңызды мамандықтың қатарына енетіне сенімдімін.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Ақбота ҚОЛҒАНАТ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
2-курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!