Бедерлі ұлттық киім, бекзада кейіп, үйлесімді би, салтанатты қадам. Бұл – Сыр бойына алғаш келген түркиялық «Сеймендер ұлттық ұйымының» көрінісі. «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалі аясында бой көрсеткен қонақтар қос елдің мәдениетін дәстүрмен тоғыстырды. Би мен салтанатты шерудің қосындысынан құралған көрсетілім түркі дүниесінің ғана емес, Тұран даласының – қазақ жерінің тарихымен сабақтас. «Сеймендер дәстүрі дегеніміз не?», «Оның Сыр өңіріне нендей қатысы бар?», «Түркі әлемін жақындастыруға көмегі қандай?» деген сауалды ұйым төрағасы Гюркан Маденға қойған едік.

«Ұлы сапардан қалған із»

«Түріктердің Тұран даласынан Анадолы жеріне үдере көшуі дәстүр мен салт-сананы өзгертті. Сеймендер көрсетілімі сол тарихтан қалған із. Ежелде жорықтан жеңіспен оралған әскер қалаға кірерде салтанатты шеру өткен. Ережеге сәйкес, әскердің алдыңғы шебінде сәнді киініп, сырнайлатып, бимен көмкеру сеймендер тобына жүктелген екен. Сеймендер арнайы ұлттық киім, мерейлі бимен ерекшелену арқылы әскерді соңына ілестіріп, халықты қақ жарып өткен.
Сеймендердің ұлттық киімі ерекше. Сырт көзге тек салтанатты шара киімі болып көрінгенімен, қолайлы әрі тиімді функциясы көп. Киімнің алдында 8 қатар қалта бар. 4-еуі – жабық, қалғаны – ашық. Ашық қалтаға қару-жарақ салса, жабық қалтаға қажетті тұрмыстық заттарды салуға болады.
Бір ескерерлігі, сейменизм тек көрсетілім емес. Ол – құндылықты сақтау, биге икем, табиғат пен Отанды сүю. Осы аталған қасиет-қарым болғанда ғана сеймен атануға мүмкіндік бар. Оған қоса қарапайым өмірде сеймендер қала сақшысы қызметін атқарған. Сондықтан желік қуған топ емес, жүйелі құрылым деп қабылдаған жөн».

«Қазақпен байланыс басым»

«Түріктердің түгел биінің түбі – Тұран. Себебі, түркі әлемінің қалыптасуы, ұлттарға бөлінуі өзара байланыс нәтижесінде орын алды. Сеймен өнерінде қолданылатын би элементтерінің түркі халықтарында кездесуі сөзіміздің айғағы. Әсіресе, қазақ ұлттық би өнеріндегі қимыл мен ишараның сеймендер биімен байланысы басым.
Осы орайда қазақтың мадақ жыр, жеңіс тойлау мәдениетін атап өткім келеді. Қазақ халқында да сеймендер секілді сауықшыл топтар болғанын білеміз. Олар батырлар ерлігін ән-күйге қосып жеткізіп, ерлікті әспеттеген. Тіпті, жаугершілік кезеңде өнерпаздар жауға қарсы тұрып, ерлік пен өнерді қатар алып жүрді. Сондықтан сеймен мен қазақ ақын-жазушылары рухани туыс дер едім. Сыр елінде өтіп жатқан «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты өнер фестиваліне келуіміздің басты мақсаты – осы байланысты нығайту, ұлтаралық ынтымақты күшейту. Егер сеймен өнері мен Тұран даласының байланысын өнер арқылы жеткізе алсақ, арманымыздың орындалғаны».

«Бала кезімнен баққан өнер»

«Ұлттық дәстүрді сақтау үшін ежелгі ойын, би, ән-күйді жаңғырту маңызды. Түрік тарихындағы аласапыран кезеңде сеймен дәстүрінен айырыла жаздадық. Тек 1919 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік арнайы жарлығымен бұл дәстүр қайта жаңғырды. Алғашында үйірме іспетті қалыпты басталған қадам кейін құрамында 4 мың мүшесі бар ұйым дәрежесіне көтерілді.
Мен де бала кезден сеймен өнеріне қызығып, үйренуге талпындым. 1980 жылы Куртулуш қаласындағы орта мектепте осы өнермен алғаш танысқаным есімде. Үміт Аслан есімді ұстазымның қолдауымен «Сеймендердің Анкара ұйымына» мүше болдым. Содан бері ұйым мүшелерімен үздіксіз дайындалып, әрі шәкірт дайындап келемін. Қазіргі таңда ұйымның жетекшісімін. Болашақта сеймен өнері арқылы түркі әлемінің бірлігі артып, байланысын нығайту жалғаса бермек».


Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!