Білім алу тек жаңа дағдылар мен тәжірибе жинақтау емес. Бұл тізбекке таным көкжиегін кеңейтуді де қосқан жөн. Біз мұны шетелде білім алу тәжірибесінен ерекше байқаймыз.

Қызылорданың жас өкілдері де бұл мүмкіндікке толыққанды ие. Олар түрлі бағдарлама арқылы әлем елдеріне табан тіреп, сол жердің білім беру жүйесін көзімен көріп, жаңа ортаға бейімделіп жатыр. Осы орайда оқырмандарға өзге елде білімін жетілдіріп жүрген қызылордалық жастарды насихаттау мақсатында «Біздің бала…» айдарын ұсынамыз.

ҚОС ҚЫЗДЫҢ КАНГНАМДАҒЫ КҮНДЕРІ

Мәдениеті һәм ұлттық тағамдарымен ерекшеленетін, жастардың арманына айналған Оңтүстік Кореяның медицинамен қатар білім саласында да ойып алар орны бар. Сол үшін де жастардың қызығушылығы жоғары. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Әйгерім Менлібек пен Жауқазын Қазыбекқызы Оңтүстік Кореядағы Кангнам университетінде академиялық ұтқырлық аясында білім алуда.

− Қазақстандағы ЖОО-мен салыстырғанда Кангнам университетінде үлкен өзгешілік бар. Студенттер біз сияқты топтарға бөлінбейді. Әр білім алушының ерекше нөмері болады. Ал сабақты өздерінің ыңғайына байланысты таңдайды. Мұғалім мен пән, пәннің өтетін уақытын өзгертуге мүмкіндігіміз бар. Емтихандары да басқаша. Ал егер сабақ мейрам уақытына келіп қалса, сол пән онлайн форматта немесе бейне сабақ ретінде өтеді.

Студенттерге жатақханада арнайы спорт зал бар. Ал кампуста 24/7 жұмыс істейтін дүкендер орналасқан. Білім алушы өз сабақ уақытын өзі таңдайтындықтан ыңғайлы күні басқа қалаға қыдырып кете алады. Кампус ішінде тегін автобус жүретіндіктен сабаққа қиналмай барады. Сонымен қатар мұнда үлкен кітапхана, кафетерий және сабақ оқуға ыңғайлы түрлі орын қарастырылған, − деді Айгерім Менлібек.

Ал Жауқазын Қазыбекқызы Кангнам университетіндегі оқу үдерісі өте қарқынды екенін айтты.

− Студенттердің өзіндік жұмыс істеуі басымырақ, ал практикалық тапсырмаларға үлкен мән береді. Оқытушылардың студенттермен жеке жұмыс істеу деңгейі де жоғары. Бұл Қазақстандағы дәстүрлі лекциялар мен семинарларға қарағанда өзгеше, − деді ол.

Бәсекелестік даму мен алға жылжуға күш беретіні сөзсіз. Кейіпкерлердің айтуынша, студенттер арасында бәкелестік жақсы баға үшін жүреді. Ал мәдениеті тым бөлек.

− Кез келген затқа адамдар кезекке тұрады. Мәселен қоғамдық көлікке мінуге немесе қандай зат сатып алса да кезекті күтесіз. Дүкендер 24/7 жұмыс істейді. Ал түнгі уақытта немесе демалыс күндерінде сатушы болмағанның өзінде тұтынушылар тағам сатып алып, микротолқынды пешті де қолдана алады. Сеулде кез келген күні қызықты іс-шара ұйымдастырылады, − деді Айгерім Менлібек.

− Бірінші кезекте тілдік бейімделу туралы айтар едім. Себебі мұнда көп адам ағылшынша білмейді. Ал кейде біздің корей тілінде сөйлеу деңгейміз жетпей қалады. Сол үшін үнемі аудармашының көмегіне жүгінуге тура келетін еді.

Одан бөлек егер сіз ащы тағамдарды жемейтін адамдардың қатарында болсаңыз, тамаққа тапсырыс бергенде анықтап ескертуге кеңес беремін. Себебі мұндағы тағамдардың ащылығы сіз жей алмайтын деңгейде болуы мүмкін. Сондай-ақ достар табамын деген ниетіңіз болса, онда бұл жақта адамдардың қарым-қатынасқа өте сезімтал қарайтынын ескеріп, абай болуыңыз керек. Корейлердің көбі өздері алғашқы қадамды жасай бермейді. Өйткені ділдерінде адамның жеке шекарасын құрметтеу маңызды саналады.

Қоғамдық тәртіп өте жоғары деңгейде. Автобус, метроға мінгенде міндетті түрде транспорттың номеріне кезекке тұрып күтесіз. Автобуста қанша орын бос сонша адам ғана мініп, қалғаны келесі қоғамдық көлікті тосады.

Корей халқы көмекке дайын тұратын мейірімді халық екенін де байқатты. Біз алғаш келгенде картадан көп қателесетінбіз. Сонда көмек сұрасақ жолымызда кездескен әр адам бағытымызды түсіндіріп, тіпті жақын жер болса апарып тастайтын, − деді Жауқазын Қазыбекқызы.

Кейіпкерлеріміз әңгіме барысында бағдарламаның артықшылықтары мен кемшіліктеріне де тоқталды.

− Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы мен шет елде өмір сүру қалай болатынын түсіндім. Бағдарламаның артықшылығы – басқа елден білім алу мүмкіндігі, өз білімінді Қазақстанда жоқ ақпаратпен кеңейту. Ал кемшіліктерін байқамадым.

Осы елде мен игеріп жатқан мамандығым бойынша екі тілді де үнемі қолдану үстіндемін. Білім сапасы бойынша үздіктердің қатарындағы елде оқып, шебер ұстаздардан өзіме сабақ алып жүргеніме қуаныштымын. Бұл менің болашақ жұмысыма деген үлкен қадамның бірі деп санаймын, − деді Айгерім Менлібек.

– Иә, артықшылығы деп жаңа біліммен қоса, өзге елдің мәдениетін, өмір сүру салты мен түрлі студенттермен тіл табысу, коммуникация арқылы тәжірибе жинауды айтар едім.

Болашақ маман ретінде біліктілігімді, шеберлігімді арттыруға мүмкіндік алдым. Оның ішінде өзге елдің білім беру бағдарламасымен танысып, корей тілін жетік меңгерген халықпен үнемін байланыста болу тілді үйрену процесін жеделдетті. Сонымен қатар Кангнам университетіндегі студенттерінен үлгі алып, олар сияқты уақыттың көп бөлігін білім алуға арнауға бейімделдім.

Корей елінде академиялық ұтқырлық арқылы бірнеше маңызды дағдыны меңгердім. Біріншіден, жаңа мәдениетке бейімделу және әртүрлі мәдениет арасындағы айырмашылықтарды жақсы түсіну дағдысы. Сонымен қатар корей тілін оқып, оны күнделікті өмірде қолдану қабілетін дамытып жатырмын. Академиялық тұрғыдан алғанда, Кореядағы оқу жүйесі маған өзіндік зерттеу, уақытты басқару және креативті жобаларды дайындауды үйретті, − дейді Жауқазын Қазыбекқызы.

ЕУРОПАҒА ҚАДАМ: БЕЛЬГИЯҒА АЯҚ БАСҚАНДАР

Ал Еуропа елдеріндегі білім жөнінде Мадияр Дузумбайұлымен әңгімелестік. Бельгияда білім алып жүрген ол әсерімен бөлісіп, Ховест университетіндегі білім беру әдістемесін ерекше атап өтті.

− Мұнда ұстаздар студенттермен еркін қарым-қатынаста жұмыс істейді. Бұл, әрине, бізді ынталандыра түседі. Сабақ барысында тек білім емес, әртүрлі елдердің мәдениеті мен тәжірибесін де үйренеміз. Қазақстанға қайтқанда осындай ортадан ажырау қиын болары анық. Шетелде елімізді барынша танытқымыз келеді. Сондықтан туымызды арқалап, басқа ел азаматтарына сыйға тартып жүрміз.

Сондай-ақ Бельгияның инфрақұрылымы ерекше. Ел аумағы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда шағын болғандықтан, кез келген қалаға оңай және арзан бағамен барып келуге болады. Жақында ғана Францияның Лилль қаласына барып қайттық, − деді білім алушы.

Айта кетейік, Мадияр Дузумбайұлы «Erasmus+» халықаралық кредиттік ұтқырлық бағдарламасымен білім алуда. Бұл бағдарлама – білім беру мен мәдени алмасудың халықаралық көпірі. 1987 жылы Еуропалық Кеңес іске қосқан жоба әлемде ерекше танымал жобаның біріне айналды. Себебі оқимын, көремін, ізденемін деген студенттер мен оқытушыларға түрлі жәрдемақылар мен шетелдік ЖОО-да тәжірибе алмасу қарастырылған. Ал ең танымал бағыты «Erasmus+» аясында әр қатысушы жаңа дағды қалыптастырып, кәсіби деңгейін арттырады.

Биылғы оқу жылында Бельгияға Ерсайын Абадатдинұлы да барды. Ол да Қазақстан мен Еуропа арасындағы байланысты нығайту бағытына үлес қосатын «Erasmus+» бағдарламасының қатысушысы.

– Бельгиядағы оқудың басты артықшылығы – білім сапасы мен жаңа мүмкіндіктер. Жат ел жылы қабылдап әрі қонақжайлылығын танытты. Қызметкерлер кез келген сұраққа жауап беріп, көмек көрсетуге дайын тұрады. Алғашқы аптада жаңа ортаға бейімделіп, сабақтардың орналасқан жерін анықтап, күнделікті қажеттіліктерге дұрыс шығындалуды үйрендік. Бельгия көшелерінде 18 ғасырда құрылған ғимараттардың қазіргі заман стилімен үйлесуі ерекше әсер қалдырды, − деді кейіпкеріміз.

Алғашқы дүкен аралау сәті де таңғалдырарлық болған. Ерсайын азық-түлікті еуромен сатып алып, Қазақстандағы бағалармен салыстырып көрген. Сонымен қатар жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас жасау оңай әрі жағымды болғанын, олардың ағылшын тілін жақсы меңгергенін әрі жылы шыраймен қарсы алғанын ерекше атап өтті.

− Мен үшін қуанышты сәттердің бірі – Алматыдан келген қазақ жігіті Аленді кездестіруім болды. Екеуіміз бір топқа түстік. Туған жерді сағынғанда қазақша ән шырқап, сағынышымызды басамыз. Отанымды сағындым. Ең қиыны шетелде біздің ұлттық тағамдардың жоқтығы. Басқасы басқа, туған жердің тағамын, дәмін ештеңе алмастыра алмайды екен, − деп әңгімесін аяқтады.

Сонымен қатар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Есеп және аудит» мамандығының студенті Амина Лаубаева Бельгияда білім алу арқылы оқу тәжірибесін кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамытуға мүмкіндік алғанын айтты.

− Бельгияда оқу маған тек білім алып қана қоймай, мүлдем жаңа тақырыптарды меңгеруге мүмкіндік берді. Мұнда алған білім елімізде әлі де толық зерттелмеген салаларды дамытуға септігін тигізеді. Шетелде білім алу академиялық жетістікке ғана емес, елге пайдалы жаңашыл ойлар мен жобаларды енгізуге де ықпал етеді. Мұндағы сабақ дәріске қатысумен, кітап оқумен шектелмейді. Әлемнің түпкір-түпкірінен келген студенттермен достасып, олардың мәдениеті мен салт-дәстүрін жақыннан тануға мүмкіндік берді. Шетелдік студенттермен өткізген әр уақытты білім мен мәдени айырмашылықтармен алмасу деп есептеймін. Мен олардың әдет-ғұрыптары мен климаттық ерекшеліктері жайлы білсем, олар біздің Қазақстанның дәстүрлерімен танысады, – дейді Амина.

Кейіпкеріміз шетелде оқу арқылы кәсіби дағдыларын жетілдіріп, дүниетанымын кеңейткенін атап өтті.

− Мұнда мәселелерді шешудің тың әрі жаңашыл әдістері ұсынылады. Бұл менің кәсіби қабілеттерімді одан әрі шыңдай түседі.

Сабақтан тыс уақытта Бельгия университеттері студенттерге мәдени іс-шараларға белсенді қатысуға жағдай жасайды. Музей мен театрларда іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Ал саяхаттау арқылы Еуропа мәдениетін тереңірек түсінуге мүмкіндік аламыз. Тұрақты даму және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану идеялары дүниетанымымды жаңа қырынан толықтырды.

«Erasmus+» халықаралық бағдарламасы арқылы оқу, тұру және сақтандыру шығындарының өтелуін кәсіби өсу мен жеке дамуға жасалған үлкен қадам деп есептеймін. Мен үшін оқу әрдайым бірінші орында. Жеке дамуға, жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға үнемі құштармын.

Бельгия – жаңа ел, жаңа мәдениет, жаңа көзқарас және бұл тәжірибе менің санамды кеңейтті. Шетелде алған білімімді болашақта ел игілігіне жаратсам деймін, − деп әңгімесін қорытындылады Амина Лаубаева.

Шетелде оқу – ерік-жігерді, қажырлы еңбекті және үздіксіз ізденісті талап ететін күрделі, бірақ құнды тәжірибе. Мұны түсінген қызылордалық «біздің балалар» жат жерде білім алудың қиындықтары мен сынақтарына мойымай, өздерінің қабілеттері мен дағдыларын жетілдіруде. Себебі білім – болашаққа жасалған ең маңызды инвестиция.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!