Айтбай Мөлдір Қызылорда қала­сында дүниеге келген. Тасбөгет кентіндегі №11 орта мектепте жетінші сыныпқа дейін білім алып, ары қарай қазақ-түрік лицейінде оқуын жалғастырған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі. Университет қабырғасында жыр додалары мен ақындар айтыстарына қатысып, жұртшылыққа кең танылды. Ол – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Ертең, 26-қараша күні облыстық жастар ресурстық орталығында ақынның шығармашылық кеші өтеді. Ол осылайша Сыр жастарымен кездесіп, еркін пікір алмаспақ.


Алғашқы сауалымызды ақындық жолдан бастасақ…


– Анам – Қазына Өзденбаева Сыр халқына есімі де еңбегі таныс өнер адамы. Айтыскерлік, ақындық және журналистік жолын ел біледі. Сол ізді жалғау табиғи жолмен маған бұйырыпты.


– Шығармашылық адамдарында «шабыт» деген теңеу бар. Айтыңызшы, сіз шабытты қайдан аласыз?

– Иә, шығармашылық қабілеті бар адамның «шабыт келмей жатыр, шабыт келіп тұрғанда» деген сөздерін жиі естимін. Дегенмен мен арнайы мезгіл-мекен талғамаймын. Кез келген сәтте, уақытта, жерде өлең шығара беремін. Поэзия өлеңдері көңілге, жүрекке түйген ой мен әсер еткен оқыс оқиғаларға байланысты туады. Ал ән, сөзі немесе арнауды вокзалда, мектепте сабақ арасындағы қоңырауда да шығара беремін.


– Кез келген мамандық оңай емес. Дегенмен қыз балаға ақын болуы жеңіл емес «Әттеген-ай» деген кезіңіз болды ма?


– Ақындықтан азап шеккен немесе өлеңнен өкінген күнім жоқ.


– Естуімізше, 26-қарашада шығармашылық кешіңіз болады. Қатысушы жастарға ең алдымен қандай кеңес бересіз?


– Өзімнен кейінгі өлеңсүйген немесе өлең жазумен айналысқысы келетін жастарға көп ізденіп, еңбектеніп, сан рет сараланған жырларын ғана елге ұсынса дегім келеді. Себебі шөпті де, шөңгені де өлең қылып, таратып жүргендер көп.

– Осы уақыт аралығында сізді толғандырған нәрсе бар ма?


– Карантин уақытында қызым бір жасар ғана еді. Босанғаннан кейінгі күйзеліс дей ме, оған өнер адамының қанатын қырыққан карантин қосылған шақта көп нәрсе толғандырған еді. Шүкір, қазір бәрі орнына кеп жатыр. Ал ол мәселелер толғануға тұрмайтын уақытша дүниелер екен. Оған анық көзім жетті, сондықтан жоқ десем болады.


– Неге өкінесіз? Нені қанағат тұтасыз?

– Ештеңеге өкінбейтін адаммын десем, сенесіз бе? Кез келген ең ұсақ нәрсенің өзін қанағат тұтамын. Ол аздық етсе, өз еңбегіммен көбейтуге тырысамын.


– «Мөлдір өлең» ең алғашқы туыңдыңыз. Тақырыбы кімнің идеясы?


– Ақын Қалқаман Сарин мырзамен ең алғаш 2010 жылы шабыт фестивалінде таныстым. Ол менің бір-екі өлеңімді оқып: «Cенің атың Мөлдір емес, Мөлдір өлең екен» деген. Сол атау кейін өміріме еніп кетті.


– Спорттан бірнеше жетістігіңіз бар екен. Азия чемпионы да болыпсыз. Спорттан кетіп, ақындық жолды таңдау қиынға соқпады ма?


– Жоқ, керісінше. Бала кезден спортшы болуды қаладым, анам ақындықты таңдады. Кейін спортқа деген махаббатымның алауы ақыры жеңіп, қайтадан спортқа бардым. Екі жылдай қайта нөлден бастап, грепплинг (джиу-джитсу) түрімен айналысып, Азия чемпионы болғаннан кейін ҚР спорт шебері атағын алып, сол жерден тоқтадым.


– Бір сұқбатыңызда кәсіпкерлікпен айналысып жатқаныңызды оқыдық. Жалпы қай саладан, қай кәсіп түрінен көп табыс табуға болады?

– Ол кезде Алматыда «Мөлдір» атты баспа үйім болған. Кейін бәрін сатып жібердім. Маңдайың шылқып еңбек етсең, етік тігіп те баюға болады.


– Әншілер сахнада ән айтқанда «Мейрамбекпен өлең айтқым келеді” деп жатады. Сіздің айтысқыңыз келетін ақын кім?

– Қазіргі таңда №101 мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Екі жыл көлемінде бала күтімімен отырдым, айтысқа мүлде шықпадым. Сондықтан дәл қазір құштарлығым жоқ.


– Қазіргі айтыстарда бұрынғыдай батылдық бар ма? Мәселені айтыста өткір айтады деп кімдерді атар едіңіз?

– Кез келген ақын өткір айтады. Батылдық айтыста да, әлеуметтік желіде де, поэзияда да, көшеде де толып жатыр. Тек батылдықты көрінген жерде көзсіздікпен жасаудың қажеті жоқ.


– Мен сауал жолдамаған, сіз оқырмандарыңызды қуантқыңыз келетін қандай жаңалықтарыңыз бар?


– Әзірге елмен бірге толып жатқан 30-ымнан басқа жаңалығым жоқ. Бола қалса, сүйіншілеп өздеріңізбен бөлісетін боламын.


– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!