Мемлекет тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шекарашылардың еңбегі – ерлікпен пара-пар. Отан шебінде күндіз-түні қызмет атқарып, ел қорғаны болып жүрген азаматтың бірі – Ержан Елемесов.
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Асу-Бұлақ ауылында дүниеге келген ол бүгінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі шекара бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарады. Жас болса да, елге сіңірген еңбегі еленіп, бірнеше мәрте Шекара қызметі директорынан, облыс және аудан әкімінен марапат пен алғыс хат алған. Бұған дейін де жауапты қызметтер атқарып, шекара заставасы бастығының орынбасары, кейін застава басшысы лауазымында еңюек еткен тәжірибелі маман.
– Ержан, алдымен осы салаға қалай келгеніңіз туралы айтып берсеңіз.
– Балалық шағымнан бастап әскери форма киюді, нақтырақ айтқанда, шекарашы болуды армандадым. Себебі мен шекара заставасының жанында өстім. Шекарашылардың шекара күзетіне шығып, сап түзеп жүргенін, спортпен шұғылданып, жергілікті тұрғындарға көмектескенін өз көзіммен көрдім. Олар маған ерлік пен тәртіптің, адалдық пен абыройдың үлгісіндей көрінді. Сол әсермен мен де осы жолды таңдадым.
– Қызмет барысында қауіпті жағдай орын алуы мүмкін. Өз тәжірибеңізде кездескен тосын оқиғалар жайлы айтып беріңізші…
– Иә, қызмет барысында түрлі жағдайлар болады. Әсіресе түнгі уақытта күтпеген оқиға жиі кездеседі. Бірде түнгі кезекшілік кезінде шекара бұзған тұлғаларды анықтадық. Жедел әрекет етіп, олардың жолын кестік. Ондай сәттерде асығыстыққа жол жоқ. Байсалдылық пен тәртіп бірінші орында болу керек.
– Бір жұмыс күніңіз қалай өтеді?
– Менің күнім 6:00-де тұрудан басталады. Сағат 7:30-да қызметке кірісеміз. Күн тәртібі мен атқаратын міндеттерімізге байланысты бақылау жүргіземіз, нысандарды тексереміз, құжаттармен жұмыс істейміз. Кейде түнгі кезекшілік те болады. Әр күніміз нақты жоспармен өтеді, дегенмен кез келген уақытта тосын жағдайларға дайын болуымыз қажет.

– Ал шекарашыға қандай талаптар қойылады?
– Шекарашы болу – жай ғана мамандық емес, бұл Отанға адал қызмет ету, ел шебін күзету арқылы бейбіт өмірді қорғау. Бұл салаға келгісі келетін жастар ең алдымен патриоттық сезімге, физикалық әрі моральдық дайындыққа ие болуға тиіс. Тәртіп, шыдамдылық, батылдық және жауапкершілік секілді қасиеттерді дамыту керек. Себебі шекара қызметі дәл осы қасиеттерді талап етеді.
Шекарашыға қойылатын талаптар: мықты физикалық дайындық, жоғары тәртіп пен заңға бағынушылық, жылдам шешім қабылдау қабілеті, ұйымшылдық пен командалық жұмысқа бейімділік, төтенше жағдайда сабыр сақтап, батыл әрекет ете білу.
Бұл салада еркіндік аз, тәртіп пен режимге бағыну қажет. Жеке өмірге уақыт аз қалады. Бірақ осы мамандықтың ерекшелігі – сенің қызметің елдің тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл үлкен мақтаныш.
– Жауапкершілігі өте жоғары жұмыс екенін білеміз. Демалыс күндері де қызметке шақыру, әрине, болатын құбылыс. Шамамен есептеп айтып беріңізші, жалпы жылына қанша күн үйде, отбасыңыздың жанында боласыз?
– Бұл нақты жағдайға байланысты. Кейбір шекарашылар шекаралық бекеттерде айлап жүреді, кейде кезекпен қалаға қайтады. Орташа есеппен жылына 100-150 күндей ғана толық отбасыңмен болуға мүмкіндік туады. Қалған уақыт – қызметте өтеді.
Әріптестерімді, ардақты ер азаматтарды 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын! Ел тыныштығын, жеріміздің шекарасын қорғап жүрген әрқайсыңыз – нағыз батырсыздар. Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін. Қашанда абырой биігінен көріне берейік!
– Жауабыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!