Қыз баласын ерекше қадірлеген қазақ халқы бойжеткеннің бұрымына тағатын әшекейіне де көңіл бөлген. Әсіресе екі үзбелі етіп, күмістен соғылған шолпы қазақ қызының қадірі мен құрметін одан әрі арттыра түскен. Ұлттық әшекейге бүгінгі қоғамның да сұранысы жоғары. Сөзімізге қазақы бұйымдар жасауға ден қойған Алтын Жеткерген­қызының бастамасы дәлел.

Алтын, ұлттық қолөнерге бала кезден қызығасыз ба? Шолпы жасауға не әсер етті?
− Қолөнерге деген махаббатым ерекше және бұл қабілетімнің дамуына ата-анам үлкен септігін тигізді. Табан­дылық пен ұқыптылық қасиеттері де бойыма кішкен­тайымнан сің­­ген. Осы орайда қызық бір оқиғаға тоқталып өткім келеді. Не­гізі­нен халқымыз ырымшыл, көз тию, тіл өтуге сенетінін білесіздер. Менің анам да осы түсінікпен Алматыға барған бір сапарында фурнитура­ларды біріктіріп, оны резин­каға байлап өте қарапайым етіп шолпы жасап берген болатын. Көлемі кішкентай болса да шолпыны мектепке тағып барып, мектеп басшылығынан, мұғалімдер мен сыныптас­тарымнан жақсы сөздер естігенім есте. Шолпы жасауға деген қызығушылығым осы сәттен басталған тәрізді.
Шолпы жасап жүргеніңізге қанша уақыт болды? Қайдан немесе кімнен үйрендіңіз?
− Шолпы жасауды өткен жылдың жаз айында бастадым. Өзім қазақы тәрбие алған соң, жастайымнан ұлттық киімге, оюларға, жалпы мәдениетіміз бен бай тарихымызға деген қызығушылығым ерекше болды. Соның арқасында тәлімгерді қажет етпей-ақ, ғаламтордағы суреттерден шабыт алып жасай бастадым.
− Шашбауды дайындауға қанша уақыт кетеді? Тапсырыс қабылдайсыз ба? Бағасы қолжетімді ме және қажетті заттарды қайдан аласыз?
− Шолпы, сырға, алқа сынды бұйымдардың көлеміне қарай айырмашылық болады. Тапсырыс қабылдауға келетін болсақ, менің этно-әшекейлерге арналған (@shashbau_kzo атты инстаграм парақшам жұмыс жасауда. Менің ойымша, шолпылардың бағалары халықтың қалтасы көтере алатындай тиімді. Қазіргі таңда жиі тапсырыс түсуде және менен алған бұйымдарды күнделікті тағып жүрген бойжеткендер мен қыздар санының артуы қатты қуантады! Қазір шолпыға қажетті құрал-саймандар мен жабдықтарды Алматыдан тапсырыспен алдырып жүрмін.
− Әр шолпыға жеке ат бересіз бе? Жалпы шашбау жайлы тың ақпарат білсеңіз, оқырманмен бөліссеңіз…
− Алдағы уақытта шолпыларыма қазақы ат беру ойымда бар. Мысалы “Тұмар”, “Ою” сияқты есте қаларлық қысқа есімдер оларға қосымша көрік беретін тәрізді. Шолпының сылдыры қызды жамандықтан қорғайтынын, ертеректе бойжеткендер шолпы мен шашбауды басын тік, арқасын түзу ұстау мақсатымен таққандығын тағы бір еске салғым келеді. Бұрын шашбау мен шолпылардың салмағы сегіз-он келіге дейін жеткен.
− Қолөнерден бөлек, қандай дүниелерге қызығасыз? Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
− Шабытым келгенде сурет саламын. Әлеуметтік желілерде түсірген бейнежазбаларым мен фотосуреттерімді әрлеу де менің сүйікті хоббиіме жатады. Бұдан бөлек бос уақытымда қазақ тіліндегі кітаптарды, шығармаларды оқығанды жақсы көремін. Жақында Жүсіпбек Аймауытовтың “Ақбілек” романын аяқтадым.
− Сұхбатыңызға рақмет!


Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!