Жол қозғалысы қауіпсіздігі – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселенің бірі. Кейінгі жылдары Қызылорда қаласында жол ережесін бұзу дерегімен қатар, оны бақылау тетіктері де күшейе түсті. Өткен жылы 368 890 әкімшілік хаттама рәсімделіп, оның 304 701-і жолқауіпсіздігі бойынша тіркелген.

Осындай заңбұзушылықтардың қатары көбеймес үшін 2026 жылдың қаңтарынан бастап қала көшелерінде жылдамдықты автоматты түрде анықтайтын жаңа «Sunqar» камералары іске қосылды. Құрылғыға қатысты қоғамда түрлі пікір мен сауал туды. «Камералар не үшін керек?», «Олар айыппұл салуға ғана бағытталған ба?», «2026 жылы жол ережелерінде қандай өзгерістер бар?» деген сұрақ көпшілікті алаңдатқаны жасырын емес.

Осы және өзге де маңызды сауалдарға жауап алу мақсатында біз Қызылорда ҚПБ ӘПБ ППБ командирінің қызмет жөніндегі орынбасары, полиция майоры Самат Қадіровпен сұхбаттасқан едік.

– Самат Темірбекұлы, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы айтып берсеңіз. Көбіне қай бағытта жиі кездеседі?

– Әкімшілік құқық бұзушылықтар қоғам өмірінің барлық саласында кездеседі. Алайда құқық қорғау органдарының күнделікті тәжірибесіне сүйенсек, ең жиі тіркелетін заңбұзушылықтар жол қозғалысына тікелей қатысты. Әсіресе белгіленген жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, жаяу жүргіншіге жол бермеу секілді әрекеттер тұрақты түрде анықталып отырады. Бір қарағанда, мұндай ережелерді бұзу ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін, алайда олардың әрқайсысы жолдағы жалпы қауіпсіздікке елеулі қауіп төндіреді. Көп жағдайда дәл осындай немқұрайлылық пен жауапсыздық ауыр жол-көлік оқиғаларына әкеліп, адам өміріне қатер төндіреді. Сондықтан бұл бағыттағы құқықбұзушылықтар полицияның ерекше бақылауында болып, олардың алдын алу басты міндеттердің бірі.

– 2026 жылы жол ережелеріне өзгерістер енгізілді ме? Қандай?

– Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жол жүрісі қағидаларына бірқатар жаңа өзгеріс пен толықтырулар енгізді. Бұл жаңашылдықтар 2025 жылдың 23 қарашасынан бастап күшіне еніп, қазір еліміздің барлық өңірінде қолданысқа енді. Қабылданған өзгерістердің негізгі мақсаты – жолдағы қауіп-қатерді азайтып, адам өмірін сақтауға бағытталған алдын алу шараларын күшейту.

Енгізілген түзетулердің бірі елді мекендер аумағындағы жүк көліктерінің қозғалысына қатысты. Атап айтқанда, жүк көліктері үшін рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық сағатына 50 шақырыммен шектелді. Бұл шешім ірі көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, сондай-ақ тұрғын аймақтардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ауа райы қолайсыз кезеңдерде, яғни боран, тұман, қар немесе нөсер жаңбыр кезінде колоннамен жүру тәртібі нақтылана түсті. Мұндай жағдайларда полиция қызметкерлері мен жол қозғалысына қатысушылардың құқықтары мен міндеттері айқын белгіленіп, өзара жауапкершілік күшейді. Бұдан бөлек, жолдағы бақылауды тиімді жүргізу мақсатында полиция қызметкерлеріне жол жиегінде тұрып, ала таяқ арқылы көлік тоқтатуға қайтадан рұқсат берілді. Бұл өзгеріс жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам саналады.

"Sergek" пен "Sunqar"-дың еш айырмашылығы жоқ

– Кейінгі жаңалықтарға тоқталсақ. 2026 жылдың қаңтарынан бастап Қызылорда қаласының көлемінде жылдамдықты анықтайтын бірнеше камера орнатылды. «Sunqar» камерасы туралы толығырақ айтып өтсеңіз. Оның «Sergek»-тен айырмашылығы қандай?

– Қызылорда қаласы мен оның төңірігінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Сол бағытта 2025 жылы бірнеше мобильді кешен сатып алынып, қала көшелерінде орнатылды. Бұл құрылғылар жолдағы тәртіпті бақылауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

2026 жылы жүйе одан әрі кеңейіп, «Sunqar » камералары іске қосылды. Сонымен қатар қалада 70-80 құрылғы автоматты режимде жұмыс істейтін болып, жалпы есепте 1400 бейнебақылау камерасы қызметке берілді. Бұрын қаламызда «Sergek» камерасы 2024 жылы пилоттық, яғни сынақ режимінде жұмыс атқарған еді.

Айта кететін тағы бір жәйт, облысымыздың басқа аймақтарында да түрлі бейнебақылау және мобильді кешендер бар. Олардың барлығы бір-бірімен үйлесімді жұмыс істеп, қаланың әр түкпірін қамтуға бағытталған. Жүйенің кеңеюі мен техникалық жетілдірілуі азаматтарға жол қозғалысы тәртібін сақтау қажеттігін ескертіп қана қоймай, жолдағы қауіпсіздіктің жаңа деңгейін қамтамасыз етеді.

Халық арасында «Sunqar» камерасына қатысты сұрақ пайда болғаны белгілі. Алайда атап өтейін, «Sergek» және «Sunqar» камераларының ешқандай айырмашылығы жоқ. Ол тек мемлекеттік сатып алу жұмыстары және техникалық ерекшеліктеріне сәйкес тиісті заңнама талаптары бойынша теңгерімге алынатын дүние.

Сонымен қатар қала көшелерінде жылдамдықты өлшейтін камералармен жабдықталған патрульдік көліктер де қызмет атқарады. Соның бірі – «Ekin Patrol» жүйесі. Бұл – полиция көлігінің төбесіне орнатылған ақылды мобильді жүйе. Ол көліктің жылдамдығын өлшейді, мемлекеттік нөмірлер мен бет-әлпетті таниды, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын нақты уақыт режимінде тіркеп, іздеудегі көлік құралдарын анықтауға мүмкіндік береді. Қазір қалада осындай 12 көлік және жасырын камерасы бар 3 қызметтік көлік жұмыс істеп тұр.

Жаңа камералар орнатылған көшелерді атап өтсек, Қорқыт Ата көшесіндегі «Арсенал» сауда үйі маңында рұқсат етілген жылдамдық сағатына 60 шақырымнан аспауы тиіс. Сол сияқты Жаппасбай батыр көшесінің 175 «Б» үйі тұсында жүргізушілер сағатына 40 шақырымнан артық жылдамдықпен қозғала алмайды. Сондай-ақ бұл камера 24/7 режимде жұмыс істейді.

Бейбарыс Сұлтан даңғылының облыс әкімдігі орналасқан бөлігінде көлік қозғалысына сағатына 60 шақырымдық шектеу белгіленген. 24/7 сағат жұмыс істейтін екінші камера – Арай-2 мөлтек ауданындағы Текей батыр көшесінің 54-үйі маңында орналасқан, жылдамдық сағатына 40 шақырымнан аспауы тиіс.

Астана даңғылы мен Бауыржан Жүсіпов көшесінің қиылысында, сондай-ақ Ғани Мұратбаев көшесі 15-үйдің тұсында жүргізушілер үшін рұқсат етілген жылдамдық сағатына − 60 шақырым. Бұдан бөлек, Тәуелсіздік даңғылындағы «Bella Vista» қонақ үйі маңында және Саламатов көшесі мен Қыдыров көшесінің түйіскен тұсында да осы жылдамдық режимі сақталуы қажет.

Ал Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі №3 лицей аумағында, сондай-ақ Абай даңғылы мен Ыбырай Жахаев көшесінің қиылысында көлік қозғалысының ең жоғары жылдамдығы сағатына 40 шақырым болып белгіленген.

"Sergek" пен "Sunqar"-дың еш айырмашылығы жоқ

– Осы сұрақты толықтырып жіберсек. Халық арасында «камералар көбіне айыппұл саларда белсенді жұмыс істейді, ал жол-көлік оқиғасы болғанда немесе қылмыс орын алғанда олар «істемей қалады» деген пікірді жиі естиміз. Осындай сынға сіз қалай жауап берер едіңіз, бұл жүйенің ашықтығы мен әділдігі қалай қамтамасыз етіледі?

– Автоматты тіркеу камераларының басты міндеті – жол жүрісі қағидаларының сақталуын бақылау. Алайда олардың қызметі тек қана айыппұл салумен шектелмейді. Камералар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жолдағы тәртіпті қалыптастыруға және қылмыстарды ашуға да елеулі үлес қосады. Десе де білеміз, мұны көпшілік бұрыс қабылдайды.

Камералар үздіксіз жұмыс істейді, бірақ әрқайсысының өз қамту аймағы бар екенін есте ұстаған жөн. Барлық көше мен аумақты бірдей бақылау техникалық тұрғыда мүмкін емес, кейде жол-көлік оқиғалары камера орнатылмаған жерде немесе көрінбейтін бұрыштарда болып жатады. Сол себепті кейбір жағдайларда камера істемейді деп ойлау дұрыс емес, бұл оның орналасу шектеулерінен туындайтын жағдай.

Шын мәнінде, камера – жазалау құралы емес, қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ететін құрал. Бұл құрал жолдағы қауіпті әрекеттерді анықтап, жол қатысушыларының қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды тетік екенін ескерейік. Заңды бұзбасаңыз ешкім жаза тағайындап, айыппұл арқалатпайды.

– Қазір жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қандай профилактикалық жұмыстар атқарылып жатыр?

– Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында кең көлемде профилактикалық жұмыстар мен арнайы акциялар жүргізіліп тұрады. Қызылорда көлемінде де дәл солай. Бұл шаралар тек заң талаптарын орындауға бағытталған бақылаудан ғана емес, жолдағы тәртіп пен мәдениетті көтеруге, техникалық бақылауды күшейтуге және қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталады.

Аймақта жол қозғалысы қағидаларын бұзушылықтардың алдын алу үшін «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Мас жүргізуші» сияқты жедел профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Басты мақсаты – жолдағы тәртіпті күшейтіп, қауіпті әрекеттерді дер кезінде анықтау арқылы жол-көлік оқиғаларының санын азайту екенін атап өту керек.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері мен жергілікті әкімдіктер тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері түсіндіріліп, сақ жүруге үндейді. Мектептерде және жастар арасында арнайы бейнероликтер көрсетіліп, оқу сабақтары өтеді. Мұның бәрі жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға және жолдағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

– Президент 2026 жылды «Жасанды интеллект және цифрландыру жылы» деп атап өткендей, барлық сала бойынша ЖИ қарқынды дамымақ. Айтыңызшы, ЖИ құқық қорғау органдарының да жүйесіне ене ме?

– Жасанды интеллект қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының күнделікті жүйесіне толық енген жоқ, бірақ болашақта бұл мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануымыз мүмкін. Заң мен адам өміріне тікелей қатысы бар салаға жасанды интеллект енгізу үшін оның өзін өте мұқият дайындау қажет, себебі бұл жүйе тек деректі өңдеумен шектелмей, жауапкершілікті сезінуге, дұрыс шешім қабылдауға қабілетті болуы тиіс.

Ал егер құқық қорғау саласына енгізілетін болса, ЖИ қылмыстық әрекеттерді алдын ала болжау, видеобақылау деректерін автоматты талдау, іздеудегі көліктер мен тұлғаларды анықтау секілді қызметтерді атқарып, полиция жұмысын жылдамдатары әрі жеңілдетері сөзсіз. Бірақ бұл − уақыт еншісіндегі өзгеріс.

"Sergek" пен "Sunqar"-дың еш айырмашылығы жоқ

– Қыс мезгілінде табиғаттың тосын мінезі сіздердің қызметтеріңізді екі есе ауырлата түсетіні белгілі. Боранды күндері жолда қалған адамдарға көмек көрсету барысында полиция қызметкері үшін не маңызды: қызметтік жауапкершілік пе, әлде адам өміріне деген жанашырлық па?

– Иә, рас айтасыз. Бұл мезгілде, әсіресе боран мен қатты жел тұрған күндері жұмысымыз қиындайды. Десе де полиция қызметкері үшін адам өмірін сақтау әрқашан ең жоғары құндылық. Қызметтік міндеттің өзі де осы қағидаға негізделген. Боранды күндері жолда қалған азаматқа көмек көрсету, қауіпсіз жерге жеткізу, қажетті жағдайда жедел қызметтерді шақыру – мұның бәрі тек жанашырлықтан емес, тікелей кәсіби борыштан туындайды. Қызметкердің әрекеті әрқашан осы екі ұғымның үйлесімімен жүреді: заң талаптарын орындау арқылы да, адам өмірін қорғау арқылы да қоғамға қызмет етеді.

Сондықтан ауа райы қалай құбылса да, полиция қызметкері үшін таңдау жасау мәселесі мүлде туындамайды. Қызметтік жауапкершілік пен адам өміріне деген жанашырлық бір мақсатқа қызмет етеді – жолдағы әрбір адамның амандығын қамтамасыз етуге, қауіпті сәттерде өмірін сақтап қалуға бағытталады.

– Қала тұрғындары тарапынан «айыппұл көп, талап қатал» деген пікірлер жиі айтылады. Осындай сын-ескертпелерге полиция қызметкері ретінде пікіріңіз қандай?

– Айыппұл негізгі мақсат емес, ол тек жол жүрісі қағидаларын сақтау үшін қолданылатын құрал. Негізгі міндет заңбұзушылықты жазалау емес, жолдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Әрбір талап пен ереже артында тек айыппұл емес, қоғамдағы жалпы қауіпсіздік пен тәртіптің сақталуы жатыр. Егер талаптар әлсіз болса немесе жауапкершілік жеткіліксіз болса, жолдағы тәртіп те әлсіреп, соның салдары ауыр болуы мүмкін: жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, тіпті адам өліміне дейін апаруы мүмкін. Халықта немқұрайлылық басым. Әлеуметтік желіде түрлі заңбұзушылықты бейнетаспалар арқылы көріп жүрміз. Заң бұзғанын мақтаныш көретін жандардың бар екені қынжылтады. Мемлекеттік нөмірін шешіп немесе жылдамдықты тым асырған жүргізушілер, полиция қызметкерлерінен қашуға тырысқан немесе көлікті жүргізуші куәлігінсіз тізгіндегердің ісі жауапсыз қалмау керек. Айыппұл ескерту қызметін атқарады.

Полиция үшін ең бастысы, атап айтқанда, жүргізушіні жазалау емес, қауіпті әрекетті дер кезінде тоқтату. Айыппұл салу мақсат емес, негізгі міндет алдын алу. Қаталдық тек заңның үстемдігін және әділдікті сақтау үшін қажет. Мақсат азаматтарды жазалау арқылы емес, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру арқылы жолдағы қауіпті азайту.

Қорытындылай келе, мәселе айыппұлдың көп екенінде емес, қағиданың сақталмауында. Талаптың қаталдығы – қауіпсіздікке деген жауапкершіліктің көрінісі. Жолдағы тәртіптің сақталуы, қауіпсіздік пен заңның үстемдігі осы үш тұтастық арқылы ғана қамтамасыз етіледі және полиция қызметкерлерінің басты миссиясы − осы үйлесімді сақтау.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!